«Әзрет Әли» мешітінің шәкірттері арасында білім сайысы өтті

«Әзрет Әли» мешітінің шәкірттері арасында білім сайысы өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Осыдан төрт жыл бұрын Тараз жұртшылығына есігін айқара ашқан «Әзрет Әли» мешіті бұл күнде қаламыздың білім-ғылымның еңселі ордасына айналған. Мешіттегі діни сауат ашу курстарына қабылданған шәкірттер санының  жылдан-жылға артып келе жатқаны да осы сөзіміздің айқын дәлелі. Ал, биылғы жылы «Әзірет Әли» мешітіндегі шәкірттер саны 100-ден асқаны жайлы жаңалық та жариялаған болатынбыз.

Бұған қоса, мешіт имамдары мен ұстаздарының түрлі тақырыптардағы дәріс сабақтары, күнделікті кешкі уағыздар, шәкірттерге арналған спорттық сайыстар мен білім жарыстары да көптеп ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – «Әзрет Әли» мешітінің Бас имамы Мыңбаев Бекболат Викторұлының бастамасымен шәкірттер арасындағы білім сайысы.

Аталмыш білім сайысы өз жалғасын тауып, «Әзрет Әли» мешітінің шәкірттері арасында кеше «Пайғамбар (с.ғ.с.) үйреткен намаз» атты сайыс болып өтті. Мешіттің жастар жамағатының арасынан үздік 5 шәкірт қатысқан білім сайысының сұрақтары бұл жолы намаз құлшылығына қатысты болды. Намазға байланысты Ханафи мәзһабындағы ұстанымға алатын хадистер мен қағидаларды қамтыған 15 сұрақтан құралған билеттер бойынша шәкірттер білімі сарапқа салынды.

Бесін намазынан соң жан-жақтан қаумалаған жамағат алдында жарысқа қатысушы бес шәкірт өздерінің білім дейгейлерін байқатып, таңдаған билеттер бойынша жауап қайтарды. Шәкірттер білімін саралап, төрелігін айтуға арнайы шақырылған Тараз қаласының, әрі «Кеңесхан» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл, «Һибатулла әт-Тарази» Орталық мешітінің найб имамы Бахтияр Амиреев, «Әзрет Әли» мешітінің бас имамы Бекболат Мыңбаев олардың әр жауабын мұқият қадағалап, қосымша сұрақтар қойып отырды.

Әр билеттегі негізгі үш сұрақ бойынша айтқан жауаптары сарапқа салынып, қазылар алқасы шәкірттер білімін ұпаймен бағалап отырды. Қорытынды есепте «Пайғамбар (с.ғ.с.) үйреткен намаз» сайысының І-орын жүлдесі Махамбет Әділетке бұйырып, қомақты ақшалай сыйақыға ие болды. Ал, жүлделі ІІ-орынға Шалтаев Тамерлан лайық деп танылды. ІІІ-орынға ие болған Аманов Жанатқа да ақшалай  жүлде табысталды. Қалған екі үміткерге ынталандыру сыйлықтары тапсырылып, марапатталды.

«Әзрет Әли» мешіті

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: