Дүние мен ақыреттің құны

Дүние мен ақыреттің құны

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл өмірде амал бар да, ал ақыретте амал болмайды, ол жерде тек бұл дүниеде жасалған әрбір жақсы, жаман істерімізге Алланың құзырында есеп беретін боламыз. Дана халқымыз «Не ексең, соны орасың» деп текке айтпаса керек. Яғни, бұл өмірде қандай амалдар жасасақ, қияметте алдымыздан соның нәтижесі шығары даусыз. Сондықтан адам баласы балиғат жасына толғаннан бастап жасаған істерінің оң-терісіне жете мән беруі керек. Бұл турасында Алла тағала Құран Кәрімде «Адам баласы өзін еркін қоя берілді деп ойлай ма?» («Қиямет» сүресі, 36-аят) дейді.

Әлбетте, бізді жаратқан Алланың рақымы шексіз. Сол себептен ол бізге пайғамбарлар мен кітаптар жібермеді ме? Иә шынында Алла бізді жақсы көргендіктен Өз Кітабы арқылы мынаны істесеңдер, зиян табасыңдар, мынаны істесеңдер, екі дүниеде де бақыт табасыңдар деп анық ескертіп тұр!

Құран кәрімде: «Маған малым пайда бермеді, билігім де қолымнан кетіп қалды» («Хаққа» сүресі, 28-29-аяттар),- деп ақырет күнінде адам-дардың қатты өкініште қалатынын айтады. Әлбетте, Исламда дүниені (байлық) жинама демейді, бірақ жүректе емес, қолда ұста дейді. Ал егер бір мұсылманның жүрегіне дүние кірсе, тура бір үлкен теңіздің үстіндегі кеме тесіліп, ішіне су кіргенмен тең. Сосын ол кеме суға батады, сол сияқты әлгі мұсылман да ақыретін ұмытып, дүниенің әшекейлері мен жылтырағына алданары сөзсіз.

Ерте ме, кеш пе біз бәрібір Алланың алдына ораламыз, яғни бұл дүниеден қайтамыз. Демек әрбір сәтті текке жіберу - біз үшін үлкен қасірет. Алла тағала бізге өмірді күліп-ойнасын деп бермеді. Керісінше, сол берілген уақыттарда дүниеде салих, ізгі амалдар жасап, менің разылығыммен жаннат жайына барсын деп берген...

Ендеше, құрметті мұсылман бауырлар, бір күндері бұл дүниеден өтетінімізді, Алланың алдына барып есеп беретінімізді, жәннат, тозақ бар екенін біле тұра, неге жайбарақат жүрміз? Осыған біз зер салып, ойланып көрейікші. Әрбір ойланған жан бұл сұрақтың жауабын жүрегінен табары анық.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде былай дейді: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсені пайдаланып қал: қартаймастан бұрын жастық шағыңды, ауырмастан бұрын денсаулығыңды, кедейленбестен бұрын байлығыңды, істі (машғул) болудан бұрын бос уақытыңды, сондай-ақ өлместен бұрын өміріңді (Алла жолында ақыретіңе пайдаланып қал)».

Жоғарыдағы хадиске зер салып қарайтын болсақ, ол біздің өмірімізді толық қамтып тұр. Осының ішіндегі ең өкініштісі - адам өлгеннен соң барлық амалдарының жабылатындығы, яғни ол кезде барлығы кеш болады, адам баласы қанша өкінгенімен, жылағанымен, бұл фәни дүниеге қайта оралуы мүмкін емес. Сондықтан жоғарыдағы хадистің бесіншісіне қарасақ, «Сондай-ақ, өлместен бұрын өміріңнің қадірін біл, (ақыретіңе пайдаланып қал)» деп, бұл өмірде текке жүрудің нағыз зиян екенін айтады. Біздер нені қалаймыз? Әлбетте, дүниеде де бақытты болуды қалаймыз. Ал адамды жақсылыққа жеткізу тек Алланың қолында. Ендеше, барша жақсылықтың иесі Алла тағала біздерге разы болғанда ғана жақсылыққа жетеміз. Оның разылығын қалай аламыз? Әрине, өзі көрсеткен Ислам атты жолмен жүру арқылы. Бірақ бұл жерде ескертетін жайт: «Мен мұсылманмын, әлхамдулиллә» деп жүре беру де дұрыс емес.

Мәселен, бір адам үйінен шығып, ақша табу үшін жұмыс іздейді. Ақыры іздеген жұмысын табады. Сол жердің басшысымен келіседі. Басшысы: «Айлығың осындай, былай істесең, өзіңе жақсы, былай істесең, жамандығы өзіңе» деп, ол жердің жұмыс жүйесін түсіндіреді. Әлгі адам «бәрі жақсы екен, ондай болса мен бұл жұмысты істеймін» деп келісіп, ертесіне мүлдем бармай қойса, дұрыс бола ма? Әлбетте, оған жұмысына бармағаны, ештеңе істемегені үшін бір тиын да берілмейді. Дәл осы сияқты құр мұсылманмын деп жүре беру Алланың разылығына апармайды. Ол үшін қосымша ізгі амалдарымыз болуы қажет. Ал амалдың ең ұлығы - намаз екен, құрметті мұсылман бауырлар! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жан досы, бірінші халифа хазреті Әбу Бәкір (р.а): «Кімде-кім қабірге еш дайындықсыз кірсе, ол тура бір ашық теңізге кемесіз түскенмен тең» десе, Яхия бин Муғаз риуаят еткен хадисте «Ізгі жанды адам Аллаға күнә қылмайды, шын данагөй адам дүниесін ақыретінен жоғары қоймайды» деп ескертіледі.

Иә, шынында ақылы бар, парасаты толық, жүрегінде иманы бар мұсылман баласы еш уақытта қайтатын жерін, өлетін кезін естен шығармайды және өзіне берілген өмірін барынша ізгі, салих амалдар жасап қалайын деп әрекет етері сөзсіз. Ал біз ше, өз пайдамызды білеміз бе? Өз-өзімізге жанымыз аши ма?

Олай болса ең арзан, фәни нәрсеге жетемін деп жүріп ең қымбат нәрседен (ақыреттен) айырылып қалмайық, ағайын!

Омар СӘЛІМБЕКОВ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: