Атақты әулиелердің бірі Баязид Бистами бір күні қатты ұйқы басып, таң намазына тұра алмайды. Бұған қатты қайғырып, тәубә етіп жылап жатқан кезінде бір дауыс естиді: «Ей, Баязид, бұл кемшілігіңді кешірдім, осы көз жасыңмен жасаған тәубеңнің берекеті үшін саған тағы да жетпіс мың намаздың сауабын бердім».
Бірнеше ай өткен соң тағы да таң намазына ұйықтап қалады. Шайтан келіп: «Тұр, намазың қазаға қалып қояды тұр, – деп, оята бастайды. Сол кезде хазіреті Баязид: «Ей, лағнеттелген шайтан, сен бұл істі қалайша істеп тұрсың? Сен әркімнің намазын оқымауы үшін, қазаға қалдыруы үшін тырысатын едің. Мені қалайша оятып тұрсың? – дейді. Шайтан былай деп жауап береді: «Сен өткенде, таң намазын қаза етіп қойған күні, жылап жетпіс мың намаздың сауабын алған едің. Бүгін соны ойлап, бір-ақ уақыт намаздың сауабын алсын деп ояттым, оның орнына жетпіс мың намаздың сауабын алып қоймасын дедім».