Нәпсі тазалығы

Нәпсі тазалығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Нәпсіні тазарту – күпірліктен, надандықтан, жаман сезімнен және жағымсыз мінезден арылу деген сөз. Яғни, нәпсіні шариғатқа қайшы келетін әр түрлі сенімнен, мінез-құлықтан және іс-амалға байланысты қателіктерден арылту дегенге саяды. Оны тазартып, жамандықтардан арылтқан соң, иман, парасат, білім, хикмет, даналық және көркем мінез секілді тақуалық қасиеттермен тәрбиелеп, руханиятқа баулу басты назарда болу қажет.

Тасаууф бойынша – нәпсінің қалауларын азайтып, оның тәндегі арман-қиялдарына жол бермеу, рухтың үкім етуіне жол ашу. Бұл тек қана нәпсіні тізгіндей отырып, ішіп-жеуді, көп ұйықтауды және орынсыз сөйлеуді азайту т.б. сияқты шарттарды орындаумен іске асады. Сол себепті тасаууфта нәпсіні тізгіндеудің шарты – аз жеу, аз ұйықтау және аз сөйлеу екендігі бұрыннан бері айтылып келе жатқан мәселе. Өйткені бұлар нәпсіге ие болудың алғашқы қадамы. Алайда, жағдайға байланыстыра отырып, бұл шарттарды орындауда да орта деңгейді ұстану қажет.

Яғни құл, нәпсісін тазартқан кезде шектен шығушылықтан сақтанып, оның қиқарлығына тосқауыл болғанда тым асырып жібермеуі керек. Өйткені, дін барлық уақытта орта жолда болуды бұйырады. Адамға әр түрлі жағдайда шектен шығушылық пен істің нормасынан төменде қалуға аулақ болуды үгіттейді. Сондай-ақ, нәпсінің күшін толықтай жою мүмкін емес. Олай етудің өзі мақсатқа да сай емес. Осыған орай нәпсінің тазартылуы оның қалаулары Алланың бұйырған шеңберінде тізгінделіп, тәрбиеленуі дегенді білдіреді.

Нәпсінің тәрбиеленуі мен тазартылуы адам өмірінің соңын пәлекетке немесе бақытқа кенелтуге ықпал етуші рөл атқарады. Міне осы тәрбие мен тазартуға арна болу үшін алдымен иләһи әмірге бас иіп, әуесқойлық, құмарлық пен жамандықтарға қарсы тұру керек. Әрбір мүмин өзінің әлсіз, нұқсан және нәпсісінің түкке тұрғысыздығын, надандығын түсініп, Раббысын барша ұлылық, құдірет-кемелдігін ұғынып, іс-әрекетіне осы ұғыммен бағыт беруі қажет. Міне, осы бағыт орындалған жағдайда, Құранның сөзімен айтқанда «жамандыққа қатты бұйыратын» (Юсуф сүресі, 53-аят) нәпсі барлық жағымсыз сипаттардан арылып, жөнге келеді. Нәпсіні тазартуға тырысу үшін шынайы жігер танытып, кемелдік жолына түсу өте маңызды әрі қиын болғандығы себепті «жиһад әкбәр» деп (ең үлкен жиһад) қабылданған.

Бұл үкімді Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Тәбүк жорығынан қайтқан кезінде: «Енді кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық», - деп айтқан. Алайда, олар машақатқа толы, адам төзгісіз, ауыр да ұзақ жорықтан қайтып келе жатқан еді. Өйткені, жорық басталғаннан аяқталғанға дейін мұнафықтардың арандатушылығы мен шайтанның азғыруы жол бойы толастамаған болатын. Әрі сол жылы өте қатты ыстық пен құрғақшылық болған еді. Жол өте алыс әрі жаяу жүруге қолайсыз-тын. Жемістер жиналатын қырман кезі болатын. Өздерін қалың Византия әскері күтіп тұрғаны жайлы хабар бұл жорықты одан бетер ауырлатып жіберген еді. Осындай ауыр шарттарға толы бір кезеңде отыз мыңнан астам сахаба мың шақырым жол жүріп кейін қайтқан еді. Мәдинаға жақындағанда түрлері өзгеріп кеткендей еді. Терілері сүйектеріне жабысып, шаш-сақалдары өсіп, үрпиіп кеткен болатын. Сахабалардың жағдайы осылай болып тұрғанда Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан бұл сөздің хикметін кімнің де болса, білгісі келері хақ. Сахабалар таңданып: «Уа, Расулуллаһ! Жағдайымызды көріп тұрсыз! Осыдан да үлкен жиһад бола ма?» - деп сұрауы сондықтан еді. Ақыры Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) нәпсімен күресудің аса маңызды іс екенін білдіру үшін: «Иә! Кіші жиһадтан енді ең үлкен жиһадқа – нәпсі құмарлығымен соғысуға қайтып оралдық!» - дейді (Суюти, Жамиус-Сағир ІІ, 73).

Енді ынсаппен ойласақ, бұл үлкен жиһад жай кіші жиһад болып саналған, онан қалып қою – бұл өмірде осыншама төмендік пен ұятқа қалдырса, ендеше, ең үлкен жиһад болып саналатын нәпсіні тәрбиелеп, жүректі тазарту турасындағы бейқамдық, немқұрайдылық, ертең құдай алдында адамды қаншалықты қиын әрі мүшкіл жағдайға түсірмек?! Бұл үрейлі ақиқат алдында мүмин пенде нәпсісін тізгіндеу керектігі айтпаса да түсінікті болар. Әрине, сын тезіне салып, үлкен есепке тартуы қажет. Ертең кеш болмай әрі иләһи есеп келмей тұрып өзін, өз еркімен есепке тартуға мәжбүр. Өйткені, ұлы Жаратушымыздың аяттағы мына қатаң ескертуінде үлкен гәп бар:

«(Ей, адам баласы!) Өздеріңді бекер-босқа жаратты, біздің алдымызға қайтарылмаймыз деп, ойлайсыңдар ма?» (Мүминун сүресі, 115-аят). Немесе:

«Адам өзін емін-еркін жіберіледі деп ойлай ма?!» (Қиямет сүресі, 36-аят) десе, ал, Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ақылды кісі – нәпсісіне ие болып, оны жауапқа тартып, өлімнен кейінгі өмір үшін тырысқан адам. Ал ақымақ – нәпсіқұмарлығына беріліп жүріп, Алладан жақсылық күткен адам» (Тирмизи, Қиямет 25; ибн Мәжә, Зүһд 31) - деп, ұлы шындықты жаңғыртып тұрса, әлгілердің жағдайы қандай болмақ!

Алла Тағала нәпсінің қауіпті екендігін құлдарына: «Ей, Расулім! Нәпсінің қалауын өзіне тәңір еткен адамды көрдің бе? Енді оған сен өкіл боласың ба?» (Фурқан сүресі, 43-аят) - деп ескертсе, Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Үмбетім үшін ең көп қорқатын нәрсем – нәпсілерінің әуесіне ұюы» (Суюти, Жамиус-Сағир І, 12) - дейді.

Осы себептен нәпсінің тазаруы – әр мүмин үшін өте өмірлік мәні бар әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететін жағдай. Бұл жауапкершілікті Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әлбетте, нәпсісін тазартқан (жамандықтардан арылтқан) бостандықта болады. Оны жамандыққа батырған зиянға ұшырады» (Шәмс сүресі, 9-10 аяттар) деген. Байқағанымыздай, нәпсі өзіне өлшеусіз бағынған иесін мәңгілік пәлекет пен қасіреттің жолаушысы қылса, тәрбиеленіп, бақылауға алынған жағдайда иесін періштеден де жоғары мәртебеге жеткізетін теңдессіз көлік іспеттес болады.

Екінші жағынан қайырымдылық, садақа, қызмет сияқты салих (ізгі) амалдар да сырттай қарағанда басқаға пайда тигізетін секілді көрінгенімен, іс жүзінде өз нәпсісіне туралықты, жақсылық пен қайырды үйретеді. Өйткені, жақсылықтар жүрекке осылайша орнығып, рух осыларға үйренеді.

Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде нәпсінің тазаруына байланысты көптеген аяттар бар. Сол аяттарда тазару:

- Алла Тағаланың тазартуы.

- Расулуллаһтың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) тазартуы.

- Адамның өз нәпсісін тазартуы сынды жалпы үш бөлімде қарастырылған.

1. Алла Тағаланың тазаруы

Алла Тағала Құранда: «Өздеріңді ұнатып, ақтамаңдар. Ол, жамандықтан сақтанушының кім екендігін өте жақсы біледі» (Нәжм сүресі, 32-аят) - деп ескертеді.

Ғалым Елмалылы Хамди Мырза бұл аятты:

«Өздеріңді күнәсіз, кемшіліксіз әрі кіршіксіз санап мақтамаңдар. Өйткені, сендерде өздерің білмейтін көптеген кемшіліктерің болуы мүмкін» - деп тәпсірлейді.

Ал, тағы бір аятта Алла Тағала: «Өздерін ақтағандарды көрмедің бе? Керісінше, қалаған адамын Алла өзі пәк етеді» (Ниса сүресі, 49-аят) - деп пәктеудің Өз қолында екенін ескертеді.

Бұл аяттағы тазару – адамның өзін мақтап, ақтауға ұмтылуы. Алайда, тазару тақуалықпен байланысты. Тақуалық, ол іштегі сипат. Оның ақиқатын Алла қана біледі. Сондықтан, мәселе – өзімізді ақтауымызда емес, Алланың ақтауында.

Бұл жайлы Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аллам! Нәпсіме тақуалығыңды беріп, оны тазартқайсың! Сен оны тазартушылардың ең қайырлысысың. Сен оның қожайыны әрі жаратушысысың» (Мүслим, Зікір 73) - деп дұға ететін.

Аятта: «…Сендерге Алланың кеңшілігі мен рақымы бұйырмағанда, сендердің ешқайсыңа әсте пәктік дарымас еді. Бірақ, Алла кімді қаласа соны ақтайды. Алла толық естуші әрі әр нәрсені толық білуші» - (Нұр сүресі, 21-аят) делінген.

Байқағанымыздай, аятта тазарудың Аллаға ғана тән екендігі айтылады. Сол себептен, құл мендік сенімінен сақтана отырып, иләһи тазарту арқасында жеткен кемелдікті, өз мықтылығым мен жігерімнің арқасында жеттім демеу керек. Алла Тағала ақтамаған жағдайда, құл ақыретте өзін ақтай алмайтындығына сенуі тиіс. Бұл түсінік мәңгілік қауіпсіздікке қауышудың ең маңызды себептерінің бірі. Өйткені, тазару – қаншалықты жігер мен шыдамдылық жағынан адамға, тәлім мен жол көрсету жағынан пайғамбар мен оның ізбасарлары болған жол көрсетушілерге таңылғанымен, иләһи мейірімділігімен құлдарын тазалау ісінде табысты етуі мен сол мүмкіндікті жаратуы жағынан Алла Тағалаға тән.

2. Расулуллаһтың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) тазартуы

Құран Кәрімде Хазірет Пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) міндеттері хақында былай баяндалады: «Ей, адамдар! Ант етеміз, өз іштеріңнен, сендерге аяттарымызды оқып беретін, сендерді тазартып, жамандықтардан арылтатын, Кітап пен хикметті тәлім етіп, білмегендеріңді үйрететін бір пайғамбар жібердік» (Бақара сүресі, 151-аят). «Ант етеміз, іштерінен оларға Алланың аяттарын оқитын, жамандық пен сенімсіздіктен оларды тазартатын, оларға кітап пен хикметті үйрететін бір пайғамбар (жіберу) арқылы Алла мүминдерді үлкен сыйға бөледі. Алайда, одан бұрын олар ашық азғындықта еді» (Әли Имран сүресі, 164-аят).

Бұл аяттардан түсінікті болғанындай, Пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) үш негізгі міндеті бар:

а) Адамдарға Алланың аяттарын оқу:

Пайғамбарлардың үмбеттерін хақ жолға шақыруы – келген уахидың оқылуымен басталады. Бірақ, бұл міндет адамдарды мақсатқа жеткізуде алғашқы баспалдақ және соған бір арна болады.

ә) Тазару:

Таухидқа шақырудың мақсаты нәпсіні күпірліктен, жаратушыға серік қосудан және күнә сияқты рухани кірлерден тазартып, кішіпейілділік пен тыныштыққа қауыштыру. Сондай-ақ, надандық кезінде өмір сүрген сахабалар тура жолға қол жеткізіп, Алла Расулінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) нұрлы сұқбаты мен рухани тәрбиесінен көңілдерін арылтқаннан соң дүниенің ең таңдаулы адамдарына айналды. Олардың аңыздары мен көңілден өшпейтін дастандары ғасырдан-ғасырларға жетіп, талай құрлықтардан асты.

б) Кітап және хикметті үйрету:

Мұнда орындалуы шарт болған заңдар мен үкімдерді баяндаған кітаптың, яғни, Құран Кәрімнің тәлімі келеді. Құран Кәрімнің мағынасына қанығу, жүрек дәрежесіне байланысты. Құран Кәрім шын жүрекпен оқыла отырып, түсініледі. Көз жүрекке жай ғана дәнекер сияқты.

Хикметтің тәлімі осы сатылардан соң келеді. Өйткені, иләһи есімдердің адам санасындағы сөз түріндегі көрінісі Құран Кәрімнің хикметі мен сырларына тек арылған жүрек иесі болған адамдар ғана қаныға алады.

Аятта тазарудың кітап және хикмет тәлімімен бірге айтылуы, тазармаған адамдардың білімге қол жеткізе алмайтындығын, қол жеткізсе де, ол білімнің өздеріне пайда әкелмейтіндігін баяндау үшін еді. Сол себепті, Пайғамбарлар алдымен аяттарды оқиды. Сосын оған сеніп, көңілдері ауған адамдардың нәпсісін шектен шығушылықтан, жамандықтардан арылтып, жүректерін рухани кірлерден тазартады.

3. Адамның өз нәпсісін тазартуы

Бұл жайында Алла Тағала аятта былай бұйырады: «Нәпсі және оны тәртіпке әкелушімен, сосын оған әрі жамандықты әрі одан сақтануды аян етушімен ант етемін: нәпсісін тап-таза еткен бостандықта. Оны (надандық пен күнәларға) күнәға батырған зиянға ұшырады» (Шәмс сүресі, 7-10 аяттар). Аяттың мән-мағынасы бойынша тек Алла тазартқан, яғни, күнәлардан арылған, тақуалықпен тәрбиеленген адамдар шынайы бақытқа жеткендер. Алла Тағаланың: «Салих құлдарымен бірге, жәннатыма кір» (Фәжр сүресі, 29-30 аяттар) деген аятындағы сүйіншісі де осы бақытты құлдар жайлы болған.

Тағы бір аятта Алла Тағала: «Расында тазарған және Раббысының есімін зікір етіп (еске алып), оған құлшылық еткен адам, шүбәсіз құтылған болады» (Ағла сүресі, 14-15 аяттар) - деп бұйырады.

Сонымен қатар бұл аяттағы тазару реттері де ерекше көңіл бөлерлік істер. Мысалы:

1. Алдымен жүректі, сосын тән мен малды жамандықтардан әбден тазарту;

2. Соның арқасында Раббы мен құлы арасындағы ғапылдық перделерін ашу;

3. Сосын адал аспен қоректенген тәнмен және зікір етуші жүрекпен беріле құлшылық ету арқылы көңілін рухани ләззәттармен безендіру.

Тәпсірші Бұрсауидің айтуы бойынша: «Бұл аят нәпсіні шариғатқа қайшы істерден тазартуды, жүректі дүниеге сүйіспеншіліктен арылтуды, шамасына қарай Аллаға бет бұруды, тіпті, Алладан басқасын еске алудан сақтануды меңзейді».

Сондай-ақ, құлдарына өте мейірімді ұлы Раббымыз қасиетті аятта шайтанның айла-қулығы мен тұзағына түсіп қалмау үшін ескерту ретінде былай дейді:

«Ібіліс айтты: (Ей, Раббым!) Ант етемін, мені аздырғаныңа қарсы мен де адамдарды аздыру үшін сенің тура жолыңның үстінде отыратын боламын» (Ағраф сүресі, 16-аят). «Ібіліс айтты: Раббым! Мені аздырғаның үшін мен де жер бетінде оларға күнәларды тартымды көрсетіп, олардың барлығын азғындатам!» (Хижр сүресі, 39-аят).

Құлшылық етуші тақуалардың қасындамын деп өзіңе сенбе. Өйткені, бостан босқа бірге болу пайда әкелмейді. Салаба[1] Хазірет Пайғамбардың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сұхбатына сезімсіз (ешқандай әсер алмастан) қатысқандықтан өкінішті нәтижеге тап болды.

Пайғамбардың баласы бола тұра Хазірет Нухтың ұлы әкесінің шақыруынан бас тартып, бақытсыздыққа тап болды. Орталарындағы қан жақындығы да пайда берген жоқ. Соңы өте жаман болды.

Хазірет Луттың әйелі кәпірлер мен пасықтарға деген сүйіспеншілігінің себебінен һидаят нұрынан несібесіз қалып, надандық пен күпірліктің суына батты. Қысқасы, білім, амал, мал, бала-шаға және дос сияқты қаншама сүйенішің болғанымен ақыреттегі бақытың үшін бұларға көп сенбе. Бұларға құштар нәпсіңе бой берме».

Аятта «нәпсінің бөгетінен асып, жамандықтардан арылғанның» құтылатындығы баяндалады. Сонымен қатар, бұл сөзден «тазармаған, яғни, нәпсісін жамандықтардан арылтпағандардың құтыла алмайтындығы» жайлы мағына да шығады.

«Алладан шынында тек ғалымдар ғана қорқады» (Фатыр сүресі, 28-аят) деген аят адам шынайы білімге жеткен сайын Алладан қорқа түсетіндігін баяндайды. Раббысын білмейтін әрі одан қорықпайтын адамдардың жүрегі өлі. Мұндайларға ескерту мен насихат әсер етпейді. Ясин сүресінің жетпісінші аятында «(Пайғамбар Құранмен тек жүректері) тірілерге ескертсін деп…» келетін баян осыны түсіндіреді. Яғни шын жүрекпен қорқып, дұрыс намаз оқу керек. Күнәлардан тазарудың ақысы жәннат пен оның жоғары дәрежелері. Аятта былай баяндалады: «Кімде-кім салих амал істеген мүмин ретінде Оған барса, жоғары дәрежелер тек солар үшін. Ішінде мәңгілік қалатын, астынан өзендер аққан Адн жәннаттары! Міне, тазарғандардың сыйы осы» (Таһа сүресі, 75-76 аяттар).

Аллаға ғана көңіл бөлудің сыйы жәннаттан да жоғары жетістік – Жамалұллаһ нығметі болмақ. Ол жерде Алла Тағаланың сөз жетпейтін сұлулық жамалының көрінісі тамашаланады. Кімде-кім еркі мен қалауына қарай лайықты түрде Аллаға бет бұрса, одан басқа ойы қалмайды. Алланы тану да нәпсі тазарғаннан кейін оның ақиқатын түсінумен басталады. «Нәпсісін таныған, Раббысын таниды» деген даналық сөз осы мағынаға келеді.

Бұл жайлы Хазірет Имам Ғаззалидің мына насихаттарына құлақ салайық:

«Бір мүмин таң намазын оқығаннан кейін, сол күнді бастамай тұрып, аз уақыт нәпсісімен оңаша қалып, онымен кейбір келісімдер жасап, алдына кейбір шарттарды қоюы керек. Сондай-ақ, саудагер де ақшасын ортақтасына берген кезде, онымен осындай келісім жасағанда, оған кейбір ескертулерді айтуды ұмытпағанындай, пенде де нәпсісіне мына ескертулерді айтуы керек:

«Менің байлығым – өмірім. Өмірім өткен соң байлығым да таусылады. Табыс пен пайда да аяқталады. Бірақ, мына басталған күн жаңа күн. Алла Тағала бұл күнді де маған сыйлады. Егер мені өлтіргенде, әлбетте, бір күн болса да кері жіберіліп, осы жерде үнемі салих (игі) амалдар істеп, жақсылық жасауды қалар едім. Олай болса, бүгін ешқандай күнә жасама және бұл күннің бір сәтін де босқа өткізуші болма. Өйткені, әрбір сәт – баға жетпейтін нығмет».

Бір күннің түні мен күнінің жиырма төрт сағат екендігін жақсы біл. Қиямет күні адам баласының алдына әрбір күн үшін жиырма төрт дана жабық қорап әкелінеді. Қораптың біреуін ашып, сол сағатта істеген амалыңың сыйы ретінде, іші нұрға толғанын көргенде, Алланың берер сыйын ойлап, құлдың қуанышында шек болмайды. Бұл қуанышты жәһаннам тұрғындары бөліп алса, жәһаннам азабын сезбейтін болар еді. Екінші қорапты ашқанда, бұдан қараңғылық әрі жаман иістер шығады. Бұл – надандықпен өткізген сағат. Бұған өкінетіні соншалық – егер бұл қайғысын жәннат тұрғындарына бөліп берсе, жәннаттың ләззатынан айырылып қалар еді. Енді үшінші қорапты ашса – іші бос. Бұл ұйқы мен мүбах нәрселер арқылы өткізген сағат. Бірақ, кішкентай да болса жақсылықтың сауабына зар болған сол күнде мүмкіндігі бола тұра үлкен табыстан айырылған саудагердің қайғысындай, бәлкім, одан да бетер іші күйіп, сол сағатты босқа өткізгенінің азабын тартады.

Олай болса:

Әй, Нәпсім! Мүмкіндік қолда тұрғанда сандығыңды жақсылап толтыр, бос қоюшы болма. Жалқауланба, әйтпесе, биік дәрежелерден құр қаларсын. Дене мүшелер де нәпсінің көмекшілері іспеттес. Адам оларға міндеттеріне қарай жеке кеңес беріп, бұл аманаттарды жамандыққа араластырмауды нәпсісіне айтуы керек.

Көзді харамға, жүректі мазалайтын пайдасыз, бос нәрселерге қараудан тыю керек. Тілді «тілдің бәлесі» деп аталатын өсек, өтірік, ғайбат, сөзтасу, мақтану, басқаларды балағаттау сияқты жаман нәрселерден тыйып, үнемі зікірмен және жақсы сөздермен шұғылдандыру қажет. Асқазанды харам әрі күмәнді тамақтан сақтап, халал тамақтарды да нормамен жеу керек. Адам әркез өте көп мүбах нәрселерге кездеседі. Ең дұрысы – мақсатсыз істерді қою. Сондай-ақ, Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қажетсіз нәрселерді тастағаны – адамның жақсы мұсылман болғаны» - деп ескертеді (Тирмизи, Зүһд 11; инб Мәжә, Фитән 12).

Яғни, шынайы мұсылманның сөзі зікір, қарағаны ғибрат және үндемегені тәфәккүр (ой жүгірту) болу керек. Міне, нәпсі осы сияқты үгіттерден насихат алып ояу болуы керек.

Нәпсіні сұраққа тартқан кезде абай болатын тағы бір нәрсе – істеген амалы Алла үшін бе, әлде нәпсі үшін бе, соны да байқау қажет. Өйткені, адам кейбір кезде Алла үшін салих амал істедім деп ойлағанымен іс жүзінде нәпсілік сезімдерін қанағаттандыру үшін істеген болуы әбден мүмкін.

Нәпсінің тазаруы нәтижесінде жүрек «сәлим» дұрыс халге жетіп, шынайы жүрекке айналады. Сәлим жүрек сатысында мынадай үш жағдай байқалады:

1. Ешкімді ренжітпейді. Бұл – тақуа кісінің жағдайы. Жүрек нәпсінің құмарлығынан бойын аулақ ұстайды. Осылайша көркем мінез-құлық пайда болады.

2. Ешкімге ренжімейді. Бұл – махаббат иесінің жағдайы. Күн сәулесіне кедергі болудан яғни пәнилік мадақ пен өзгенің жамандағанынан ешқандай әсер алмайды, ол үшін ешқандай мәні де жоқ.

3. Дүние пайдасымен ақырет сауабы қарсыласқанда, ақыретті таңдап, Құдайы ризашылықты мақсат етеді.

Осы айтқандарымыздың барлығының қортындысы ретінде мынадай нәтиже шығаруға болады:

Алла Тағала сынақ әлемі ретінде дүниеде әр адамның алдына нәпсі бөгетін қойып, адамды нәпсіден туындайтын қиыншылықтарды жеңіп, абыройлы түрде өзіне қайтуға міндетті қылған. Нәпсі жақсылыққа да, жамандыққа да апаруға қабілеті бар көлік сияқты дәнекер. Сондықтан ол – табыс көзі, соңына ерсең, түпсіз құдыққа түсесің. Нәпсіні тазартудың берекеті – дүниеде ештеңе тең келмейтін жоғары дәрежеде көрініс табады.

Алла Тағала баршамызды нәпсісін тазартқан пенделердің қатарынан жазғай!

Әмин!

[1] Салаба алғашында мешіттен шықпай, Пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сұхбатынан қалмайтын, мал-мүлікке ие болып, дүние сүйіспеншілігі көңіліне орныққан соң уақыт өте келе жамағатты тастап, парыз болған зекетінің өзін беруден бас тартып, өкінішті халге душар болған (Табери, Тәфсир XIV, 370-372, ибн Кәсир, Тәфсир ІІ, 388).

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: