Елбасымыздың жыл сайын жүздеген адамның қажылыққа баруына жеке қаражатынан зекет ретінде көмектесуі еркіндігін енді алған еліміздің имандылықпен, жастарға берілер дұрыс тәлім -тәрбиемен алға басатынын байқатады. Бұл жеңілдікке осы кезге дейін жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, айтыскерлер Ахметжан Өзбеков пен Олжас Отар қол жеткізсе, осындай қолдаумен қажылыққа бару бақыты биыл маған да бұйырыпты.
Сонымен, еліміздің әр тарапынан Алланың алдындағы парызын өтемекке ниеттенген 157 адам 16 қазан күні Алматы әуежайына жиналды. Бізді алып барушы "Кәусар" фирмасының бас директоры Азамат Қадіров қандай шаруаның да көзін табатын іскер әрі имандылыққа жоғары санайтын жігіт екен. Әуежайға жиналғандар ішінде жамбылдық даңқты спортшы Ақжүрек Таңатаров, Тараздағы "Намаз ата" мешітінің бас имамы Бекболат Мыңбаев, қарапайым еңбек адамдары Асан Ыстыбаев пен Нұрлан Тұрлыбеков болды. Алматы -Шаржа бағытына бет алған ұшақта белгілі ақын -компазитор Жарылқасын Дәулетовпен қатар отырдым. Ұзақ жыл бейқам жүрген ағамыздың исламды мойындап жүрген кезі екен. Бірте - бірте күш алған алып ұшақ әуеге көтерілгенде Алматы алақандағыдай көрінді. Енді бір сәтте аппақ ниетпен ақша бұлттар арасында құстай қалықтап бара жаттық. Шарша -Біріккен Араб әмірлігінің ең ірі қалаларының бірі. Ол шаһарға ақшам намазының азаны айтылып жатқанда жеттік. Алматы уақытынан Шаржаның сағаты екі сағат кейін жүреді. Міне, енді үш апта шетелдікпіз, жолаушыға тән мүсәпір халге түсті деген осы. Алматыда жүрген күндерде ақын Төрехан Қайнарбеков пен Жексен деген намазхан жерлесіміздің үйлеріне қонғанбыз. Жақсыбек ағаның үйіне амандасып шыққанымда ол кісі де тілегін қарша жаудырған еді. Сол кісілердің отбасына жақсылық тілеу енді бізге парыз.
17-қазан. Таңертең Шаржа әуежайының "Транзит" қонақ үйінен ихрам киініп, Жидда бағытына (Сауд Арабиясы ) ұшып шықтық. Бәріміз екі бөлек ақ матаға оранып алғанбыз. Ихрам дегеніміз - сол. Себебі, қажылықтың негізгі үш амалының алғашқысы ихрам киіну. Адам баласы бақилық болғанда да дәл осындай екі бөлек ақ матаға оранып кетеді. Ол кезде матаға сені басқалар орайды, Алладан кешірім сұрауға да кеш болады. Қазіргі айырмашылығымыз бұл матаны өзіміз оранып тұрмыз. Осы халде тұрып Алладан көп -көп кешірім сұрап, тәубә етуімізге мүмкіндігіміз бар. Ақ матаға оранарда : "Ләббәйка аллаҺумма умратан мутәмәтиьан биһә илал -хажж" ( қазақша мағынасы : "Уа, Аллаһ! Осы урма мен таматтуғ қажылылығын өтеу ниетімен Сенің алдыңдамын") - деп ниет етеді әр кісі. Сосын "Ләббәйка аллаһума ләббәйк. Ләббәйка лә шәрикә ләкә ләббәйк.Иннал - хамдә, уәнниьмәтә, ләкә уәл - мулк. Лә шәрикә ләк" (мағынасы: "Уа, Аллаһ, міне, мен Сенің алдыңдамын. Міне, мен Сенің алдыңдамын. Сенің ешбір серігің жоқ, міне, мен Сенің алдыңдамын. Расында мадақ та, нығмет те, мүлік те саған ғана тән. Сенің серігің жоқ") - деген тәлбияны қасиетті қағба тасты көргенше өте көп айтуға тиіспіз. Осы тәлбияны тоқтатпай айтып, Жиддаға, одан жайлы автобустармен Меккеге жетіп, "Седеп" қонақ үйіне жайғастық.
18-қазан. Таңғы намаз бен таңғы астан кейін умра қажылығын өтемекке Меккедегі Әл-Харам мешітіне бет алдық. Қонақ үй қожайындары қажылар үшін қала ішіне автобустарды тегін жүргізіп қойыпты. Әл-Харам адамзат тарихында тұңғыш салынған мешіт. Мұнда бір намаз оқыған адамға жүз мың сауап жазылады. Қасиетті Қағбаны жеті рет айналып, Сафа мен Мәруә тауының арасынан жеті рет жүріп, шаш қидырып,түс болмай кіші қажылықты өтеп тастадық. Сафа мен Мәруә тауының арасынан жеті рет жүріп өтудің өз тарихы бар. Ибрахим пайғамбар Алланың бұйрығымен әйелі Ажар мен кішкентай сәбиі Исмайылды осы жерге әкеліп тастайды.Ол заманда бұл маңай құс ұшпайтын елсіз, сусыз жер екен. Алланың бұйрығына мойынсынып Ажар анамыз осы жерде қала береді.Біраз уақыт өткенде Исмайыл шөлдеп,жылай бастайды.Сол кезде Ажар анамыз әлдебір керуен кездесіп қала ма деп осы екі таудың арасына әрі-бері жеті рет жүгірген екен. Кенет Исмайыл жылағанын қоя қояды.Сөйтсе,сәбидің өкшесінің астынан бүлкілдеп су шығып жатыр екен. Ажар анамыз әлгі суды "Зәм-зәм"(қазақша мағынасы :"топтал - топтал"),- деп қолымен көлегейлеп бір жерге жинамақшы болыпты.Содан осы қасиетті су "Зәм-зәм" аталып кеткен екен. Бір ғажабы, дүниежүзіндегі бүкіл тұщы судың 60 пайызы Бразилияға тиесілі болса, бұл ретте Қазақстанның үлесі 2,5 пайызды құрайды екен. Ал, Сауд Арабиясы пайызға шаққанда тұщы суы мүлдем жоқ мемлекеттің қатарына жатады. Бірақ, әлемнің барлық елі ұшақтармен келіп, Меккеден тонналап су тасиды. Қасиетті «Зәм - зәм» суына аңсарлары ауып тұрады. Бұл «Зәм -зәм» жер астынан өте қуатты күшпен бөлінеді. Алланың қалауымен ол реттеліп тұрады екен. Егер осы процес бұзылса, «Зәм -зәм» суы өте үлкен теңізге айналып кететін көрінеді.
Умраны өтеген соң, ихрам халінен шығып, күнделікті киімімізді киюге болады.Енді алдағы алты күндегі міндетіміз- Әл-Харам мешітінде бес уақыт намазға қатысу.Мұнда әр парыз намаздың соңында жаназа оқылады. Намаз сайын бірнеше адамның бақилық болғанын сезініп, оларға Алладан жақсылық тілеп тұрасың. Өзіңнің әлсіз пенде екеніңді мойындайсың. Әл-Харамға бармай, қонақ үйден шықпаймын десеңізде өз еркіңіз.Бірақ әр намазға жүз мың сауап жазылып тұрғанда мүмкіндікті жіберуге болмайды. Осы күндері Әл-Харамда алғашқы жұма намазын да оқыдық. Сол намаздың үстінде Сирия мемлекетіне дұға жасалды және Алладан жаңбырдың жауын сұралды. Алты миллион жамағат бір мезгілде әлгі дұғаларға қол жайды. Екі күннен соң, Меккеде сел боп жауын жауды, алты -жеті айдан бері мұнда жаңбыр жаумаған екен. Тілектің тез қабыл болғаны ғой бұл. Бір намазыңыз жүз есе еселенетін Әл-Харам мешітіне жүз есіктен кіріп, Жаратқанға жалбарынуға болады.
24-26 қазан. Таңертең ихрам халіне кіріп,қонақ үйден Мина жазығына аттандық.Бұл күні Минаға түнеу сүннет саналады.Жалпы қажылық дегеннің өзі қиындыққа төзу, Алланың бұйрығы мен сынақтарына сабыр етуден тұрады.Мысалы, қажылар алғаш орналасқан қонақ үйде барлық жағдай жасалған болса, Минадағы жағдай басқаша.Мұнда желдеткіші бар бір шатырдың ішіне төселген кілемге елу адам бір көрпешені жайып жата кетесіз. Екі мезгіл ас берілмейді бұл жерде. Ертеңіне азанымен Арафатқа жылжыдық. Арафаттағы ақ шатырлардың желдеткіші жоқ, жұқа алшаның үстіне тапқан-таянғаныңызды төсеп,тынығуыңызға болады. Жүрген сайын Алланың сынағында екенімізді сезіне түстік. Мұнда біз таң намазының мезгілінде келдік.Бірнеше сағат тыныққан соң, пешін мен асыр намазын қосып оқып,сүннетке сай дұға сұрау амалына көштік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) "Қажылық дегеніміз - Арафат",- деді.Осыдан-ақ,Арафатта Алладан дұға тілеудің қандай маңызды екенін аңғаруға болады.Қажылықтың тәртібі бойынша дұға алты сағат бойы сұралады.Алла тарапынан тілектің ең қабыл болатын сәті - осы Арафатта тұрып сұраған қажылардың дұғасы.Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде:"Аллаһ басқа күндері тозақ отынан дәл Арафа күніндегідей көп адамдарды құтқармайды. Аллаһ Тағала жақындайды да, періштелеріне сендермен мақтанады.Одан кейін Алла Тағала: "Олар нені қалайды?" - деп сұрайды» - дейді. Арафаттағы дұға арафа күнінде жасалады. Арафатта тілеген тілек қабыл болады. Алланың пенделеріне берген уәдесі сондай. Арабтың белгілі кәсіпкері Сүлеймен Роши жас күнінде қажылық жасап жүрген әкесіне еріп Арафатқа барады.Дұға тілеу кезінде бұлардың мініп барған түйесі шөккен күйі қыбылаға қарап,көзінен моншақ-моншақ жас төккен екен. Алланың ерекшелігін адам түгіл түйенің қалай сезінетінін қараңызшы!Алты сағат тілек тілеу қалай аяқталады әлгі түйенің жасы сол сәтте тоқтаған деседі .Сол Сүлеймен Роши бұл күнде Араб жазирасының ең бақуатты адамына айналды.Оның тауық фабрикасы шетелге сатылымға шығарылатын жұмыртқаның өзінен жылына миллион доллар табыс табады. Сүлеймен талай адамның қажылық өтеуіне демеуші болып жүрген, өте жомарт адам көрінеді.Өзінен тараған ұрпақтарының саны қазіргі таңда екі жүзге жақындап қалыпты.
Арафаттағы дұға жасау амалынан кейін біздер Мұздалифа жазығына түнделетіп жеттік.Осы күнгі шам мен құптан намазы біріктіріліп, міндетті түрде Мұздалифада оқылады.Осы екі намаздан кейін қажылардың бірден жатып, ұйықтағандары дұрыс. Бұл түні Мұздалифада түнеу сүннет. Қажылықтың сынаққа төзу екенін айттық. Мысалы,Мұздалифада шатырда жоқ, желдеткіш, төсеніште жоқ. Тастың үстіне көрпешеңізді төсеп,ұйқыға кірісесіз. Себебі,сол түні мұнда әлемнің әр тарапынан келген 6 миллионға жуық қажы түнеп шығады. Биыл қажылық парызын өтеуге 5500 адам барыпты.Былтыр Қазақстаннан 2000 кісі қажылығын өтеген екен.Алладан парыз болған қажылық амалды өтеушілер арасында қазақстандықтардың көп болғаны өте жақсы, әрине.
Айттың алғашқы күні таң намазы Мұздалифада оқылып, қажылар күннің шыққанын күтеді. Сосын ақырын Минаға қарай жүреді. Біраз машақатты көрген адамдар үшін енді Минадағы шатырлар ханның сарайындай боп көрінеді. Мұнда сәл ғана тынығып алған соң, шайтанға тас атуға шықтық. Тас ату дегенде кейбіреулер шынымен шайтанға атып жатырмыз деп ойлайды екен. Жоқ, олай емес. Бұл амал Ибрахим пайғамбардан қалған бір сүннет. Оған Алла тарапынан балаңды құрбандыққа шал деген әмір келмейтін бе еді. Сонда бұл Алланың бұйрығын орындауға бара жатқанда үш жерде шайтан лағнет пайғамбарды азғырған екен. «Кет, шайтан, кет» - деп сонда Ибрахим пайғамбар жеті тастан үш рет лақтырып, шайтанды қуған екен. Пайғамбар жасаған сол амалды қажылар да жасайды. Ибрахимнің сынаққа беріктігін байқаған Алла сонда аспаннан көк қошқар түсіріп, пайғамбар құрбандыққа соны шалмайтын ба еді. Біз де сол күні құрбан шалдық. Шайтанға тас ататын Жамарат үшеу. Алғашқы күні Жамарат ақабаға «Аллаһу акбар!» - деп әр адам жеті тас лақтырады. Сосын қонақ үйге барып, ихрам халінен шықпай тұрып,шаш алдырдық. Екі - үш күн Алланың үлкен сынақтарынан өтіп, қонақ үйге келгенде, ауылымызға барғандай болдық. Сойтіп, ауылға келгендей болып отырғанымда ауылдан келіншегім Гүлжан қоңырау шалып, одан сайын жадырап , әкемнің, бауырларымның амандығын біліп қуандым. Төрт мың шақырымнан төрт секундта хабар алғызатын ғасыр жетістігін айтсаңызшы! Қолымыз қалт еткенде Ислам университетін он жылдай оқып тауысқан Айдын Тазабеков деген ұстаздан мұсылманша сабақ алып, әріп үйреніп жүрдік. Ол жақта әр сәтті құлшылықпен, ізденіспен, Алланы еске алумен өткізген өте сауапты іс.
27қазан -1 қараша. Бұл күндердің алғашқы үш күнінде Минада түнеп, пешін намазынан соң, үш Жамаратқа да жеті тастан тас атып жүрдік. Себебі, айт күндері Минада түнеу -сүннет. Жалпы, атқан тасыңның жетпіске жеткені абзал екен. Қажылыққа алғаш барғандардың көпшілігі сол амалды орындады. Шайтанға тас атқан кезде де біздерге жеңілдік көп. Тас ататын Жамарат қазір бес қабатты. Сол бес қабаттың қай қабатынан тас лақтырамын десеңіз де еркіңіз. Қай қабаттан тас атсаңыз да жылжып барып, ең астына, Мұхаммед пайғамбар тас атқан сайға түседі. Мина мен Жамараттың арасы 3-4 шақырым. Осы аралықтағы биік төбелер тесіліп, ұзын тунелдер жасалған. Әр тонельде үлкен желдеткіштер бар. Әшейін төбе мен төбе арасындағы 30-40 қадам ашық жерде төбемізді қол шатырмен қалқалап, көлеңке іздеп кеттік. Ал, кешегі бабаларымыздың кезінде мұндай салқын тунелдер, бес қабатты Жамарат болған жоқ. Нағыз күннің шыжыған ыстығында сол ата-апаларымыз тауды асып, тасты басып, қажылығын өтеді. Шөлге де, ыстыққа да, ауыр жағдайларға да төзді, сабыр етті. Қазір Қажылыққа барушылар сол бабаларымыз көрген қиындықтың жүзден бірін де сезінбейді. Тіпті, кейбір аталарымыз Жамаратқа тас атуға өзі бармай, ататын тасын жас жігіттерге аманат еткен кезі де болды. Бірақ, Қажылықтың өз қиындығы бар. Сосын Әл-Харамдағы Қағбаны айналып, парыз тәуабы мен сағи жасадық. Мұздалифада тұру, Минада шайтанға тас ату, шаш алдыру, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасау, қоштасу тәуабын жасау -Қажылықтың уәжібі саналады. Сосын нәпіл тәуабын көп жасаудың пайдасы, сауабы мол. Біз Әбу Ханифа мазғабынанбыз ғой. Сол Әбу Ханифа өз өмірінде елу рет Қажылық жасап, қажылығында нәпіл тәуабты көп жасаудан жалықпаған кісі екен. Мен де мүмкіндігі туып тұрғанда бірнеше нәпіл тәуабын жасап, өз жағым мен нағашы жұрт жағымдағы бақилық ата - апаларыма, Күлбала анама, бауырларым Бекен мен Есенге, Шәріпбек жездеме Алладан көп жақсылық, көп кешірім сұрадым. Сосын, өз Отаныма, жерлестеріме, бауырларыма, әріптес аға-іні, әпке - қарындастарға аманшылық, тыныштық, жұмыстарына абырой сұрап, Жаратқанға жалындым. Жалпы, Қағбаның бір бүйірінде Жаннаттан түскен гауһар тас бар. Оны сүю -сүннет, ал, тәртіп сақтау -парыз. Сонда, тәртіп бұзып, оны сүйгеннен гөрі сүймегеннің сауабы жоғары болып тұр ғой. Меккенің өзін де осы гауһар тасты бір де бір рет сүймеген Шейхтар бар екен. Қатты қадам жасаса, оларға гауһар тасты сүю мүмкіндігі туады, бірақ, олар өте білімді адам болғандықтан, тәртіптің бұзылып кетуінен қорқады. Сол гауһар тасты біздің айналамыздан Талғат Рысқұлбеков (Желтоқсан көтерілісінің бас қаһарманы -Қайрат Рысқұлбековтың бірге туған інісі) ғана сүю мүмкіндігіне ие болды.
2 қараша. Түннен тұрып, Әл - Харамға келдік. Қоштасу тәуабы -Қажылық уәжіптерінің ең соңғы амалы. Мұхаммед (с.ғ.с): «Үймен қоштаспайынша ешкім Меккеден кетпесін» - деген. Біздің Меккеден кететін күніміз Жұма намазымен сәйкес келді. Жұма намазын қонақ үй жанындағы мешітте өтедік. Сосын жайлы автобуспен Мәдина қаласына қарай жылжыдық.Көңілде қобалжу бар. Қасиетті бұл қалаға енді келуді Алла маңдайымызға жазар ме екен, жазбас па екен деп толқыдық. Меккеде 15 күн болған екенбіз, 15 минуттай өте шықты уақыт. Мекке мен Мәдина Алланың қорғауындағы қалалар. Бұл екі қалаға Мұхаммед Пайғамбар дұға жасаған. Жол -жөнекей асыр, шам, құптан намаздарын кездескен мешіттерде оқыдық. Сәл тоқтасақ бітті, жергілікті халық Алланың разылығын алу үшін тегін тамақтар, сусындар ұсынады. Сусын ұсынып, сауап іздейді. Сөйтіп, жеті сағаттық жолды еш шаршамай, шөлдемей жүріп өттік. Жол -жөнекей шаруашылықпен айналысатын ауылдарды көрдік. Ақ, қызыл нарлар, түйелер, уақ малдар өте көп ұшырасты. Түнделетіп Мәдинаға жетіп, қонақ үйге орналасып алған соң, Мұхаммед Пайғамбардың мешітіне қарай шықтық. Бір жақсысы, бұл қаладан жалдаған қонақ үйіміз Пайғамбар мешітінің дәл қасында. Екі ара жүз метрдей ғана. Мұнда бір намаз оқыған кісі мың намаздың сауабын алады. Демек, жүз метр жерден барып, мың есе сауапты жинай беруіңізге болады. Сол түні Мұхаммед Пайғамбарға, оның ардақты сахабалары Әбу Бәкір мен Омарға сәлем бердік. Сол төңіректегі «Рауза» бағында екі бас нәпіл намаз оқыдық. Себебі, осы «Рауза» бағында нәпіл намаз оқыған кісі жаннатта намаз оқығандай сауапқа ие болады екен. Тәртіп сақтау бұл жерде де -парыз. Мәдинаға барып тұрып, әлгі Жаннаттың бір бұрышындай баққа намаз оқуға мүмкіндік таба алмай кететіндер өте көп. Біз Алланың қалауымен бұл мүмкіндікке ие болдық. Бізді бір елеңдеткені, Меккедегі Әл-Харам мен Мәдинадағы Пайғамбар мешітін кеңейтуге 20 млрд. АҚШ доллары бөлініпті. Бұл дегеніңіз бір ортаңқол мемлекеттің барлық бюджеті көрінеді. Сосын, Сауд Арабиясының королі Пайғамбар мешітінің дәл қасынан анасына арнап қонақ үй салдырған екен. Сауабы анама барып тұрсын деген ниетпен. Бірақ, енді Пайғамбар мешіті екі есе кеңе йтілгелі жатыр. Ондай жағдай да әлгі королдың анасына арнаған қонақ үйі де, басқа ірі ғимараттар да бұзылатын болады. Бірақ, Алла ерекшелік беріп қойған Пайғамбар мешітін кеңейту жолында күн сайын миллион долларлап табыс тауып тұрған ғимараттарды бұзылғанына ешкім өкініш білдірмейді. Себебі, бұл елде адамның жеке пайдасынан гөрі Алла жолындағы сауапты іс өте жоғары тұрады. Бұл мешітте жүз елу тонна тұратын 24 күмбез бар. Енді екінші қабаты салынайын деп жатыр. Бір мезгілде 800-900 мың адам намаз оқуға мүмкіндігі бар бұл мешіт әлемнен жиналған жамағатқа тарлық етеді. Сондықтан, үлкейгелі жатыр. Бұл мешіттің үлкеюіне қазақтардың да үлесі бар екенін естіп, қуандық. Қазақтың Қайтбай деген сұлтаны өз заманында осы Пайғамбар мешітін бір метрге ұзарып, имамның мінберін жаңалап берген екен. Кезінде бүкіл Мәдина қаласының көлемі қазіргі Пайғамбар мешітінің көлеміндей -ақ жерде болған екен. 10 мың ғана халық тұрған. Қазір жүз есе өсіп, Мәдинада бір миллион халық тұрады.
3 қараша. Бұл күні бес уақыт намазды Пайғамбар мешітінде оқып, Аллаға құлшылығымызды көп жасадық. Сондай-ақ, Ақшам мен құтпан намазы арасында Пайғамбар мешітінің мұражайына кіруге санаулы ғана адамдар рұқсат алдық. Айдын ұстаз мұражайға жетекші шейхтің арабша түсіндірмесін бірден қазақшаға аударып тұрды. Сондықтан, бізге мағлұмат алу қиынға түспеді. Мұражайда Пайғамбарымыздың бірнеше елдің патшаларына жазған хаттары, теріге жазылған Құран сөздері, басқа да құндылықтар сақталған. Өз тарихында Пайғамбар мешіті екі рет өртке де оранған екен. Оннан астам рет қайта жөндеу, кеңейту жағдайын бастан кешкен. Енді тағы бір жарым милион адам бір мезгілде намаз оқитындай мүмкіндікте кеңейтілмекші. Мұражайда мешітің алғаш салыну сәтіндегі суреттер де сақталған.
4 қараша. Жолбасшыларымыз жоспарына сәйкес бұл күні Ухуд тауы мен Құба мешітіне барып, тарихи орын ретінде аралап көрдік. Ухуд тауының басында Айдын ұстаз мұндағы Бәдір,Ухид соғыстарының тарихын айтып берді. Ухуд соғысында жетпістен астам сахаба шейіт болған екен. Солар жерленген қорымға барып, сахабаларға дұға жасадық. Одан әрі Құба мешітіне соқтық. Бұл -ислам тарихында алғаш іргетасы қаланған мешіт. 53 жасында Мұхаммед пайғамбар Алланың бұйрығымен Меккеден Мәдинаға көшіп келе жатқанда, жолда нағашыларының ауылына соғып, сонда осы Құба мешітінің іргетасын қаласып кеткен екен. Мұнда оқылған екі бас нәпіл намаздың сауабы умра қажылық жасағанмен тең. Яғни, осы мешітте екі бас намаз оқыған кісі умра жасаған кісінің сауабын алады. Сосын құрма өсетін жерлерді де аралап көрдік. Жалпы, Мәдина құрмалы қала. Мұнда құрманың жүз түрі өседі. Бір ғажабы құрманың тағдыры адамдардың тағдырына ұқсас екен. Мәселен, әр құрма 70-80 жыл жасайды екен. 90 жылда қурайды құрма. Сондай-ақ, әр құрма 20 жылдан кейін ғана жеміс беретін көрінеді. Жігіттің жиырма жасында үйленіп, ұрпақ өрбітетіні секілді. Бірақ, бір құрма талдан жылына 100-120 келі өнім алуға болады. Құрманың адам өміріне ұқсас осындай жақтары бар екен.
Осы күні пешін намазынан соң, жаназа шығарушыларға ілесіп, «Бақиғ» қорымын барып көрдік. Бір жағы сауап жинау, бір жағы ондағы жағдайды көру мақсатымен. Себебі, жаназаға тұрған кісіге Ухуд тауындай сауап берілсе, сол кісіні жерлескен адамға екі Ухуд тауындай сауап жазылады екен. Сонымен, ол жақтың қорымын, кісі жерлеу жағдайын көзімізбен көрдік. Бір таңғалғанымыз, мұнда біздегідей тамдай - тамдай қорымдар жоқ. Әр бейіттің басында тек қойдың басындай ғана қоңыр тас жатыр. Бар белгісі сол. Мұнда мыңдаған сахабалар жатыр, олардың да басында сондай белгі. Мұнда министрлер, қаланың басшылары, небір белгілі адамдар жерленіпті. Бірақ, олардың қабірлерінің қарапайым жұмысшыдан мысқылдай айырмашылығы жоқ. Біздің елдегі кісілердің бір үлгі алатын жері осы тұс болса ғой деген ой тұрды көңілімізде. Барша адамзаттың Алла алдында бірдей екенін түсінсе, мол сауапқа кенетер еді -ау деп ойладық сол сәтте. Әрине, бұл бірер жылда шешіле салатын шаруа емес -ау. Бірақ, бір қозғау болса, сең қозғалса қанекей!
5 қараша. Түске таман Мәдинадағы қонақ үйден автобустарға отырып, әуежайға бет алдық. Әр кісіге 20 келі сөмке, 10 литр «Зәм-зәм» су алуға рұқсат берілген. Бірақ, кейбір көкелеріміз жүгі 60 келіге жуықтап жатты. Қазақпыз ғой енді. Менің барлық затым 25 келіден аспады. Себебі, Мекке -Мәдинадан алуға тиіс негізгі нәрсең «Зәм-зәм» су мен құрма ғана. Басқа заттың бәрі Алматы, Тараз базарында тұнып тұр. Әуежайдан шығарда бір-бір Құран кітап силады мәдиналықтар. Автобусқа отырғызып, елу метр жердегі ұшаққа табанымызды жерге тигізбей апарды. Бұл да олардың Қажылықты керемет қадірлейтінінің, Қажыларды қадірлейтінің белгісі. Имандылық тұнып тұрған бұл қасиетті жерлерден де алыстап барамыз. Алып ұшақ Мәдина - Шаржа бағытына қарай бет алды. Міне,Қасиетті Қағба, Әл-Харам, Қажылықтың шыңы - Арафат, Мина, Мұздалифа,әр кісінің бір намазына мың сауап жазылатын Мәдина, ондағы имани адамдар, имани көріністер бәрі - бәрі артта қалып барады. Бірақ, бұл сапардың әсері көңілімізде кетіп барады. Сол әсер азаймаса, мұнда жинаған жақсы қасиеттеріміз елде де жалғасса деген тілек көңілде. Біз Қажылық күндерінде Жанәділ Райымбеков, Мұхамеджан Тазабеков, Қадір Сәттіқұл, Ғалымбек Жәпек, Бекболат Мыңбаев секілді діни кісілерден жақсы насихаттар естідік. Жанәділдің әрбірімізді жұлқылап оятып, тахажуд намазына жүр-жүрлегенінің куәсі болдық. Ардабек Солдатбай, Руслан Желдібай секілді әріптестерім мен әнші Ибрагим Ескендір, айтыскерлер Балғынбек Имашев, Арман Бердалин, Бекарыс Нүримановпен сауапты күндерді бірге өткіздік. Облыс әкімдігі мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Нұркүл Оспанбекованы, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ішкі бақылау бөлімінің бастығы Ержан Бегалиевті, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Жастар орталығының» бөлім меңгерушісі Дәурен Құттыбаевты, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің маманы Ертай Райымбековты, зейнеткер көкем Ерғара Жолдыбайұлын сол Меккеден кездестірдім. Тек ғана сауапқа ұмтылған жұртты көрдік. Бұл жақтың құстары да қорқу дегенді білмейді. Меккедегі Әл-Харамның алдында қалың кептерлер жүреді, адамдардан еш үрікпейді. Қайта адамдар оларға жем шашып құрмет көрсетеді,сауап жинайды. Имандылық өркен жайып тұр мұнда.
Түйін
6 қарашада Шаржадан таңертең ұшқан ұшақ Астана уақытымен түскі 14- 30 шамасында Алматы әуежайына қонды. 157 кісі аман -есен қажылықтарын өтеп оралды. Ол амалдың қабыл болуы -Алладан. «Қабыл болған қажылықтың сыйы -Жаннат» - деп Алла уәде болып тұр. Біздің амалымыздың қаншалықты болғанын да білуші Алла. Алматы әуежайында жүздеген сапарластар бір -бірімізге «Қажылық қабыл болсын!» - деп тілегімізді арнап, қоштастық. Құранның аяттарында Алла қажылығын қабыл еткен кісінің анадан жаңа туғандай барлық күнәсінен тазаратыны айтылады. Сондай бір жақсы сапардан оралғанымыз анық. Алла қабыл еткей. Сол қасиетті сапарда жүргенімде жылына бір ғана рет болатын облыстық ақындар айтысы өтті Таразда. Мен елде жүрген 11 айда өтпей, сол айтыстың дәл қажылықта жүргенімде өтуі де Алланың бір сынағы болар. Сол айтыстың бас жүлдесін алған Күміскүл Сәрсенбаева әпкем менімен хабарласып, «Сен ең сауапты сапардан оралдың. Бізге де Алла үлкен қажылық сапарды нәсіп еткей» - деп маған қызығушылық танытып жатыр. Бұл да Алланың жақсылығы шығар. Қайткенде де, қажылық сапарының әсері өте мол. Біздің елден қажылықтың қадірін бек түсініп, Аллаға шынайы жалбарынып, Мекке мен Мәдинаға барып қайтушылар көбейе берсін деген тілек көңілімде. Еліміз сол шынайы мұсылмандарының тілегімен өрлей берсін, өркендей берсін! Елі сүйген, елін сүйген Елбасымыздың да бір арман-тілегі осы екені даусыз. Алматы әуежайына қонды. 157 кісі аман -есен қажылықтарын өтеп оралды. Ол амалдың қабыл болуы -Алладан. анадан жаңа туғандай барлық күнәсінен тазаратыны айтылады. Сондай бір жақсы сапардан оралғанымыз анық. Алла қабыл еткей. Сол қасиетті сапарда жүргенімде жылына бір ғана рет болатын облыстық ақындар айтысы өтті Таразда. Мен елде жүрген 11 айда өтпей, сол айтыстың дәл қажылықта жүргенімде өтуі де Алланың бір сынағы болар. Сол айтыстың бас жүлдесін алған Күміскүл Сәрсенбаева әпкем менімен хабарласып, «
Оқи отырыңыз:
- НАСИХАТ
- ҚАРАЛДЫ: 16871
Жұма намазының қасиеттері.
- НАСИХАТ
- ҚАРАЛДЫ: 6935
Елбасына құрмет - елге құрмет.
- НАСИХАТ
- ҚАРАЛДЫ: 11361
Ең сауапты іс немесе «өлілер мекенінен» репортаж.
- НАСИХАТ
- ҚАРАЛДЫ: 28839