Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мекені – жүректі Аллаға деген махаббаттың нақыштарымен әшекейлеп, жоғары сезімге бөлейтін мекен. Сондықтан Расулуллаһтың (с.а.у.) артта қалдырған ұлы естеліктері мен жанға нұр сыйлайтын сол қасиетті аймаққа барғанда оның руханиятынан өз үлесімізді алу ынтасымен Рауза Мутаһһараға зиярат жасау керек. Сонымен қатар ғаламның асылы бұл қасиетті мекеннің қойнауында екенін ешқашан естен шығармау керек. Оған үммет болғанына абыроймен шаттанып, әдептілікпен тағзым көрсету керек.
Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:
«…Ибраһимнің (а.с.) Қасиетті Меккені харам (аймағы) қылып, оған дұға еткеніндей мен де Мәдина Мунәууәраны харам аймағы қылдым…». (Бухари, Фадайлул-Мәдина 6; Муслим, Хаж 467)
Рауза Мутаһһараның гүлі, сүйікті Пайғамбарымызды (с.а.у.) жан-тәніміз, мал-мүлкіміз бен бала-шағамыздан, яғни барша атаулыдан артық жақсы көруге тиіспіз. Өйткені, Алла Тағала тек оны ғана «хабибім» деп атап, ерекше ілтипатқа бөлеген әрі мұны үмбетке де әмір еткен. Қазы Ияз Тәубе сүресіндегі:
«(Мұхаммед (а.с.)): «Егер әкелерің, балаларың, туыстарың, әйелдерің, ағайындарың, тапқан малдарың, тоқтап қалуынан қорыққан саудаларың, жақсы көрген үйлерің сендерге Алладан, Пайғамбарынан әрі Оның жолында соғысудан артық көрінсе, Алланың әмірі келгенге дейін күтіңдер» де. Алла бұзық қауымды тура жолға салмайды» (Тәубе сүресі 24) деген аятты негізге ала отырып:
«Алла мұсылман үмбетіне өзіне деген сүйіспеншілікпен қатар Расулуллаһты да (с.а.у.) жақсы көруді парыз қылған», - деп айтқан.
Қандайда бір нәрсеге деген сүйіспеншілік пен махаббат, осы махаббаттың туындауына себепші болғандарға да қатысты. Мысалыға айтар болсақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Ухудты қаншама таулардан ерекше тұтып, махаббат танытуы біздің де оған деген сүйіспеншілігімізді арттырады. Сондықтан Мәдинаға барғанда Ухудқа махаббат назарымен қарауға тиіспіз. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ухуд бізді жақсы көреді, біз де Ухудты жақсы көреміз» - деген. (Бұхари, Жиһад 71)
Мәдина Мунәууәра хижреттен бұрын «Ясриб» есімді қатардағы қарапайым қала болатын. Оны «Мәдина Мунәууәраға» айналдырып, барша мұсылман үмбетінің сүйіспеншілігіне бөлеген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) онда өмір сүріп, қалдырған ұмытылмас естеліктері еді. Расында Мәдинаның аты аталғанда Пайғамбар еске түсетіндіктен оның мүміндердің жүрегіндегі орны ерекше.
Осы іспеттес Алланы жақсы көру Пайғамбарымызды (с.а.у.) жақсы көріп, оның артынан еруді талап етеді. Сондықтан Алла Тағала:
«(Мұхаммед (а.с.)) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла Тағала сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды» деген. (Әли Имран сүресі 31-аят) Сонымен қатар Алла Елшісінің артынан еру үшін күш-жігер жұмсау әрі оның сүйіспеншілігіне бөлену де адамды Алланың сүйікті құлдарының қатарына қосады. Ардақты сахабалар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұлы ақиқатына жақындай білу үшін оның руханиятын көбелек тәрізді қоршап алып, өз болмыстарын жоққа шығарып, оның нұрына қарық болуды қол жетпес арман деп есептеп, көптеген иләһи сыйларға қол жеткізген еді. Сондықтан ғапылдықпен рухани ауруға шалдыққан жүрегіміздің емі – Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген махаббат және осы махаббаттан туындайтын «сүннетті ұстану» болып табылады.
Дәлірек айтқанда қандай да бір нәрсеге деген ілтипатымыз Расулуллаһқа (с.а.у.) деген ілтипатымыздан жоғары болмауға тиіс. Үйіміз бен бала-шағамыз болсын, жұмысымыз бен саудамыз болсын, бәрі, бәрі одан кейін тұруы тиіс. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) үмбетіне ананың баласына деген мейірімінен де артық мейірім көрсетіп, ғұмыры бойынша «үмбетім, үмбетім…» деп өткен.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларға былай дейтін:
«Назар аударыңыздар! Мен тірі кезімде сендер үшін қауіпсіздіктің дәнекерімін. Дүниеден өткеннен кейін де қабірімде алғашқы сүр үрленгенше: «Әй, Раббым! Үмбетім, үмбетім!» деп жалбарынамын». (Әли әл-Муттақи, Кәнзүл-Уммал т. 14. 4. 414)
Сондай-ақ ол Аллаға қауышар сәтінде де «Үмбетім, үмбетім…» деп көз жұмған еді.
Әрі ақтық демі сәтінде: «Мен сендерді кәусардың басында күтемін…» деп біздерге деген мейірім-шапағаты мен махаббатын көрсеткен еді.
Қысқаша айтқанда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өміріндегі жылағаны мен күлгені, қуанышы мен қайғысы, тілек-қалауы үмбетінің қамы үшін болған. Тіпті өзі үшін тым ерекше болған Миғражда да біздің жағдайымызды ойлап, шыр-пыр болған. Мұны Құранда Алла Тағала былай баяндайды:
«Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір пайғамбар келді. Сендердің қиналуларың оған ауыр тиеді. Ол сендерге өте ынтық, мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді». (Тәубе сүресі 128-аят)
Ол аса тұңғиық мейірім дариясы болғаны соншалық, зұлымдық, ширк пен алауыздық өршіп тұрған дәуірдің өзінде Мекке халқы оның құрметі үшін пәлекет пен қайғыдан дін аман болды. Алланың қарғысына ұшырамады. Өйткені, олардың арасында Пайғамбар бар еді. Бұл шындықты Алла Тағала былай баяндайды:
«Негізінде Алла Тағала сен олардың ішінде болғанда, оларға азап етпес әрі олар жарылқау тілегенде де Алла, оларды азаптамайды». (Әнфал сүресі 33-аят)
Алайда Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеден Мәдинаға хижрет еткенде жағдай өзгерді. Мушриктердің бастарына пәлекет келе бастады. Халық арасынан береке кетіп, ашаршылық жайлады. Көкке қараса көздері қарауытып, аштықтан бастары айналды. Демек кімнің жүрегінде Пайғамбарға деген махаббат болса, Алла ол жүрекке азап бермейді. Оның құрметі үшін мушриктерге де мейірімін төккен Алла Тағала сүннетін берік ұстанған адамды отқа тастай ма? Ал, кімнің жүрегінде оған деген сүйіспеншілік болмаса, азаптан көз ашпайтыны шындық.
Алланың құзырында ғұмыры бойынша үмбетінің қамын ойлап аузынан тастамай айтып жүрген пайғамбарлар сұлтанына (с.а.у.) ерекше сүйіспеншілік көрсету оған үмбетпін деп жүргендердің ең басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Бірақ «ол менің жүрегімде» деген құрғақ сөздің тигізер еш пайдасы жоқ екенін ұмытпаған жөн. «Адам жақсы көрген адамына еліктеп, оны аузынан тастамайды» дегендей Пайғамбарды жақсы көрер болсақ, әрбір әрекетімізді оның ісіне сай жасауымыз қажет. Сонымен қатар оған молырақ салауат айтуымыз керек.
Міне, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) асқақ дәрежесіне орай Имам Малик Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабірі болған жерді Қағбадан абыройлы деген. Өйткені, күллі әлем оның құрмет беделіне жаратылып, оған арналған:
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді:
«Мені өмірден өткеннен кейін зиярат еткен адам, тірі кезімде зиярат еткендей болады». (Даракутни, Сунан ІІ 278)
Бірақ зиярат еткенде де әдептілікке сай орындау қажет. Өйткені, бұл зияраттан шынайы үлес ала білу әдептіліктің шартына байланысты.
Күндердің бір күні Имам Малик мінбеде тұрғанда, сол дәуірдің халифасы Әбу Жағфар Мансур мешітке кіріп келді. Одан сұрақ сұрайды. Екеуі ұзақ уақыт әңгімелеседі. Бірақ Әбу Жағфар Мансур әңгімеге қатты беріліп кетіп, дауыс көтеріп сөйлейді. Сонда Имам Малик:
- Әй, мүминдердің халифасы! Мұнда дауыс көтеруші болма! Өйткені Алланың бұл туралы ескертуі сенен бұрынғы абзал жандарға жасалған еді…, - деп ескерту жасады.
Оның әдептілігін көрген халифа былай деп сұрақ сұрайды:
- Әй, Имам! Дұға қылғанда Құбылаға ма әлде Расулуллаһқа қарайын ба?
Хазіреті Имам Малик былай деп жауап береді:
- Сен неге жүзіңді одан бұруың керек?! Ол сенің және атаң Адамның қияметке дейінгі Аллаға жеткізер дәнекері. Әрине сен Пайғамбарымызға қарап, Алладан оның шапағатын сұра. Алла Тағала оны саған шапағатшы қылады!
Кейбіреулер осы шындыққа көз жұмып, қажыларды Раузаға қаратпайды. «Сәлем бер де өт, құбылаға қарай бет бұр!» дейді. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.у.) тірі. Шейіттердің өлмейтіндігі шындық болса, мәртебесі олардан да жоғары пайғамбарлар, әсіресе күллі әлемнің мырзасы Пайғамбарымыз неге тірі болмасқа?
Абидә әс-Сәлмани «табиғун» ғалымдарының белді де беделді заңгерлері мен хадисшілерінің бірі болатын. Ол Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние салуына екі жыл қалғанда мұсылман болды. Бірақ оны көріп сахаба болу абыройына жете алмады. Абидәнің мына сөзі Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген сүйіспеншілігінің қаншалықты екенін айқын көрсетеді:
«Қасымда Расулуллаһтың бір тал шашының болуы, мен үшін дүниенің бар байлығынан әлде қайда бағалы». (Ахмет ІІІ, 256)
Әйгілі Ислам ғалымдарының бірі Зәһәби Абидә әс-Сәлманидың Пайғамбарға деген сүйіспеншілігін білдірген сөздерін оқығанда, өз сезімін былайша тілге тиек етеді:
«Расулуллаһтың бір тал шашын, дүниенің бар байлығына айырбастамаймын деген Абидәнің осы сөздері махаббаттың шыңырау шыңының белгісі. Ол ғалым Пайғамбар дүниеден өткеніне елу жыл болғаннан кейін осылай айтса, оның дүниеден көшкеніне жеті жүз жыл болғаннан кейін келген біздер оның бір тал шашын яки аяқ киімінің бауы немесе су ішкен ыдысы қолымызға түссе не деп айтар екенбіз?».
Егер бай-бақуат бір адам дүние-мүлкінің көбісін осындай нәрсені алу үшін жұмсаса, сен оған дүние-мүлкін шашты яки ақшасын қайда жұмсарын білмейтін ақымақ деп айтар ма едің?
Жо, жоқ! Расулуллаһтың өз қолымен салған Нәбәуи Мешітін зиярат ету әрі оның бөлмесінің қасына барып, оған сәлем беру үшін барыңды беруден тайынба?
Мәдинаға барғанда оның жақсы көрген Ухуд тауына құмарың қанғанша қара. Оны сен де жақсы көр! Өйткені Ухуд тауын Пайғамбарымыз өте жақсы көретін-ді. Оның Раузасына және табаны тиген жерлеріне барып, жан-дүниеңді рахатқа бөле.
Себебі барша әлемге рахмет мейірім ретінде жіберілген Пайғамбарды өз жаныңнан, малыңнан, қолыңдағы бар дүниеңнен артық жақсы көрмейінше толық иман келтірген болмайсың». (Зәһәби, Сиярул Аламин-Нубәла IV, 42-43)
Ислам тарихында сахабалар мен табиғун дәуірінен кейінгі елеулі орын алатын османлылардың падишасынан бастап шопанына дейін Пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктері ерекше болатын.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аты аталған сайын салауат айтумен қатар, құрмет ретінде қолдарын жүрегінің үстіне қойған. Оған арнап мәуліт оқылғанда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылуын жеткізетін шумақтарда тік тұрып тыңдайтын. Міне мемлекет басындағы падишалар, мұны жақсы үрдіске айналдырған. Падишалар Мәдина Мунәууәрадан келіп түскен хаттарды дәретсіз ұстамайтын. Әуелі дәрет алып, хатты сүйіп, маңдайына қойып, орнынан тұрып ерекше құрметпен қарсы алатын.
Екіншіден Нәбәуи Мешітке жөндеу жұмысын жүргізерде әрбір тасты үлкен-кіші дәрет алып, «бисмиллә» деп қойған османдықтар осы жөндеу ісі кезінде де балғаларының басына киіз байлап, Пайғамбарымыздың рухын мазалаудан сақтанған. Әрине бұл теңдесі жоқ әдептілік пен махаббаттың нышаны.
Сондай-ақ Осман Империясы дәуірінде патшаның өз байлығынан қасиетті аймақтағы кедейлерге берілсін деп жіберген сыйлықтарды жеткізетін керуен қалаға кірмес бұрын, қаланың маңына қонақтап, Мәдинаның рухани ауасына дайындық жасап, истихара намазын оқып, рухани әлемнен алған рұқсат бойынша кіретін-ді. Елдеріне оралар кезде де Мәдина Мунәууәрәдан естелік болсын деп топырағынан алып келетін-ді.
Тағы бір таңқаларлық жайттардың бірі Осман мемлекетінің падишалары салдырған суреттерінде сәлделерінің ұшына сыпырғының макетін жасатып, өздерін Мекке мен Мәдинаның сыпырушылары екенін білдірмек болған. Ол жердің тазалаушыларының жалақысын болса, өз қалталарынан бөліп беретін.
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қалған шашы мен сақалын қырық бөлек орамалға орап, күні бүгінге дейін жеткізілуі, Ислам әлеміне сөз жеткізгісіз махаббаттың мысалдарынан десеңізші.
Османдықтардың осы қасиетті аймаққа деген құрмет пен әдебі сонау Стамбұлдан басталатын еді. Тіпті ол дәуірлерде қажылық сапарына шығып, Еуропадан Азияға өткен жерді «Харам» деп атап, сол жерден бастап Мекке мен Мәдинаның рухани ауасына кіретін. Сөйтіп, осы жолда ұнамсыз теріс пиғылдардан өздерін аулақ ұстаған.
Ақын Нәбидің 1978 жылы мемлекет басшыларымен бірге Қасиетті сапарға шыққандағы мына бір естелігі қандай ғибратқа толы. Нәби қажылық сапарда бір патшаның Мәдина Мунәууәраға қарай бейхабар күйде көсіліп отырғанын көреді. Мұны көріп қатты әсерленеді де мәшһүр қасидасын жаза бастайды.
Таң намазына жақын қалғанда керуен Мәдина Мунәууәраға жақындағанда Нәби жазғандарын Нәбәуи Мешіттің мұнарасынан айтылып жатқанын естиді:
«Ұлы Жаратушы Алланың назары түсетін жері мен оның сүйікті пайғамбары Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) мекенінде әдепсіз әрекеттерден сақтан!».
Әй, Нәби! Бұл аймаққа әдептіліктің қағидаларына бағына отырып кір! Бұл жер – періштелердің қаумалаған әрі пайғамбарлар табалдырығын сүйген жер».
Мұны естіген Нәби не істерін білмей, дереу азаншыны іздеп тауып алады да:
- Бұл қасиданы кімнен, қалай үйрендіңіз? - деп сұрайды.
Азаншы:
- Осы түні Алла Елшісі (с.а.у.) түсімізде бізге:
- Үмбетімнің ішінен Нәби есімді бір ақын мені зиярат етуге келе жатыр. Ол мені өте қатты жақсы көреді. Осы махаббатының әсерімен оны Мәдинаның мұнараларынан өз қасидасымен қарсы алыңдар! - деді. Біз пайғамбардың әмірін орындадық - дейді.
Нәби өксігін баса алмай жылай бастайды. Жылап тұрып былай дейді:
«Демек Алла Елшісі (с.а.у.) маған «үмбемтім» деп айтыпты. Демек екі дүниенің шам Шырағы мені үмбетінің арасына қосыпты!».
Міне қажылық пен умрада ең маңызды жайт осыншалықты терең сезіммен бұл қасиетті аймаққа барып, Пайғамбарды (с.а.у.) зиярат етіп, Бәйтуллаһты тауаф ету.
Қорыта айтқанда қажылық пен умраның қабыл болуы, кәміл иман мен терең сезімге байланысты. Бұл басқа құлшылықтарға да қатысты. Қажылық пен умра қабыл болса, күнәдан арылып, Хақ Тағаланың разылығына бөленуге себепші болады. Яғни, бұл ғибадаттарды тек Алла разылығы үшін орындағанда ғана көздеген нәтижеге қол жеткіземіз.
Осы орайда Хазіреті Шиблидің қажылықтан келген адамға айтқан насихаты баршамызға ғибрат болса керек:
«Қажылыққа ниет еткеніңде, бүгінгі күнге дейін істеген кемшіліктеріңе тәубе етіп, тура жолға бет бұрмасаң, шынайы ниет еткен болмайсың.
Ихрам кию үшін киімдеріңді шешкенде жамандық атаулыдан да құлан таза арылмасаң, киіміңді шешкен болып есептелмейсің.
Қажылыққа арнайы ғұсыл алғаныңда, бойындағы рухани кірлер мен жүректегі кірбіңдерді тазаламасаң, шынайы тазаланған болмайсың.
Қағбаға кірерде барша харам мен Хақтан алшақтататын сөз бен әрекеттерді тастауға уәде бермесең, шынайылықпен Қағбаға кірген болмайсың.
Құрбандық шалғанда нәпсінің қалауларын тізгіндеп, ерік-қалауыңды Алланың разылығына бермесең шынайы құрбандық шалған болмайсың.
Шайтанға лас лақтырғаныңда ішіңдегі надандық пен уәсуәсаларды да таспен ұрмасаң, бойыңда ғылым мен парасаттылық оянбаса шынайы тас лақтырған болмайсың.
Қағбаны зиярат ету арқылы бойыңда ерекше бір тебіреніс пайда болды ма? Өйткені хадис шәрифте:
«Қажылық пен умра жасағандар, Алланың зияратшылары. Зиярат етілгеннің зиярат еткендерге сый-сияпат беру борышы», - деген. Сен де осы сыйыңды сезбесең, шынайы зиярат еткен болмайсың». Хазіреті Шиблидің осыншалықты насихат айтудағы бар мақсаты: «Қажылық пен умраны Алла үшін толық орындаңдар» (Бақара сүресі 196-аят) деген аятты түсіндірмек болған.
Қажылықты толығымен орындаған соң, қажылардың елдеріне алып баратын ең маңызды сыйлықтарының бірі – қасиетті аймақтың барша жақсылығын бойына сіңіріп, ғибратлы естеліктер қалдырған салих құлдардың әдептері болғаны жөн.
Осы тұрғыда Пакістанның рухани көсемі Мұхаммед Иқбал бір күні қажылықтан келгендерді зиярат етіп, олардан былай деп сұрайды:
- Мәдина Мунәууәраны зиярат еттіңіздер! Мәдинаның ақыреттік базарынан көңіл әлеміңізді қандай нәрселермен толтырдыңыз! Алып келген материялдық сыйлықтар, тақиялар, тәсбілер, жайнамаздар күндердің күні ескіріп өңі өшеді. Мәдинаның еш солмайтын, көңілге демеу беретін рухани сыйлықтарынан алдыңыздар ма?
Сыйлықтарыңыздың арасында Хазіреті Әбу Бәкірдің шыншылдығы мен Аллаға деген тәсілімі; Хазіреті Омардың әділеттілігі; Хазіреті Османның арлылығы мен жомарттығы; Хазіреті Әлидің парасаттылығы мен батылдығы бар ма? Қазіргі таңда әр түрлі жала жабылып, зардап шегіп жүрген, көрінгеннің түрткісіндегі Ислам әлемін қайта жандануына қандай үлес қоса аласыз?
Алла Тағала баршамызды Қасиетті жердің руханиятына бөленуді нәсіп етсін! Қажылық пен умраны кіршіксіз таза жүрекпен һәм жан-тәнімізбен орындауды жазсын. Осыған дейінгі әрі бұдан былайғы құлшылықтарымызды қабыл етсін!
Әмин!