Əрбір ғалымға, мəдениет жəне өнер адамына, өнертапқышқа еңбегінің жемісін көруге мүмкіндік беретін өкілеттілікті «авторлық құқық» деп атайды.
Авторлық құқық – шығармашылық қызметтің ауқымындағы ғылым, əдебиет жəне өнер туындыларына беріледі. Жалпы алғанда, авторлық құқық белгілі бір өнер авторын өз туындысының иесі деп тануға, туындыға қол сұғушылыққа қарсы əрекет етуге, туындыны жариялауға немесе жарияламауға мүмкіндік беретін, яғни уақытпен шектелмейтін жеке құқықтар. Автордың өз туындысын өз қалауы бойынша кез келген əдiспен пайдалануға жəне оны пайдалануға бергені үшін сыйақы алуға еркі, яғни мүлiктiк айрықша құқықтарға ие. Қазіргі уақытта авторлық құқықты өрескел бұзып, автордың еңбегін, маңдай термен жеткен жетістігін өзгенің пайдалануы, əсіресе, музыка, кино туындылары саласында, кітап шығару ісінде қарақшылықтың кеңінен етек жайғаны жасырын емес.
Авторлық құқық объектiлерiн, мəселен, аудио-бейне таспаларды заңсыз пайдалануға, табыс табу мақсатында контрафактiлiк даналарын дайындауға, сондай-ақ, контрафактілік дүниелерді сатып алуға заңмен тыйым салынған, тек заңды түрде сатып алынған туындыны табыс табу мақсатынсыз бірлі-жарым дана етiп көшiрмелеуге жол берiледi.
Ислам құқығының азаматтық, сауда айналымының объектісі болып табылатын игіліктер туралы дəстүрлі түсінігі мынаған саяды: тауар көзбен көріп қолмен ұстауға болса мүлік, ал көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін дүниеге тауар ретінде қарауға болмайды.
Ислам ғалымдарының дəстүрлі көзқарасы бойынша, кісі қолында бар кітапты сатуына, сондай-ақ бұл кітаптың нұсқасын көбейтіп сатуына да жол ашық. Өйткені, бұл оның меншігіндегі дүниесі, оны қалай кəдеге жаратамын десе өз қалауы біледі. Ал, авторлық құқық дегеніміз – абстрактілі дүние болғандықтан, ол сауда-саттықтың құралы бола алмайды. Оның сипаттамасы барлық тауар нысанына сəйкес келмейді. Дегенмен, заманауи Ислам ғалымдары тауар ұғымының аясын кеңітіп, көзбен көріп қолмен ұстауға келмейтін рухани игіліктерді де тауарға теңестірген. Осылайша, туындыны тарату құқығын, өнертабысқа рұқсатты (патентті) немесе оны қолдануға деген лицензияны басқаларға сатуға рұқсат етілген.
Шафиғи мəзһабында пайда əкелерлік тауар санаған. Мұнда пайда деп көзбен көріп, қолмен ұстауға келмесе де тиімділігі бар, иесіне табыс əкелетін мүліктік емес игіліктер сөз болып отыр. Ислам ынтымақтастығы ұйымына қарасты Ислам фиқһ академиясының шешімі бойынша, авторлық жəне сабақтас құқықтар қорғалуға жатады, зияткерлік шығармашылық қызметтің нəтижесіне иесінің авторлық құқығы бар жəне оны бұзуға тыйым салынады.