Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті отандастар!
Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де таяп қалдық. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, Рамазанды жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді.
Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке.
Жылдағы дәстүр бойынша еліміздің мұсылмандары қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға да атсалысты. Мешіттерімізде күнделікті ауызашарлар мен қайырымдылық науқандары жүргізілді. Тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек көрсетілді. Сауабы теңдесіз осынау жақсы істерге үлес қосқан отандастарға «Алла разы болсын» дейміз.
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. «Айт» сөзі «қарымта» деген мағынаны білдіреді.
Кеңпейіл, бауырмал, қонақжай, дарқан мінезді мұсылман халқымыз Ораза айтты ерекше атап өткен. Айт – бүкіл халықты ұйыстыратын ұлық мереке. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткені, Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.
Қадірлі ағайын!
Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Мұсылмандардың екі айтулы мерекесінің бірі – Ораза айтта барша жамағатты ауызбірлікке, кешірімділікке, таутулыққа шақырамын.
Жүрегі Алла деп соққан әрбір мұсылманның отбасына ырыс-береке, бақ қонсын. Халқымыздың бірлігі артып, елеміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, Елбасы бастаған егемен еліміздің болашағы баянды болғай!
Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,
«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.