Абай /Ибраһим/ Құнанбайұлы (1845-1904).

Абай /Ибраһим/ Құнанбайұлы (1845-1904).

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Абай - қазақтың бас ақыны, ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Шыңғыс тауының бөктерінде 1845 жылы туған. Шешесінің «Абай» деп қойған аты ел арасында көбірек қолданған.  Абай он жасынан он үш жасқа дейін әкесі Құнанбай қажы салдырған Ескітам медресесінен дәріс алған. Ауыл молдасы Ғалымханнан оқыған. Он үш жасқа шығарда Семейде Ахмет Ырзаның медресесінде білім алған. Медреседе оқып жүрген кезінде үш ай орысша оқыған. Ақын он бес жасында балалықты қойып, үлкендердің қатарына қосылды. Әкесі осы кезде болыстыққа таласқанда, Абай серік болуға жараған. Жиырма жасында Абай ел ішіндегі белгілі шешен атана бастаған. Зерек бала қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігін, үлгілі сөздер мен мақал-мәтелдерді мол игерген.

 

Абай жан-жақты іздене жүріп, оқи жүріп, қазақ өлеңіне өзгеше түр, өзгеше мазмұн, өзгеше ұйқас, тосын жаңалық әкелді. Сөз мағыналы болу үшін қажетті білім Абайда болғаны анық. Сөз ажарлы болу үшін ойдың шеберлігі де қажет, бұл да Абайға тән қасиет. А.Байтұрсынұлының айтуынша, Абай «Хақиқатты хақиқат қалыбында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Европа білім иелерінің кітаптарын оқыған».

 

Абай адам баласының бұл фәнидегі орны, тіршілік мәні мен мақсаты туралы пәлсапалық түсініктерін, ойларын «Ғақлияда» жан-жақты дамытты. Өмір, дүние-тіршілік, қоғам мен адам, адам мен билік, адам мен Аллаһ арасындағы қарым қатынастар, Жаратушы заңдары туралы ғұламаның пікірі, тұжырымдары ақиқатқа негізделгендіктен, әркез қажет тұжырымдар болып қала бермек.

 

***

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың - ашыған у, ойың - кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Жас - қартаймақ, жоқ - тумақ, туған - өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Ер ісі - ақылға ермек, бойды жеңбек,

Өнерсіздің қылығы өле көрмек.

Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,

Еріншек ездігінен көпке көнбек.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Адамзат тірлікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.

Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?

Наданға арам- ақылды құлаққа ілмек,

Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.

Рас сөздің кім білер қасиетін,

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.

Қызыл арай, ақ күміс, алтын бергек

Қызықты ертегіге көтерілмек.

Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,

Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.

Ақылды қара қылды қыраққа бөлмек,

Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойында,

Наданның сүйенгені көп пен дүрмек.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жатынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.

Бір - екі жол болған кісі көрсе,

Құдай сүйіп жаратқан осы демек.

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,

Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Аладық, арамдықты кім теңгермек?

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

***

Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман...

***

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бір май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз - мүлкің бұзылды, түнде - ұйқың.

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн - бұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,

Оның да алған жоқ па құдай құлқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде - ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?

Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.

Ұғындырар кісіге кезкелгенде,

Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: