Тәрбие тал бесіктен басталады

Тәрбие тал бесіктен басталады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Сондықтан тәрбиені діннен бөлек алып қарауға әсте болмайды. Қаншалықты жақсы тәрбие көрсе де, дініне енжар, селқос қарайтын, имандылық негіздеріне аса мән бермейтін ұрпақ екі дүниеде де мұратқа толық жете алмайды.

Қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке еліктеп, әзәзіл әуендерге үйір болып, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуінің басты себебі де, сөз жоқ, нақ осы имандылық тәрбиенің әлсіздігінен немесе жоқтығынан.

Жалпы бір ғасырдай уақыт бойы ажырап қалған төл дінімізге оралу, рухани құндылықтарды басты назарда ұстау қоғамда қордаланған талай түйіткілді мәселелердің шешімі болып табылады.

Асыл дініміз туылған нәрестеден бастап, ер жеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігін нақтылап берген. Алла тағала Құран кәрімде былай дейді:

{لِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَكًا هُمْ نَاسِكُوهُ}

«Әрбір үмбетке өздері ұстанатын салттар бекіттік».[1]

Соларды біздің ата-бабаларымыз салт-дәстүрімізбен біте қайнастырып ұстанып келген. Енді бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлерді тізбектеп атап өтейік. Солардың бірі нәресте алғаш туылған сәтте жүзеге асатын амалдар.

Туылған нәрестемен сүйіншілеу

Нәресте туылған кезде сүйіншілеп қуандыру, құттықтау айту дәстүрі дінімізде бар. Құран кәрімде Алла тағала Зәкәрия (ғ.с.) туралы былай деген:

فَنَادَتْهُ الْمَلآئِكَةُ وَ هُوَقَائِمٌ يُصَلِّي فِي الْمِحْرَابِ أَنَّ الله يُبَشِّرُكَ بِيَحْيَى

«Ол михрабта намаз оқып тұрған сәтте оған періштелер: «Расында Алла сені Жақиямен қуандырады», – деп дауыстады».[2]

يَا زَكَرِيَّا إِنَّا نُبَشِّرُكَ بِغُلَامٍ اسْمُهُ يَحْيَى لَمْ نَجْعَل لَّهُ مِن قَبْلُ سَميَّا

«Ей, Зәкәрия! Расында, сені Жақия атты бір ұлмен қуантамыз. Біз бұрын мұндай ат қоймаған едік».[3]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келген кезде Суәйба деген күң қожайыны әрі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әкесінің бауыры, яғни көкесі Әбу Ләһәбтан сүйінші сұраған болатын. Әбу Ләһәб осы хабарды естіген кезде Суәйбаны күңдіктен босатып, азат етті. Имам Бухари риуаят еткен бір хадисте осы бір жақсы ісі үшін әрбір дүйсенбі күні Әбу Ләһәбтің азабы сәл де болса жеңілдетілетіні айтылған.

Нәрестенің құлағына азан айту

Нәресте туылған соң атқарылатын келесі бір іс оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту мұстахаб – жақсы амалға жатады. Әл-Байһақи мен әс-Сунни Хасан ибн Әлиден (р.ғ.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кімнің баласы туылғанда оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтылатын болса, онда ол нәрестеге «умму сибян» әсер ете алмайды», – дегенін жеткізді. «Умму сибян» – сәбилерді ауруғу шалдықтыратын жел немесе жынның әсері.

Нәрестеге азан айтудың мәні мен сыры – азан сөздерінен шайтанның қашатындығында. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Нәрестенің туылған кездегі дауысы шайтанның әзәзілдігінен», –деген».

Тахник – нәрестенің таңдайын тәтті нәрсемен сүрту

Есте болуға тиіс діни жоралардың келесі бір түрі тахник жасау, яғни нәрестенің таңдайын тәтті құрма сияқты нәрсемен сүрту. Тахник сөзі құрманы шайнап, сонымен нәрестенің таңдайын сүрту дегенді білдіреді. Шайналған құрманы саусақтың үстіне қойып, нәрестенің аузына салып, таңдайына жағып, уқалайды.

Таңдайды уқалаудағы мақсат – жаңа туған нәрестенің ауыз бұлшық еттерін нығайтып, емшек емуге дайындау болуы мүмкін. Бұл амалды тақуа ізгі адамдарға жасатқан дұрыс. Тахник амалына мына хадистер дәлел болады. Әбу Муса әл-Ашғари (р.ғ.) өзінің ұлы туылғанда оны Пайғамбарға (с.ғ.с.) алып барады. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оның атын Ибраһим деп қойып, бір құрмамен таңдайын уқалап, береке тілеп, дұға қылады.

Нәрестенің шашын алу

Мұсылмандық салттың тағы бір түрі – нәресте туылғаннан біраз уақыт өткен соң шашын алып, сол шаштың салмағындай күміс мөлшерінде садақа беру керек. Бұл амалдың пайдасы, нәрестенің денсаулығының күшейюіне әсер етеді әрі оның шашының салмағындай садақа беру қоғамдағы ынтымақты нығайтады. Бұл амалға Ибн тағы бір хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) қызына: «Уа, Фатима! Оның шашын алып, сол шаштың салмағындай күміспен садақа бер», – деп бұйырғаны да бар.

Ақиқа

Мұсылмандық дәстүрдің келесі түрі туылған нәрестеге арнап, ақиқа құрбандығын шалу. Қазақ халқында мұның бір көрінісі шілдехана жасау. Ақиқа – нәресте туылғанда Алла тағаланың ұрпақ беру нығметіне шүкіршілік ретінде сойылатын құрбандық түрі. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ақиқа туралы сұрақ қойылғанда: «Кімнің баласы туылып, баласы үшін құрбан шалғысы келсе, шалсын», – деді.[4]

Ақиқа құрбандығы бала туылған соң жетінші күні сойылады. Осы құрбандықтың үкіміне келер болсақ, шариғат ғалымдары екі түрлі пікір айтқан. Оған кейбір риуаяттардың бір-біріне қарама-қайшылығы себеп болған.

1. Ханафи мәзһабының ғұламалары ақиқа құрбандығы мұстахаб емес мубах, яғни орындау-орындамау әркімнің өз еркіне қалдырылған іс деп үкім берген. Олардың айтуынша, ақиқа шалу амалы Құрбан айт кезінде құрбан шалу туралы үкім түскеннен кейін жойылған. Айша (р.ғ.) анамыздан жеткен риуаятта: «Құрбан айт кезіндегі құрбан шалу амалы өзінен алдынғы құрбан шалу түрлерін түгелімен жойды», – делінген.

2. Ханафи мәзһабынан басқа мәзһабтардың ғалымдары туылған нәрестеге ақиқа құрбандығын шалу сүннет амалынан деген үкімді берген.

Сумрадан (р.ғ.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Әрбір бала өзінің ақиқасына тәуелді: оның атынан жетінші күні сойылып, оның (баланың) шашы алынады».[5]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ұл бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қой сойылсын», – деген.[6]

Ақиқа құрбандығының етін жеумен қатар оны садақа ретінде тарату – мустахаб амалына жатады. Алла тағала ақиқа құрбандығын туылған сәбидің ана құрсағынан дүниеге келген сәттегі шайтанның оған салатын азғыруынан азат ету ретінде жасаған. Сондықтан Пайғамбар (с.ғ.с.): «Туылған бала ақиқасына тәуелді, сондықтан да оның атынан құрбан шалып, алдындағы кедергіні жойыңдар», – деген. Дұрысын Алла біледі.

Емізу мәселесі

Мұсылмандық салттың келесісі – анасының туылған нәрестені емізіп, уызына тойдыруы. Мұны барлық ғалымдар мақұлдаған. Баласын толық емізгісі келген ана екі жыл емізеді. Осыған байланысты Құран кәрімде:

{وَ الْوَالِدَاتُ يُرْضِعْنَ أَوْلَادَهُنَّ حَوْلَيْنِ كَامِلَيْنِ لِمَنْ أَرَادَ أَن يُتِمَّ الرَّضَاعَةَ وَ عَلَى الْمَوْلُودِ لَهُ رِزْقُهُنَّ وَ كِسْوَتُهُنَّ بِلْمَعْرُوفِ لَا تُكَلَّفُ نَفْسٌ إِلَّا وُسْعَهَا لَا تُضَآرُّ وَالِدَةٌ بِوَلَدِهَا وَلَا مَوْلُودٌ لَّهُ بِوَلَدِهِ وَعَلَى الْوَارِثِ مِثْلُ ذَلِكَ فَإِنّاَ أَرَادَا فِصَالًا عَنْ تَرَاضٍ مِنْهُمَا وَ تَشَاوُرٍ فَلَا جَُنَاحَ عَلَيْهِمَا وَ إِنْ أَرَدتُّمْ أَن تَسْتَرْضِعُوا أَوْلَادَكُمْ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ إِذَا سَلَّمْتُمْ مَا آتَيْتَم بِالْمَعْرُوفِ وَاتَّقُوا الله وَاعْلَمُوا أَنَّ الله بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ}

«Аналар балаларын толық емізгісі келсе, толық екі жыл емізсін. Ананың тиісті қорегі мен киімі, баланың әкесіне міндет. Әркімге шамасы келетіні ғана жүктеледі. Сондықтан да ана баласы үшін зиян шекпесін, сонымен қатар туылған баласы үшін әке де зиян тартпасын. Мирасқордың (яғни баланың) міндеті де сол сияқты. Ал егер өз разылықтарымен және өзара кеңесіп, баланы емізуден шығарғылары келсе, ешқандай күнә жоқ. Егер сүт ана жалдағыларың келсе, белгілі ақысын беру шартымен мұнда да еш күнә жоқ. Аллаһтан қорқыңдар. Расында Алла тағала істеген нәрселерді көруші».[7]

Бұл аяттан төмендегідей үкімдер шығады. Емізудің толық мерзімі – екі жыл. Егер анасы мен әкесі келісіп, кеңесіп нәрестені екі жылға жетпей емізуден шығарғысы келсе, әрі одан сәбиге ешқандай зиян келмейтін болса, оған рұқсат. Қазіргі жас келіншектер тәндерінің сұлулығын сақтаймын, ұйқыдан қалдырады деп, сәбилерін емізуден ерте шығарып жатады. Бұл дұрыс нәрсе емес.

Ана омырауынан сүт еміп, уызына тою баланың хақысы болып табылады. Егер анасы баланы емізуден бас тартса, Алла алдында күнәһар саналып, арғы дүниеде осы ісі үшін жауапқа тартылады. Алайда, қазылық емізуден бас тартқан ананы мәжбүрлей алмайды. Мына жағдайлар туындаған кезде ғана ана баланы емізуге мәжбүрленеді. Олар:

1. Емшектегі сәби өз анасының омырауынан басқа әйелдің сүтін ембесе, баланы аман алып қалу үшін анасы емізуге міндеттеледі.

2. Анасынан басқа емізетін жан табылмаған жағдайда анасы міндеттеледі.

3. Тек анасымен жалғыз қалған немесе әкесінің бөгде әйелді сүт ана ретінде ешкімді жалдай алмаған жағдайда да анасы міндеттеледі.

Аталған жағдайлар тумаса, емізуден бас тартқан ана мәжбүрленбейді де әкесі ақыға емізетін ана жалдайды. Ақыға емізуге келіскен бөгде әйелмен сәби арасында туыстық туып, әйелдің балалары емген баланың сүт бауырлары ретінде есептеледі.

Сүндетке отырғызу

Сүндетке отырғызу да мұсылманшылықтың салты болып табылады. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттерден). Олар: сүндетке отыру, денедегі түктерді алу, мұртты басу, тырнақтарды алу, қолтықтың түгін кетіру».

Сүндетке отыру – адамзат жаратылысындағы туа біткен сипаттардың біріншісі. Бұл Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан бері келе жатқан таза ханифтік діннің рәмізі саналады. Осы тазалық әдеттерін сақтауды Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Алла тағала бұйырған.

Шариғат ғұламалары сүндетке отырудың үкімі жайында түрлі көзқараста. Мәлики, Шафиғи, Ханбали мазһабтары бойынша сүндетке отыру амалы әрбір ер мұсылманға уәжіп, міндетті іс. Ал Имам Әбу Ханифа Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті деген үкімге тоқтаған.

Бала балиғат жасына жеткенге дейін сүндетке отырғызу міндеттеледі. Себебі осы жаста балаға намаз да парыз. Сағид ибн Жубәйрден (р.ғ.) жеткен риуаятта адамдар Ибн Аббас (р.ғ.) Пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғанда, оның қанша жаста болғандығы жайлы сұрағанда: «Мен ол кезде сүндетке отырғызылған едім», – деп жауап берген. Зерттеуші ғалымдардың есептеуінше, Алла Елшісі (с.ғ.с.) дүние салғанда, Ибн Аббас (р.ғ.) он үш жаста болған.

Бала тәрбиесі

Алла тағала қасиетті Құран кәрімде былай дейді:

{يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَ أَهْلِيكُمْ نَارَا وَ قُودُهَا النَّاسُ وَ الْحِجَارَةُ}

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар».[8]

{وَاعْلَمُوا أَنَّمَا أَمْوَالَكُمْ وَ أَوْلَادُكُمْ فِتْنَةٌ وَ أَنَّ الله عِنْدَهُ أَجْرٌ عَظِيمٌ}

«Біліңдер! Шындығында мал-мүліктерің және балаларың сынақ, ал Аллаһтың алдында-үлкен сый».[9]

Ибн Омар (р.ғ.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін риуаят еткен: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар».

Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру – әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыда ең бірінші үлгі тұтарымыз – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Ол бірде балаларын еміреніп сүймейтінін айтқан бәдәуиге: «Алла тағала жүрегіңдегі мейірімді алып қойған болса, мен не істейін енді?» – деп реніш білдірген. Себебі, мейірімділікпен өскен бала да мейірімді болады. Мейірімділік жүректі жібітіп, жұмсақтығын жоғалтпауын қамтамасыз етсе, қатыгездік пен салқындық, керісінше, жүректі қатайтады.

Тәрбиенің басты ұстындары

Жанұя құрумен бірге ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершіліктері де аса зор. Балалық шақ және жасөспірімдік кезең адам өміріндегі сенім мен мінез-құлық сияқты басты ұстанымдардың қалыптасатын кезеңі. Адамның тұлғалық жағынан қалыптасуы отбасынан бастау алады. Жанұя тұлғаның шынығып, қалыптасатын шеберханасы десе де болады. Тұлғалық қасиеттер жанұя жағдайында бірте-бірте қаланады. Содан кейін осы қалыптасқан қасиеттер, әдетте, ешқандай өзгерістерге ұшырмайды да, мызғымас тұлғалық тұтастыққа айналады.

Сәбиге туған кезден бастап жақсы тәрбие беру керек. Оның тыныш, мамыражай жағдайда өскені жөн. Оған қатты дауыс көтеріп ұрсуға, жекуге, қорқытуға болмайды. Сондай-ақ айқай-шу, төбелес сияқты жағымсыз көріністер көрсетілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне теріс әсер етіп, оның ақыл-есінің кемуіне әкеп соғуы ықтимал.

Қазіргі заманда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстары туралы шағымданып психологтардан ақыл-кеңес сұрап жатады. Алайда, көп жағдайда сондай келеңсіздіктердің себебі өздерінде екенін түсінбейді. Өйткені, олардың өздері де сондай түрлі қателіктерге ұрынып, жүйке жүйелері бұзылған жандар. Өз қате-кемшіліктерін түсінбегендіктен, сәбилерінің неліктен ондай болып шыққандығына қайран қалады. Осыған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста» – яғни еш нәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы қылады. Бұл хайуанның хайуан туғаны іспеттес. Сен одан (туған төлден егер оның енесі мұрны кесілген пұшық болса) пұшықтықты көресің бе?»[10]

Сондықтан ата-ананың балаға дұрыс үлгі болуы – игі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың басты талабы.

Сәбидің дамуындағы ең маңызды кезең оның өмірінің алғашқы он жылдығы болып саналады. Педагог-психологтардың айтуларынша, баланың ақылдылық, интеллектуалдық қабілетінің 80 пайызы алғашқы жеті-сегіз жылда ашылып, жетіледі. Сондай-ақ, тұлғалық жан-жақты және үйлесімді қалыптасуы да осы кезеңде жүреді.

Әсіресе, алғашқы екі жылдағы тәрбиенің маңызы өте зор. Себебі, бұл сенімділік, шынайылық сезімдерінің іргетасы қаланатын кезең. Сондықтан да осы кезеңде нәрестеге тұрақты әрі үйлесімді сүйіспеншілікпен, үлкен мейірім-шапағатпен қарау керек. Мәселе нәрестені кім бағып жатқандығында емес, сүйіспеншіліктің тұрақты болуында. Тәжірибелердің көрсеткеніндей, тез ауысып, өзгеріп тұратын орталарда өскен балалардың бойында уақыт өте келе қоршаған ортаға деген сенімсіздік пайда болады. Мысалы, Филиппин елінде жүргізілген тәжірибелерде балалық шағында сүйіспеншілік пен ыстық ықыластың құшағында өскен балалар есейген кезінде аса сабырлы, байыпты әрі ұстамды болып қалыптасқан. Сондықтан ештеңеден хабарсыз болып көрінетін алғашқы сәбилік кезеңнің, шын мәнінде, бала санасының қалыптасуындағы рөлі ерекше.

Сонымен, бала тәрбиесінің басты ұстындарын былайша бөлуге болады:

1. Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау керек. Алғашқы кезеңде мұның барлығын оның анасы береді. Алайда, мейірімнің өзі мөлшермен берілуі тиіс. Шектен тыс әлпештеп, еркелету нәрестенің өзімшіл болып өсуіне әкеліп соқтырады.

2. Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру. Қалауын орындату талабы нәрестенің бойында алғашқы кезеңнің өзінде-ақ пайда болады. Бірақ оның ырқына көне беруге болмайды. Анасы оның еріксіз дәрет жіберіп қоюына, жылауына, қайта-қайта тамақ сұрауына шектеу қойып, ұстамдылық қалыптастыруы тиіс. Өсе келе оған әңгімелесу мен үлкендермен қарым-қатынаста ұстамды, әдепті болуға үйрету керек. Бала басынан-ақ өзінің қалауының шектелуі екенінен нақты, шынайы түрде хабардар болуы қажет.

Әсіресе, қандай жағдайда да балаға жалған сөйлемеген жөн. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі дәлел. Абдуллаһ ибн Амир (р.ғ.) былай дейді: «Бір күні үйімізде Алла Елшісі (с.ғ.с.) отырған кезде анам: «Бері кел, бірдеңе беремін», – деп мені шақырып алды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оған не бермекші едіңіз?» – деп сұрады. Анам: «Бір түйір құрма бермекші едім», – деді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді», – деді.[11]

3. Ата-ананың жақсы үлгі болуы. Алғашқы кезеңде нәресте айналасындағы адамдарға еліктейді. Ал 5-7 жастан бастап жаман мен жақсыны ұғына бастайды. Осы уақытта оған жақсы достар керек. «Ұлың өссе, ұлы жақсы болғанмен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсы болғанмен көрші бол» деп қазақ тегін айтпаған.

4. Жақсы білім беру. Жалпы бала тәрбиесінде ислам дінінің қайнар бұлақтары – Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сүйену керек. Осы негіз бойынша Аллаһтың алдында жанұя үшін әкенің жауапкершілігі үлкен екендігін айтқан жөн. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) былай деп өсиет еткен: «Өлген соң адамның барлық амал дәптерлері жабылып, тек мына үш амалдың ғана сауаптары оған үздіксіз жетіп тұрады. Олар: берген жария садақасы, (мысалы, құдық, көпір, медресе салу) пайда келтіретін білімі, (таратқан білімі) артынан қалған игі перзентінің ата-анасы үшін жасаған дұға-тілектері.».

Егер ата-ана нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелей алса, олардың баласы қияметте жұмақ қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе, мен де кірмеймін»,-деп отырады. Ізгі ұрпақ тәрбиелегені үшін ата-анаға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет, шексіз қошемет бар.

Жалпы баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор бар:

1. Отбасы.

2. Сыртқы орта («көше»).

3. Мектеп.

4. Қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет.

Демек, бала тәрбиесі ата-ананың, мектептің, қала берді жалпы мұсылман қоғамының ортақ ісі. Жаратушы Хақ тағала мұсылмандардың ізгі істерде әрдайым тізе қосып, бірге іске асыруларына үндейді. Осыған байланысты Алла тағала:

{وَ تَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَ التَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَ الْعُدْوَانِ}

«Ізгілік пен тақуалықта ынтымақтасыңдар, күнә мен дұшпандықта ынтымақтаспаңдар», – деген.[12]

Сонымен қатар, баланы тым әлпештеп, аялап, мамыражай тұрмысқа үйретпеу керек. Қарапайым тіршілікке, қанағатшылдыққа баулу керек. Өйткені, шектен тыс рахат, тоқшылық ортада өсу ұрпақтың әлжуаз, аурушаң немесе кердең-кербез болып шығуына апарып соқтырады. Хадисте былай делінеді: «Тым тоқшылдықтан сақ болыңдар! Расынды Аллаһтың құлдары қанағатсыз емес».[13]

Абай атамыз айтқандай:

«Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын!»

Ата-ананың есейген балаларын ерте жастан еңбек етуге үйретіп, өзінің құрдасындай тұтып, кей істерде ақылдасып, кеңесіп отырғаны жөн. Сонда ғана бала өз бетінше еңбек етуге үйреніп, алдынан шыққан қиындықтардан оңай жол табатын болады. Халық нақылында: «Алтыға дейін патшаңдай сыйла, алтыдан кейін құлыңдай жұмса, он алтыда досыңдай сырлас» делінеді.

Кімде-кім баласын тәрбиелеуге, оған пайдалы нәрселер үйретуге салғырт қараса, орны толмас қателік жасаған болады. Балалардың әдепсіз бұзық болып шығуына көбіне ата-аналардың өздері кінәлі. Өйткені олар балаларына дұрыс тәрбие беруге, діннің алғы шарттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін үйретуге немқұрайлы қарайды. Көбі мұны өздері де білмейді. Баланы жасынан ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелемеген соң, есейген кезде олар ешкімге де опа бермесі анық.

Серікбай Ораз

[1] «Хаж» сүресі, 67-аят.

[2] «Имран» сүресі, 39-аят.

[3] «Мәриям» сүресі, 7-аят.

[4] Мәлік бин Анас әл-Муатта кітабында риуаят еткен.

[5] Сунан кітаптарының авторлары мен имам Ахмад риуаят еткен.

[6] Термези риуаяты.

[7] «Бақара» сүресі, 233-аят.

[8] «Тахрим» сүресі, 6-аят.

[9] «Әнфал» сүресі, 28-аят.

[10] Әбу Һурайрадан (р.ғ.) имам Бұхари риуаяты.

[11] Әбу Дәуіт риуаяты.

[12] «Мәида» сүресі, 2-аят.

[13] Имам Ахмад риуаят еткен.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: