Хазреті Омар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітінде таң намазын оқып жатып, шаһид болды. Атақты сахабаны Әбу Лулуа ал-Мажуси деген кісі өлтірді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Омар (р.а.) жайында үш түс көреді.
Бірінші: Имам Бұхари мен имам Мүсілім жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:
«Ұйықтап жатқанымда түсімде көйлек киген адамдарды көрдім. Олар маған келіп, көйлектерін көрсетіп жатыр. Кейбіреуінің көйлектері шолақ, кеуделерінен аспайды, кейбірінікі одан да қысқа. Солардың ішінде Омар (р.а.) да өз көйлегін көрсетті. Оның көйлегі ұзын, тіпті жерге сүйретіліп тұрды». Сонда сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түсті қалай жорығанын сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Дін. Омардың діні оның бүкіл денесін жапты. Ислам бүкіл кемшілігін жапты да оны көркем көрсетті. Оның аузынан тек шындық қана шығатын болды».
Екінші: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:
«Мен ұйықтап жатқанымда түсімде маған ыдыспен сүт берілді. Одан іштім де қалғанын Омар бин Хаттабқа бердім» дейді. Сахабалар: «Түсіңізді қалай жорыдыңыз, Расулуллаһ (с.ғ.с.) !» - деп сұрағанда Алла Елшісі(с.ғ.с.): «Субханаллаһ! Бір адамға білім мен дінді Аллаһ бірге берді.
Үшінші: Бұхаридан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:
«Мен ұйықтап жатқанымда түсімде өзімді жәннатта көрдім. Жәннатта бір әйел үлкен бір сарайдың жанында дәрет алып жатқанын көрдім де: «Бұл сарай кімдікі?» деп сұрадым. Бұл Омар бин Хаттабтың сарайы деп жауап берді». Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) осы хадисті естіген Омар (р.а.) жылап жіберді.
Аббас ал-Аққад былай дейді: «Омар мен Әбу Бәкірдің (р.а.) айырмашылығы: Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жаһилет кезінен, Омар (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) пайғамбарлық келгеннен кейін білді».
Омар (р.а.) қолына бір дүние түссе, кедейлерге түгелдей үлестіріп беретін. Осындай мүміндер халифасының шапанында 14 жамауы болған. Күн бата салысымен Мәдина халқының жағдайын білуге асығатын. Адамдар тәтті ұйқыда жатқанда халифа халықтың қамын ойлап, жұмыс істейтін. Омар (р.а.) бір күні түнде халықтың жағдайын білуге ел ішін аралайды. Жанында Әслам атты көмекшісі екеуі бір үйге келеді.
Үй ішіндегі әйелдің қасында жылап отырған балаларды көреді. Ал, бөлменің ортасында оттың үстінде қазан тұрғанын байқайды. Омар үйге кіріп: «Ей, Алланың құлы! Мына балалар неге жылап отыр?» деп сұрайды. Әлгі әйел балалардың аш екенін, ал қазандағы суды қайнатып, оларды ұйықтап қалғанша алдап отырғанын айтады. Мұны естіген Омар (р.а.) жылап жібереді.
Ол қазынадан ұн, май, құрма, киім, ақша алып, жанындағы Әсламға: «Мына қапты менің арқама қойып жіберші» дейді. Әслам болса: «Уа, мұсылмандардың әмірі! Мен арқалап апарайын» дегенде Омар (р.а.): «Ей, Әслам! Бұл қапты мен көтеремін. Себебі, қияметте олар үшін мен жауаптымын» - дейді. Ол (р.а.) қапты әлгі әйелдің үйіне алып барып, тамақ дайындап, қазанның астындағы отты үрлеп жатқан Омарды (р.а.)көрген көмекшісі былай дейді: «Мен оның сақалының арасынан шығып жатқан түтінді көрдім. Ол асты ыдыстарға құйып, балаларға тойғандарынша берді».
Омар бин Хаттабтың (р.а.) кезінде Әмір бин Ас (р.а.) Мысыр елінің басшысы болып тұрған кезінде Омарға (р.а.) сол елдің бір адамы келіп: «Уа, Омар(р.а.)! Мен өзіңнен көмек сұраймын. Маған Әмір бин Ас (р.а.) қамшымен дүре соқты» дейді. Омар (р.а.) Әмір бин Асты(р.а.) өзіне шақыртады. Омар (р.а.) әлгі мысырлыққа: «Қолыңа қамшы ал да сені қалай ұрған болса, сен де Әмір бин Асты солай ұр» дейді. Міне, бұл Омардың (р.а.) әділдігі.
Һижраның 18-ші жылы елде қатты жұт болып, халық аштан қырыла бастайды. Сол кезде Омар (р.а.) аш-жалаңаштарға көмек көрсетіп, өз қолымен тамақ үлестірді.
Жұма күні Омар (р.а.) жамау шапанымен мінберге шықты. Құтпа айтып тұрғанда іші аштықтан шұрылдай бастайды. Омар (р.а.) сонда өз ішіне қарап: «Құрылда-құрылдама бәрібір мұсылмандардың балалары тоймай саған тою жоқ»,– дейді.
Бір күні Омар (р.а.) жамағатпен тілек намазын оқып, жылап тұрып Алла Тағалаға дұға етеді. Дұғасын аяқталмай жатып, жаңбыр себелей бастайды. Мединада қайта тіршілік басталады.
Кисри патшаның кеңесшісі әл-Һармазан үстіне жібек, қолына алтын тағынып, үлде мен бүлдеге оранып, Омармен (р.а.) жолығуға Мәдинаға келеді. Адамдардан: «Омардың (р.а.) сарайы қайда?» деп сұрайды. Мұсылмандар: «Омарда (р.а.) ешқандай сарай жоқ» деп жауап береді. «Онда үйі қайда?» дейді. Мұсылмандар балшықтан тұрғызылған бір кішкене үйді көрсетеді де: «Міне, осы халифаның үйі» дейді.
Сонда әл-Һармазан: «Оның күзетшілері қайда?» деп сұрайды. Мұсылмандар: «Оның (р.а) күзетшілері жоқ» деп жауап береді. Ал-Һармазан Омардың (р.а.) үйінің есігін қақты. Есікті халифаның ұлы ашты. Ұлы әкесін мешіттен табатынын айтты. Патшаның шабарманы мешітке келсе ауладағы талдың астында шапанын астына төсеп, Омар (р.а.) ұйықтап жатыр екен. Мұны көрген әл-Һармазан өз-өзіне сұрақ қойды. «Расында, бүкіл араб түбегін жаулап алған Омар (р.а.)деген халифа осы ма?», «Қалайша талдың астында ұйықтап жатыр?!»– деп таңғалғанын жасыра алмайды.
Халифалығының соңғы жылында хазреті Омар (р.а.) халықтың алдында шығып: «Егер мен біреуге зұлымдық істеген болсам, міне мен алдарыңда тұрмын, ақыларыңды қайтарыңдар. Егер мен біреудің малын жеген болсам, міне малым ақыларыңды алыңдар. Егер мен біреудің қанын төккен болсам, міне, денем, хақыларыңды алыңдар»,-деп мінберден түсті.
Халифаны тыңдап тұрған мұсылмандардың көздеріне жас толды. Өйткені, Омардың (р.а.) қоштасып тұрғанын сезді. Бұл хазреті Омардың (р.а.) ең соңғы жұмасы және ең соңғы құтбасы еді. Омар (р.а.) ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде бір әтеш келіп Омарды (р.а.)шоқи бастайды. Ұйқысынан тұрып сахабаларға: «Мені жат жұрттық өлтіреді» - дейді.
Омар (р.а.) таң намазында «Фатиха» сүресін оқып болып, өзі жақсы көретін «Жүсіп» сүресін оқи бастайды.«Қайран Жүсіп деп күйіктен көздері ағарып, сонда ол қасіреттен іштен тынды» деген жерге келгенде Омар (р.а.) еңкілдеп жылап жібереді. Ұйып тұрған мұсылмандар да қосыла жылайды. Содан кейін рукугке барғанында Әбу Лулуа әл-Мажуси халифаның бірнеше жерінен пышақ салады. Жамағаттың көбі мұны байқамай қалады. Тек Әбдірахман бин Ауф (р.а.) имамдыққа өткенде ғана бірдеңені сезгендей болады.
Намаз аяқтаған соң мұсылмандар: «Омарға (р.а.)не болды? Біздің халифамыздың дауысы естілмеді? – деген дауыстар шыға бастайды. Халифа қатты қиналып тұрғанына қарамастан: «Мені кім жаралады?» - деп тіл қатады. Өзіне пышақ сұққан адамның мұсылман емес екенін білген Омар (р.а.): «Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Мені өлтірген өмірінде сәжде жасамаған кісі екен», -дейді де: «Намазды оқып бітіре алдым ба?» деп сұрайды. Намазды аяқтай алмағанын түсінген Омар(р.а.) бар күшін жинап орнынан тұрады. Оның бар ойы қалайда намазды аяқтау болатын. Өйткені, ең қымбат қазынасы да намаз еді. Өлім аузында жатып, халифалығы не бала-шағасы, дүниесі жайында сұраған жоқ.
Мұсылмандар басшысын үйіне алып келді. Басына жастық қойғанда, Омар(р.а.): «Басымды топырақтың үстіне қойыңдаршы. Мүмкін Алла Тағала маған рақым етер» деді де көзіне жас алып, жылап жатып: «Патшалығы мәңгі таусылмайтын Раббым, патшалығы уақытша болған бізді кешіре көр», –деп дұға етті. Халифа жақындары мен балаларын шақыртты. Олардың барлығы үйге жылап кірді. Хазреті Омар (р.а.) ұл-қыздарының беттерінен сүйді. Омармен(р.а.) қоштасуға Ибн Аббас(р.а.) пен бірге Әли (р.а.) де кірді. Қос жанарына жас толған Әли (р.а.) Ибн Аббасқа (р.а) сүйеніп әрең тұрды.
Омар (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген болатын: «Дүниеге ең алғаш мен келдім, сосын Әбу Бәкір(р.а.), одан кейін Омар(р.а.) келді. Бұл жалғанмен бірінші Мен, кейін Әбу Бәкір (р.а.), содан соң Омар (р.а.) қоштасады». Омар (р.а.) өлім аузында жатып: «Мен қайда жерленемін?» - деп үн қатқанда мұсылмандар: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанына жерлейміз» дейді.
Омар (р.а.): «Мен қарапайым мұсылманмын. Әуелі Айшадан(р.а.) рұқсат сұраңдар» дейді. Мүміндер Айшадан (р.а.) Омарды (р.а.) екі досының жанына жерлеуге рұқсат беруін сұрайды. Айша (р.а.): «Бұл орынды өзіме сақтаған едім. Бірақ уаллаһи Омарға (р.а.)бердім»,– дейді.
Омарды (р.а.) кебіндеп, жаназасын оқуға жиналғанда Әли (р.а.) былай дейді: «Уа, Омар(р.а.)! Мен Аллаһтың алдына тек сенің амалыңдай амалмен барғым келеді».
Ержан қажы Малғажыұлы,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти