Мұхаррам айы түгелдей қасиетті болып саналса да, оның ішіндегі ең қасиетті күн - 10-шы күні. Ол күн Ашура деп аталады. Қасиетті сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айының 10-шы жұлдызында ораза ұстайтынын байқаған. Олар Қасиетті Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) мен оның ізіне ерушілердің сол күні Қызыл Теңізді ғажайып түрде кесіп өтіп, перғауынның теңіздің суына батып өлгендігін тілге тиек еткен. Мұны яһудилердің аузынан естіген Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
«Біз Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сендерден де жақынырақпыз», - деп, мұсылмандарға Ашура күні ораза ұстауды әмір еткен. (Әбу Дауд)
Сондай-ақ, бірнеше сахих хадисте Ашура күні ораза ұстаудың бастапқыда мұсылмандарға уәжіп болғандығы жеткізілген. Кейінірек Рамазан айының оразасы парыз етіліп, Ашура күні ораза ұстау ерікті болған. Аиша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген:
«Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижрет еткенде, Ашура күні ораза ұстап, өзгелерге де сол күні ораза ұстауды әмір еткен. Бірақ, Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін оразаның парызы Рамазанмен шектеліп, Ашура күнгі оразаның уәжіптігі күшін жойған. Бұл күні қалаған адам ораза ұстап, қаламаған адам ұстамаса да болады». (Сунан Әбу Дауд)
Алайда, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының оразасы парыз етілгеннен кейін де Ашура күні ораза ұстауын тоқтатпаған.
Абдулла ибн Мұса (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күнгі оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық көрген және Рамазан айындағы оразаның қадірін Ашура күнгі оразадан артық санаған. (Бұхари мен Муслим)
Қысқасы, бірқатар сахих хадистерді негізге алар болсақ, Ашура күнгі ораза — Әзіреті Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті және де бұл оразаны ұстаған адам үлкен сауапқа кенеледі.
Тағы бір хадиске сүйенсек, Ашура күніне қосып бір күн алдын немесе бір күн кейін ораза ұстау мүстахап болып табылады. Бұл дегеніміз – екі күн ораза ұстаған абзал: Мұхаррам айының 9-ы мен 10-ында немесе Мұхаррам айының 10-ы мен 11-інде. Қадірлі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, қосымша тағы бір күн ораза ұстаудың себебі – яһудилер тек Ашура күні ғана ораза ұстаған, ал, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандардың ораза ұстау тәсілін яһудилердің тәсілінен ерекшелеп алғысы келген. Сол себепті, ол мұсылмандарға Ашура күніне тағы бір күн қосып ораза тұтуды кеңес еткен.
Кейбір хадистер Ашура күнінің тағы бір ерекшелігін көрсетеді. Сол хадистерге сәйкес, бұл күні отбасымызға басқа күндерге қарағанда мол тамақ беріп, өзгеше жомарттық танытқан жөн. Хадис ғылымына сүйенер болсақ, бұл хадистер аса сенімді емес, дегенмен, Бәйхақи және Ибн Хиббан сияқты кей ғалымдар бұл хадистерді сенуге тұрарлық деп тапқан.
Жоғарыда айтылған деректердің бәрі Ашура күні туралы сенімді қайнар көздерде расталған.
- НАСИХАТ
- ҚАРАЛДЫ: 1571
30 қыркүйек ашура оразасын ұстаудан кеш қалмаңыз!
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.