Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931).

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931).

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Шәкәрім Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыс бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Атасы Құнанбайдың, соңынан ағасы Абайдың тәлім-тәрбиесін алады. Өзінің «Мұталғанның өмірі» атты ұзақ өлеңінде бес жасынан ауыл молдасынан сабақ алып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.


Сөйтіп, өз бетімен орысша үйренеді, ғылым-білім жолына түседі. «Қос жұртым» өлеңінде ақын халықтың өткен өміріне көз жіберіп, бүгінгісін талдайды. «Оятқан ерте мені шығыс жыры» деп Шәкәрім өзінің тәлім алған мектебін нақты атайды. Ол сонымен қатар, Гетені де, Пушкинді де өзіне жақын тартқан. Шәкәрім Абайдан көп үлгі-өнеге алған, оны ұстаз тұтқан. Ойшыл ақын Аллаһты тануға шақырады. Дін бұзушыларды қатты сыңға алады: «Көнбеймін дінді теріс бұзғаныңа, сопының бара қойман құрбанына». Шәкәрім өзін өмір бойы Толстойдың шәкіртімін деп санаған. Ақын 1931 ж. кісі қолынан қазаға ұшыраған.

 

Мал жимақ

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,
Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи.

Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсын деп бір Құдайың.
Ойласын деп ой берді, көруге көз, 
Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын. 
Үйде отырып салғанмен сарыуайым, 
Тілегенің тұра ма саған дайын.
Жүріп-тұрып, ойланып істеп көрсең, 
Харекеттің білесің сонда жайын.
...Талаппен адал істі істемекпіз, 
Тапсырдық бір Аллаһқа біз демекпіз. 
Ындының таза болса, именбеңіз, 
Дәулетті осылайша іздемекпіз...

 

Тойымсыз нәпсі, тұрақсыз дүние

Өлімнің хақ екенін көрсең де,
Өлместей омыраулап, шатасың.
Дозақтың барын біліп жүрсең де,
Күнәға, әлің келсе, батасың.

Сауап көп ғибадатта десең де,
Жалығып, жалқауланып жатасың.
Адалдың адал ризқын жесең де,
Арамды әдейі іздеп татасың.

Сыртыңды сыланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың.

Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Аллаһтың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың.

...Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.
Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,
Сондықтан ол иесі терең ойдың.

Толстой кәпір емес, кәпір өзің,
Дін емес, бәрі алдау айтқан сөзің.
Көңілің соқыр, надансың, бейлің қара,
Нұр, жарығын қалайша көрсін көзің?

Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,
Сопының бара қойман құрбанына.
Ақиқат сырымды айтсам - Толстойдың
Мың сопыны алмаймын тырнағына.

Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең,
Жолай көрме жылмайы сопы көрсең.
Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың
Алданбайсың артынан ере берсең.

****

...Тілінде бал, ішінде у,
Көз байлағыш көп жаду.
Жақсы атанып өңкей қу,
Алдап алған досы бар.

...Жүрегі қатып мұз болған,
Майда тілі біз болған.
Қызтеке еді қыз болған,
Бейне алдамшы сопылар.

Бар ма маған бір сын деп,
Ұстағаным не дін деп,
Ойламайды кіммін деп, 
Жүрегінде тоты бар.

...Күндеп іші қайнайды,
Қызыл тілін қайрайды.
Әлі-ақ өзі жайрайды,
Алдында әділ соты бар.

Ашуланып албастың,
Күндемей мені қалмассың,
Тілімді кесіп алмассың,
Ақты айтуға еркі бар.

Алдауыңа сенбейім,
Алысып сені жеңбейім. 
Ащы тілмен емдейім, 
Жүрегіңнің дерті бар.

...Айырам деп жендеттен,
Тазартам деп індеттен,
Құтылам деп міндеттен,
Иманымның беркі бар.

****

Атадан қалған ақ сауыт,
Арамға әбден былғанды.
Басшысы жоқ сорлы елдің
Малы мен басы ылғанды.

Тасбиқты тастап тас алып,
Сәлде аяққа шұлғанды.
Өнер қылды «жақсылар»
Қасқырша елін жұлғанды.

Жала жауып жалмайды,
Жазасыз қарап тұрғанды.
Елеріп, еріп көп ел жүр,
Білмейді Құдай ұрғанды.
Түпсіз жауға санайды
Түзу жолға бұрғанды.

****

Ескіден қалған сөз теріп,
Өз ойымнан өң беріп,
Үйретуді жөн көріп,
Түзетпек едім адамды.

Қышыған жерін қасуға,
Әділет жолға басуға,
Алдына салып ашуға,
Жақсылық пен жаманды.
Ешкім бұған сенбеді,
Өз қылығын жөн деді,
Көре тұра көнбеді.

...Мұнша неге сасқанмын,
Аяқты шалыс басқанмын.
Аптығып неге асқанмын?
Ел жаратқан мен емес!
Сыртқы сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса,
Айтқан сөзің ем емес!...

* * *

Ойбайлап шабу мақұл ма?
Жыласа да жақынға,
Қазақтың мұндай әдеті
Тіпті теріс ақылға.

Аяңдап-ақ жүрсеші,
Бақырмай үйге кірсеші.
Жылы жүрек шын сөзбен,
Көңіл айтып көрсеші.

...Бұл әдетті тастаңыз,
Тура жолға бастаңыз.
Ұлығымсып аспаңыз,
Ел түзеуге епті бол...

Жолама қулар маңайға,
Не қылмадың талайға?
Кім жағады сендерге,
Тартқызған азап Абайға?

Соның да тілін алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қашан кіргенше,
Арсылдап иттей қалмадың.

Сендерден белгі нең қалар?
Жемтігің жеген жем қалар.
Ақылы дария Абайдан,
Таусылмас қоры кен қалар.

...Сендермен де жүргенмін,
Әр тесікке кіргенмін.
Жәдігей, арам сайтаным,
Сырыңды түгел білгенмін...

 

Адам немене?

...Еуропа білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.
Терең ойлап, сөзімнің түбін біл де,
Іштен жыла, шырағым, сырттан күл де.

Сол есті елде киім бар мода деген,
Керегіне лайықтап киінбеген.
Жас балаша қызығып сәкәкүлге
Масқара боп жүргенін бір білмеген.

Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек,
Киіп алып, қылтиып қағар селтек.
Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа
Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?

Әйелдері қуыршақ үлбіреген,
Жалбыр шашақ сәкәкүл талай неген.
Кеңірдегін сорайтып, кеудесі ашық, 
Осы емес пе орынсыз сәнқой деген.

Ойлашы, осы ақылға жараса ма,
Емес пе ержетпеген бала-шаға?
Не денеге, не жанға жайлы емес қой,
Осыған да дау айтып таласа ма?

Лайықты киім жоқ па бұдан басқа,
Керексіз кербезденіп бос шатаспа.
Ақылды киім бермес, ғылым берер,
Ғылымын ал, өнерін ал, мұны таста!..

* * *

...Философ сөзін оқыдым,
Талайын ойға тоқыдым.
Кітабын де көргенмін
Әулие менен сопының.

Бәрін де сынға салғанмын,
Керектісін алғанмын.
Ашып, алып тастадым,
Таз басының қотырын.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: