Өзгелерді қадірлей білу және опалы болу

Өзгелерді қадірлей білу және опалы болу

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өзгелерді қадірлей білу және опалы болу Ислам этикасындағы ең маңызды қасиеттердің бірі болып саналады. Адамның адамгершілігі осы қасиеттер арқылы байқалса керек. Пайғамбарларға, әулиелерге, салихалы жандарға тән мұндай қасиеттер рухани өмірімізді байытып тұратын таптырмас ерекшеліктер болып табылады. Мұндай шынайы сезім – жақсы көретін немесе жақсы көруіміз керек болған адамдарға көңіл бөлуіміздің қадірлеуіміздің көрінісі деуге болады. Ал, опалы болуды білмейтін жандар – тек өзін ғана, жеке басының мүддесін, яғни пайдакүнемдігін ойлайтын менменшіл болмақ.

Адам баласы бәрінен бұрын Раббысына опалы (шынайы, берілген) болуы керек. Ол үшін Оның бұйырған бұйрықтарын орындау қажет. Ұлы Алла тағала былай деген:

«Сендер Алланы ұмытқан, Алла (сондықтан) өз-өздерін ұмыттырған пенделер тәрізді болмаңдар. Олар жолдан тайған адамдар» (Хашр сүресі, 19-аят).

Аллаға деген опагершіліктен кейінгі жоғарғы орында Алла Елшісіне (с.а.у.) деген опагершілікті айта кеткен жөн. Бұл опа – «үмбетім, үмбетім» деп Алла тағалаға әрбір дұғасында үмбеті үшін жан-тәнімен жалбарынатын Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген алғысымыздың бір көрінісі болып табылады. Пайғамбарымызға деген махаббат пен нағыз сүйіспеншіліктің артуының арқасында пайда болатын осы опагершілік – оның сүннеттеріне жан-тәнімізбен берілуге жол ашпақ.

Сонымен қатар, кез келген мұсылман кісі Исламдағы ұлы тұлғаларға да, Хақ жолында еңбек еткен әулие пенделерге де опалы болуы тиіс. Себебі, Алланың және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жеткізген әмірлері мен тыйымдарын, көркем мінез-құлық үлгілері мен екі дүние бақытына бөленуімізге себеп болатын діни үкімдерді біздерге жеткізген Алла тағаланың осындай данагөй, салих достары екенін ұмытпағанымыз жөн.

Опагершілік танытып, алғыс айтуымызды керек ететін жандар тек осы жоғарыда санап өткендеріміз ғана емес, әрине. Сондай-ақ, дос-жарандарымыз бен дін бауырларымызға да опагершілікпен қарап, мән беруге тиіспіз. Мұнымен қоса, өткен ата-бабалырымызға деген опагершілік, тірілеріміз бен өлілерімізге опагершілік, отанға деген опа және де бүкіл аманатқа деген опа, міне осылардың барлығы кәміл мұсылман болуымыз үшін өте маңызды жайттар.

Хазірет Мәулана опагершілік пен қадірлеу қасиетін кереметтей етіп баяндап берген:

«Ғашықтық, махаббат, достық сияқты сипаттардың барлығы опагершілікпен байланысты, әрі үнемі опалы адамдарды іздейді. Атап өтілгендер опасыз көңілге еш жоламайды.

Қалам: «Опаның соңында опа, жапаның (жәбірлеудің) соңында жапа келеді» деп жазып қойған, әрі сиясы да құрғап қалған.

Кез келген патшаға біреу қиянат жасайтын болса, егер ол өз баласы болса да, оның басын алдыртады. Бірақ та, бір құл патшаға опагершілік танытса, көңілдер сол құлға ауады да, оған сыйлықтар беріп, мақтай түседі… Сол құлға жасалынған ілтипатқа, тіпті ешқандай уәзір де ие болмауы мүмкін.

Құл былай тұрсын, әншейін үйді күзетіп отырған иттің өзі егер опагершілікпен өз ісін атқаратын болса, сол иттің иесі оны жақсы көріп, оған риза болады да, сүйіспеншілікпен еркелетеді емес пе?!».

Өнегелі көріністер

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Мен атам Ибраһимнің дұғасы, бауырым Исаның сүйінші хабары және де анашым Әминаның көрген түсімін»[1]дей отырып, оларға деген опагершілігін, қадірлеп құрметтеуді әрдайым тілге тиек ететін.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хұдайбия жылы Ұмра қажылығын жасау үшін Меккеге сапар шегіп, жолда Әбуа ауылына соғады. Алланың Елшісі (с.а.у.) Алладан рұқсат сұрап, анасының қабірін зиярат етеді. Зират басын қолдарымен түзеп, әсерленіп, жылайды. Оның жылағанын көрген өзге мұсылмандар да жылай бастайды. Кейіннен не үшін жылағанын сұрағандарға: «Анашымның маған деген мейірбандығы мен қамқорлығы есіме түсіп, соған жыладым» деп жауап береді (Ибн Сағд І, 116-117; қосымша қараңыз: Мүслим, Жәнайз, 105, 108).

***

Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің сүт бауырларына да өте опашыл болатын. Сүт анасы Халиманы әр көргенінде «Анашым, анашым» дейтін, оған шын жүректен сүйіспеншілік танытып, құрметтейтін. Ол отыратын кезде астына шапанын жайып, айтқандарын екі етпей орындауға тырысып бағатын (Ибн Сағд І, 113-114).

Күндердің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) отырған кезде сүт анасының күйеуі шыға келді. Сонда Алланың Елшісі (с.а.у.) оны құрметтеп, киімінің бір бөлігін жерге жайып, үстіне отырғызды. Біраздан кейін сүт анасы келді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған да киімінің қалған бөлігін жайды, ол да отырды. Біраз өткен соң, сүт бауыры да келіп қалды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) орнынан тұрып, оны да өз алдына отырғызды (Әбу Дәуіт, Әдеп, 119-120/5145).

Халима анамыз бір күні Пайғамбарымызды (с.а.у.) көру үшін Меккеге келген болатын. Ол кездері Пайғамбарымыз (с.а.у.) Бибі Хадиша анамызбен бірге тұратын. Екеуі Халима анамызды жақсылап күтіп алып, қонақ етіп, жылы шыраймен шығарып салады. Уақыт өтіп, Халима анамыз елінде орын алған ашаршылық пен құрғақшылық, сонымен қатар малдарының қырылып қалуы салдарынан қатты қиналады. Алланың Елшісі (с.а.у.) Хадиша анамызға сүт анасының осы жағдайын айтып түсіндіргенде Бибі Хадиша (радиАллаһу анһа) оған қырық қой мен жүктерін тасуы үшін бір түйе сыйлады. Осылайша, Хадиша анамыз да Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген опалы жар болғанын паш етеді (Ибн Сағд І, 114).

***

Әбу Талибтың әйелі Фатима ханым өте биязы, ақ көңіл, ибалы ана болатын. Расулуллаһ (с.а.у.) Мәдинаға қоныс аударғанда осы ананың үйіне жиі-жиі барып, сәске уақытында (яғни, бесін намазынан кейінгі шамалы уақыт) ұйықтап алатын (Ибн Сағд VІІІ, 222).

Фатима ханым қайтыс болғанда Алланың Елшісі (с.а.у.) көздерінен інжу-маржандай жастарын ағыза: «Бүгін анам қайтыс болды!..» деген болатын. Сөйтіп, көйлегін оған кебін қылып, жаназа намазын да өзі оқытып, қабірінің ішінде шамалы уақыт жатады. Мұның себебін сұрағандарға былай деп түсіндірген болатын:

«Әбу Талиб қайтыс болғаннан кейін маған осы әйелдей қол ұшын берген жан жоқ шығар! Ақыретте жәннат киімдерін киюі үшін оған көйлегімді кебін еттім. Қабірі (суық емес) жылы болуы үшін ол жерде бір сәт жаттым».

Сөйтіп өзінің мұншалықты қайғырып тұрғанын көріп таң қалғандарға былай дейді:

«Ол менің анамнан кейінгі анам есебінде болатын. Өз перзенттерінің қарындары ашып, түрлері бұзылып бара жатса да, алдымен менің қарнымды тойдыратын, әрі шашымды тарап, маған гүлдің хош иісті суларынан себетін. Ол менің анамдай еді», деді де оған былай деп дұға жасады:

«Алла сені ғапу етсін және де жақсылық сыйласын! Алла саған мейірімін жаудырсын, анашым! Сен мен үшін анамнан кейінгі анам болдың! Өзің аш болсаң да мені тойдыратынсың! Өзің кимесең де маған кигізетінсің! Ең дәмді тамақтарды жегізіп, өзіңе қимай маған беретінсің! Осылардың барлығын тек Алланың ризалығы мен ақыретті ойлап істейтінсің!..» (Хаким ІІІ, 116-117; Хайсәми ІХ, 256-257; Яғқуби ІІ, 14).

***

Айша анамыз (радиАллаһу анһа) Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Хадиша анамызға көрсеткен опагершілік үлгісін былайша суреттеген болатын:

«Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әйелдерінің ешбіреуін Хадишадай қызғанған емеспін. Бұған қоса, оны мүлде көрмегенмін де. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны жиі еске алатын. Қандай да бір қой сойып, оның етін тарататын кездері көбінесе Хадишаның достарына жіберетін. Кей уақыттарда Алла Елшісіне (шыдай алмастан):

«Дүниеде Хадишадан өзге әйел қалмағандай, сірә!» дейтінмін. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Ол былай, былай еді» деп оның ерекшеліктері мен игі қасиеттерін санайтын әрі: «Ол бала-шағамның анасы ғой» дейтін (Бұхари, Мәнақибул Ансар, 20; Мүслим, Фәдаилус Сахаба, 74-76).

***

Хабашистан (Эфиопия) еліне қоныс аударылғаннан кейін арадан бірнеше жылдар өткен болатын. Бір жолы Хабашистан билеушісінің елшілері Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құзырына келеді. Расулуллаһ оларды жылы қарсы алып, жақсы мәміле жасауды тапсырады. Тіпті өзі де оларға қызмет жасайды. Сонда сахабалар «Сіз әуре болмаңыз біз өзіміз-ақ істейтін едік қой» дегенде Пайғамбарымыз (с.а.у.) мынадай терең мағынада жауап қатқан-ды:

«Бұлар – Хабашистанға хижрет еткен бауырларыма орын көрсетіп, жақсылық жасаған жандар. Енді, осыған қайтарым ретінде мен де оларға қызмет жасағым келеді» (Бәйхақи, Шуабул Иман VІ, 518, VІІ, 436).

***

Тәбук сапарынан қайтарда, (Ережеп айы кезінде) Хабаштардың билеушісі Нәжаши дүниеден озады. Расулуллаһ (с.а.у.) оның өлгені жайлы сахабаларға тура сол күні хабар беріп:

«Алыс бір аймақта қайтыс болған бауырларыңыздың жаназа намазын оқыңыздар» деді.

Сонда сахабалар:

– Уа, РасулАлла! Ол кім? – десті.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Ол Нәжаши Асһама! Бүгін Алланың салих пендесі Асһама қайтыс болды. Бауырларыңыз үшін Алладан кешірім тілеңіздер! – деді де, оған ғайыптан (сырттай) жаназа намазын оқытты (Мүслим, Жәнаиз 62-68; Ахмед ІІІ 319, ІV, 7).

Арадан бірнеше күн өткен соң Нәжашидің дәл Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқан күні қайтыс болғандығы анықталады.

***

Алланың Елшісі (с.а.у.) Ислам діні жолында малымен, жанымен жиһад еткен, осы жолда шәһит болған сахабаларын еш уақытта ұмытпаған және көңілінен шығармаған. Кейбір уақыттарда «Жәннатул-Бәқи» қабіріне, кейбір уақыттарда басқа да «шәһиттер жерленген» қабірлерге барып, олар үшін дұға ететін. Сахабалар былай дейді:

Хазірет Пайғамбарымыз мінбеге шықты. Кәлиманы айтқаннан кейінгі алғашқы сөзі – Ухуд шәһиттері үшін Алладан кешірім сұрау болды (Ибн Сағд ІІ, 228).

Арадан бірнеше күн өткен соң ансар сахабаларға деген опагершілік сезімін көрсетіп, былай деп айтты:

«Ей, халайық! Адамдар көбейіп барады, бірақ Ансар азаюда. Тіпті тамақтағы тұз сияқты азаюда. Іштеріңізде кімде-кім басқа біреуге пайда немесе зиян бере алатындай бір істің басын ұстаса, ансардың жақсыларына жақсы мәміле жасасын, ал жамандық жасағандарын кешіріп жіберсін» (Бұхари, Мәнақибул Ансар, 11).

«Сіздерге Ансарға жақсы қарым-қатынас жасауларыңызды насихаттаймын. Олар менің жамағатым, сырластарым әрі сенімді адамдарым. Олар өздеріне тапсырылған міндеттерді толығымен орындаған. Ал қызметтерінің ақысы әлі толық беріліп болмаған. (Ақыретте есесімен берілетін болады). Сондықтан да, олардың жақсыларының жасаған тірліктерін қабыл етіңдер де, жамандарының тірліктерін қоя беріңіздер» (Бұхари, Мәнақибул Ансар, 11).

***

Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) мұхажирлердің жасаған жанкештіліктерін де жадынан шығармайтын. Сахабаларды маңызды жұмыстарға тағайындау кезінде Ислам дініне алғаш болып көмектескен «мұхажир» сахабаларды да үнемі ойлайтын болған. Шын мәнінде, олардың арасында Әбу Бәкірдің (радиАллаһу анһу) орны айрықша болды. Оған деген ілтипаты мен құрметін Алланың Елшісі (с.а.у.) былайша білдіретін:

«Кімде-кім бізге жақсылық жасаған болса, оның ақысын дәл солай немесе артығымен бергенбіз. Бірақ, Әбу Бәкірдікі олай емес. Оның қызметі көп болғаны соншама, сауабын қиямет күні Алла тағаланың Өзі береді. Маған ешкімнің байлығы Әбу Бәкірдің байлығындай пайдалы болмаған. Егер өзіме бір дос тағайындайтын болсам, міндетті түрде Әбу Бәкірді тағайындар едім. (Өзіне ишарат етіп) хабарларыңыз болсын, сіздердің достарыңыз – Алла тағаланың досы!» (Тирмизи, Мәнақиб, 15/3661).

***

Әкеміз, сонымен қатар ұстазымыз болып саналатын Мұса Топбаш (құддисә сирруһ) өзін жақсы көретіндері арасында «Сахибул уәфа» (яғни, опа иесі) деп танушы еді. Мұса ұстаздың опаға қатысты көптеген оқиғаларының бірнешеуін былайша келтіруімізге болады:

Ол кісі қоғамнан ажырап, жалғыз қалған бейшара қарт адамдарды көргенде қатты әсерленетін:

«Негізінде біз мұндай әлсіз жандарға үйімізде қарайласуымыз керек. Дегенмен, бұған күш-қуатымыз жеткілікті емес. Демек, бір қарттар үйін тұрғызуға тиіспіз» дей отырып, өзінің бірнеше жанкешті достарымен осы ниеттерін іске асырған болатын. Кей уақыттарда әлсіз-зағип жандарға барып, олардың мұң-мұқтаждарымен тікелей өзі айналысатын.

Бұған қоса, оның ұстазы Хазірет Самиге жасаған опашылдығы да көпшілікке мәлім еді. Айт күндері алғаш болып соның үйіне баратын. Алғашқы құрбандарды да соның атынан шалатын. Әсіресе, оған арнап Құран хатым оқылуына үлес қосатын.

Қысқаша айтқанда, ол кісі бүкіл ғұмырын көркем мінез-құлықпен «сүйетін жандардың опагершілігі қалай болу керектігі» жайында біздерге бейнебір Әбу Бәкір (радиАллаһу анһу) секілді ғашықтық пен сүйіспеншіліктің айнымас үлгісі бола білді.

Алла Тағала олардың осындай көркем халдерін барлығымызға да нәсіп етсін!

Уа, Жаратқан! Көңілдерімізге опалы тұлғалардың керемет ахлақтарын нәсіп етіп, біздерді де ізгі жандар қатарына қосқайсың! Амалдарымызға шынайылық нәсіп етіп, барлығымызды «Нағим» жәннаттарының мұрагері еткейсің! Ұрпақтарымыз бен нәсілімізден тақуа адамдардың да басында келетін жарық жүзді, жан-дүниесі таза перзенттер шығарғайсың! Барлығымызды Өзіңе, Пайғамбарыңа, әке-шешемізге, туысқандарға, бүкіл мүмин-мұсылмандарға, отанға және де бүкіл аманаттарға опагершілік сезімдерімен қарайтын пенделерден қылғайсың! Біздерді екі дүниеде де Өзіңнің ризашылығыңда өмір сүргізгейсің!

Әмин!..

[1] Ахмед V, 262; Хаким ІІ, 453.

Ибраһим аләйһис салам Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жайында былайша дұға еткен болатын: «Раббым! Іштерінен оларға Сенің аяттарыңды оқитын, Құран мен хикметті үйрететін, оларды бүкіл жамандықтардан пәктейтін бір Пайғамбар жібер…» (Бақара сүресі, 129-аят).

Ал, Иса аләйһис салам өзінен кейін Ахмед есімді бір пайғамбардың келетінін сүйіншілеген еді (Саф сүресі, 6-аят). Амина анамыз болса, Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) туылмай тұрып, түсінде өзінен бір нұрдың шығып, бүкіл әлемді нұрға бөлегенін көрген болатын (Ибн Сағд І, 102).

Осман Нұри Топбаш

Исламтанушы ғалым

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: