Асыл Пайғамбарымыздан (Алланың оған сәлемі және рахметі болсын) «Исламдағы ең жақсы амал не?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қарапайым өмір қағидасын тілге тиек етеді. Ол – тағам тарату, яғни аш кісіні тойдыру. Екіншісі, таныған танымаған кісіге сәлем беру. Алланы разы ететін амалдардың неше түрінің жиынтығы болған Исламда осы екеуіне абзалдық жағынан шынымен де теңдесі болмаған ба? Мәселе бұл амалда емес. Сол екі қарапайым амалдан күтіліп тұрған нәтижесінде болып тұрса керек.
Әуелгісі, біздің тілмен айтқанда елдің экономикасы, яғни халықтың қарнының тоқ болуы. Бірінші, қажеттіліктен елдің мұқтаждық көрмеуі қажет. Ол үшін мұсылман баласына үнемі жан-жағына тағам таратып жүруі міндеттеледі. Тағам тарату кейде сауап тұрғысында қызықтырылады. Кейде мұсылманның кейбір қателіктеріне каффарат (жазасының өтемі) етіп белгіленеді. Демек, елге дінді үйрету, әуелден қарның тойдырудан басталады. Өзі аш жалаңаш аштан өлмеудің қамымен жүрген кісіге дінді үйрете алмауымыз заңдылық қой.
Екіншісі, таныған танымаған кісіге амандасу. Иә, амандасуда тұрған не заңдылық бар деуіміз мүмкін. Араб тіліндегі амандасудың түп төркінің қарайтын болсақ, ол Алладан өзге жанға тыныштық тілеу болып есептеледі. Жер бетіне танымаған кісінің өзіне тыныштық тілеп жүрген мұсылман өзі байқамастан үлкен игі бір істерді істейді. Алланың діні ол – сау ақылдың, таза пейілдің діні. Ақыл сау, пейіл таза болуы үшін бұл дінге ұрыс-керістің, жанжалдың ешбір қажеті жоқ. Сол үшін бұл діннің аты да, заты да тыныштықты тілейді. Бірақ адамзаттың Абайдың тілімен айтқанда «қасарыспай қырсықпай жөнге келмес» қыңыр мінезінің болуы себебімен, әуел баста Алланың Елшісі (Алланың оған сәлемі және рахметі болсын) дінді жеткізгенде өзі тыныштық тілеп тұрса да, өзгеден жанжалды, қуғын сүргінді, түбі ұрыс-керісті, соғысты күткен еді. Бір ғажабы, осы тоқырау талас тартыс жылдарында Исламның қарыштап дамығаны көрінбейді. Мейлі мұсылмандардың ортасында асыл Пайғамбарымыз болса да тек Пайғамбарымыздың араб түбегіндегі бір тыныштық үшін мүшріктердің мұсылмандардың зияны болса да, қойған шарттарының бәріне келісілген Хұдайбия келісіміне дейін. Араб түбегінде тыныштық орнаған соң, Ислам дінінің тынысы ашылып, аз уақыттың ішінде сол күнге дейін жетпеген жетістігіне жетті. Әрбір сау ақыл, таза жүрек Исламнан өз үлесін тапты. Міне, сондықтан ба, Алла Елшісі үмметін үнемі бейбітшілікке тыныш өмірге шақырып отырды. Таныған танымаған кісіге тыныштық тілеуді Исламдағы ең жақсы амал деп белгіледі.
Аллаға шүкір, бізде осы Пайғамбар тілеген нығметтің екеуі де бар. Ел ішінде еңбек еткеннің де еңбек етпегеннің де қарны тоқтығы және еліміздегі мамыражай бейбіт өмірдің берекесі. Осы Пайғамбардың тілеуін бүгінде біздің Елбасымыз да елге тілеп отыр.
Елбасымыз ел аш-жалаңаш, жұмыссыз болмаса екен деп, бай-бақуатты болса екен деп, әуелден экономикаға қатты мән беріп отыр. Өзінің сындарлы саясатының арқасында ел экономикасының қарыштап дамуын қалап отыр. Сондай-ақ, өз сөзінде: Қазіргі ең басты байлығымыз ол – елдің тыныштығы деуі де бекер емес. Себебі, тыныш ел ғана алаңдамай өмір сүре алады. Өзінің экономикасын түзейді, мәдениетін қалыптастырады. Емін-еркін Алласын танып, құлшылық жасай алады. Осылайша, біз басшымызға бойұсынған алаңсыз қамсыз келешекте рухани кемелденуге қадам басқан ел едік. Бірақ күні кеше Ақтөбе қаласында болған қанды оқиға елді дүр сілкіндірді. Ең қорқыныштысы оны діннің атынан істеуі жүректерге үрей туғызды. Елдің қарнының тойғанын, тыныш өмір сүргенің қалайтын Исламды осындай үрейлі құбыжық қылып көрсетуі жанға батты. Қанды қол қарақшылықты Исламдағы ең жақсы амал деп түсіндіруі, сол жолда өзгенің жанын қия жүріп жан беруі олардың есерсоқтығын, сауатсыздығының айғақтады. Жат пиғылдылар қылыш асынып шығу арқылы өздерінің дін шеңберінен қалай шығып кеткендерін білмей қалды. Олар Алла мен Пайғамбарының алдына барғанда не деп жауап беретінін ойлады ма?
Исі мұсылман Пайғамбар тілеген тілеуді тілеу керек. Осындай дінбұзар ағымдардан аулақ болуы керек. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!
А.Р.Кенжемолдаев
Жуалы ауданының бас имамы