Әулие дана кісілерді қадірлемейтін ғапыл кісі бар еді. Бір күні ол сабақ беретін медресенің жанынан өтіп бара жатып, осы үйде не болып жатыр екен деп қызығып, үйдің ішіне үңіліп қарады. Қараса, сұхбат мәжілісі құрылған, иләһи нұр інжу-маржандай жарқырап, сол жердегілерге таратылып жатыр екен. Мұндай кереметтен хабары жоқ әлгі ғапыл адам менсінбей ернін шүйіріп, өз жөнімен кете барды.
Сол күні түнде қорқынышты түс көрді. Махшар алаңында екен. Зәбәнилер (тозақ періштелері) оны тозаққа тастауға алып бара жатқан көрінеді. Сол кезде күндіз үңіліп қараған үйдегі әулие кісі алдарынан шығып періштелерге:
- Оны қоя беріңдер! Себебі, ол бүгін күндіз сұхбатымызға үңіліп қараса да, қатысты - деді.
Зәбәнилер:
- Жоқ! Бұл ғапыл біреу, ол – тозақтық, - деп үн қатты.
Олар осылай сөйлесіп жатқанда ол кісі ұйқысынан шошып оянды. Таңертең ұйқысынан ояна салып, дереу әлгі әулие кісінің сұхбат керуеніне қарай жүгірді. Көкірегі оянып, сол керуенге қосылды.
Әнәс (радиАллаһу анһу) жеткізген хадис шәрифте Алла Тағаланың жер-бетін шарлап жүретін бір топ періштелері бар. Олар үнемі сұхбат мәжілістерін іздейді. Кездестірген жағдайда оларды қоршап отыра кетеді де, былай дейді:
- Әй, Тәңірім! Бұл құлдарың сенің кітабыңды оқып, Хазіреті Пайғамбарға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) салауаттар айтып, сенен дүниелік һәм ақыреттік жақсылықтарды талап етіп жатыр.
Хақ Тағала:
- Сендер куә болыңдар! Оларды кешірдім, дейді.
Періштелер:
- Әй, жаратушы иеміз! Олардың арасында жаңылысып келген пәленше түгеншелер де бар, дегенде. Алла Тағала:
- Менің ізгі, адал құлдарым керемет болғаны соншалық, олармен бірге болғандар да жаман жолда болмайды, тозақтық болмайды, дейді. (Тәрғиб, ІІ, 402)
Бұл хадистегі сүйінші ретіндегі хабар ізгі адамдармен бірге болуға қызықтыру үшін айтылған. Себебі, жүректі бос нәрселерден аулақ ұстап, ұдайы қайыр жұмыстарға бағыттау үшін, рухани әлемінен нәр алып, біліммен сусынданған шыншылдармен, көкірегі ояу, салиқалы мұсылмандармен бірге болу қажет. Өйткені, денедегі әрбір мүшеде ерік болғанымен, жүректе ерік жоқ, әрі оған әмір жүрмейді, ол айналасындағылардан еріксіз түрде күш алады, ондағы ахуалдың түр-түсімен жамылады. Алған әсерлері арқылы тамыр жая бастайды. Бұл пайда болған жағымды не жағымсыз әсерлер алғашқыларға қарап қарама-қайшы түрде жағымды әлде жағымсыз болып кетуі мүмкін. Егер жүрек әуел бастан жағымды, жақсы әсерлерден нәр алмаса, өкінішке орай, ол қауіп-қатер төнетін жағдайға барады. Адамның рухани шаттанып, жоғарылауына немесе төмендеуіне осы әсерлер, атап айтқанда сүйіспеншілік пен жек көрушілік маңызды рөл атқарады. Иә, сүйіспеншілік пен жек көру мәселесін өз орнымен пайдалану – өте маңызды нәрсе.
Шын мәнінде, сүйспеншілікті лайықты болған адамға, жек көрушілік пен ашу-ыза да тиісті адамдарға көрсетілсе, кісіні бақытты етеді. Керісінше махаббатты лайықты болмағанға, ашу-ызаны да тиісті болмаған адамдарға көрсетсе, адам бақытсыздыққа ұшырайды.
Сондықтан рухани баю үшін Алланың салиқалы құлдарымен бірге болып, олардың шеңберінің ішінде өмір сүру маңызды. Сонымен қатар рухани нәр махаббаттың дәрежесіне қарай пайда болады. Бірақ жай ғана бірге болу жеткіліксіз. Айталық ол азды-көпті пайдасын тигізгенімен, көздеген нәтижеге жеткізбейді.
«Сахаба», «сұхбат» деген сөздердің бір түбірден болуы да назар аударарлық жайт. Ардақты сахабалардың Алла елшісіне (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббаттары мен әдептілік сезімдері рухани сұхбат пен тәрбиенің нәтижесінде кәміл болды. Сондай-ақ, олар қол жеткізген рухани мәртебелерін, ондағы Расулуллаһтың сұхбатындағы ахуалдарын:
«Бейне төбемізде бір құс бар, қимылдасақ, ұшып кетеді деп ойлайтынбыз», - деп, тілге тиек етеді.
Қараңғы кезде тап-тақыр жер сияқты болған сахабалардың көңілдері, Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сұхбат мәжәлісіндегі рухани ауасының мейірімді жаңбырымен көгерді. Соның арқасында, кезінде топырақ басып қалған руханият тұқымдары бүршік атты. Жүректен жүрекке сүйіспеншілік өтіп, сахабалар жол көрсетіп тұратын жарық жұлдыздар секілді болды. Қыздарын тірідей топыраққа көметін мейірімсіз, рақымсыз, кісі ақысын аяқ асты ететін адамдар мұз секілді еріп, жоғалып кетті. Оның орнына сыртқы пішіндері бірдей болғанымен өте нәзік, көңілдері мен көздері жасқа толы, мейірімді, қамқор, өте сезімтал адамдар пайда болды.
Олар Алла Расулінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) мінез-құлқын барған жерлеріне өздерімен бірге алып барды. Қияметке дейін жететін жақсылықтар істеп, өз ерекшеліктерін көрсетті. Олар жайлы ұлы Раббымыз:
«Мұхажирлерден, ансарлардан алғаш иман келтіргендерге, лайықты түрде оларға ілескендерге Алла разы болды және олар да Аллаға разы болды. Алла оларға іргесінен тамаша бұлақтар ағып жатқан жәннатттарды әзірледі, олар онда мәңгі қалады. Әне сол – зор бақыт». (Тәубә сүресі 100-аят)
Құлшылық күйінде іштей жалбарына өтетін барлық сұхбаттар – Алла елшісінің сұхбаттарындай болуы тиіс. Себебі, Ол рухани нәр алатын орталық болып табылады. Рухани шаттыққа толы сұхбаттардың бәрі де сол орталықтан келеді. Демек, ізгі адамдардың сұхбаттарына қатысып, олармен бірге болу – үлкен ғанибет. Олардың бұл сұхбат мәжілістерінде жаратушыға деген махаббат, ғашықтықтан төгілген көз жасы бар.
Рухани нәр алған көңілді қорғау үшін ізгі адамдармен бірге отыру неғұрлым маңызды болса, пасық, күнәһар, қараңғы адамдардан сақтану да соғұрлым маңызды. Өйткені сасып жатқан өлекселердің үстінен жел өткенде, айналаға сасық иіс жайылады және ол адамның өкпесін қысып, шындықты төмендегідей суреттейді:
Қарға мен бұлбұлды бір қапасқа қамаса,
Әрқайсысы өз сұхбатын жүргізеді таласа.
Қарға бұлбұлдан құтылғысы келеді,
Бұлбұлға да керегі сол еді.
Шәйх Убайдуллаһ Ахрар достарына былай деп насихаттайды:
«Бөтен әрі ғапыл адамдармен сұхбаттасып отыру, жүрекке әлсіздік, үмітсіздік беріп, жаныңды қысып, көңіліңді суытады. Бір күні Баязит Бистамидің жаны қысылып, өзіне-өзі келе алмай, сұхбаттасып отырғандарға:
«Бір қарап шығыңдаршы! Арамызда бөтен біреулер бар ма?» - деді.
Іздестіріп қараса, бөтен ешкім жоқ. Баязит Бистами жаны жай таппай:
- Жақсылап іздеңдер, аса-таяқтар тұрған жерді де қараңдар. Егер бөтен нәрсе болмаса, ішкі жан-дүнием мұндай күйзеліске ұшырамаған болар еді,- деді.
«Олар қайтадан іздестіріп қараса, аса-таяқтардың арасында бөтен таяқ тұр екен. Ол таяқты сыртқа шығарғаны сол-ақ еді, шәйхтің жаны жай тапты».
Бір күні Хазіреті Убайдуллаһ Ахрар қасына келген туысына:
- Сенен бөтен иіс шығып тұр. Сен бөтен біреудің киімін киіп алғансың-ау, шамасы, - дейді.
Туысы қайран қалып:
- Иә, дәл солай, - дейді де, барып, киімін ауыстырып келеді.
Осыған ұсқас тағы бір оқиға Юсуф пен (аләйһиссәләм) әкесі Яқуб (аләйһиссәләм) арасында болды. Хазіреті Яқуб өз қасиеттерін баласы Юсуфтың бойынан көрген соң, басқа балаларынан оны ерекше жақсы көрді. Оның баласына деген махаббаты соншалықты, кейіннен Юсуфтың көйлегі Мысыр елінен жіберіліп, әлі өзіне жетпей тұрғанда, өзі Кенан деген жерде болса да, көйлектің иісін сезе бастады. Алайда, Оны басқа ешкім сезбей тұрған еді. Рухани ахуалдың заттарға да әсерін тигізіп отырғанына қарағанда, заттан да сезімтал болған адам баласының көңілін қаншалықты абай болып, қорғау керек екендігі даусыз.
Ұлы тұлғалар осы жайлы былай дейді:
Халықтың амалдары мен мінез-құлқынан жансыз жаратылыстар да әсерленеді. Сондықтан әр түрлі жаман істерге итермелейтін жерде істелінген құлшылық пен ізгі амалдар, қайырымды сауап істер істелінетін жерде құлшылық етудің арасында айырмашылық өте көп. Иә, сол үшін Кәғбатуллаһта оқылған бір намаздың, басқа жерлерде оқылған намаздан тым артық сауабы бар.
Осыған орай тағы да мысал келтіретін болсақ:
Хәзіреті Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Арафат пен Муздалифа арасындағы «Мухассир» деген ойпаттан өте жылдам өтеді. Мұны көріп, таңырқап қалған сахабалар:
- Әй, Алланың Елшісі! Бұл жерде сізді жылдамдатқан не нәрсе? - деді. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
- Хақ Тағала бұл жерде Абраханың әскерін қырған, - деді.
Табуқ жорығынан оралып келе жатқан сахабалар шөлдерін басып, көлеңкеде дем алуға Сәмуд қауымының тау-тастарды ойып жасаған сарайларына кірді. Мұны көрген Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Бұл жайда Сәмуд қауымы Алланың (жәллә жәләлуһу) қаһарына ұшыраған. Соның ұшқыны тимеу үшін бұл жерден су алмаңыздар!» - деді.
Сахабалар:
- Уа, Алланың Елшісі! Ыдыстарымызға су толтырып қойдық. Тіпті осы судан қамыр жасадық» - деді.
Хазіреті Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
- Суларды төгіңдер, қамырды түйелерге жегізіңдер! - деп бұйырды. (Бухари, Әнбия 17)
Осы сияқты оқиғалар түрлі құбылыстардың жансыз нәрселерге де әсерін тигізіп, оларға жұғып қалатынын көрсетіп тұрған мысалдар.
Ізгі адамдар мен даналар Аллаға жүректеріндегі шынайы махаббаттарымен беріледі. Олардың жүректеріндегі нұр (иман) сұхбатқа қатысқан жамағатқа әсер береді. Сол нұрдың әсерінен, жамағаттың көңілдері де өз қабілеттеріне қарай шаттанып, мейірімділік пен ақиқат нұрымен нұрланады. Олар хош иісті Райхан гүлдер іспеттес.
Осыған орай Алла Тағала қасиетті аятта былай бұйырады:
«Әй, мүминдер! Алладан қорқыңдар, шыншылдармен бірге болыңдар!». (Тәубә сүресі 119-аят)
Ахуалдың әсер етуі, жұғуы жоғарыда тілге тиек етілгендей махаббат пен бірге болудың дәрежесі бойынша іске асады. Кәміл мұсылман болу үшін садық (шыншыл) және ізгі адамдармен бірге болу, оларды сүю және оларға жақын болу – алға қойған мақсатқа жету үшін қажет.
Баязит Бистамиге бір дәруіш келіп:
- Мені Алаһқа жақындадатын бір амал үйрет, дегенде Баязит Бистами оған былай деп ақыл айтқан:
- Алланың әулие құлдарын сүй! Оларды сені сүйетіндей етіп сүй! Олардың көңілінен орын алуға тырыс. Себебі Алла олардың жүректеріне, көңілдеріне күніне 360 рет назар салады. Олардың біреуінің көңілінде сенің атыңды көріп қалса, сені кешіреді!..
Хазіреті Әбу Бәкір (радиАллаһу анһу) Расулуллаһпен (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір кездесуінде және сұхбатында бір өзгеше рухани сезімге шомылып, рухани нәрге қарық болатын. Сүйіктісінің қасында болғанының өзінде махаббаты мен сағынышы басылмай, керісінше, арта түсетін. Сондай-ақ бір күні барлық дәулетін Алла Елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) алдында шын көңілімен Алла жолына жұмсағанда сүйіспеншілік пен құрметке толы Пайғамбар мадағына қол жеткізді.
Хазіреті Мәуләнәнің жан тілінде:
«Алтын деген не, жан деген не? Інжу-маржанның қандай қадірі бар, сүйгеніне жұмсалмаса, сүйгеніне бағытталмаса, пида етілмесе?» - деген сөздері Хазіреті Әбу Бәкірдің жағдайын бейнелейтін сияқты.
Басқа бір күні Пайғамбардың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ауырып қалғанын естіген Хазіреті Әбу Бәкір (радиАллаһу анһу) қайғысынан ауырып төсек тартып жатып қалған еді.
Бұған Алла Расулі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Әбу Бәкір менен, мен оданмын. Әбу Бәкір дүниеде де, ақыретте де бауырым» (Тирмизи, Мәнақиб 20) дей отырып, рухани әлемдегі бірге болу мен жүректен жүрекке өтетін ахуал ағысын білдірген.
Имам Бухари осы орайда былай деген:
«Әбу Бәкір Сыддық (радиАллаһу анһу) шомылатын, әжетхана орындарында да Алла Елшісінің мүбәрак бейнесінің көз алдынан кетпейтіндігін Пайғамбарға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) айтты:
Хазіреті Әбу Бәкірдің осы хәлін көріп, Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өлім төсегінде жатқанда:
«Бүкіл есіктер жабылсын, тек Әбу Бәкірдің есігі ғана қалсын!» (Жәмул Фәуәид V 8609) - деген ілтипаты мен жүректен жүрекке әсер ететін ахуалды қандай тамаша бейнелеген.
Шәйх Сади Ширази былай баяндайды:
«Асхабы Кәһфтің иті ізгі адамдармен бірге болғаны үшін үлкен бақытқа кенелді. Иә, Құран Кәрімде, тарихта аты қалды. Ал, Лұт Пайғамбардың әйелі болса, күнаһарлармен бірге болғандықтан, күпірлікке душар болды».
Тағы да Шәйх Сади шыншыл, ізгі құлдармен бірге болуды «Гүлістан» атты еңбегінде мысал ретінде бір хикая айтады:
«Бір кісі моншаға барады. Ол жерде оған бір досы жуынуға иісі аңқыған бір балшық береді. Балшықтан жанға жайлы әдемі иіс шыға бастайды. Ол кісі балшыққа қарап тұрып:
- Сенің әдемі иісіңнен есім танды. Қане, айтшы, сен әтірсің бе, әлде хош иісті сусың ба? - деп сұрайды.
Балшық:
- Мен әтір де, хош иісті су да емеспін. Кәдімгі топырақпын. Бірақ, бір раушан көшетінің түбінде жатып, оның шықтарымен күнде суланатын едім. Мына көңілге шаттық сыйлайтын хош иістер сол гүлдерге тән, деп жауап қайтарады.
Уа, Раббым! Хазіреті Пайғамбар саллАллаһу аләйһи уә сәлләм мен сахабалары арасында болған сұхбаттардағы әдеміліктерді біздің жүрегімізге де нәсіп ет! Махшар күні біздерді ізгі адамдармен бірге тірілт!
Әмин!