Қажылықтың қадір-қасиеті

Қажылықтың қадір-қасиеті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хаж (қажылық) – араб тілінде құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету мағынасын білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – қажылық айлары деп аталатын арнайы уақытта Сауд Арабиясындағы Мекке қаласының жанындағы Арафат тауында ғибадат ниетімен бір мезет тұру, сосын Қағбаны тауап ету және қажылықтың арнайы басқа амалдарын орындау арқылы атқарылатын ғибадат.

Қажылық – Ислам дінінің негіздерінен саналатын бес тіректің бірі. Алла тағала (һижраның тоғызыншы жылы парыз болған): «Мұнда келуге шамасы келген адамның бәрі Алла үшін сол үйге (Қағбаға) қажылық жасауға міндетті» («Имран» сүресі, 97-аят), – дегені оның парыздығы-ның айғағы. Қатада: «Алла тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға адамдарды қажылық жасауға шақыруын әмір еткенде, ол: «Уа, адамдар! Күдіксіз құдіретті Алла үй (Қағбаны) тұрғызды, ендеше сендер оған қажылық жасаңдар», – деп адамдардың қажылық міндеттерін атқаруға үндегенін баяндайды. Себебі қажылық басқа құлшылықтарға қарағанда ерекше ғибадат. Ол жайында әл-Қади Хусейн: «Қажылық – мал-дүние мен тәнді де қамтитындықтан құлшылықтардың ең ардақтысы», – десе, әл-Халими: «Қажылық – барлық құлшылықтың мән-мағыналарын біріктіреді. Кімде-кім шынайы түрде қажылық етсе, ораза ұстап, намаз оқығаны, иғтикафқа тұрғаны, Алла жолында шайқасып, қан төккені болып саналады. Өйткені біз осы аталған нәрселерге шақырылғанбыз», – деуі осыған дәйек болмақ.

Бірде Алла елшісінен (с.ғ.с.) қандай амалдың артықтығы жайында сұралды. Сонда Ол (с.ғ.с.): «Аллаға және Оның елшісіне иман келтіру», – деп жауап берген. Сосын: «Одан кейін ше?», – деп сұрақ қойылды. Ол: «Алла жолындағы күрес», – деді. Тағы да: «Одан кейін қайсысы?», – делінді. Ол: «Қабыл болған қажылық», – деп жауап қайырды. Ал Алла жолындағы күрес – қабыл болған қажылық екендігін білдіретін хадисте мүміндердің анасы Айша (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Біз Алла жолындағы шайқасты ең абзал амал деп есептейміз, бұдан былай соғыспаймыз ба?», – деп сұрады. Ол: «Жоқ, бірақ ең жақсы күрес – қабыл болған қажылық», – деп жауап берген (Сахих әл-Бұхари, Хаж, 268-б.).

Басқа бір хадисте: «Бір умра екінші умра арасындағы нәрсеге (жасалынған күнәларға) кәффарат (күнәларды жояды). Ал қабыл болған қажылықтың сыйы – тек қана жәннат» (Сахих әл-Бұхари Әбу Һұрайрадан риуаят еткен.), – деген. Расында, егер адам қажылық еткенде қандай да бір болмашы күнә-қателіктен бойын аулақ ұстаса, Алланың берген үлкен нығметін ұтымды пайдаланып, ниеті тек Жаратушы Тәңірдің ризашылы-ғын қаласа, Алла елшісінің (с.ғ.с.) айтқанындай: «Ал қабыл болған қажылықтың сыйы – тек қана жәннат» болып, Алланың шексіз рақымына бөленері анық. Себебі Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім үйге (Қағбаға) қажылық жасап, жаман сөз айтпай, ауыр күнә жасамаса, анасынан жаңадан туылғандай болып оралады» (Сахих әл-Бұхари, Хаж. 268-б.), – деген сөзі осыған негіз болады.

Қажылық – адамның жағымсыз қылықтарын түзеп, көркем мінез-құлыққа, бауырмашылдыққа, тө-зімділікке тәрбиелейді. Ол адам Алланың рақымына бөленсе, Алланың қарғысына ұшыраған шайтанның әлсіреуіне себепкер болады. Шайтан сол кезде өзінің түкке тұрмайтындығын сезінеді. Бір күні Жағфар ибн Мұхаммед Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп, жуырда өзіне көрінген жайтты баяндап: «Ібіліс (Алланың оған лағынеті болсын) денесі азғын, өңі бозарған, көзінен жасы ағып, омыртқасы сынған кісінің бейнесінде Арафатта кездескенде, одан: «Сені мұншама жылатқан нендей жағдай?», – деп сұрадым. Ол: «Адамдардың сауда-саттыққа емес, қажылық жасау мақсатында жолға шығуы, олардың қажылыққа ниет етіп, армандары орындалуынан қорқамын. Бұл мені қатты қынжылтады», – деді. Мен: «Денеңді аздырған не нәрсе?», – деп сұрадым. Ол: «Алла тағала жолындағы жылқылардың кісінеуі, егер ол менің жолымда кісінер болса, маған ол қатты ұнар еді», – деді. Мен: «Ал жүзіңе не болған?», – деп сұрадым. Ол: «Құлшылық жасауда адамдардың бір-біріне жәрдемдесуі, егер олар күнә істе бір-біріне көмектесер болса, онда ол маған ұнамды болар еді», – деді. Мен: «Омыртқаңды сындарған қандай нәрсе?», – деп сұрадым. Ол: «Пенде өмірінің көр-кем аяқталуын Алладан сұрауы, сол сәтте мен: «Мен құрыдым! Мына кісі қашан өз амалымен дандайсиды екен», – деп, ол мені алдап соқты ма деп қорқамын», – дегенін айтқан. (Ихия улум әд-дин, Әбу Хамид әл-Ғазали, 1/315-б.).

Расында, Арафатта тұру, тәуап жасау, Қағбаның алдында тұрып, екі рәкат намаз оқу адамның күнәларының төгіліп, рухани байлығының артуына себепші болады. Қағбаның алдында тұрып, Алланың құзырына келіп, «ләббәйкаллаһумма» деп айту-дың өзі жүрек тебірентер сезім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қажылар мен умра жасаушылар – Алла тағаланың құрметті қонақтары мен меймандары. Егер олар Алладан (бір нәрсе) сұраса, (Алла) оларға береді, егер жарылқау тілесе, кешірім етеді, дұға тілесе, орындайды, егер жәрдем сұраса, оған бөленеді» (Ибн Хиббән, әл-Әлбәни сахих деген.), – деген.

Тағы бір хадисте: «Кім мына үйді (Қағбаны) бір апта бойы тәуап етіп, оны санаса, бір құлды азат еткенмен тең», – деген. (Әт-Тирмизи, хасан хадис деген). Аталмыш хадистерден байқағанымыздай, жүрегі тек Раббының ризашылығын қалаған пенденің қандай тілегі болсын орындалып, анадан жаңа туған нәрестедей, пәк күйінде әрі бір құлды азат етіп қайтатындығы айтылады. Ал Исламда құл азат етудің сауабы өте мол және ол адамның жазатайым жасап қойған ауыр күнәсінің кәффараты болып саналады. Бұл нығметтердің бәрі де Тәңірдің мүміндерге берген сыйы. Өйткені, Алла тағала өзінің құзырына келіп, әлсіздігін мойындап, көзіне жас алған құлын кешіреді. Тіпті, Оның кешіруі екіталай деп күмәндануының өзі күнәға жататындығын пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Арафатта тұрып, Алла тағала өзінің күнәсін кешірмейді деп ойласа, ең ауыр күнә алады», – деген. (Әд-Дәйләми, Муснәд әл-Фирдәус). Кейбір ізгі кісілер: «Күдіксіз Алла тағала егер құлының күнәсін белгілі бір жерде кешіретін болса, онда ол педенің сол жердегі тап болған қандай да бір оқыс оқиғаларын да кешіреді», – десе, кейбір бұрынғы ғалымдар: «Егер Арафат күні мен жұма күні бір күнге сәйкес келсе, Алла Арафатта тұрған адамдардың бәрінің күнәсін кешіреді. Ол күн – дүниедегі ең артық күн», – деген.

Алла елшісі (с.ғ.с.) де қоштасу қажылығын жасағанда Арафатта тұрған күн қасиетті жұма күнімен тең келеді. Сол кезде Алла тағала: «Бүгін Мен сендер үшін діндеріңді кемеліне жеткізіп, сендерге Өз нығметімді толық етіп бердім және сендер үшін (тек) Исламды дін етіп таңдадым» («Мәида», 3-аят), – деген аятты уаһи еткен. Кітап иелері (яһудилер мен христиандар) осы аятқа қатысты: «Егер бұл аят бізге түсер болса, сол күнді мейрам етіп тойлар едік», – деген. Сонда Омар (р.а.): «Бұл аяттың екі мерекеге қатысты түскеніне куәмін. Ол күні Алла елшісі (с.ғ.с.) Арафатта тұрғанда жұма күні болатын», – деген еді. (Ихия улум әд-дин, Әбу Хамид әл-Ғазали, 1\317-б.). Шынында да осы екі мерекені көру қандай бақыт! Мұндай бақытты Алла өзінің сүйген құлдарына береді. Тіпті, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзі қажылық еткендерге дұға жасап: «Аллам қажылық етушінің және оның (басқа біреу үшін) кешірім тілеген кісінің (күнәсін) кешір» (Әл-Хаким), – деп жарылқау тілеген.

Ал Мәдинадағы пайғамбар мешітінің артықшылығы жайында Алла елшісі (с.ғ.с.): «Менің мешітімде оқыған бір намаз – Харам мешітінен басқа мешіттерде оқыған мың намаздан артық» (Сахих Муслим, Хаж), – десе, екінші бір хадисте: «Мәдина мешітіндегі бір намаз – он мың намазбен тең, Ақса мешітіндегі бір намаз – мың намазбен пара-пар, ал Харам мешітіндегі бір намаз – жүз мың намаз оқығанмен тең келеді» (Ибн Мәжә), – деп, аталмыш үш мешітте намазды көбірек оқуға әрі сол жерлерді зиярат етуге шақырған. Расында да ол жерлер Алланың рақымы түскен қасиетті мекен болғандықтан, жасалынған құлшылықтар басқа мешіттерге қарағанда сауабы еселеніп беріледі. Бұл құлды Раббысына құлшылығымен жақындататын, Аллаға деген сүйіспеншілігін арттыратын жерлер.

Расында да, қажылық үлкенді-кішілі күнәларды жойып, адамның ішкі жан дүниесін жаман қылықтардан тазартады. Амалдардың кіршіксіздігі мен терең ықыласқа жетелейді. Өмірді жаңадан бастауға, болашақтан үміттенуге және Алла жайында жақсы ойда болуға жетелейді. Сонымен қатар, қажылық құлдың Алла тағаланың мол дүние, мықты денсаулық сыйлағанына шүкіршілігін етіп, тек шамасы жететіндер ғана өтейтін үлкен міндетті атқару дегенді білдіреді.

Ханафи мәзһабындағы шоқ-тығы биік фақиһ ғалымдардың бірі Алауддин әл-Кәсәни: «Қажылықта құлшылық және берілген нығметке шүкір-шілік етудің көрінісі бар. Құлшылықтың көрінуі – Жара-тушының алдында құлдың кі-шіреюі. Себебі, қажылықты ат-қарушы ихрам хәлінде киімінің біркелкілігі бұзылып, сәндену, безену себептерінен бас тартады. Нығметке шүкіршілік – кейбір құлшылықтар денемен өтелсе, кейбір құлшылықтар материалдық қаражатпен орындалады. Ал қажылық болса, денемен де, мал-дүниемен де қатар атқарылады. Сол себепті осы құлшылық түрі мал-дүние мен деннің саулығы кезінде ғана міндет етіледі. Осылайша қажылықта екі нығ-меттің де шүкіршілігі бар. Ал қандай да бір нығметтің шүкірі тек оны берушіге құлшылық ету арқылы іске асырылатындық-тан, берілген нығметке деген шүкірлік ақыл тұрғысынан да, шариғат жағынан өтелуі міндет», – деп түсіндірген. (Әл-Бәдәиғ әл-Санаиғ, әл-Кәсәни, 2\118-б.)

Қажылықта мұсылмандардың бір-біріне деген бауырмашыл-дығы, сүйіспеншілігі артып, адамның түсіне де, ұлтына да, нәсіліне де қарамастан, бәрі бірдей екендігі көрінеді. Адамдардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі болса да, біркелкі киімде қажылық рәсімдерін атқарады. Мұсылмандар бір-біріне бауыр ретінде қасиетті Қағбаны тәуап етіп, құлшылықтарын орындайды. Бұл да болса мұсылмандардың бірлігінің нышаны іспетті.

Қажылықтағы адамдардың Қағбаны айналып, тәуап жасауы құлшылық әрі сауап болумен қатар, адамның денесіне де фи-зикалық тұрғыда пайда кел-тіреді. Мәселен, атомнан бастап галактикаға дейінгі барлық нәр-селер, яғни ең ұсақ заттардан ең үлкен нәрселердің бәрі де белгілі бір орталық айналасын айналып жүреді. Ал атомдағы электрон-дар атомның орталығы болып саналатын ядроны айналады. Ал күн жүйесіндегі ғаламшарлар күнді айналады. Галактикадағы ғаламшарлар галактика оралығы-ның маңын айналады. Ал жер болса, өзінің орталығын, яғни Күнді айналып жүреді. Ғалымдар осы нәрселердің бәрі де сағат тілінің жүруіне қарама-қайшы жүретіндігіне көз жеткізген. Ал Қағбаның ай-наласын мұсылман қажылар да дәл сол сияқты оңнан солға қарай айналады.

Қазіргі таңдағы ғылыми зерттеулер денелердің белгілі бір орталықты айналуы – қуат арқы-лы денелерге көмектесіп, бүлін-ген жерін түзетеді, денелердің химиялық құрамын қайта қалпына келтіріп, табиғи жағдайын қайта жандандырады деп пайымдаған. Ал, Қағба жер шарының дәл ортасында орналасқаны белгілі. Сол себепті, ол жердің кіндігі болып саналады. Сол сияқты, ғалымдар қажылардың Қағбаны айналуы және сағат тіліне қарама-қайшы бағытта жүруі қажылық етушілердің денесін қалпына келтіріп, дененің химиялық күштерін реттей отырып, қуат береді деп топшылайды. Бұл сыр көбінесе қажылық міндетін өтеушілердің қажылық рәсімі кезінде және одан кейін сырқаттануды сезінбеуінен байқалады екен. Ендеше, адамға қиындық туғызып отырған дерт – тәннің кейбір ағзаларының бүлінуінен емес, керісінше дене элементтеріндегі бұзылулардың салдарынан пайда болады. Сондықтан Қағбаны тәуап ету көбінесе дененің табиғи қалпын қайта жаңартады. (Қадая муасира фи әл-фикр әл-исләми, д\ Мухаммад Махфуз, 66-б.).

Олай болса, қажылық құл-шылығы адамның рухани әрі тәндік жұтаңдығынан арылтады. Себебі Алла Өзінің жаратқан жаратылыстарына қандай нәрсе қажет, қандай нәрсе зиян екенді-гін білгендіктен, бұйрықтары мен тыйымдарын түсірген. Ал бұйырған нәрселері ақыретімізге де, өмірімізге де пайда болып келсе, тыйым салғандары зиян әкеледі. Оның сырына көптеген ғалымдар өздерінің заманауи ғылыми зерттеулері арқылы да көз жеткізуде.

Қанат НҰРМАХАНҰЛЫ,

ҚМДБ-ның қажылық және діни сараптау бөлімінің маманы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: