Мейірімді болыңыз, мейірімге бөленесіз

Мейірімді болыңыз, мейірімге бөленесіз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Mейірімділік – адам бойындағы шынайылық пен сүйіспеншіліктен туындайтын жүрек мейірбандығы. Ол рақымдылық шуағынан тарқайтын этикалық норма. Мемлекет басшысының отандастарына, имамның жамағатқа, әке-шешенің балаларына, байлардың кедейлерге, денсаулығы жақсы дәрменділердің науқастарға жана-шырлық білдіруі мейірімділіктен туындаса керек. Сондай-ақ, Алла тағаланың құлдарына, Пайғамбарымыздың үмбетіне, мұсылмандардың бір-бірлеріне деген мейірімділік – оның басқадай қырын көрсетуде.

«Рақымдылық» пен «мейірімділік» екеуі бір ұғым. Негізінде рақымдылық деп жүрек нәзіктігін, жұмсақтығын айтамыз. Алайда ол мейірімділік, сүйіспеншілік деген мағыналарды да білдіреді. Ал қатыгез, тас жүрек кісілерге мейірімділік пен сүйіспеншіліктен жұрдай адам деп жататындығымыз содан. Мұны этикалық тұрғыдан төмен деп бағамдауға болады.

Назар аударатын болсақ, мейірімділік пен рақымдылықтың ортақ нүктесін «сүйіспеншілік» қалыптастыруда. Егер жүректен сүйіспен-шілік алынып тасталса, мейірімділік пен рақымдылықтың ұшқыны қалмайды. Олай болса, мейірімділік пен рақымдылықтың өзегі – сүйіспеншілікте. Сондықтан мейірімділік пен рақымдылық бір арнада тұрса, ол жерде міндетті түрде сүйіспеншілік бар деген сөз.

Құран Кәрімде Алла тағаланың құлдарына (пендесіне) деген мейірімділігі мен рақымдылығы туралы аяттардың көптеп келуі, Алланың адамзатқа деген сүйіспеншілігіне ишарат етуде. Яғни Алла тағала көптеген аяттарында: «Алла – құлдарына ерекше мейірімді» (Бақара сүресі, 207-аят); «Күмәнсіз Алла адамдарға ерекше мейірімді және өте рақымды» (Хаж сүресі, 65-аят) деп, құлдарын өте жақсы көретіндігін және оларды қолдап, қорғаштайтындығын айқын білдірген. Мейірімділік пен рақымдылық иләһи сезім және рахмани сипат. Пайғамбарымыздың бір хадисінде Алла тағала өзінің рақымдылығын жүзге бөлгендігін, тоқсан тоғыз бөлігін өзіне қалдырып, қалған бір бөлігін әлемге (жер бетіне) түсіріп, оны адам, жын және хайуанат сияқты жанды мақлұқаттар арасына бөліп бергендігін білдіреді. Тіпті бір биенің құлынын езіп кетпейін деп аяғын абайлап басуының өзі осы рақымдылықтан туындауда (Бұхари, Әдеп 19).
Ұлы Жаратушымыз мұндай мейірімділікті бізден де күтуде. Адамзат баласына сүйіспен-шілік танытуды, мейірімділік пен рақымдылық көрсетуді талап етуде. «Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар», (Тиримизи, Сифатул-Қияма, 57). «Рақымдылық көрсетпегенге, рақымдылық көрсетілмейді», (Бұхари, Әдеп, 18). «Алла тағала адамдарға рақымдылық етпегендерге рақымдылық етпейді», (Бұхари, Таухид 2) деген хадистер біздерді мейірімділік пен рақымдылыққа бау-луда. Құран Кәрімде сахабалардың мейірімділігі мен рақымдылығы тұрғысында «Мұхаммед Алланың пайғамбары. Оның жанындағылар болса, кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында өте мейірімді», (Фатх сүресі, 29-аят) деп дәріптелген.
Ислам руханиятының төрінен орын алатын мейірімділік пен рақымдылық тек адам баласымен ғана шектеліп қалмай, хайуанаттарға да мейірімділікпен мәміле жасауға көңіл бөледі. Расулуллаһ (с.а.у.) бір хадис-шәріпінде былай дейді: «Бір адам сапар шегіп бара жатқанда қатты шөлдеді. Тіпті шөлге шыдай алмайтын дәрежеге жетті. Сол уақытта бір құдыққа кез болды. Құдықтың ішіне түсіп шөлін қандырды. Құдықтан шыққанда шөлдегеннен топырақ жалап жатқан бір итті көреді. Әлгі адам өз-өзіне: «Мына ит те мен сияқты қатты шөлдеген екен ғой» деп қайтадан құдыққа түсіп, аяқ киіміне су толтырып алып шығып итке береді. Алла тағала оның бұл әрекетіне риза болып күнәларын кешіреді». Сонда сахабалардың кейбірі: «Уа, Алланың Елшісі! Бізге хайуанаттарға жасаған жақсылықтарымыз үшін де сауап бар ма?» – деп сұрады. РасулАлла (с.а.у.): «Иә, әрбір мақлұқатқа жасаған жақсылық үшін сыйлық бар», – деді (Бұхари, Ширб 9). Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) ансар сахабаның бірінің бағына кірді. Ол жерде бір түйе байлау-лы тұрған болатын. Түйе Пайғамбарымызды көргенде боздап көздерінен жас аға бастады. РасулАлла (с.а.у.) түйенің жанына барып көз жастарын сүртті. Түйе тынышталды. РасулАлла (с.а.у.): «Бұл түйенің иесі кім?» – деп сұрады. Ансарлық жас жігіт: «Ол түйенің иесі менмін» деп ортаға шығып еді Пайғамбарымыз: «Алланың саған мүлік ретінде берген мына түйеге не істегенсің? Алладан қорықпайсың ба? Маған қара. Түйең маған шағым айтуда. Сен оны аш қалдырып, көп шаруа жасатып, шаршатады екенсің», – деп азарлады (Әбу Дәуіт, Жиһад, 47).
Дініміз бойынша барша жаратылғанға мейірімділік пен рақымдылық жасау, олардың мұқтаждықтарына ортақтасу әрбіріміздің бас-ты міндетіміз. Сондықтан, шынайылықпен қызмет көрсету мейірімділік пен рақымдылық есігі. Мақлұқатқа қызмет көрсете білген адам, өз бойындағы мейірімділігі мен рақымдылығын толықтай айғақтады деген сөз. Осы себепті бір мұсылманның мұң-мұқтаждығына көмектесу, басына түскен түрлі қиыншылықтардан құтқару, Алла ризалығына жетелейтін амалдардың бірі болмақ. «Ізгілік пен тақуалықта (бір-бірлеріңе) жәрдемдесіңдер. Күнә істерде жә-не дұшпандық жасауда жәрдемдеспеңдер» (Мәйда сүресі, 2-аят) деген аят жәрдемдесудің түрінен хабар берсе: «Расында иман келтіріп, хижрет еткендер Алла жолында мал-жандарымен жиһад еткендер, ал мұхажирлерді қамқорлығына алып, жәрдем еткендер міне осылар бір-бірлерінің достары» (Әнфал сүресі, 72-аят) деген аят мұхажирлердің мал-жандарымен дінге жасаған қызметтерін көрсетсе, ансарлықтардың да олардың құшақ жайып қарсы алуы айрықша мадақталған.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) көптеген хадис-терінде адамдарға жәрдем етуді және мұсылмандарға қызмет көрсетуді ынталандырумен қатар, оған берілетін сауаптарға тоқтала кеткен: «Адамдардың ең жақсысы (өзге) адамдарға пайдалы болғаны. Сен де оларға пайдалы бол» (Мұттақи, Кәнз, XVI, 128) деген хадисі хазірет Әбу Бәкірге қаратыла айтылса керек. Өйткені ол Пайғамбарымыздан кейінгі өте қайырымды адамгершілігі мол жан болатын. Ол бүкіл ғұмырын Ислам жолына қызмет етуге арнады, керек десеңіз малын, тіпті жанын беруге дайын тұрды. Ол туралы РасулАлла (с.а.у.): «Сұқбаттарымен, мал-мүлкімен маған ең көп жәрдем еткен Әбу Бәкір. Егер мен Раббымнан басқасын халил (дос) ететін болсам, онда міндетті түрде Әбу Бәкірді халил етер едім» (Бұхари, Фадаилул-Асхаб 3) деген. Сондықтан Ислам дініне қызмет ету жағынан хазірет Әбу Бәкірдің алатын орны ерекше. Оның қызмет етудегі сүйіспеншілігі һәм Ислам дініне және мұсылмандарға көмектесуіндегі күш-қайраты тек Алла разылығы үшін болғандықтан, «Сыддық» (шыншыл) деген лақап атқа ие болды. Күллі жаратылыс атаулыға мейірімділік пен рақымдылық көрсете білді. Хазірет Әбу Бәкірдің адамдарға мейірімділік пен рақымдылық көрсетуін және өзгелер үшін үлгі-өнеге болғандығын Хазірет Омардың мына сөзін мысал ретінде беруге болады. «Мәдина қаласының шетінде ешкімі жоқ, көмекке мұқтаж бір қарт әже өмір сүретін. Ол әжеге жәрдем етейін деп қасына барсам әр уақыт хазірет Әбу Бәкір оның барлық мұқтаждықтарын қамтамасыз етіп қойғандығын көретін едім», – дейді.
Алла тағала құлының өзге құлына қалай қарым-қатынас жасағанына назар аударады. Ол қалай қарым-қатынас жасаған болса, Алла тағала оған солай қарым-қатынас жасайды. Әділетсіздікпен өкпелейтін болса, оған өкпелейді. Мейірімділік пен рақым-дылық көрсететін болса, мейірімділік пен рақымдылық көрсетіледі. Біреудің көңілін аулайтын болса, көкейіне тыныштық ұялатады. Әлдебіреудің жүрегіне жара салған болса, оның да жүрегіне уайым-қайғы салады. «Рақымдылық жасамағанға рақымдылық көрсетілмейді» (Бұхари, Әдеп, 18) деген хадис-ке орай «Рақымдылық жасағандарға Алла тағала да рақымдылық жасайды» (Тирмизи, Бирр, 16) деген хадис бұның ең биік дәлелі болмақ. Яғни жасағанына сай, сый-құрмет көреді.
Мұсылмандарға жәрдем ету мақсатымен қызмет жасағандарға ұлы Раббымыз да жәрдем етеді. «Мүмин құл дін бауырының жәрдемінде болған уақытта, Алла тағала да ол құлға жәрдем етеді» (Мүслим, Зікір 38) деген хадис бұл ақиқатқа назар аударуға үндейді. Сол себепті не істейтін болсақ, оның қайтарымын Жаратушымыздан аламыз. Сондай-ақ, жоғарыдағы хадистер еңбек еткендерге, қайырымдылық жолында ат салысқандарға зор сүйінші береді: «Кімде-кім бір мүминннің дүниедегі қиыншылықтарының бірін шешетін болса, Алла тағала да қиямет күнінде ол мүминнің қиыншылықтарының бірін шешеді (жеңілдетеді). Кімде-кім қиналғанға жеңілдік көрсететін болса, Алла тағала да оған дүниеде және ақыретте жеңілдік көрсетеді. Кімде-кім бір мұсылманның айып-кемшілігін жасыратын болса, Алла тағала да оның дүниедегі және ақыреттегі айып-кемшіліктерін жасырады».
Өміріміз күн өткен сайын кеміп барады. Барлығымыз кіші қиямет қайымға қарай жақындап барамыз. Істеген істерімізден есепке тартылатын күні Алла тағаланың жаратқандарына мейірімділік пен рақымдылық танытқандығымыз үшін нығметке бөленіп жатсақ не деген бақыт! Ол уақытта жәрдемшіміз, қамқоршымыз тек қана жаратушымыз Ұлы Алла тағала болады. Ол не деген жақсы дос, неткен жәрдемші!

Абдуллаһ Хикмет Атан

 Хадис ғылымдарының докторы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: