Ықылас - ниеттің кіршіксіз таза, шынайы, тура болуы. Ол көңіл пәктігін, жүрек тазалығын, көңілді кірлететін қылықтардан алыс әрі пікірде ұстамдылықты білдіреді. Құлшылықта Аллаға ортақ қоспай, ешқандай ішкі есепсіз Алла разылығын ғана көздеп, жауапкершілігі мен міндеттерін тек қана Жаппар Жаратушының бұйырғандығы үшін орындау. Осы шынайылық - саф құлдардың ең маңызды қасиеттерінің бірі.
Шынайылық ең әуелгі пайғамбарлардың қасиеті болса, ықылас оның нұрлы ұшар шыңы. Ықыласты болуға адамдар өмір бойы талпынса, пайғамбарлар бұл қасиетке тумысынан ие.
Құран Кәрімде олардың осы ерекшеліктерін кейбір пайғамбарлар арқылы:
وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ مُوسَى إِنَّهُ كَانَ مُخْلَصًا وَكَانَ رَسُولًا نَبِيًّا
«Кітаптағы Мұсаны есіңе ал. Шындығында, ол - ықыласты етілген, елші әрі пайғамбар еді»[1] және хазірет Жүсіп жайлы إِنَّهُ مِنْ عِبَادِنَا الْمُخْلَصِينَ «Күмәнсіз, ол - ықылас табыс етілген құлдарымыздан еді»[2] , - деп сипаттайды.
Алла тағала Пайғамбарымызға да:
إِنَّا أَنزَلْنَا إِلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ فَاعْبُدِ اللَّهَ مُخْلِصًا لَهُ الدِّينَ
«Күмәнсіз, бұл кітапты саған хақ етіп түсірдік. Олай болса, сен де дінді тек қана Аллаға лайық етіп, ғибадат жаса!»[3] - дей отырып, жалпы адамзатқа деген құлшылықтың құндылығын танытады.
Басқа бір аятта да Алла Пайғамбарымызға:
قُلْ إِنِّي أُمِرْتُ أَنْ أَعْبُدَ اللَّهَ مُخْلِصاً لَّهُ الدِّينَ
«ДінімдінағызАллағаарнапқұлшылыққылуға бұйырылдым» - деп айт» [4], - дейді.
Алла пайғамбарларды адам баласына үлгі ретінде жібергендіктен, олардың қай-қайсысының да ықыласты құл екенін айтады. Олардың күллі игі амалы мен ниетінде терең ықылас жатыр. Олар пайғамбарлық міндетін атқару барысында бүкіл қиындықтарға мойымай қарсы тұра білді және ізгілікті дәріптеп, жақсылыққа шақыру ісінде ешкімнен де ақы талап етпеді. Бәрінің аузынан:
إِنْ أَجْرِيَ إِلاَّ عَلَى اللّهِ
«Менің ақымды тек Алла тағала ғана береді»[5], - деген бір-ақ ауыз сөз төгілді. Рас. Істеген жақсылығы үшін ешкімнен ақы талап етпеген олар қызметін Алла разылығы үшін толық атқарды. Пайғамбарлардан кейінгі ең ықыласты құлдар - сахабалар. Бұл тұрғыда сахабаларға жетем деу тіптен мүмкін емес. Олар саналы ғұмырын тұтастай хақ жолына арнап, тірі жаннан еш нәрсе күтпестен өмірден озды. Мысалы, Мусаб ибн Умәйр қайтыс болғанда, оны кебіндейтін мата да табылмады. Басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпегендіктен, марқұмның мәйітін шөппен бүркемелеуге тура келген.
Алла тағала қасиетті Құранның көптеген аятында құлшылықты бір ғана Алла үшін жасауды әмір етіп, дұшпандардың қысастығы мен қастандығына, зұлымдығы мен түрліше айла-шарғыларына қарамастан пейілге сызат түсірместен бәрібір ықыласты болуға шақырады. «Ғафир» сүресінде:
فَادْعُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ وَلَوْ كَرِهَ الْكَافِرُونَ
«Кәпірлер жақтырмаса да, сендер ғибадаттарыңды шын жүректен Алла үшін жасап, Оған дұға етіңдер» [6] делінсе, тағы бір аятта:
وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَى حُبِّهِ مِسْكِيناً وَيَتِيماً وَأَسِيراً. إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ
اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاء وَلَا شُكُوراً
«Өздері мұқтаж бола тұра, тек Алланың ғана разылығына қол жеткізу үшін кембағалдарға, жетімдер мен тұтқындарға ішіп-жегізеді. Біз сендерге тек қана Алла разылығы үшін береміз. Сендерден ақы сұрамақ түгілі алғыс алуды да күтпейміз»[7] деу арқылы ықыласты болудың өлшемін білдіреді.
Ықылас - жүректің ісі. Алла тағала адамның жүрегіне қарап, амалына сауап жазады. Пайғамбарымыз айтқандай «Алла сыртқы кескін-келбет, дене-пішініңізге емес, жүректеріңізге қарайды»[8].
Ықылас - саф жүректерге Алла тарапынан берілген сый. Ол - аз нәрселерді молайтып, берекетін арттырады, шектеулі құлшылықты шексізге айналдыратын сиқырлы сый.
Ықылас - жүрекке жасырынған сыр. Ол тек Аллаға ғана аян. Сол себепті жүректегі ықыластың қандай екенін періште де біле алмағандай, бұл сырға шайтан да қол жеткізе алмайды.
Ықыластың осы сырлы күшіне байланысты хазірет Әли «Амалдыңаздығынемес, қабылболуынойла, өйткеніМуазибнЖәбәлғаПайғамбарымыз:
أَخْلِصِ العَمَلَ يُجْزِيكَ مِنْهُ قَلِيلٌ
«Діни өміріңде аз амал етсең де, ықыласты болсаң жеткілікті» деген және басқа бір хадисінде «Амалдарыңызда әрқашан ықыласты болыңдар, өйткені Алла амалдардың тек қана шынайы болғанын қабылдайды»[9] деп ықыласқа ерекше мән берген.
Ықыласқа ерекше мән берген исламда рияшылдық «ширк» боп есептеледі. Рия - ықыласқа қарама-қарсы теріс ұғым. Ол бүкіл амалдары мен діннің бұйырған ізгі істерінде Алланың разылығын емес, дүниелік мақсат үшін адамдардың ризашылығын мұрат етуді білдіреді.
Пайғамбарымыз рияшылдыққа байланысты былай дейді:
Қиямет күнінде алғаш шақырылатындар: Құранды жаттаған қари, дін жолында өлген адам және көп дүние-мүлікке ие болған кісі. Алла тағала әуелі Құран жаттағаннан: - Мен саған пайғамбарыма түсірілген Құранды үйретпедім бе? - деп сұрайды. Ол: - Иә, Раббым, - деп жауап береді. Алла тағала: - Білгендеріңмен қалай амал еттің? - деп қайта сұрайды. Әлгі адам: - Мен оны күндіз-түні оқыдым, - дейді. Алла оған: - Жалған айттың, - дегенде, періштелер де қостап «өтірік айтасың» дейді. Алла тағала оған: - Керісінше «пәленше Құран оқиды» деп айтсын деген ниетпен оқыдың және ол ниетіңе іс жүзінде қол жеткіздің де, - дейді. Содан кейін дүние-мүлкі көп адам әкелінеді. Алла: - Мен саған көп дәулет бермедім бе? - деп сұрайды. - Тіпті көп бергенім соншалық ешкімге күнің түсіп көрген емес, - дейді. Бай адам: - Иә, солай Раббым, - дейді. - Берілген мүмкіндіктермен қалай амал еттің? - деп сұрайды Алла тағала. Әлгі бай сонда: - Туыстық қарым-қатынасымды үзбедім, садақа бердім, -дегенде, Алла: - Жоқ, сен «пәленше жомарт» екен деп айту үшін бердің. Солай айтылды да, - дейді. Содан кейін дін жолында өлтірілген адам сұраққа тартылады. Алла одан да: - Кім үшін өлтірілдің? - деп сұрайды. Ол: - Сенің жолыңда жиһадқа бұйырылдым. Мен қасық қаным қалғанша, кеудемнен жаным шыққанша аянбай соғыстым, - дейді. Хақ тағала оған: - Өтірік айтасың, - дейді. Періштелер де «өтірік айтасың» деп қосылады. Алла тағала оған қайтадан: - «Пәленше батыр екен десін» деп іштей мақтау-марапат күттің және дегеніңе жеттің. Солай айтылды да, - дейді. Содан кейін Расулалла Әбу Һурәйраның тізесінен соғып: - Ей, Әбу Һурәйра! Осы үш адам - қиямет күнінде жаһаннам отын алаулататын Алланың мақұлығы, - деді.
Шуфәй былай дейді:
«Әбу Һурәйрадан алған бұл хадисті Мұғауияға жеткіздім. Бұны естігенде Мұғауия «Бұндай адамдардың өзі осындайға ұшыраса, басқалардың жағдайы не болмақ?» деп екі иығы селкілдеп жылай бастады. Сәлден кейін өз-өзіне келіп көз жасын сүртіп, «Алла мен Оның елшісі дұрыс айтты» деп «Һуд» сүресіндегі:
مَن كَانَ يُرِيدُ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا وَزِينَتَهَا نُوَفِّ إِلَيْهِمْ أَعْمَالَهُمْ فِيهَا وَهُمْ فِيهَا لاَ يُبْخَسُونَ. أُوْلَـئِكَ الَّذِينَ لَيْسَ لَهُمْ فِي الآخِرَةِ إِلاَّ النَّارُ وَحَبِطَ مَا صَنَعُواْ فِيهَا وَبَاطِلٌ مَّا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Кім дүние тіршілігі мен оның зейнетін қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз; сондай-ақ, олар онда кемшілікке ұшыратылмайды. Есесіне ақыретте оларға тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниеде жасағандары жойылып кетті. Онсыз да олардың жасағандары бекершілік»[10] деген аятты оқыды[11]. Негізі, дүниелік нәрселерді талап ету харам етілмесе де, харам етілген нәрсе: дінімен діндарлық көрсету және діни амалдарымен дүниені талап ету, қысқаша айтқанда, дінді дүниелік мүдде үшін қолдану. Алла бізді бұдан сақтасын!
Әбу Һурәйра жеткізген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллатағала «Менортақтарданпәкпін. Кімде-кім амал етіп, бұған менен басқаны ортақ қылатын болса, ақыретте оны сол ортағына қалдырамын»[12], - деп айтқан.
Шәддад ибн Әус: «Пайғамбарымыз «Үмбетімүшінеңқорыққаннәрсем - Аллағасерікқосу. Бұл үмбетімнің қайтадан күнге, айға немесе пұттарға табынады деген сөз емес. Алайда, менің қорқатыным олар амалдарында рияшылдық жасайды»[13], - деп айтты деген. Пайғамбарымыз ықыласты сақтаудың қиындығын білдіріп, үмбетіне риядан сақ болуды ескерткен.
Істің қаншалықты шын ықыласпен жасалғанын, не болмаса рия екенін білудің кейбір белгілері бар. Мысалы, кейбіреу жай кезде сөзімен, ақылымен, мінезімен кішіпейіл көрініп, өзінен дәрежесі төмен біреумен тілдесе қалса, ісініп, кебініп, көкірегін ұрып, шынайы бет пердесін көрсетіп алады. Демек, ол шын мәнінде кішіпейіл емес. Өзінен жоғары адамдардың алдында ғана иіліп, бүгіліп жақсы көріну ниетіндегі пенделіктен аса алмаған адам. Ықыластың нағыз белгісі - залым, қатігез адамның алдында бойын тік ұстап, намысты болу. Мүміндермен араласқанда аса кішіпейілдік танытып, иілгіш келу. «Кішіпейілділіктен кішіреймейсің» демекші, адамгершілігі бар адаммен адамша араласу деген сөз. Ықылас - жүректің Алламен байланысы. Сондай-ақ жұрттың алдында қандай ықыласпен ғибадат етсеңіз, ешкім көрмейтін жалғыз қалған кезде де дәл сол құлшылығыңыздан бір мысқал да таймауыңыз. Әйтпесе, жұртпен бірге намаз оқығанда қырағатын әдемілеп, намаздарын ұзатып оқып, жалғыз қалғанда шала-шарпы, үстірт орындаса, бұл нағыз рияшылдыққа жатады.
Әсіресе, қазіргі кезде рияшылдықтың етек алып кеткені соншалық, адамдар рияның не екенін ажырата алмай қалып жатады. Жеткен жетістіктерін «өз еңбегімнің арқасы» деп біліп, мақтау мен марапаттауға мастанып, бұған жеткізуге себепкер болған Алланы тарс ұмытып шыға келеді. Алла мейірімін төгіп тұрса да, олар бұған Алланы тану үшін емес, Алладан алшақтатушы бір перде (Алла табиғат заңдылықтарын Өзінің ұлылығына перде еткен) ретінде қарайды.
Рияшылдықтан арылып, ықыласқа қол жеткізудің ең негізгі жолы - үнемі өлімді еске алу. Адам өзін бұл дүниеге уақытша келген қонақ сияқты сезініп, соған сай өмір сүрсе рияшылдықтан құтыла алады. Қонақта өзіңізді қалай ұстайсыз? Әрине, барынша әдепті, сабырлы болуға әрекеттенесіз. Өйткені, қонақ болу - уақытша ғана сәт. Сол сияқты мына өткінші ғұмырда да өзінің қонақ екенін сезіне білген адам әрбір адымын аңдап басады.
Рияшылдықтан құтылудың тағы бір жолы - ихсан тұғырын иелену. Яғни, Алла тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ету. Біз Алланы көре алмағанымызбен, сәт сайын мүлтіксіз Алланың назарында тұрғанымызды естен шығармауымыз керек. Сол кезде ғана рияшылдықтың шырмауынан құтыламыз.
Жүрегі ықыласқа толы адам ешкімнен мақтау, марапаттау күтпейді. Істеген ісі үшін атақ, абырой, даңққа кенелуді ойламайды. Істі алғаш бастаған кезде қандай шынайы болса, үлкен жетістікке жеткен кезде де сол шынайылығынан айрылмайды. Ол үшін ең бастысы - істеген амалдарын Алланың қабыл алуы. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың өмірі - үлгі. Меккеде пайғамбарлық кезеңі басталған тұста қандай шынайы, кішіпейіл болса, Мәдинаға қоныс аударғанда да, алғашқы ислам мемлекетінің басшысы ретінде Меккені азат еткен кезде де сол кішіпейілділігінен танбады. Пайғамбарымыздан кейін ел басқарған әділ халифалар да осы киелі үрдісті жалғастырды.
Шынайы дін жолында жүрген адам да өз өмірінің осындай иләһи бақытқа бастар бағыттан ауытқымауын әркез таразылап отырғаны абзал.
Ықыласты құлдарды шайтан оңайшылықпен құрығына түсіре алмайды. Себебі, оларды Алла өзі қорғауына алып, жаңылыс қадам басуына жол бермейді. Бір құдси хадисте айтылғандай, Алла тағала ықыласты құлының «көретін көзі, еститін құлағы, жетектейтін қолы, жүретін аяғына айналады». Шайтан да ықыласты құлдардың алдындағы дәрменсіздігін мойындап, Аллаға:
قَال فَبِعِزَّتِكَ لَأُغْوِيَنَّهُمْ أَجْمَعِينَ* إِلَّا عِبَادَكَ مِنْهُمُ الْمُخْلَصِينَ
«Сенің ұлылығыңмен ықыласты құлдарыңнан басқасының бәрін аздыруға ант етемін, - деді (шайтан)»[14].
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
مَنْ سَأَلَ اللَّهَ الشَّهَادَةَ بِصِدْقٍ بَلَّغَهُ اللَّهُ مَنَازِلَ الشُّهَدَاءِ وَإِنْ مَاتَ عَلَى فِرَاشِهِ
«Нағыз жүрек, шын ықылас-пейілмен шейіт болуды сұраған адамды Алла тағала төсегінде өлсе де шейіттердің мәртебесіне жеткізеді»[15] деу арқылы шынайы ниеттің маңызы мен салмағын сездірген.
Ықыласпен жасалған тілек әркез қабыл болады. Қандай істе болмасын табысқа жету шынайы ықылас арқылы жүзеге асады.
Ықылас пен шынайылықтың белгісі - ақиқаты анық, дұрыстығы тура деп білген жолда жалғыз қалып кетсе де мойымай, дұшпандардың қысастығы мен қытымырлығына, өсек-аяң, бәле-жалаға қарамастан мақсат еткен бағытынан таймау.
Ислам діні ықыласпен қатар ниетке де өте үлкен мән берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:
إِنَّمَا الْأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إِلَى دُنْيَا يُصِيبُهَا أَوْ إِلَى امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا فَهِجْرَتُهُ إِلَى مَا هَاجَرَ إِلَيْهِ
«Шын мәнінде амалдар тек қана ниеттерге байланысты. Әркімнің ниеті қандай болса, табысы сол. Кімде-кімнің хижраты, Алла мен елшісі (ризалығы) үшін болса, оның хижраты Алла мен елшісіне бағытталады. Ал, кімде-кім дүниеге қол жеткізу үшін, не болмаса қандайда бір әйелге үйлену үшін хижрат жасаса оның хижраты да сол көздеген мақсатта болады»[16]- дейді.
Тек қана хижрат жасауда емес, бүкіл іс-амалдарда ниет - өте маңызды. Ниет арқылы біз өзіміздің амалдарымыздың мақсатын белгілейміз. Егер амалдарымыздың мақсаты дүниелік болса, Алла оған дүниелік қана пайда береді. Мысалы, бір кісі ораза ұстаған кезде денсаулық үшін, сабырлылығын арттыру үшін ұстаса, ол сол ниетіне жетеді. Алайда, ақыретте Алланың сыйын ала алмайды. Алла үшін жасалған жақсылықтардың сыйын тек Алла береді. Ақыретте соны әшкерелейтін Алла тағала «міне, мыналар сендердің ортақ қосқандарың, осылардан сұраңдар»[17] дейді. Әркім өз жанын сауғалайтын болғандықтан ешкімнің ешкімге титтей де көмегі болмайды.
Адамның ниеті амалын өзгертеді. Кішкентай бір ісін ғибадатқа айналдырғандай, жұртқа көрсету үшін істеген ғибадатын күнәға айналдырады. Мысалы, бір адам ұйықтар кезде «түнде Алла үшін тұрып, құлшылық жасаймын» деген ниетпен жатса, оның ұйқысы да ғибадат болып саналады. Тамақ жеген кезде ысырап қылмай, дініміздің үйреткеніндей «бисмиллаһ» деп бастап «әлхамдулиллаһ» деп бітірсе, ас үстіндегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жасағанын әркез үлгі етсе, онда тамақтанудың өзі ғибадатқа айналады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
نِيَّةُ الْمُؤمِنِ خَيْرٌ مِنْ عَمَلِهِ
«Мұсылманның ниеті жасаған ісінен қайырлы», - деген[18].
Алла тағаланың істелген сыртқы іске қарағанда, іштегі ниетке қарай сауап жазуы Оның шексіз рақымдылығын көрсетеді. Сондықтан, адамдардың ниеті қол жеткен табыстарынан әлдеқайда артық болмақ. Кісі жақсылықты ниет қылып, кедергіге тап болып, оны орындай алмай қалса да оған сол істі істегендей сауап жазылады[19].
«Тәбук» шайқасында Әнәс (р.а.) Пайғамбарымыздан риуаят еткен хадисінде «Мәдинада біздің жүрген жолымызды жүрмесе де, бірақ соның сауабын алған адамдар бар» деді. Сахабалар бұл қалай деп таңырқағанда Пайғамбарымыз «оларға түрлі себеп кедергі болды» деді[20]. Сонымен қатар, кейбір адамдар мейлі шайқасқа қатысып өлсін, оның шайқасудағы мақсаты Алла разылығы үшін болмаса ол шейіт бола алмайды. Сондықтан да амал жасағанда ниет аса маңызды.
Бір амалды жасаған екі адам жеке-жеке ниеттеріне қарай сауап алады. Мысалы, біреу адамдардың қамын ойлап аңызақ шөлден құдық қазды делік, алайда, қазып қойған құдығына біреу түсіп кетіп өлсе, әуелгі ниетіне қарай сауапқа иеленеді. Егер біреуді өлтіруді көздеп әдейі қазған болса, ол жазасын тартады.
Ғалымдарымыз «амал етпестен бұрын ниет етуге маңыз бер. Жақсы ниет етуден танбаған сайын, ізгіліктің жолында боласың. Әйтпесе, гүлді тікенекке айналдырып алуың оп-оңай. Соған орай жараланып қалуың да ықтимал» дейді. Ниет тек қана тілмен айту емес, сол ниетті жүзеге асыру жолында шынайы әрекет ету. Негізінде құр «ниет еттім» деп қоя салу адамды құтқармайды.
Ниет - амалдың рухы. Ниетсіз амал өлікпен тең. Ол жақсылықты жамандыққа, жамандықты жақсылыққа айналдыра алатын сырлы тылсым. Ниетсіз жасалған һижрат - саяхат, жиһад - зұлымдық, намаз - дене шынықтыру жаттығуы, ораза - диета ғана бола алады.
Ықыласты болу - амалдарын Алла үшін жасап, ешқандай қайтарым күтпеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ансарлар жайлы айтқанда мақтау-мадақтан гөрі «сендер пайда кезінде сиреп, қиындық (қызмет ету) кезінде көбейген адамсыңдар» деп халыққа қызмет көрсету жолында жел өтінде, оттың ортасында болып, жүлде табыс етілген кезде көрінбеуге тырысқан ықыластыларын айтады. Дін жолында дінге қызмет етемін деушілер әрдайым пайғамбарларды үлгі етіп, жасаған қызметтерінің қарымын тек қана Алладан күтеді.
Нағыз ықылас - ойлаған ниетіне шынайы болып соған жетуге тырысу. Ықыласқа байланысты мына бір әңгімені айта кетейік.
Әбу Бәкір Шибли төртінші ғасырдағы үлкен тақуа кісілердің бірі еді. Имам Шиблиге бағдаттық әлдебір наубайшы оның ғұламалығы мен тақуалығына тәнті болып, өмірінде бір рет көруге қатты ынтығады. Солай бола тұра, адамдар көп келетіндіктен жұмысын тастап кетуге батылы жетіңкіремейді. Имам Шибли жайлы сөз бола қалса, тамсана «шіркін, сол кісіні бір рет көру арманым» деп аһылап-үһілейді...
Күндердің бір күнінде наубайшының наубайханасының алдына ақ сақалды қарт келеді. Киген киімі өте жұпыны қарт қолын созып:
– Алла разылығы үшін жарты нан берші, - дейді. Наубайшы ашуланып:
– Аулақ жүр. Сендерден әбден мезі болдық қой. «Алла разылығы» дегенді үйреніп алғансыңдар, түге. Қайта-қайта айналып кеп соны айтасыңдар. Сұрап тұрған адамның жағдайы бар ма, жоқ па, онымен санаспайсыңдар, - деп, ал кеп ұрысады.
Қол жайған ақсақал бұл сөзді естігенде ләм-мим демеген күйі теріс айналып қаланың (Бағдаттың) шетіне қарай бет алады. Бұны көрген ел наубайшыны сөгіп дүрсе қоя береді:
– Сен не істедің? Бұл ақ сақалды қария сен тәнті болып жүрген имам Шибли ғой.
– Мына ескі-құсқы киінген адам ба?
– Иә.
Аңтарылған наубайшы Шиблидің артынан тұра жүгіріп, қуып жете етегіне оралып «мені кешіріңіз» деп жалынады.
Алла разылығы үшін жарты нанын бөліп бермеген шығайбайшыл наубайшыға дәріс беретін уақыттың келгенін сезген Шибли оған мынандай ұсыныс жасайды:
– Бағдат алаңында жүз алтыныңды қиып халыққа бір тамақ берсең сені кешірейін, - дейді.
– Құп болады. Сіз үшін жүз алтын да сөз болып па? - деп келісілген жерде халыққа тамақ береді. Жұрт тегіс келеді. Тамақ жеп болған ел Шиблиден үгіт-насихат етуін күтеді. Адамдардың бірі:
– Жиналған жамағат жаннат пен жаһаннам жайлы насихат айтуыңызды сұрайды. Осы төңірегінде халыққа уағыз айтсаңыз, - деп қолқалайды. Имам Шибли былай дейді:
– Жаннаттықтардың кім екенін білмеймін, әйтсе де, жаһаннамдықтардың кім екенін сұрасаңдар айтайын. Жиналғандар бір-біріне қарасты. Жамағат келіскен сыңай танытып:
– Жаннаттықтардың кім екенін айтпасаңыз, онда жаһаннамдықтардың кім екенін айтыңыз.
– Жаһаннамдық адам көргілеріңіз келсе, сіздерге тамақ берген мына наубайшыға қараңыздар!
Айналада сілтідей тыныштық орнады... Бәрі аң-таң. Сонда Шибли жағдайды былай түсіндіреді:
– Мына наубайшы Алла разылығы үшін жарты нан бермеді, бірақ Шибли үшін жүз алтындық ас беруден тайынбады. Осы да ықыласқа, осы да діндарлыққа жата ма, төрелігі өздеріңізде...
Жамағат үнсіз, терең ойға батқан. Сәлден соң бір-біріне:
– Шибли хазірет бізге ұмытылмас сабақ берді. Бәріміз бұдан ғибрат алуымыз керек..., - деп сыбырлай бастады [21].
Шынында ойланып қарасақ, кейде болмашы нәрселер үшін ақшамызды шашып жатамыз. Алла разылығы үшін деп алақан жайып келгенге қол ұшын беруге сараңдық қыламыз.
Имам Нәуәуи: – Біреу жасаған жамандығын естіген кезде ренжігендей жасаған жақсылықтарын естігенде де ренжісе, бұл - оның ықыласының белгісі. Өйткені, нәпсісінің ләззат алуы - рияшылдық. Кейде рия көптеген күнәдан да қатерлі, - дейді. Ықыласты кісі ойында тек қана Алланың разылығы болғандықтан игі істерінің жұртқа жария болуын да қаламайды [22].
Ғұламалар «Алларазылығынанбасқаныкөздепғибадатеткендердіңжағдайыыдысынашағылтастардытолтырыпалып, базарғашыққанадамғаұқсайды. Алыстан көрген адамдар «қандай бай» дейді. Оның пайдасы осымен ғана шектеледі. Базардан бір нәрсе алғысы келгенмен ыдысындағы іске алғысыз шағыл тастарға ешкім көк тиын ұстатпайды. Міне, рияшылдық жасаған адамның жағдайы осы. Айтылған жерде ұмыт қалатын салмақсыз бос сөзден басқа оған ақыретте ешқандай сауап берілмейді» деп айтқан[23].
Зуннун Мысри «Мынаүшнәрсеықыластыңнышаны: халықтыңмақтауымендаттауынакөңілбөлмеу (жұрттыңнедегенінелемеу), жасағанамалынтезұмыту (амалету, бірақ, оғанбастымәнбермеу), тіпті, амалдыңақыреттесауапәкелетініндеұмыту» деген.
Фудаил ибн Ияз «елүшінамалды (күнәні) істемеу - рия, жұртүшінамалету (ғибадат) - ширк. Ықылас - Алла тағаланың осы екеуінен сені сақтауы» дейді[24].
Қорыта айтар болсақ, ықылас - ақыл мен сана һәм жүректің кіршіксіз пәк ниетпен Алла үшін ғана іс істеп, сауабын да тек Алладан күтуі. Дәретсіз намаздың болмайтыны секілді, ықылассыз құлшылық та болмайды. Сондықтан бұл өмірде тек қана Алла бізді ықыласты құлдарынан қылсын! Жасаған құлшылықтарымыз бен жақсылықтарымызды тек қана Жаратушымыз әмір еткендігі үшін орындап, басқа мақсатты көздемеуіміз керек. Негізінде Алла разы болған құлының жолын ашады. Басқаларға да мойындатқызады. Пайғамбарымыз бен сахабалар, салиқалы Алла достарының нұрлы ғұмырлары бұған куә.
Қазіргі қиындық пен кедергіге толы кезеңде өздерін Ислам дінінің қадір-қасиетін арттыру ниетіндегі мүмін бауырларымыздың көбі осы бір асыл қасиет ықыласқа - аса зәру. Қазіргі кезде неше түрлі ағымдар мен секталардың көптігі баршаға аян. Олар ақиқи дін өкілдеріне қарағанда әлдеқайда жанқиярлықпен белсенді жұмыс істеуде. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығармаса, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кету қаупі бар. Ақиқатты әркім өз шама-шарқынша жаяды, оның түрлі жолдары да баршылық. Сол себепті түрліше жолмен ақиқатты халыққа жеткізу жолында тер төгіп жүрген, бір терінің пұшпағын бірге илескен діндес бауырлар ислам дінінің қуат алуы үшін дін жолында жасалып жатқан істерде бір-бірін қолдап, демегені абзал. Ислам дінін үлкен «университет» деп қарасақ, басқа әһли сүннет жамағаттары сол университеттің бөлек-бөлек факультеттері іспетті. Болмашы бас пайда үшін бір-бірімізді жөн-жосықсыз қаралаудан гөрі, бірлік пен татулықты сақтап, ықыласты жоғалтпау керек. Шайтан мұсылмандарды өз-өздеріне айдап салу арқылы барынша кедергі жасайды. Ал шайтанның күрмеуінен құтылудың жолы - ықыласты болу. Ендеше, толайым күш пен бауырмал бірлігіміздің негізі ықыласты болуымызда.
[1] Мәриям, 51
[2] Юсуф, 24
[3] Зумәр,2
[4] Зумәр,11
[5] Һуд, 29, 51; Шуара, 106-109; 142-145; 161-164: Саба, 47
[6] Ғафир, 14
[7] Инсан, 8-9
[8] Муслим, Бирр, 33; Ибн Мажа, Зуһд, 9
[9] Мунауи, фәйзуль-қадир, Бейрут, ж.ж., 1-т., 216-б.
[10] Һуд, 15-167
[11] Муслим, Имара, 152 (1905); Тирмизи, Зуһд, 48, (2383)
[12] Муслим, Зуһд 46, (2985)
[13] Муснад, IV, 24, 126; И. Жанан, Хадис ансиклопедиси, Кутубу-ситтә, Стамбул, т.ж., 6-т., 330-б.
[14] Сад, 82-83
[15] Муслим, әл-Жамиус-сахих, 2,1517
[16] Бухари, Бәд'у'л-Уахи, 1; Муслим, Имарә, 155; Әбу Дәуд, Талақ 11
[17] Тирмизи, Нузур, 9; Ибн Мажа, Фитән, 19
[18] Н. Һәйсами, Мәжмә'у'з-зәуаид уә манбаул-фауаид, Каир, ж.ж., 1т., 61,109-б.
[19] Табарани және Әбу Дауд риуаят еткен, И. Ғазали, Ихяу улумид-дин, (ауд. А. Сердароглу), Стамбул 1995, 4/2-т., 655-б.
[20] Муслим, Китабуль-имара, 1911; Бухари, Китабуль-жиһад уә китабуль-магази, 8/96
[21] А. Шахин, Олайлар конушуиор, Анкара, 1997, 55-б.
[22] Месел уфку,136-б.
[23]әз-Зәһәби, Китабуль кабаир, Муассасатуль кутубис-сақафия, Бейрут, 1990, 30-31-б.
[24] әз-Зәһәби, Кабаир, 32-б.