Түрікте емеспін арапта емес,
Отан деп келген оралман емес,
Шығыста емес батыста емес
Келмеске кеткен кеңес те емес
Бабадан қалған оралмас елес
Данадан қалған кенелі кеңес
Қазақпын мен жаулық таққан анасы,
Дәстүрін құрмет тұтқан баласы,
Үкілі бөрік,
Қосетек көйлек киген,
Кең етегі жерге тиген.
Қария көрсе басын иген,
Дария көрсе тасын сүйген.
Қазақпын жаулық таққан анасы,
Анасының қызына жұққан санасы
Дана биді, бала биді туғызған
Қазақпын мен жүректей кең даласы!
Бұл өлеңді жазуыма себеп болған жайттар көп-ақ. Солардың бірі – халықтың көңілдегі сұрақтарының бір қатары десек те болады. Мәселен, жаулықшаң қыз-келіншектерге қойылар сұрақтардың бір сыпырасы мынадай: Оралмансың ба? Ұлтың қандай? Қай елден келдің? Түріктер орамалын осылай тағады емес пе? дегендей сұрақтар өте көп кездесетіні ақиқат. Осы жайттарды қатты ойлансам керек. Шер атаның «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген сөзін басшылыққа алмақпын. Түсімде патшамыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бетпе-бет отырып, осы жаулық мәселесі жайлы бар ынта-жігерімді салып баяндап отырмын. Ол кісі өзінің кемеңгерлігіне салып, басын изеп қойып тыңдап отыр. Ал мен бар жән-тәніммен елбасына әйел адамның нәзік жаратылысынан қаншалықты жаулыққа мұқтаж екендігін, қоғам, елі үшін, елдігі үшін жаулықты әйелдің мүмкіндіктерін шектеу дұрыс еместігін және әйел адамының тұлға ретінде, барлық қабілет, қасиетіне қарай жаулығымен еліне адал қызмет ету үшін барлық психологиялық, физиологиялық мүмкіндіктерін көрсете алу үшін жаулықтың, намаздың тосқауыл болмауы керек екенін айтып отырмын. «Білім жоқ жерде қиял – қысыр, арман – ада» демекші, оқу орындарында жаулықты қыздың күні құрысын. «Маральсіз, имансыз саясат – сайқал саясат» деген еді кемеңгер бабалар.
Анадан қанша алып тусаң да, білімсіз болсаң, топастау тор шолақтың сопатында салпақтап ғұмыр кешесің деген бар. Сауап – жауапсыз қалмайды ел аға, ер аға дей келе, Елбасына: «Шариғат шәлісін жамылған, қазақи ұлттық құндылықтарды сіңірген, ұлттық санасы бұзылмаған, елім деген ұлтжанды қыз-келіншектерге емін-еркін білім алып, жұмыс жасап, елі үшін қызмет етуге жол ашсаңыз Айша бибі, Ұлпан, Домалақ ана, Ұлжан мен Зере сынды халқына адал тұлғалармен ұлтымыздың ұлттық бейнесі жаңғырар еді,» - деп жаулық таққан әйелдердің назын жеткізіппін. «Әлем бізді құрметтесін десең, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғаныңыз жөн» деген екен Ататүрік. Жаулық қазаққа тансық дүние емес. Қала берсе тарихтың деректерінде аналарымыз, әжелеріміз ат үстінде, түйе үстінде қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп қонып жүріп, қос етек көйлегін қысқартып, ақ жаулығын тысқа тартқан емес еді ғой. Сол әжелердің рухынан ұяламын, рухты сыйлаған халық едік. Дамыған, жетілген заманда үй ішінен ағып тұрған суға бес уақыт жуынып, намазымды оқып, ақ жаулығымды кірлетуден ұяламын. Қазақ қызы еркін өскені хақ. Әжелеріміздің айтуынша, 13-15 жаста аталарымызға қосылып, мына біздей ұрпақ тараған екен. Жастай келін атанып жаулықпен кимешектен арылмаған. Сол дәуірмен қазіргі кезеңді салыстыруға келмейді. Білім, ілім алған қазақ қыздары 13-15 жаста емес әбден есейіп тұрмысқа шығады. Есейген қыздың қызықтырары көп болмаушы ме еді? Осы тұста ердің есін кетірер қыз сұлулығы орамалмен жабылса не айыбы бар? Сол жастайынан орамалға оранып, намазын оқыған қыз ертең өз мамандығымен жұмыс жасап парақор, сүтқор, зинақор болмайтыны, бақталас, тақталасқа түспейтіні анық қой,» – деп сөзімді аяқтадым. Пифагор «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген екен. Тәуке хан тұсында «Жеті жарғы» сондағы жеті-ақ жарғы еді. Ал бізде заң көп, заман бүлік.
Ләззат МЫРЗАШОВА,
психолог