Тіліңе абай бол!

Тіліңе абай бол!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай деп айтқанын жеткізеді: «Ораза – қалқан. Сіздердің қайсы біріңіз ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын және біреумен ұрыспасын. Егер де әлде кім сізге боғауыз сөз айтып, намысыңызға тиер болса: «Мен оразамын» деп ескертсін» (Бұхари, Мүслим).

Ислам – көркемдік (әдемілік) діні. Сондықтан бұл дінді ұстанушыларға көркемдік танытуды бұйырады. Яғни мұсылманға әрбір әрекетінде, сөйлеген сөзінде тіпті күлкісінде де, отырып-тұруында да, жалпы айтқанда ғұмырының барлық уақытында көркемділікті, әдептілікті сақтауды бұйырады. Әрине, бұл атал-мыштардың басында көркем сөз сөйлеу бірінше кезекте тұрады. Көркемдік сөйлеу дегенді әдеби сөйлеу деп түсінбеу керек. Көркем сөйлеу дегеніміз: жақсы сөз айту, жылы сөз сөйлеу, яғни көңілге реніш ұялататын сөздерден ұзақ тұру.

Жаратқан Алла тағала Құран Кәрімде көркем сөзді мақтай келе былай деп бұйырады: «Көркем сөз тамыры (жерде) терең, талдары көкке ұласқан ағаш секілді. Мұндай ағаш Жаратқанның рұқсатымен әрдайым мәуесін беріп тұрады. Алла тағала ғибрат алсын деп осындай мысалдар арқылы түсіндіреді» (Ибраһим сүресі, 24-аят).

Жоғарыдағы аяттың арабшасында айтылған «кәлимәтән тайибәтән» (көркем сөз) дегеннің мағынасын тәпсірші ғалымдар жеке сөз ретінде кәлима таухидқа және Құранға ишарат ететіндігін, ал жалпы мағынасын алып қарағанда барша жақсы сөзді қамтитындығын алға тартқан. Иә, шынында да ұлық Жаратушымыз барша көркемдікке және жақсы сипаттарға ие. Оның кәләмы саналатын Құран Кәрім де Алла тағаланың шебер, көркем сөз айтып тұрғандығын айғақтап тұр. Сондықтан мұсылман Құранға тәуелді адам деген сөз. Дәлірек айтқанда сол ұлық кітаптың әдіснамасын қадағалауға тырыса отырып, осы Құранға бағынып, көркем сөз сөйлеуі тиіс. Яғни, аузында Құраны бар адамнан жаман, боғауыз сөз емес, керісінше жақсы, көркем сөз шығуы қажет.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) жақсы сөз сөйлеуді мақтай келе былай деген: «Жақсы сөз – садақа» (Бұхари). Садақа сөзі Исламда барша жақсылықтың (қайырымдылықтың) аты ретінде саналады. Сондықтан жақсылық тек қана қаржылай іске аспайды, кезі келгенде қарсы алдыңызда тұрған кісінің көңіліне қош ұялататын, яғни көңілін аулап, жүрегіне жылы лебіз сыйлайтын сөздер де жақсылыққа жатады. Мұндай жақсылық пендені сауапқа бөлейді де соңында тозақ отынан құтқарып жәннатқа жол бастайды. Сол үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір құрманың жартысымен болса да (садақа беру арқылы) өзіңізді тозақ отынан қорғаңыз. Бұған да шамасы жетпеген өзін жақсы сөз арқылы қорғасын» (Бұхари, Мүслим) деп айтқан.

Пенденің басына не келген болса, тілінің кесірінен келеді. Яғни «басқа бәле тілден» деген сөз. Бір күні сахаба Муаз ибн Жәбәл (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп «Уа, Алланың Елшісі! Біз айтқан сөздеріміздің әрбірінен жауапқа тартыламыз ба?» деп сауал қойды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп жауап берді: «Уа, ибн Жәбәл! Анаң жоқтауды тоқтатсын. Адамдардың мұрындарымен сүріліп тозаққа кіруіне тілдерінің кесірінен басқа не болуы мүмкін!» (ибн Мәжә). Мұнымен қоса Құран Кәрімде де: «(Адамзат) аузынан бір сөз шыққан кезде (оны) бақылап тұрушы, айтқандарын жазып қоятын (бір періште) дайын тұрады» (Қаф сүресі, 18-аят) деп баян етеді. Бұл жоғарыдағы аят пен хадис осы дүниеде айтқан сөзіміздің әрбірінен ертеңгі күні ақырет жұртында есепке тартылатынымызды, яғни жақсы сөз сөйлесек жәннатқа, ал жаман сөз айтсақ тозаққа баратынымызға ишара жасап тұр.

Бір күні Абдуллаһ әс-Сақафи (р.а.): «Уа, Алланың Елшісі! Мен паналайтын бір сөз айтыңызшы» - деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Раббым Алла деп айт та туралықты ұстан» деп жауап қатты. Абдуллаһ әс-Сақафи (р.а.): «Уа, Алланың Елшісі! Мен үшін ең қауіпті нәрсе не?» деп тағы да сауалын жалғап еді; Пайғамбарымыз (с.а.у.) тілін ұстап көрсетті де міне «Осы» деді (Нәсәи). Міне осыдан болса керек Әбу Бәкір (р.а.) дерек көздерде айтылғандай өз нәпсіне ие болып, қажетсіз нәрселер сөйлемеу үшін аузына майда тастар толтырып алады екен. Сөйтіп, тілін көрсетіп: «Мені қауіпті жерлерге апарған міне осы!» деген екен.

Жарайды олай болса, қалай сөйлеу керек, не нәрсені айтпау керек бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде былайша сабақтастырады: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса – көршісіне жақсылық жасасын. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса – қонағына құрмет көрсетсін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса – жақсы (пайдалы) сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Мүслим). Міне сондықтан мұсылман айтқан сөздеріне мұқият болуы керек. Яғни сөйлемей тұрып айтатын сөзінің пайдалы ма жоқ па соны жақсылап ойланғаннан кейін барып сөйлесе дұрыс болар еді, әйтпесе «іріген ауыздан шіріген сөз шығады» демекші үндемегені абзал.

Ислам ғұламалары еңбектерінің бірнеше жерінде тілге байланысты көптеп тоқтаған. Оның жамандықтары жөнінде аят-хадистерге сүйене отырып, еске салуда және мұсылмандарға тілдерінің кесірінен мұндай қателікке түспеудің алдын алған. Осы аталмыш ғалымдардың басына ең әуелі имам Ғазалиді айтуға болады. Ол ислам әлемінде даңқы шыққан, тіпті әлі күнге дейін өз дәрежесін түсірмей келе жатқан «Ихия улумиддин» кітабында осы тілге байланысты терең тоқталып, тілдің кесірі жайында былайша тізбекке алған: «Қателесу, жалған сөйлеу, ғайбат айту, сөз тасу, көз бояушылық, екі жүзділік, күпірлік ету, тартысу, нәпсіні тазарту, бұрыс жолға түсу, пайдасыз сөйлеу, ақиқатты бұзу немесе жалғанға шығару, халыққа жәбір көрсету не ар-намысына тию және т.б.». Міне осы сияқты жамандықтар көп. Бұларды айтқан уақытта тілге ауыр келмейді. Жүрек мұндайларды жақсы көреді. Ал нәпсі мен шайтан адамды осындайларға итермелеуге тырысады. Мұндайдың тұзағына түскен адам көбіне тіліне ие бола алмайды. Нәпсіге ұнайтын нәрселерге ұшырағанда тіліне ие бола алмай тізгінін жіберіп қояды, тіпті соңында үлкен қателікке душар болып жатады. Сондықтан көп сөйлеу қауіпке түсіреді, ал аз сөйлеу сау-сәлеметтік әкеледі. Міне, аз сөйлеудің қадір-қасиеті мол. Үнсіздікте ниет пен еңбектенудің бірге болуы, салмақтылықтың жалғасуы, пікір, зікір ете отырып ғибадатқа уақыт бөлу, дүние үшін сөз сөйлеудің жауапкершілігінен құтылудың және ақыретте есеп беруден сақтану секілді жақсы қасиеттер бар.

Құдайға шүкір, қазір берекелі, қасиетті айларға да жеттік. Үш айлардың қасиетін түсіндік. Ережеп, Шағбан айлары деп жүргенде қасиетті Рамазан айына да қадам басқалы тұрмыз, иншАлла. Бұл қасиетті айлар біздердің бойымызға тыныштық пен салмақтылықты қалыптастыруы керек. Сол үшін осы қасиетті айларда құлшылық-ғибадаттар мен игі қайырымдылықтарымыз арқылы пайдалануға тырысуымыз қажет. Мұсылмандығымызды ең әуелі тілімізбен һәм сөзімізбен көрсетуіміз керек. Және мына хадисті жадымыздан шығармаған жөн: «Құлдың жүрегі дұрыс болмайынша иманы да дұрыс болмайды. Тілі дұрыс болмайынша, жүрегі де дұрыс болмайды» (ибн Әбиддуния, Хараити).

Жаратқан Алла тағала тіліне ие бола білетін, иманы күшті мүминдердің қатарына жазсын. Үш айлар мен қасиетті Рамазан айы баршаңызға құтты болсын құрметті оқырман!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: