Ұят - иманнан

Ұят - иманнан

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Имам Малик риуаят еткен хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

إنّ لكلّ دينٍ خُلُقاً, و خلقُ الإسلامِ الحياءُ.

Яғни: «Расында әрбір діннің бір мінезі бар. Исламның мінезі ұяңдық (ұят)», деген.

Мұса (ғ.с.) үмбеті қаталдық мінезімен, Иса (ғ.с.) үмбеті кешірімшілдік сипатымен, ал Мұхаммад (с.ғ.с.) үмбеті ұят мінез құлқымен ерекшеленеді. Қадірлі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманды жақсылыққа талпындыратын және жамандықтан сақтайтын бір негіздің болуын көздеді. Бұл негіз ұят екенін үйретті. Осылайша жақсы амалды тәрк етуден және жаман амалды істеуден ұялуға үндеді.

Ұяттың болуы немесе болмауы адам табиғатын көрсететін шынайы бір белгі. Ол адам бойындағы иман құндылығын және әдебінің мөлшерін білдіретін көрсеткіш. Кісі бір іс әрекеттен өң бойы қысылып, орынсыз істен жүзі қызғылт түске боялып жатса ол тегі таза, болмысы пәк және жандүниесінде ұяттың барын білдіреді.

Ал, арсыз және сезімі тат басқан нені алып нені қойғанына мән бермейтін біреуді көрсеңіз, ондай адамнан жақсылық шықпайды. Ондай адамнан бір ізгілік күтуге болмайды. Өйткені оны күнә жасаудан және арсыз іс әрекеттерден қорғап қалатын мінез құлық жоқ. Ол мінез құлықтың аты ұят.

Асыл дініміз мұсылман баласына ұятты болуға шақырады. Бұл мінезді ислам дінінің ерекшелігі етіп көрсетеді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі табиғаты өте жұмсақ, аса текті, діни және дүниелік міндеттеріне аса мұқият және тыйым етілген істерден өте сақ кісі еді.

Иман пенде мен Жаратушының арасындағы ұлы байланыс. Бұл байланыстың арқасында пенденің жан дүниесі тазарып, мінез құлқы түзеліп, іс әрекеті дұрысталады. Алайда, мұның барлығы тек егер адамның негізінде ұяты болса ғана жүзеге асады. Демек, иманды адам ұятын көзінің қарашығындай қорғаштауы қажет.

Ал, үнемі ешбір қорқусыз арсыз амалдарды істеу, жайбарақат күнәні жасай беру адамның ұятты жоғалтқанын білдіреді. Ал, ұят тұрмаған жерде иман да қалмайды. Хаким хадис еңбегінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

الحياء و الإيمان قرناء جميعاً, فإذا رُفِع أحدهما رُفِع الآخرُ.

Яғни: «Ұят пен иман екеуі егіз. Егер бірі (кісі бойынан) кетсе, екіншісі де кетеді», деген сөзі бар.

Мұның себебі адам баласы ұятын жоғатқан уақыттан бастап жаманнан өте жаманға түседі. Арсыздан өте арсыз әрекетке қарай құлдырайды. Осылайша ең төмен дәрежеге дейін домалап бара береді.

Ұят жүректегі кіршіксіз сенімнің көрінісі. Адам баласын абыройлы ететін асыл қасиет те осы мінез.

Қос имам Бухари және Муслим еңбектерінде кездесетін мына бір хадисте

الإيمان بضعٌ و سبعون شعبةً فأفضلها قولُ لا إلهَ إلاّ الله و أدناها إماطةُ الأذى عن الطريق, و الحياء شعبةٌ من الإيمان.

Мағынасы: «Иман жетпістен астам тармақтан тұрады. Ең абзалы «лә иләһа илла Аллаһ» Алладан басқа құдай жоқ, сөзін айту. Ең төмені жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят иманның бір тармағы», деген екен.

Мұсылманның барлық ісі мен сөзінде ұят бақылаушы болуы қажет. Мұсылман баласы тілі арсыз, мәнсіз сөздерден таза болу керек. Не айтып, не қойып жатқанына мән бермеу мұсылманға жараспайды. Әбу Һурайра (р.а.) баяндаған хадисте:

الحياء من الإيمان و الإيمان في الجنة, و البذاءُ من الجفاء و الجفاء في النار.

Яғни: «Ұят иманнан, ал иман жәннатта. Арсыздық дөрекілік, ал дөрекілік тозақта», делінген.

Қазіргі таңда мұсылман баласы арақ шарап ішуден, жастар көшеде темекі шегуден, қыз келіншектер тәнін жалаңаштаудан ұялмайтын болды. Ұят түсінігі ауысып та кетті. Орамал тағып, имани киінген қыздарға жұрт саусағымен көрсетіп, бетін шымшып ұят деп ишара жасап жатады.

Ибн Масуд (р.а.) риуаят етеді:

إنّ ممّا أدرك الناس من كلامِ النّبوةِ الألى إذا لم تستحى فاصنعْ ما شئْتَ

Мағынасы: «Адамдарға алғашқы пайғамбарлықтан жеткен сөздердің бірі: ұятың болмаса, білгеніңді істе».

Ия, ұяттан жұрдай болған қарт маңдайын сәждеге қоймақ тұрсын, мешітке баратын жасты сынайды. Әке баласына жақсылық үйретіп үлгі болмақ тұрсын, қосылып шылым шегіп, шөлмек соғыстырады. Арсыз ұятсыз ана қызына қалай қысқа киінуді, боянуды үйретеді. Ақыр соңы бұл жеке отбасының емес жалпы мұсылман қоғамының қасіретіне айналады.

Ибн Хажар ал Асқаланидің «Мунаббихатында» мынадай нақыл сөз бар

أربعة حسن و لكنّ أربعةً منها أحسن الحياء من الرجال حسن و لكنه من المرأة أحسن, و العدل من كل أحد حسن و لكنه من الأمراء أحسن, و التوبة من الشيخ حسنٌ حسن و لكنه من الشابّ أحسن, و الجود من الأغنياء حسن حسن و لكنه من الفقراء أحسن.

Яғни: «Төрт нәрсе жақсы, алайда одан жақсы төрт нәрсе бар. Ер кісінің бойында ұяты болуы жақсы, ал ұят әйелде болуы одан да жақсы. Әр адамның әділ болуы жақсы, ал әділдік басшыларда болуы одан да жақсы. Қарт қарияның тәубе еткені жақсы, ал жастар тәубе етсе одан да жақсы, байлардың жомарт болуы жақсы, жомарттық кедейдің бойынан табылуы одан да жақсы», деген екен.

Имам Термизи еңбегінде

ما كان الفحش في شيء إلاّ شانه, و ما كان الحياءُ في شيء إلاّ زانه.

Мағынасы: «Арсыздық не нәрсеге жабысса да, әлбетте оның масқарасын шығарады. Ал ұят не нәрседен табылса да оны көркем ете түседі», деген хадис бар.

Бұл қасиет жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)

يا عائشة لو كان الحياء رجلاً كان رجلا صالحا, و لو كان الفحش رجلا لكان رجل سوءٍ

Мағынасы: «Ей, Айша! Егер ұят адам болса, әлбетте ізгі адам болар еді. Ал, егер арсыздық адам бейнесіне енсе, әлбетте жаман адам болар еді», деген екен.

Кейде ұятты ынжықтық және өзіне сенімсіздік секілді кері мінездермен шатастырып жатамыз. Мәселен, бір намазхан: кісі үйінде қонақ едім. Таңертең үй иелерін мазалауға ұяламын. Таң намазын қаза етіп оқысам бола ма?, дейді. Жөнсіз ұялу. Тағы бір бауырымыз: жаңадан үйленген едім. Ертеңгісін ғұсыл құйынуға үйдегілерден ұяламын. Ғұсылсыз намаз оқи салсам бола ма?, дейді. Неге біз құлшылық жасауға және таза жүруге ұяламыз. Неге біздің намаз оқығанымызды көріп, бейнамаздар ұйықтап жата беруден ұялмайды.

Хакім Абай отыз алтыншы қара сөзінде: «Шын ұят сондай нәрсе: шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі ондай қылық өзіңнен шықпай ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырмай, мына байғұсқа не болды, енді мұның өзі не болады дегендей, бірнәрсе іштен рақым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден, яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіне жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты…

Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?», дейді. Я болмаса «жә, жә, оған мен ақ ұялатын болайын, сен өзің де сүйтпеп пе едің», дейді. Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр гой, пәлен қылған, түгел қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?», деп, ұялтамын десең, жап жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!

Иманымыздың нышаны, мұсылмандығымыздың белгісі осы мінез. Көне көз ғұламалар:

إنّ شعائرَ الإيمان أربعة التقوى و الحياء و الشكر و الصبر.

Мағынасы: «Иманның төрт рәмзі бар: тақуалық, ұят, шүкіршілік және сабыр», деген. Саңлақ сахаба Осман (р.а.) осы мінезбен ерекшеленген тұлға болды. Хазіреті Османнан тіпті періштелер ұялатындығы жайлы пайғамбарымыз айтқан.

Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: Алла елшісі (с.ғ.с.) менің үйімде екі балтыры ашық күйде жастанып жатқан еді. Әбу Бәкір келіп кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбар рұқсат берді. Өзі сол күйінде әңгімесін айтып отырды. Бір уақытта Омар кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбар рұқсат берді де сол күйде әңгімесін айтып отыра берді. Сосын Осман кірді. Пайғамбар киімін түзетіп, (жастанып отырған жерінен тұрып) киімін туырлап отырды. Ол шығып кеткен соң пайғамбардан: уа, Алла елшісі! Әбу Бәкір кіргенде түрегеп отырмадыңыз, сосын Омар кірді. Сіз оған да түрегеп отырмадыңыз. Кейін Осман келгенде түрегеп, киіміңізді түзетіп отырдыңыз, деп сұрадым. Сонда пайғамбар:

أ لا أستحي من رجل تستحي منه الملائكة

«Періштелер ұялатын кісіден мен де ұяламын ғой», деп жауап берді. Хадис имам Мүслим еңбегінде жазылған.

Демек, адам баласы ұятты болып қалудан қорқып сөзіне және ісіне сақ болса бұл мінез бойына бек орнығады. Ешбір уақыт ұятына жат қылық етіп көрмеген адамды мұсылмандар да ерекше құрмет етеді. Мұндай мінез иесінің алдында адам баласы артық сөйлеуге не оқыс әрекет етуге ұялады. Себебі ұят мінезі қош иісті гүл тәрізді бойындағы жұпар иісті маңайына таратып тұрады. Сондықтан бұл асыл қасиетті иемденген адамның берекетін басқаларда сезінеді. Бұл мінезді бойға сіңіріп алу өте ауыр. Ал жоғалту әп сәтте.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласының тәнінде төрт асыл қасиет бар: ақыл, дін, ұят және ізгі амал. Бұл қасиеттерді төрт кесір мінез жойып жібереді. Ашу ақылды, көреалмаушылық дінді, дәмету ұятты ал ғайбат ізгі амалды жойып жібереді», дейді.

Біз мұсылман баласы тек адамдардан емес, сонымен бірге ең әуелі Алладан ұялуымыз қажет.

Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте:

استحيوا من الله حقّ الحياء, قلنا: يا رسول الله إنّا نستحي و الحمد لله قال: ليس ذاك, و لكنّ الاستحياء من الله حقّ الحياء أن تحفظ الرأس و ما وعى و البطن و ما حوى ولتذكر الموت و البلى و من أراد الآخرةَ ترك زينة الدنيا فمن فعل ذلك فقد استحيا من الله حقّ الحياء.

Мағынасы: «Алла тағаладан лайықты түрде ұялыңдар, деді. Біз: уа, Алла елшісі! Расында, алхамдулилла, біз ұяламыз, дедік. Ол кісі (с.ғ.с.): олай емес, Алладан лайықты түрде ұялу: басты және ондағы мүшелерді (ауыз, көз және құлақ) сақтау, іш және ондағыға (жыныс мүшесіне және асқазандағы тамаққа) сақ болу, өлімді және (тәніміздің) пәнилігін естен шығармау, кім ақыретті жақсы көрсе, дүниені тәрк етеді. Кім осылай етсе Алладан лайықты түрде ұялғаны, деп жауап берді». Хадис имам Термизи, Ахмад және Хакимде жазылған.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: