Ықылас - жүректің амалы.

Ықылас - жүректің амалы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кез келген амал қаншама үлкен, таң қаларлық дәрежеде болса да оның негізінде ықылас болмаса, ешқандай пайдасы жоқ. Ал егер көзге ілігерлік, айтуға тұрарлық болмаса да, негізінде үлкен ықылас жатқан болса, бұл Алла Тағала алдындағы ең жақсы амал.

Ислам дініндегі негізгі мәселелердің бірі, Алла Тағалаға деген үлкен ықыластың болуы. Ықылассыздыққа итермелейтін істерден сақ болу қажет.

Ғалымдар:

- Мен ғұламалар арасында адамдарға істеп жатқан амалдарынан мақсат не екенін білдіріп, түсіндіретін ғалымдар болғанын, сонымен қатар адамдарға ниет амалдары туралы арнайы ғалымдар сабақ жүргізуін қалайтын едім. Себебі, адамдардың басына келетін бәле-жалалар ықлассыздықтың кесірінен болады».

Ықылас - жүректің амалы. Оны біреу көре алмайды. Сондықтан да бұл пендемен Алланың арасындағы жасырын сыр. Амал - жүзеге асқанда оны көзбен айқын көре аламыз, ал ықылас қаншама күшті болсада көзге көрінбейді.

Иманның маңыздылығы мен күштілігін Аһли сунна уал жамағат ғалымдары былайша түсіндіріп береді:

الإيمان إقرار باللسان واعتقاد بالجنن وعمل بالأركان. يزيد بالطاعة وينقص بالعصيان. (أهل السنة والجماعة.)

Иман - тілмен мойындау, мұны көре аламыз, ал жүрекпен сенуді көре алмаймыз. Шариғат рукндерінің орындалғанын да көре аламыз.

Иман - жүректе ықыластың болуы. Жүрегінде ықылас болса ол адам мұсылман, егер болмаса - ол адам мунафиқ (екі жүзді). Кісі тілімен мойындап, рукндерге амал қылып, мұсылман саналып, мұсылмандар арасында өмір сүруі мүмкін, бірақ ықыласы болмағаны үшін тозақтың ең төменгі қабаттарынан орын алмақ.

Аллаһ Тағала дінде тек өзіне ғана ықылас қою керектігін аятта былайша баяндайды:

وما امروا الا ليعبدوا الله مخلصين له الدين حنفاء

«Олар ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары ... үшін әмір етілген» (Бәййінә, 5).

Өмірде жақсы амалдардың жойылуына себеп болатын ең төмен амалдардың бірі –ит асрау.

« Кімде-кім ит асыраса (жақсы) амалдары жойылады».

Дінде итті шопандарға (мал бағуға) қорықшы ретінде асырауға рұқсат етілген , ал себепсіз, ермек үшін асырауға тыйым салынған.

Ит тиген ыдыстың харам болуы соншалық, ыдысты 7 рет сумен , 8 ші рет топырақпен жуу қажет.

Ит тиген ыдысты 8 рет жуып тазалау қажет деп иттің жеркенішті екендігі айтылғанымен, шөлдеген итке ықыласпен су беріп өлімнен сақтап қалса, Алла Тағала оның күнәларын кешіреді.

Дүниеде шариғат іліміне ұмтылған адамға көптеген сыйлықтар берілетіндігі, ал шариғат ілімдерін үйренуден бас тартып, Алла ризашылығына ұмтылмаған адамның азапталатындығы айтылған.

Имам Абу Дауыт Пайғамбарымыздан (с.а.у.) риуаят келтіреді:

«Егер Алланың ризашылығы талап етілетін ілімді дүниеден бір нәрсе талап ету үшін үйренсе, қиямет күні жаннаттың иісін де иіскей алмайды». Яғни тек Алла ризашылығы үшін үйренілетін шариғат ілімдерін дүниедегі өмірін жақсарту үшін ғана үйренген адам, қиямет күні иісі 500 жылдық қашықтыққа жетіп тұратын жаннаттың иісінен әлдеқайда алыстатылады.

«Бір әйел зина (бөтен еркекпен жақындық) жасады. Оның күнәсін ешкім білген жоқ. Сол әйелге сусыздықтан шөлдеп, өлейін деп жатқан ит жолықты. Әйел аяқ киіміне су алып шын ықыласпен итке ішкізді. Оның күнәсі Алланың алдында кешірілді». Өмірде иттің емес адамның шөлін басқан әрбір адамның күнәсі кешіріле бермейді. Ал, әлгі әйелдің күнәсінің кешірілуіне, оның шын ықыласпен ниеттенгені себебші болды.

Абу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) риуаят келтіреді:

«Ол кісі бізге дүниеде өте маңызды іс істеген , олардың ісі біздің көзімізше теңдесі жоқ ұлы еңбек болса да соның артынан тозаққа кірген үш кісінің мысалын айтып берді.

Алдымен қиямет күні алғаш сұрақ шейіт болған адамнан сұралады. Алла оған берген нығметтерін, жоқтан жаратқанын ескерткенде пенде мойындайды. Алла одан сонша нығметтерді неге жұмсағанын сұрағанда, пенде: «Сенің ризашылығың үшін еңбек еттім, тіпті сенің жолыңда шейіт болдым,-деп айтады.

Алла оған: «Сенің сөздерің өтірік. Сен менің ризашылығым үшін емес, сені батыр, қаһарман деп атаулары үшін соғысқа бардың. Адамдар сені қаһарман, деп атады. Сен дүниеде өз сыйлығыңды алып болғансың,-деп оны бетімен сүйреп тозаққа тастаңдар деп әмір береді.

Екінші кезекте ілім үйренген, Құран оқып, адамдарға үйреткен ғалым кісіні алып келеді. Алла оған берген нығметтерін есіне салады. Оларды неге жұмсағанын сұрағанда, ғалым кісі: «Сенің жолыңда Құран оқыдым, басқаларға үйреттім, ілім үйрендім , бұның бәрін сенің ризашылығың үшін істедім»,- деп жауап береді. Алла оған: «Сен менің ризашылығым үшін емес, сені ғалым деулері үшін ілім үйрендің, қари деп айтулары үшін Құранды жаттадың»,- деп оны да бетімен сүйреп тозаққа тастаңдар деп әмір береді.

Үшінші кезекте бай, бақуат адамды Алланың алдына алып келеді. Алла оған берген нығметтер мен, байлықты есіне салады, ол мойындайды. Алла одан соншама нығметтерді неге жұмсағанын сұрағанда:

«Сен бұйырғандай жұмсадым, Сен риза болатын жолға пайдаландым»,- деп жауап береді. Сонда Алла: «Сөздерің өтірік, сен менің ризашылығым үшін емес, сені жомарт, қайрымды деп атаулары үшін солай істедің»,- деп оны да бетімен сүйреп тозаққа тастаңдар деп әмір береді.

Осы хадистен, амалымыздың тек сыртқы көрінісіне емес, өзіміздің ішкі ниетімізге де мән бергеніміз жөн деген қорытындыға келеміз.

Демек, ықылас дегеніміз не? деген сұраққа ғұламалар былайша жауап береді.

«Ықылас – ғибадат жасап отырған кезде, мақсаттың тек қана Аллаға болуы»,- десе, тағы басқа ғұламалар былай түсіндіреді:

«Ықылас – тірі жан (жаратылғандар) туралы ойлаудан өзін тию».

Яғни істеп отырған ісіне, не ғибадатына адамдар не айтады екен, деп емес, тек Алла ризашылығы үшін деп істеу.

Мұхлис-ықыласты адам кім? деген сұраққа ғұламалар былайша жауап берген: «Ықыласты адам не істесе де оның жүрегінде бір Алла ғана болады. Оның бар ойы өзімен Алланың арасын жақсарту болғандықтан, жүрегінде адамдардың пікірін ойлайтын орын қалмайды».

Ықыласты толық түсінуіміз үшін ықылассыздыққа итермелейтін кейбір амалдарға да тоқтала кетеміз.

Мұның басында көзбояушылық тұрады.

«Адамдар көрсін деп істелінген ғибадат - рия, көзбоуяшылыққа жатады».

Бұл кезде адамда басқалар көрсін, мақтасын, таң қалсын деген мақсат болады.

Тағы бірі – сумъа, яғни адамдар естісін деген мақсаттың болуы.

Абу Хамид ал Ғаззалий айтады: «Маған кім Алла Тағала үшін 40 күн ғибадат жасаса, оның жүрегінен тіліне даналық (хикмет) бұлағы ашылады,-деген хабар жетті. Мен 40 күн ғибадат жасадым, бірақ айтылған нәрсе болған жоқ. Мен ғалым кісілерге осы оқиғаны айтып бердім. «Мен 40 күн ғибадат жасадым, бірақ менің тіліме даналық бұлағы ашылған жоқ», -деп айтқанымда, олар: «Сен 40 күн ғибадатты Алла ризашылығы үшін емес, даналық бұлағы – хикмет үшін істедің»,- деп жауап берді.

Ықыластың күшеюі үшін не істеуге болады? деген сұраққа ғұламалар былайша жауап берген.

- Алдымен көрінбейтін ғибадаттарды көп жасау;

- Ғибадаттарды ешкім көрмейтіндей етіп орындау;

- Жасырын садақа үлестіру;

- Жалғыз қалғанда Алладан қорқып жылау.

Омар Фарұқ (р.а.) айтқан екен: «Кімде-кім егер ниеті түзү болып, өзіне зиян болса да сол ниетін орындаса, Алла Тағаланың өзі адамдар мен оның арасын түзеп қояды, егер ол өзінде жоқ сипаттармен адамдардың көзіне жақсы көрінбек болса, Алла оны айыптайды».

Яғни адам әр қандай жағдайда да өзі жек көрінішті болса да, Алланың ризашылығына бөленуді ғана көздеп тұрса, Алланың өзі оған көмектеседі. Алладан бұрын адам баласының ризашылығын алғашқы орынға қою мүлдем дұрыс емес. Дегенмен, өмірде 99 күн адамдарды риза қылып, көңілін көтеріп, ал соңғы бір күнде ренжітіп қойған адам баршаның көзінше жаман адамға айналады.

Өмірде адамдардың көңіліне қарайтын жағдайлар да кездесіп тұрады. Мысалы, жамағат намазда тұрғанда, имам намазға келе жатқан адамдардың аяқ дауыстарын естіп, рукуғда біраз тұрып қалуы. Одан мақсат, адамдардың намазға үлгеруі. Бұл жағдайда имамның әрекетінің ешқандай қайшылығы жоқ, өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Мен намазда тұрғанымда ұзын сүре оқығым келеді. Сонда намазға келген әйелдердің бірінің баласы жылағанын есітимін. Намазда тұрған ана баласының жылағанынан қиналмасын деп, ұзын сүрені қысқа сүреге ауыстырамын». Яғни біз мұсылман бауырларымыздың имандарының күшеюіне көмектесуіміз ықыласқа жат емес.

Мұсылман адам әрине Алладан Өзі риза болатын нәрсе сұрайды. Дінде басшы, әкім болуға құштар болу дұрыс емес.

«Басшы болуға ұмтылмаңдар, қиямет күні өкініп қаласыңдар»

ربنا هب لنا من أزواجنا وذرياتنا قرة أعين واجعلنا للمتقين إماما

«Раббымыз! Бізге жұбайыларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер. Сондай-ақ бізді тақуалардың алды қыл! » (Фұрқан, 74).

Мұсылман адам перзенттерінің, жанұясының Аллаға мойынсынып жүргенін көргенде қуанатыны сөзсіз. Ал, Алладан қорыққандарға басшы болса, перзент әкеден, аға ініден қашатын қиямет күнінде тақуалар оған дос болады. Егер Алладан қорықпайтындарға басшы болса, олардың күнәларына қосылып жауап береді. Осы хадистерді қорытындылай келе, амалымыз тек ықыласпен ғана қабыл болады, деуге болады.

«Алланың алдына жақсы сөз және дұрыс амал ғана көтеріледі».

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жаннатқа ешкім істеген амалымен кірмейді»,- деді. Яғни ешкім бұл өмірде жаннатқа лайық үлкен амал істей алмайды.

Сахабалар сұрады: Я Расулалла, тіпті сен де ме?

Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Менің де амалдарым оған жетпейді, тек қана Алланың қамқорлығымен ғана кіре аламын»,-деді.

Алла – ұлықтық, ал пенде-құлдық сипатында. Пенде Раббысының айтқандарын сөзсіз орындауы, Оның бұйрықтарында хикмет бар екеніне сенімді халде болуы қажет. Пендесінің кішіпейілдігі әрі Раббысының үкімдерін шын ықыласпен орындауының нәтижесінде Алла Тағала өз мейірімділігімен жаннатпен сүйіншілейді.

Табииндер риуаят етеді: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасында жүрген үлкен сахабалардан 70 кісіні көрдік. Олар мунафиқ-екі жүзді болып қалудан қорқып күндіз де түнде де іштері мен сырттарын бірдей ұстауға тырысатын».

Хузайфа ибн Яманий (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сенімді кісілерінен болған. Ол (р.а.) біреудің сырын ешқашан ашпайтын. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған өз сырларын ашып айтатын. Хузайфа ибн Яманийға (р.а.) басқа сахабалар еліктейтін. Егер ол жаназаға себепсіз бармаса, сахабалар: Хузайфа оның екіжүзділігін Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естіген шығар,- деп олар да жаназаға бармайтын. Омар ибн Хаттаб (р.а.) Хузайфаға: «Я Хузайфа, Пайғамбарымыз менде екіжүзділік сипатын көріп саған айтқан болса, маған қатты тисе де айтшы» дейтін.

Иман жүрекпен сену, амалмен көрсету, шариғат міндеттерін орындау. Екіжүзді адам амалда көрсете алады, міндеттерін орындайды. Тіпті айғақшы адам мұсылмандар арасында намаз оқып жүре береді. Бірақ оның жүрегінде ең негізгісі - ықылас болмайды. Егер шын жүректен, ықыласпен ғибадат етіп жүрген мұсылман мен екіжүзді мұсылманды салыстыруға болатын болса, олардың дәрежесі бірдей болып қалатын еді. Бірақ жүрегінде ықыласы болмаған адам тозақтың түбінен орын алады. Әрбір мұсылман осы дәлелдерден дұрыс қорытынды шығарып, тілмен айтумен ғана шектеліп қалмай, өзінде ықылас сипатының күшеюіне ықпал етіп отырғаны жөн болар.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: