Хақ Тағаланың шексіз ұлылығына, иләһи құдіреті мен сипат көріністеріне мақтау айтып, көндігуді «хамд» деп, ал Оның сансыз нығметтері мен ризықтарына тілмен, жүрекпен және іс арқылы алғыс білдіруді «шүкір» деп атаймыз. Бұл екі сөздің айтылуы әр басқа болғанымен, мағынасы бір-біріне өте жақын.
Ұлықтау мен хамд Аллаға ғана болуы керек. Яғни күллі мұсылмандардың құлдық борыштарының бірі – Алла Тағаланың сансыз нығметтеріне хамд айту. Хамд айту әрбір құлдың міндеті бола тұра, Алла Тағала өзіне мадақ айтқан пендесіне сый уәде етуі (Муслим, Зикр 89) неткен ілтипат десеңізші?! Әрине, бұл – Алла Тағаланың шексіз мейірімінің көрінісі.
Хамд айтуға жалғыз Алла Тағала ғана лайық екендігі мына аятта баяндалады:
«Хамд – көктер мен жерді жаратқан, қараңғылық пен жарықты бар еткен Аллаға ғана жарасар…» (Әнғам сүресі, 1-аят).
Ұлы Жаратушымыз «Аллаға хамд болсын де!» (Исра сүресі, 111-аят) деген аяты арқылы құлдарының барлығына Өзіне хамд айтуды үгіттейді.
Күнделікті намаздарымызда сан рет қайталанып оқылатын Құранның бірінші бетіндегі Фатиха сүресінің алғашқы аяты барша пендені хамд айтуға шақыруда: «Хамд – әлемдердің Раббысы Аллаға тән!» (Фатиха сүресі, 1-аят).
Хамд-мадақсыз іс бастамауға шақырған ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде: «Аллаға хамд етумен басталмаған әрбір іс берекесіз болмақ!» (Әбу Дәуіт, Әдеп 18/4840) - деп ескертеді.
Сонымен қатар, хамд айту зікір түріне де жатады. Пайғамбарымыздың мына бір терең мағыналы хадисі осыны баян етеді:
«Тазалық – иманның жартысы. «Әлхамдулилләһ» деген дұға мизанды, ал «СубханАллаи уәл-хамдулилләһ» сөздері жер мен көктердің арасын сауапқа толтырады. Намаз – нұрың, садақа – құжатың, ал сабыр – шырағың. Құран сенің пайдаңа не болмаса зияныңа дәлел болады. Әр адам таңертеңнен (базарға шығып) нәпсісін сатады. Біреулері оны азаттыққа сүйрейді, ал енді біреулері оны құрдымға апарады!» (Муслим, Таһарат 1; Тирмизи, Дағауат 85/3517).
Хамд секілді құлдық міндеттеріміздің тағы бір түрі – шүкір. Шүкір – құлдың өзіне тарту етілген нығметтерге немесе жақсылықтарға сүйінішпен Раббысына алғысын білдіретін сөздері яки іс-әрекеттер жасауы. Мұның ең бірінші шарты – нығметтердің хақиқи иесін тану.
Лайықты түрде шүкірлік білдіру үшін оны сөзбен ғана айту әлбетте жеткіліксіз болады. Шүкірлігімізді салих амалдар мен құлшылық жасай отырып, игі істер арқылы білдіру Алланың ізеттігіне лайығырақ болады.
Шын мәнінде ең қарапайым кісіден кәміл тіршілік иелеріне дейін шынжыр секілді жалғасып жатқан махлұқат ішіндегі кәмілдік шыңына қол жеткізуге мүмкіндік алған адам баласының өзге жаратылғандардан ерекше айырмашылығы да сол шүкіршілігінде жатыр. Сондықтан, дініміздегі шүкір мен хамдтың маңызы аса үлкен мәнге ие. Алланың елшісі (с.а.у.): «Шүкір – иманның жартысы…», - деп сипаттаған.
Өз табиғи болмысында көрегендік пен ождан шоқтығын сақтап қалған әрбір асыл тұлға, өзіне бір ұрттам сумен болса да құрмет жасаған адамға алғыс білдіруді өзіне борыш деп санайды. Рақмет айта алмай қалса қынжылады. Ал енді адам баласының қарық болған бүкіл нығметтерін өзіне тарту еткен Раббысына көргенсіздік танытуы адамгершілік пен ақылға мүлдем жат қылық. Мұндай надандыққа батқан адам тек өзінің кеудесінің қуыстығын, адамгершілік сезімдерден жұрдай екендігін ғана көрсетеді. Солай бола тұра, адамдардың ішінде Алла Тағаланың нығметтері мен сыйларына алғыс білдірушілер, бағалаушылар саны аз. Бұл шындық Құран аятында былайша баяндалады: «…Құлдарымның ішінде шүкіршілік танытатындар тым аз» (Сәбә сүресі, 13-аят).
Шүкірсіздік таныту, әрине Раббымызды разы ететін хал емес. Сондай-ақ, шүкірсіздік қолда бар нығметтің қайырылмай кетуіне де апарып соғуы мүмкін. Бұл жайында Раббымыз Ибраһим сүресінің 7-ші аятында хабар береді:
«Егер шүкірлік қылсаңдар, күмәнсіз сендерге арттырып беремін, ал егер көргенсіздік қылар болсаңдар, күмәнсіз Менің азабым өте қатты!».
Шүкірлік өзіміз үшін қажет дүние:
«… Шүкірлік қылған тек өзі үшін ғана шүкірлік еткен болады. Ал көргенсіздік танытқан біліп қойсын, Алла ештеңеге мұқтаж емес. Ол мақтауға лайықты!» (Лұқман сүресі, 12-аят).
Өнеге айналары
Пайғамбарымыз (с.а.у.) дастарқанын жиыстырарда былай деп айтатын:
«Уа, Раббымыз! Саған таза көңілмен, үнемі артатын, құзырыңнан кері қайтарылмай қабыл етілетін сансыз хамдпенен алғыс айтамыз!» (Бұхари, Әтғимә 54; Әбу Дәуіт, Әтғимә 52).
Бір күні пайғамбардың (с.а.у.) жанында екі адам түшкіреді. Пайғамбарымыз олардың біріне «ярхамукАллаһ» деп айтты, ал екіншісіне айтпады. Сонда әлгі екінші адам:
«Пәленше түшкіргенде оған «ярхамукАллаһ» деп айттыңыз, мен түшкіргенде неге айтпадыңыз?!», - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз оған:
«Ол «Әлхамдулилләһ» деп айтқан болатын, ал сен айтпадың», (Бұхари, Әдеп 127; Муслим, Зуһд 53) деп жауап берген екен.
Бірде Әлемдердің сұлтаны (с.а.у.) Хазіреті Омардың үстінен бір көйлек көреді. Одан:
– Мына көйлегің жаңа ма әлде жуылған ба, - деп сұрайды. Омар (р.а.):
– Жаңа емес, жуылған ғой – дегенінде, Алланың елшісі оған:
«Жаңа ки, хамд етіп өмір сүр және шейіт болып көз жұм!» - деп, дұға жасады (Ахмед, ІІ, 89).
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл дұғасы айна қатесіз орындалды деуге болады. Хазіреті Омар (р.а.) шейіт болып көз жұмды.
Құлдың шынайы жүрегінен шыққан шүкір (алғыс) сөзінің салмақтылығы жайында мынадай хадис бар: «Алланың бір құлы: «Уа, Раббым! Сенің ұлықтығыңа және ұлы құдіретіңе лайық түрде хамд болсын!» - деп, дұға қылды. Бұл керемет хамдты естіген амалдарды жазушы періштелер қандай сауап жазарларын білмей сасып қалды. Олар не істеу керектігін білмей, аспан әлеміне барып: «Уа, Раббымыз! Сенің құлың сондай керемет бір сөз айтты. Біз оның сауабын қалай жазарымызды білмей қиналдық» - дейді. Сонда Алла Тағала бұдан өзі де толықтай хабардар бола тұра:
«Менің құлым не айтты?», - деп сұрайды.
Періштелер оның жасаған дұғасын қайталап айтады:
«Уа, Раббым! Сенің ұлықтығыңа және ұлы құдіретіңе лайық түрде хамд болсын!».
Бұдан соң Алла Тағала ол періштелерге:
«Құлым маған қауышып, мен оның осы мінәжатына сыйын беретін күнге дейін сендер ол сөзді сол күйі жазып қойыңдар!», - деп бұйырды (Ибн Мәжә, Әдеп 55).
Раббымыз баршамызға осындай дұғаны нәсіп етсін!
Сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай депті:
«Жетім өстім. Пақыр түрде хижрет еттім. Ғазуанның қызына қарнымды тойдырып, киім-кешегімді бүтіндеу үшін жұмысшы болып жалдандым. Жолда қонақтаған кезде оларға отын жинап беретінмін. Жануарларына мінуге демеу жасап, түйелерінің жылдам жүруі үшін дауыстап жүретінмін. Ислам дінінің мерейін үстем қылып, Әбу Һұрайраны имам еткен Алла Тағалама хамд айтамын!» (Ибн Мәжә, Рухун 5/2445).
Айша (радиАллаһу анһа) айтады: «Бір түні Расулұллаһ (с.а.у.) маған:
«Айша, рұқсат етсең осы түнді Раббыма құлшылық етумен өткізгім келеді», - деді. Мен: «УАллаһи, сенімен бірге болғанды жақсы көремін. Бірақ, саған қуаныш сыйлайтын істі одан да жақсы көремін», - дедім.
Сосын ол тұрып дәрет алды да намазға тұрды. Намазда жылай бастады. Сондай көп жылады, киімі, мүбәрәк сақалдары, тіпті сәжде жасайтын жері көз жасымен суланды. Сол кезде намазға шақыруға келген Хазіреті Біләл (р.а.) оның көз жасын көргенде:
«Уа, РасулАлла! Алла Тағала сіздің өткен және келешек күнәларыңызды кешірген емес пе, неге мұншалықты жылайсыз?», - дегенде Пайғамбар (с.а.у.):
«Аллаға шүкір қылатын құл болмайын ба? УАллаһи, бұл түнде маған сондай аяттар түсірілді. Оларды оқып, мағынасына ой жүгіртпегендерге өкініш болсын!», - деп жауап берді де ол аяттарды оқыды:
«Шәк жоқ көктер мен жердің жаратылуында, күндіздің және түннің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тіке тұрып, отырып, жамбастап жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайлы ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақтай гөр!» (Әли Имран сүресі, 190-191 аяттар), (Ибн Хаббан II, 386).
Абдуррахман бин Ауф (р.а.) риуаят етеді:
«Бір күні Расулұллаһ (с.а.у.) мешіттен шығып бір жаққа қарай жүрді. Мен артынан ердім. Бір құрма бақшасына кірген ол (с.а.у.) құбылаға қарап сәжде жасады. Сәждеде ұзақ жатқандығы соншалық мен оның жаны кетіп қалды ма деп ойладым. Жалма-жан жанына жетіп жүзіне үңіліп қараған едім, ол басын көтеріп:
«Не болды ей, Абдуррахман?», - деп сұрады.
Мен: «Уа, Алланың елшісі, сіз сәждеде сондай ұзақ жатқан соң мен бірдеңе боп қалды ма деп қорқып, жүгіріп келдім», - дедім. Пайғамбар (с.а.у.): «Бақшаға кірген кезімде Жәбірейілге (а.с.) жолықтым. Ол маған Алла Тағаланың мына сүйіншісін жеткізді: «Кім саған сәлем айтса, Мен де оған сәлемет беремін. Кім саған салауат айтса, Мен де оған салауатпен қайтарамын». Сондықтан да Раббыма шүкір сәждесін жасадым», - деді (Хаким І, 344/345/810).
Бізге тарту етіліп жатқан нығметтердің барлығы Алла Тағаладан екендігі талассыз шындық. Алайда, сол нығметтің біздің қолымызға тиюіне себеп болғандарға да алғыс білдіру ожданның адамгершілік борышы. Хадисте айтылады:
«Өзіне жақсылық жасалған адам оны жасаған кісіге «Алла саған игі-жақсылық берсін!» - деп, дұға етер болса алғыс борышын ең жоғары дәрежеде өтеген болады» (Тирмизи, Бирр 87/2035).
Айша (радиАлла анһа) айтады: Алла Расулі маған жиі-жиі: «Айша, маған жаттаған өлең жолдарыңнан біреуін оқып берші!» - деп айтушы еді. Мен:
«Қайсысын оқып берейін уа, РасулАлла! Мен көп өлең жаттағанмын», - дейтінмін.
«Шүкір жайындағысын», - дейтін. Бір жолы мен оған:
«Ата-анам саған пида болсын! Бір ақын былай деген екен», - дедім де мына өлеңді оқып бердім:
«Әлсіздің қолынан ұстап, демеуді ұмытпа,
Оның әлсіз болып көрінуіне сен алданба.
Бір күн кеп саған да сондай күн туар,
Айналаңды уайым-қайғы қоршап алар.
Сол кезде әлгі әлсіз жәрдем етер,
Тым болмаса шүкірімен, дұғасымен сені демер.
Кәміл біреуді кемсіткің келсе білгенің дұрыс болар,
Әлсіз күштер мықтыны қалай кемсіте алар».
Сонда Алланың елшісі (с.а.у.):
«Ей, Айша! Жәбірейілдің маған жеткізген хабары бойынша Алла Тағала қиямет күні махлұқатын тірілткен кезінде біреуден, жақсылық көрген құлынан былай деп сұрайды:
«Саған жақсылық қылған құлыма алғыс айттың ба?»
Ол: «Уа, Раббым! Маған істелген жақсылықты Сенен деп білгендіктен тек Саған шүкіршілік айттым!» Алла Тағала оған:
«Бұл жақсылықтардың саған жетуіне себеп болған құлыма алғыс білдірмейінше, Маған шүкір еткен болмайсың!», - деп айтады» (Али әл-Муттақи ІІІ, 741-742).
Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамға берілген ең үлкен нығметтердің бірі ретінде шүкір етуші жүректі атайды. Сәубан (радиАлла анһу) айтады:
«…Алтын мен күміс жиып, оларды Алла жолында жұмсамағандарға жан күйзелтуші азапты естірт!» (Тәубе сүресі, 34-аят) аяты түскен кезде біз Алла Расулімен бірге бір сапарда болған едік. Сахабалардың ішінен біреулері:
«Алтын мен күміс жайында аяттар түсті (Енді оларға әуес болмаспыз). Шіркін, енді қай мал-мүліктің қайырлы екендігін білсек, соған талпынсақ!» - десті. РасулАлла (с.а.у.): «Қолға түсіруге болатын нәрселердің ішіндегі бағалысы – зікір ететін тіл, шүкір ететін жүрек және күйеуінің иманына көмекші болатын салиқалы әйел» (Тирмизи, Тәфсір 9/3094) деген.
Дәуіт (а.с.) Раббысына көп шүкірлік қылатын. Бір жолы ол былай депті:
«Уа, Раббым! Мен Саған қалай толық шүкір етейін. Өйткені, саған шүкір ету үшін тағы да сенің нығметтеріңе (тілге, ақылға және жүрекке) мұқтажбын».
Сонда оған былай уахи келді:
«Саған келген нығметтерімнің бәрінің Менен екендігін білесің бе?».
Дәуіт пайғамбар:
«Иә», - деді.
Сонда Алла Тағала:
«Осылай ойлауыңның өзі Менің саған разы болуым үшін жеткілікті», - деді (Ибн Кәсир, Қисасул-Әнбия, Бәйрут, Дәрул-қалам 524-б.).
Хазіреті Омар (р.а.) бір мүминге жолығады. Ол үнемі: «Алла Тағалам, мені аздардың қатарынан қыла гөр!» - деп дұға етеді екен. Омар мұның мағынасын түсініңкіремей:
«Неге бұлай дұға етесің?» - деп сұрағанда, әлгі кісі:
«Алла Тағала: «… Құлдарымның арасында шүкір етушілер тым аз» (Сәбә сүресі, 13-аят) дейді, мен сол бақытты аз топтан болғым келеді», - деп жауап берген екен (Ибн Әби Шәйбә, Мусаннаф ҮІІ, 81).
Қандай көркем тәрбие иелері еді бұл кісілер?!
Біздің әр сәт хамд пен шүкір сезімімен жүріп-тұруымыз – құлдық парыздарымыздың ең маңыздыларының бірі. Бұл борышты орындасақ, бұл бізді Алла Тағалаға жақындатады әрі біздегі нығметтің артуына себеп болады. Хазіреті Мәуләна қандай керемет айтқан:
«Нығметке шүкір ету, нығметтен де хош. Шүкірді сүйген адам ендігі әрі шүкірді тастап нығметке асығар ма? Шүкір – нығметтің жаны, ал нығмет оның терісі, қабығы ғана. Өйткені, сені Достың есігіне апаратын тек шүкір. Ал, нығмет адамды ғапылдыққа апаруы да мүмкін. Сен есің барда еліңді тауып, шүкір атты шын нығметті аңды!».