Бірінші байлық...

Бірінші байлық...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

بسم الله الرحمن الرحيم

Кеше Ислам әлемі Денсаулық сақтау министрлерінің ІІІ конференциясы басталды. Қазақ елі 2 жыл мерзімге Денсаулық сақтау министрлерінің төрағалығын қабылдады. Конференцияда сөз алған барлық азаматтар сөзін «бисмилләмен» бастап жатты. Бұл қуанарлық жайт. Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында өтіп жатқан барлық конференциялар Құранды тиләуат етумен басталуы дәстүрге айналып келеді. Бұл және алдынғы конференцияларға қаланың Бас имамы ретінде өзім Құран оқып, жұмыстарына сәттілік тілеп бастап бердім.

Қазақ: «бірінші байлық денсаулық, екінші байлық ақ жаулық», - деп бекерге айтпайды.

Имам әш-Шафиғи бір сөзінде: ғылым екеу-ақ: дәрігерлік пен фиқһ. Дәрігерлік тәнге, фиқһ дінге қажет ғылым,-деген екен.

Бір өлеңде:

Мұғалім мен дәрігерге расында,

Көрсетпесең құрмет, бермес кеңесін.

Дәрігерге дөрекілік ашуға

барар болсаң, дертке сабыр етесің.

Мұғалімге дөрекілік жасасаң,

Надандыққа көніп мәңгі өтесің, – деп айтылған.

Шын мәнінде, ғылымның шегі жоқ. Алайда, қарап тұрсаңыз, расында дәрігерлік пен фиқһтан асқан маңызды ғылым жоқ.

Исра сүресінің 82-аятында:

وننزل من القرآن ما هو شفاء ورحمة للمؤمنين …

Яғни: «Құраннан, мүміндерге, шипа және рахмет түсіреміз...»,-деп әмір етілген.

Құран біздің жаралы жүрегіміздің жалғыз ғана шипасы. Алланың кәмалын тиләуат еткенде, оның аяттарының нұры қалбымызға еніп, дертімізге дауа береді. Құранның ләззатын сезінген мұсылман баласы оны күнде оқиды. Біз әр бес уақыт намаздан соң, әдейі Құраннан бірер аят оқимыз. Өйткені құранды тиләуат ету бөлек, оны тыңдау бөлек сауабы бар амал.

Әрине, намаздан соң оқылатын сүре немесе аяттар жайлы риуаяттар бар. Мәселен, таң намазынан кейін ясин сүресі немесе хашыр сүресінің соңғы аяттарын оқу, бесіннен кейін фатх сүресін немесе осы сүренің соңғы аяттарын оқу, екінті намазынан кейін аср сүресін оқу, ақшам намазынан кейін уақиға сүресін немесе хашыр сүресінің соңғы аяттарын оқу және құптан намазынан кейін табарак сүресін немесе бақара сүресінің соңғы екі аятын оқу мұстахаб амал.

Бүгінгі жұма уағызын Құранның бір аты болып табылатын – шипаға арнағалы отырмыз. Сөзсіз Құран біздің қарайған қалбымызды пәктеп, шипа мен рақмет нұрына бөлейді. Сонымен қатар, Құранды жанымыздың дертінен бөлек, тәнімізге шипа болу үшін де оқуға болады.

Шариғат рұқсат ететін ем жолдары: Құран аяттарымен дем салу және дәрігерлік (медицина). Алайда, Құран аяттарын ота (операция) жасау орнына қолдану тағы дұрыс емес.

Өйткені әз-пайғамбар (с.ғ.с.) бір сөзінде:

لكلِّ داءٍ دواءٌ فإذا أُصيبَ دواءُ الداءَ برأ بإذن الله عزّ و جلّ

Мағынасы: «Әрбір дерттің бір дауасы бар. Егер дауа дертке дөп тисе Алла тағала қалауымен науқас ауруынан айығып кетеді»,-деген.

Ал, түрлі бақсылық және сәуегейлік әрекеттермен ем іздеу дұрыс емес. Қала берсе, өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіресіз.

Расында денсаулық адамдардың басындағы көрінбейтін тәж. Оны тек науқас адамдар ғана көре алады,-деген дана сөз бар. Біздің баға жетпес байлығымыз денсаулық.

Бір хикаяда жас жігіт бір қарияға өзінің кедейлігін айтып, жоқшылықтан қиналғанын жеткізіп шағымданады. Дана қарт әлігі жігітке: 10 мың динар берейін, бір қолыңды бер маған,-дейді. Жігіт шошып кетіп: жоқ,-дейді. Қарт: әйтпесе, 10 мың динарға бір аяғынды бер,-дейді. Жігіт орнынан ұшып тұрып сасқалақтап қалады. Сонда қария байсалдылықпен екі қолың мен екі аяғын бүкіл дүниенің динарынан да қымбат. Осыншама бойыңда байлық тұрғанда неге шағымданасың?,-деп денсаулықтың баға жетпес байлық екендігін ұқтырған екен. Қазақта: «Бірінші байлық – денсаулық...» деген сөз бар.

Ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң ауырмай-сырқамай жүру мүмкін емес. Алайда, ауырып, сабырлық еткен пендеге Жаратқан Алланың берер сауабы мол.

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осыған қатысты мына сөзін риуаят етеді:

ما يُصيب المسلمَ من نصبٍ و لا وصبٍ و لا همٍّ و لا حزنٍ و لا أذىً و لا غمٍّ حتى الشوكةِ يُشاكها إلاّ كفّر اللهُ بها مِن خطاياه.

Мағынасы: «Мұсылманға тиген шаршау, аурудың ауыртпалығы, уайым мен өкініш, қиыншылық пен қайғы тіпті денесіне кірген тікен себепті де Алла тағала оның қате-кемшіліктерін кешіреді»,-деген. (екі имам риуаят еткен).

Әрине, бұл «сатып алған аурудың емі жоқ» демекші жаман жолмен ауру тапқан адамға ешбір қатысы жоқ. Арақ ішіп бауыр-бүйрегінен айырылған маскүнем, жұқа және қысқа киім киіп аяқтары мен бүйрегіне суық тиген бойжеткен және темекіні бұрқыратып өкпесі сырқат болған адамға бұл хадистің қатысы жоқ.

Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді:

ما من مسلمٍ يُشاك شوكةً فما فوقها إلاّ كُتِبتْ له درجةٌ و مُحِيَتْ عنه بها خطيئةٌ

Яғни: «Мұсылманға кірген тікен және басқа нәрсе себепті оған бір сауап жазылып, бір күнәсі кешіріледі»,-деген.

Сырт көзге ауру жаман болғанымен, оның пайдасы мол. Бір ғұлама ғалымға діндар жас жігіт келіп өзінің өте көп ауыра беретіндігін айтады. Сонда ғалым: расында нағыз аурулар мына бейқам жастар. Олар денсаулықтың қадірін біле бермейді. Ойнап күлуге ғана құмар. Олардың денсаулығы өздерін рухани ауруға айналдырып бара жатыр. Тіпті, бұл жастар Алла тағаланы тану, құлшылық сияқты құндылықтардан мүлдем бейхабар. Ал, керісінше, сен ауруың себепті, Алла тағалын тануға талпынғансың. Дүниенің қадір-қасиеті адам баласының әсіл мақсатын білу екендігін ұққасың. Демек, сенің дертің сені рухани аурудан түгел айықтырған соң, өзі-ақ сенен кетеді,-деп аурудың берер пайдасын айтқан екен.

Осы хикаяның мән-мағынасын түсіндіретін мына хадисте:

مَنْ يُردِ الله به خيرًا يُصبْ منه

Мағынасы: «Алла тағала кімге жақсылық қаласа оған бір қиындық береді»,-деп айтылған.

Демек, аурудың өзі дәрігер тәрізді. Ол біздің көзімізді ашады. Қолда бар нәрсені қадірлеуді үйретеді.

Ал енді, ауырып ем қабылдап жатқан мұсылман бауырдың хал-жағдайын сұрап, шипа тілеу мол сауабы бар амал.

Әбу Һурайра (р.а.) осы жайлы мынадай хадис баяндайды:

يا بني آدم مرضْتُ فلمْ تعدْني قال: يا ربِّ كيف أعودكَ و أنت ربُّ العالمين؟ قال: أما علمْتَ أنَّ عبدي فلانًا مرضَ فلمْ تعدْه, أما علمْتَ أنّك لوْ عُدْتَه لوجدْتَني عنده...

Мағынасы: «Шын мәнінде Алла тағала қиямет күні: ей, адамның баласы! Мен ауырғанда сен көңіл сұрап келмедің,-дейді. Пенде: уа, Раббым! Мен Сенің көңіліңді қалай сұрап барамын, Сен күллі дүние Раббысы емессің бе?,-дейді. Алла тағала: білмейсің бе, Менің пәлен құлым сырқаттанған еді, сен оның көңілін сұрап бармадың. Білмейсің бе, егер сол сырқаттың көңілін сұрасаң, Мені сол арадан табар едің (яғни сауабын және Менің мол сыйымды табар едің),-дейді...» (имам Муслим).

Пайғамбар (с.ғ.с.) қызметшісі Саубан (р.а.) риуаят етеді:

مَنْ عاد مريضًا لمْ يزلْ في خُرْفة الجنّة حتّى يرجعَ. قيل: يا رسول الله و ما خُرْفة الجنّة؟ قال: جناها.

Мағынасы: «Кімде-кім бір науқастың көңілін сұрап баратын болса ол науқастың жанынан кері қайтқанға дейін жәннат бауында болады,-деді. Сонда естушілер: уа, Алла елшісі! Жәннат бауы дегеніңіз не?,-деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): оның жемісі»,-деді.

Бұл хадисте науқастың көңілін сұраушыға берілетін мол сауап бар екендігі меңзеліп тұр. Тіпті, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол адамды жәннат бауының жемістерін теруші деп айтқан.

Ибн Аббас (р.а.) мынадай оқығаны баян етеді: Омар бин Хаттаб (р.а.) халифа Шамға бет алып жолға шығады. Ол Хижаз бен Шам шектесетін Сарғ ауылына келгенде Шам өлкесінің бес әкімін бастаған Әбу Убайдамен жолығады. Әкімдер Шамда оба жүріп жатқандығын жеткізеді. Халифа Омар Абдулла бин Аббасқа (р.а.): маған әуелгі мұһажирлерді шақыр дейді. Халифа олармен кеңесті. Муһажирлер бір ымыраға келе алмады. Кейбірі сіз жолға шығып қойдыңыз, кері қайтқаныңыз жөн деп санамаймыз,-десті. Ал, енді біреулері оба дерті жайлап жатса, онда барған дұрыс емес,-десті. Халифа мұхажир сахабаларды шығарып салды да, маған: ансар сахабаларды шақыр,-деді. Халифа олармен де кеңесті, ансарлар да муһажирлер сияқты бір ымыраға келе алмады. Оларды да шығарып салып: Құрайыштың ақсақалдарын шақыр,-деді. Олар халифаға: адамдарды алып кері қайтқаныңыз жөн деп ойлаймыз. Адамдарды оба жайлаған жерге алып бармаңыз,-деді. Халифа Омар (р.а.) барлық адамдарды жинап алып:

إنِّي مُصَبِّحٌ على ظَهْرٍ

«Ертең мен таңсәріде түйеме мініп, кері қайтамын»,-деп шешімін айтты. Сонда Әбу Убайда (р.а.): Сіз Алла тағаланың тағдырынан қашып бара жатырсыз ба?!-деді. Халифа Омар (р.а.): сенен басқа біреу айтса сазайын тарттырар ем, ей Әбу Убайда!,-деді. Омар Әбу Убайдамен келіспей қалуды ұнатпайтын. сөзін жалғастырып: ия, Алланың тағдырынан, Алланың тағдырына қашамыз. Егер сенің түйең болса, түйең бір сайы шөбі шұрайлы, екінші сайы құм болып кеуіп жатқан жотаға жайылса. Сен түйеңді шөбі шұрайлы жерге жайсаңда Алланың тағдырымен және куіп құм болып жатқан жеріне жайсаң да Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба?,-деді.

Осы кезде Абдурахман бин Ауф (р.а.) келіп жетті. Ол өз шаруаларымен жүріп, еш нәрсеге қатыс алмаған еді. Мән-жайды естіген Абдурахман (р.а.) бұған қатысты менің Алла елшісінен (с.ғ.с.)естіген сөзім бар еді. Пайғамбар (с.ғ.с.):

إذا سمعتم به بأرضٍ فلا تقْدَموا عليه و إذا وقع بأرضٍ و أنتم بها فلا تخرجوا فرارًا منه.

Яғни: «Егер бір жерде оба жайлап жатыр деген хабар естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал, егер бір жерде оба шығып жатса, ал сендер сол жерде болсаңдар, одан қашып ол елді-мекеннен кетуші болмаңдар»,-деген сөзін естіген едім деді. Халифа Омар (р.а.): Аллаға мыңда бір шүкір деп кері қайтқан еді.

Әбу Һурайра (р.а.):

ما أنزل الله داءً إلاَّ أنزل له شفاءً

«Алла тағала жіберген әрбір дертке бір дауаны да берген», деп айтылған (имам Бухари).

Тағы бір хадисте:

تداووْا فإنّ لكلّ داءٍ دواءٌ إلاّ السَّامَ

«Ем іздеңіздер! Өйткені әрбір дерттің дауасы бар. Тек өлімге дауа жоқ»,-деп айтылған.

Қазіргі таңдағы елімізде түрлі медициналық орталықтар, зерттеу институттары көпбеп ашылуда. Ана мен бала денсаулығы мен өмірін сақтау орталықтары, жүрек орталықтары т.б. сонымен қатар, заманауи медициналық құрал-жабдықтар. Мұның барлығы сіз бен біздің денсаулығымыз бен өмірімізді жақсарту үшін жасалуда.

Осы күндері өтіп жатқан денсаулық сақтау министрлерінің конференциясы да осы мақсатта жұмыс істеуде.

Осы арада тағы бір рет дәрігерлік мамандықтарға және дәрі-дәрмек жасау жайлы айтқым келіп тұр. Мұсылмандар арасында аса қажет дәрігерлік мамандыққа ұл-қыздарыңызды үйретіңіздер.

Хадисте айтылғандай: «...ауру келмей жатып, денсаулықтың қадірін біл...»,-дегендей Алла тағаланың берген денсаулығын қадіріне жетейік. Қадірін білу бұл денсаулықты тиісті орнына жұмсау. Құлшылық ету, білім алу және қоғамда пайда тигізу сияқты.

Алла тағала бізге тәрбие беріп, түн ұйқысын төрт бөлген ата-анамызға және өсіріп отырған ұл-қыздарымызға зор денсаулық бергей!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: