Ислам діні бауырластықты, туыстармен қарым-қатынасты үзбеуді, көршімен тату болуды және араздасқан кісілерді жарастыруды бұйырады. Осы арқылы қоғамда тыныштықты, мұсылмандар арасында бірлік пен ынтымақты орнатуды көздейді. Сол себепті, мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін, қоғамның тыныштығын бұзатын, алауыздыққа, жік-жікке бөлінуге себеп болатын жаман қасиеттерге қатаң тыйым салады. Осы мақсатта дініміз тарапынан тыйым салынған жаман қасиеттердің бірі – адамдар арасында сөз тасу.
Сөз тасушылық – екі жақтың арасын бұзу үшін біреудің сыртынан айтылған сөзді оған жеткізу. Тіпті адамдар арасындағы құпия-сырларды жария ету де сөз тасушылыққа жатады. Жалпы, мұсылман баласының өзгелердің кемшіліктерін немесе ұнамсыз әрекеттерін көрген кезде ешкімге жария етпестен, үнсіз тұрғаны абзал. Бірақ, мұны айтқан кезде мұсылманға пайдасы тиер болса немесе келер зиянның алдын алатын болса, оны айтқан дұрыс. Мысалы, біреудің өзгенің хақына қол сұққанын көргенде, оны жасырмай айтуы сияқты.
Сөз тасудың жаман қасиет екендігі Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде ашық түрде баяндалған. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Адамдарды жамандайтын, біреудің сыртынан сөз таситын адамға мойынсұнба!» (Қалам сүресі, 11-аят) деп бұйырады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадис шәріпінде: «Сендерге ең жамандарыңның кім екенін айтайын ба?! Сөз тасушылар, достардың арасын бұзушылар, кінәсіз адамдардың кінәсін іздеушілер» деген. Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) келесі бір хадисінде сөз тасушы адамның жұмаққа кіре алмайтындығын айтқан: «Сөз тасушы жәннатқа кірмейді» (Бұхари, Мүслим).
Біреудің сыртынан сөз тасу әуелде онша үлкен нәрсе болып көрінбегенімен, оның соңы достардың бір-біріне ренжіп, дұшпанға айналуына, тату ерлі-зайыптылардың ажырасуына, туыстардың арасының бұзылуына, қауымдар арасында дау-жанжалдың туындауына т.с.с. көптеген келеңсіз жағдайлардың орын алуына әкеп соғады. Сондай-ақ, бұл жағымсыз әрекет сөз тасушы адамды дүниеден өткен соң да қабыр азабына душар етеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірде сахабаларымен бірге кетіп бара жатып, екі қабірдің қасынан өтеді. Сол кезде әлгі қабірді көрсетіп: «Бұл екеуі қабір азабын тартып жатыр. Азап көрулері (олардың ойынша) үлкен нәрсе үшін емес. Алайда, (олар қаперіне алмаған) үлкен нәрселер еді. Олардың біреуі сөз тасығаны үшін, ал екіншісі болса, (дәрет сындырғанда) зәрінен сақтанбай дұрыс тазаланбағаны үшін» деген. Хазірет Пайғамбарымыз осы хадис арқылы барша мұсылмандарды біреудің сыртынан сөз тасудан сақ болуға шақырған.
Ислам ойшылы, ғалым Имам Ғазали сөз тасушы кісімен қалай мәміле жасау керек екендігін былай деп түсіндіреді:
Бірінші: Ол адамға сенбеу керек. Өйткені, сөз тасушы адам – пасық. Оның куәгерлігі қабыл етілмейді. Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Егер пасық адам сендерге бір хабар жеткізсе, анық-қанығын тексеріңдер!» (Хұжурат сүресі, 6-аят) деп бұйырады.
Екінші: Оны бұл әрекеті үшін кінәлап, оған насихат айту арқылы мұндай істен тыю керек. Себебі, Алла Тағала: «Жақсылықты бұйырып, жамандықтан тый» (Лұқман сүресі, 17-аят) деп бұйырады.
Үшінші: Алла үшін оны жек көру керек. Өйткені, бұл адам Алланың жанында сүйкімсіз болып табылады. Алланың құзырында сүйкімсіз болғанды жек көру – уәжіп.
Төртінші: Ол адамның сөзі үшін күдіктеніп, үшінші кісі туралы жаман ойда қалмау керек. Себебі, Алла Тағала: «Күдік ойдың көбінен сақтаныңдар! Өйткені, күдік ойдың кейбірі күнә» (Хұжурат сүресі, 12-аят) деп бұйырған.
Бесінші: Ол адамның сөзі үшін кінә іздеп, тыңшылық жасамау керек. Себебі, Алла Тағала тыңшылық жасаудан тыйған. Құран Кәрімде «Тыңшылық қылмаңдар!» (Хужурат сүресі, 12-аят) деп бұйырады.
Алтыншы: Сөз тасушыға тыйған нәрсені өзің де қош көрмеуің және оның сөзін «пәленше маған былай деді» деп басқа біреуге айтудан сақтануың керек. Әйтпесе, өзің тыйған нәрсені өзің істеп, әрі сөз тасушы әрі ғайбат айтушы боласың.
Деректерде бір кісі Омар бин Абдулазизге келіп:
– Пәленше сен туралы былай, былай деді, - деп айтады. Сол кезде Омар бин Абдулазиз оған:
– Қаласаң бұны тексеріп, анық-қанығын білейік. Егер жалған айтқан болып шықсаң: «…бір пасық сендерге бір хабар жеткізсе…» деген аятта айтылғандай боласың. Ал егер, айтқан сөзің тура шықса, «жамандайтын, сөз таситын адамға мойынсұнба!» деген аятта айтылғандай екі жағдайда да күнәһар боласың. Егер қаласаң, сені кешірейік. Бұл іс осы күйі қалсын, - деді. Сонда әлгі кісі:
– Уа, мүминдердің әміршісі! Мені кешір. Бұдан былай олай істемеймін, - деді (Ихяу-улумид-дин, 3/226).
Жалпы, бей-берекет сөйлей беру дұрыс нәрсе емес. «Басқа пәле тілден демекші» аңдамай айтылған сөз адамның басына көптеген іс ашуы мүмкін. Сондықтан, бірнәрсе айтпас бұрын айтатын нәрсеңді жақсылап ойланып алу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз айтсын, я болмаса үндемесін» дей отырып, жөн-жосықсыз сөйлей беруден тыйған.
Алла Тағала қасиетті Құранда «Егер мүмин болсаңдар, Алладан қорқыңдар. Араларыңды түзетіңдер. Аллаға және Елшісіне мойынсұныңдар» деп бұйырады. Сол себепті, саналы әрбір мұсылман біреудің сыртынан сөз тасудан аулақ тұрып, араздасқан мұсылман бауырларының арасын жарастыруға, қоғамның ішінде бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы болуға әрдайым атсалысып жүргені абзал.
Ерғали Алпысбаев
Дінтанушы, Шымкент медресесінің ұстазы