Әдиб Ахмед ибн Махмұд орта ғасырлық ақын, шариғатшыл хаким, ойшыл. Зағип болып туып, бұл дүниенің жарық сәулесін көрмей, бақиға озған ақын Түркістан маңындағы Жүйнек қаласында туған.
Ахмед ибн Махмұд түркі тілдерімен бірге араб тілін жетік меңгерген, Ислам шариғатын насихаттаған ақын. Ілім, әдеп, имандылықты насихаттауға арналған қысқаша тақырыптардан тұратын «Ақиқат сыйы» атты еңбек жазған. Ақыннан қалғап мұраның үш түрлі көшірмесі сақталған. Ең ескісі -1444 жылы Самарқанда жазылған нұсқасы, көлемі 508 жол, бұл қолжазба Станбулдағы Айя София кітапханасында сақтаулы.
«Ақиқат сыйының» түпнұсқасының фотокөшірмесі, транскрипциясы қазақ тіліне жолма-жол түрінде 1985 ж., ал кейінірек көркем түрде аударылды. Оның өлеңдерінің мақсаты - адам, оның ішкі сырын ашу, сол арқылы әлем құпиясына үңілу, Хақты тану болып табылады. Ендеше, ақынның өлеңдеріне кезек беріп, өзін сөйлетіп көрелік.
Бисмилләһир Рахманир Рахим!
(Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Алланың атымен бастаймын)
Иә, Алла көп мінәжат етем Саған,
Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам.
Дәріптеуге Өзіңді тіл жетер ме,
Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.
Ұшқан құс, жүгірген аң - барлығы да,
Паш етер Сені «бар» - деп, жөн бар соған!
-
Бірлігіңді білуге ұмтылғандар,
Жалғыз заттан мың түрлі дәлел табар.
Бар қылды Жаратқаным мені жоқтан,
Жоқ етер Алла тағы бар қылмақтан.
Тәубе қыл, шәк келтіріп, желік қумай,
Тұрғанда өзің өлмей, оттан сақтан!
-
Жаратты жалғыз Алла күн мен түнді,
Біріне бірін ертіп жүргізеді.
Күніңді батырады, таң аттырып,
Өлшеуін мезгілдердің білгізеді.
Бір Аллаһ өлтіретін, тірілтетін,
Көрерсің сен де оны көзің жетіп.
-
Иесі құдіреттің жалғыз құдай,
Өлгендерді тірілту Оған оңай.
Айтайын артықтығын Пайғамбардың,
Ұғып ал толғауымен ой мен ардың.
-
Құт қонған ізгінің ол - ең кемелі,
Ішінде жетері жоқ жаны бардың.
Еске алып оның атын мақтаған тіл,
Шекер мен балын татар ынтызардың.
-
Қияметте шапағатын нәсіп етсін,
Дұға етіп, сөзін айтам тәнті зардың.
Ей, Алла, қатесі көп мен құлыңмын,
Жіберші, Кешірушім, мені кешіп.
Құтылам бар пәледен Рахым етсең,
Қолға алсаң болар менің халім нешік.
-
Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны
-
Айтайын білім жайын, құнты бар бол,
Ей, достым, білімдіге ынтызар бол,
Ашылар білімменен бақыт жолы,
Сол жолға қайрат жиып, ұмтылар бол.
Білімді - алтын көзі ашылатын,
Надан жан - қара бақыр шашылатын.
Арлы әйел азамат қой, ез ер - бүлік.
Ақыл ғой ердің көркі, етте - жілік.
Жіліксіз ет секілді білімсіздік -
Қол созбас сүйексізге бұ тіршілік.
Өтеді абыроймен білімді жан,
Ал надан бейне өлік, жүрсе де аман.
Білімді бір тең келер мың кісіге,
Білімге сай пайдалы өзге не бар?
Біліммен ғалым өсіп, көкке жетер,
Адамды наданшылық төмен етер.
Білім ал, Жаратқанның соңғы елшісі
«Білім қайда болса да ізде» - депті.
Білікті керек сөзді біліп айтар,
Қажетсіз, бос сөздерден бойын тартар.
Біліммен танылады бір Аллада,
Ешбір пайда, қайыр жоқ надандықта.
Шын білімі болмаған қанша халық,
Табынар құдай жасап қолдан - пұтқа.
/Білімсіз надан, қаншама халық,
Қолекі пұт жасап «бұл Құдай» - дейді/.
Айтылып білімдіден сөз ырасы,
Алтыннан қымбат болып мағынасы.
Кедейде білім болса, мұқтаждық жоқ,
Ілімі таусылмайтын қазынасы.
-
Тілді тыю - әдептілік пен тәртіптіліктің шарты
-
Білімді не айтады тыңдап көріңіз!
Әдептің басы - аузын бағу.
Өшіктірме жанды, білгін бұл тіл,
Жараласа жазылмас, бітер оқ жарасы.
-
Оқ жарасы жазылады, бірақ тіл жарасы жазылмайды
-
Пайғамбардан жеткен бізге көп хабар,
Тілің үшін жүзің отта қақталар.
Екі нәрсе бір адамда болса егер,
Жамандықтың ауылына жол шегер:
Оның бірі - керексіз бос сөз біле бер,
Екіншісі - жалған сөйлейтін тіл екен.
Сөзі жалған кісіден тез алыста,
Шыншылдықпен өткіз өз өміріңді.
Шын сөз - шипа, өтірік сөз - кесел ғой,
Ескі сөзден осындай ой туады-ай!
-
Шыншыл бол, туралық ет, әділ атан.
Шыншыл деп білсін халайық сені.
Қыңырлықты тастап, әділдік киімін ки,
Киімнің көріктісі - әділдік киімі.
Көздеме, ойлама аздың тақ-түғын,
Бүтін киім, бар тамаққа қанағат.
Байлық пен кедейлік бір Алланың ісі,
Деме «кемдік» пайда, мүлік жоқтығын.
-
Пайғамбар бұл дүниені егінжай деді,
Жанынды салып, игілік ек егінжайға.
Бұл дүниенің ләззаты мәңгілік емес,
Рахат дәурені зу етіп желдей өте шығады.
Жас қартаяды, жаңа ескіреді,
Күшті болса әлсірейді, қуаты қашады.
-
Бұл дүниенің заты бүгін бар болса, ертең жоқ.
Менікі дегенің өзгелердің еншісі боп шығады.
Барлық толған нәрсе азаяды, түгел кемиді.
Барлық салтанаттың соңы қарап болады.
Адамы сыймайтын қанша жер бар еді,
Адамдары өлді. Жер /қаңырап/ бос қалды.
-
Дүние /әуелі/ күлімдейді де қайтадан қас-қабағын шытады.
Бір қолымен бал ұстап, бір қолымен у қатады.
Бал жалатып, алдымен ауыздың дәмін келтіріп,
Кейінгі тостақ ұсынып, у қатады.
Тәтті жесең, ащы жеуге дайындал.
Рақат біртіндеп келсе, реніш ондап келеді.
-
Ей, ренішсіз қиындықсыз өмірді армандаушы,
Бұл дүние ондай үмітке қашан орын беріп еді?
-
Сырт қараса, бұл дүние тәтті аса,
Мың бәле бар ішкі сырын қаттаса,
Нағыз басы сол болады қатенің -
Сырттай сынап, құр сымбатын жаттаса.
-
Уа, мал иесі, жомарт, ізгі ер,
Құдай саған берген екен, сен де бер.
-
Байлықты жинап бермеген кісі - жаман атты.
Берсең - адал сонда ғана қанша жисаң жи.
Мінездің жақсысы - әдеттің мінсізі.
-
Біліп қой, жомарттық, ол - сараңның айнасы.
Қолдың бақыттысы - беруші қол.
Алған, бірақ бермеген қол - қолдың құтсызы.
-
Қанша жиғанмен сараңның көзінің сұқы, көңілі тоймайды.
Ол - малдың құлы, мал - оның билеушісі.
Жомарт ер - халықтың құрметтісі.
-
Мінездің ең жақсысы - жуас қылық.
Біреулер ұлықсынып, «Мен, мен», - дейді.
Ондай адамды құдай да, халық та сүймейді.
Тәкаппар тонын киме - «біл» - демегін,
Халықты кеуде керіп тілдемегін.
-
Кішіпейіл жанды Алла көтерер,
Тәкаппарды төмендетіп қор етер.
Құдай ғана шын Ұлы, ұлықсынба!