Ыбырай Алтынсарин (1841-1889).

Ыбырай Алтынсарин (1841-1889).

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ыбырай Алтынсарин - қазақ халқының ағартушысы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері. Ы.Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысының Затабол ауданында туған. «Дала қоңырауы» аталған тұлға білім беру ісіне ат салысып, алғашқы қазақ мектебін ашып, тұңғыш «Қазақ хрестоматиясын» дүниеге әкелді.


Әкесі ерте қайтыс болып, атасы Балқожа бидің тәрбиесінде қалған. 1850 жылы Орынборда ашылған мектепте оқитын 30 қазақ баласының бірі Ыбырай болды. Ыбырай ауылды аралап, білімді насихаттайды, халықтан жинаған ақшаға интернаты бар мектеп салады. Кейін Ыбырай Алтынсарин азаматтық мектептер ашуды қолға алды. Есік, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептерін ашты. Қазақ қыздарына тұңғыш білім беру ісі де Ыбырай Алтынсарин еншісінде. Ол қазақ қыздары үшін интернат-мектеп ашып берген. Аталған оқу орындарына оқулықтар қажет еді. Сондықтан 1879 жылы Ы.Алтынсары «Қазақ хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты екі кітап шығарған.

 

Ыбырай Алтынсаринның «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңі тәуелсіз күніне дейін  қысқартылып келді. «Бір құдайға сыйынып» деген алғашқы жолдары енді ғана айтыла бастады. Ыбырай Алтынсары қазақ кәсіби білімнің дамуына жол ашты, педагогикалық білімнің іргесін қалады. Өз заманының алдыңғы қатарлы жазушылары мен ойшылдарының, ағартушыларының еңбектерін қазақ тіліне аудару арқылы Ыбырай Алтынсары білім беру ісін алға жылжытты. Сондықтан «Дала қоңырауы» аталуы да тегін емес екендігі анық.

 

Сөз басы

Бір құдайға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

-

Істің болар қайыры,

Бастасаңыз Аллалап,

Оқымаған жүреді

Қараңғыны қармалап.

-

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

-

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ табылар.

-

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

-

Мал дәулеттің байлығы

Бір жұтасаң жоқ болар.

Оқымыстың байлығы,

Күннен-күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар.

-

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

-

Сиса көйлек үстіңде,

Тоқуменен табылған...

Сауысқанның тамағы,

Шоқуменен табылған...

Өнер-білім бәрі де,

Оқуменен табылған.

-

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

-

Надандықтың белгісі -

Еш ақылға жарымас.

Жайылып жүрген айуандай,

Ақ, қараны танымас.

-

... Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

-

Оқу деген шыны-ды,

Тұрған сайын шыныққан...

Оқу білген адамдар,

Май тамызған қылыштан...

Білмегенді білуге,

Есті бала тырысқан,

Есер бала ұрысқан.

-

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

-

Әлпештеген ата-ана

Қартаятын күн болар.

Қартайғанда жабығып,

Мал таятын күн болар.

-

Ата-енең қартайса -

Тіреу болар бұл оқу,

Қартайғанда мал тайса -

Сүйеу болар бұл оқу.

-

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

Оқу білген таниды

Бір жаратқан құдайды,

Танымаған құдайды

Неғылғанда ұнайды...

-

Шырағым адам болғай деп,

Ата-енең жылайды.

Баладан қайыр болмаса,

Баланы неге сұрайды.

-

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

-

***

Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,

Кете бар, кессе басың шындықенен.

Қорек тап бейнеттен де тәңірің жәрдем,

Телмірме бір адамға мұңдықпенен.

-

Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,

Бір әділ қазынасы кең Патшаңды ізде!

Қорексіз еш бендесін қалдырмайды,

Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе!

-

Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,

Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.

Іске аспай бақ-дәулеттің қалуы оңай,

Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

-

Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,

Ажарсыз адамдарды ал назарыңа.

Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,

Тұрмаған ажар ара ажалына.

-

***

Жүректе болмайды көрік сыналмаған...

Бақ тайса ерге дәулет құралмаған...

Меңзеген асқар тауға есіл көңіл,

Дүниеде еш нәрседен тына алмаған.

-

***

Арық мал жан жолатпас бір жандалса,

Пенде ойлар «кімімен» деп бір мандалса.

Қадамы әзіз ердің ұзамайды,

Жігітке бақыт шіркін сырт айналса.

-

Ағайын жат болады алыс болса,

Болады жат та жақын таныс болса.

Достарың дұшпан түгіл табалайды -

Аяғың бір нәрседен шалыс болса.

-

***

Асылы залымдардың лайланды,

Дүниені маған десең шыр айналды.

Ит үрер жақсыға да, жаманға да,

Қылмағы бірақ залал құдайдан-ды.

-

Өсиет өлеңдер

-

Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым,

Тең етті бәрімізге күн мен айын.

Адамның адам біткен баласымыз,

Қайсың бөлек тудың деп айырайын.

-

Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз.

Өмір деген бес күндік кетер өтіп,

Атаң барған орынға барасыңыз.

-

... Бұзбаңыз әділеттікті бұл мал үшін,

Жиясыз оны-дағы бір жан үшін.

Әзәзіл періштенің бастығы екен,

Не болды тәкаппарлық қылған үшін?

-

Аюпты сегіз жылдан мың құрт жеді,

Болыпты бөлек-бөлек соның тәні...

Мал-жаннан, ру, туған бәрі безіп,

Далада жалғыз жатып «Аллаһ» депті.

-

Малды алды, баланы алды, сабыр етті,

Дұшпандар мысқыл атып жәбір етті.

Разымын не берсең де құдайым деп,

Бәрінде қабақ шытпай қабыл етті.

-

... Ұмытпа бай болдым деп бір құдайды,

Жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды.

Мекенін білемісіз қайда қалды,

Жомарттық қылған үшін Атымтайды?

-

Иманды ер құдайынан ұялады,

Ұялып Иесінен сый алады...

Ренжітпе пенде болсаң бейшараны,

Кәріп көңілі бір сынғақ пияла-ды...

-

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: