Сиқырдың бар екендігіне дәлелдер
Құран Кәрімнен дәлелдер:
1.«Олар Сүлейменнің (ғ.с.) патшалығы кезінде шайтанның сиқырлығына ерді. Бірақ, мұнымен Сүлеймен (ғ.с.) кәпір болған жоқ, керісінше, адамдарға сиқырлық жайғаны үшін шайтандар кәпір болды. Сонда олар бабиладағы Һарут, Марут деген екі періште әкелген сиқырлықты уағыздады. Кімде кім Алланың кітабын сиқырға айырбастаса, ақиретте жәннат несібесінен қағылатыны белгілі. Сонда олар өздерінің сатып алғандарының ( Алла кітабын сиқырға айырбастағанының) сұмдық жамандық екенін білер ме еді?
Егер олар Құдайдан қорқып, иман келтірсе ( сиқырды тастаса), әрине Жаратушының жақсылығына ие болар еді. Тек мұны түсінсе ғой («Бақара» сүресі, 102-103-аяттар ).
2. «Мұса (ғ.с.) айтты: «Сендерге келген ақиқатты сиқыр деп айтасыңдар ма? Шындығында, сиқыршылар құтылмайды» («Жүніс» сүресі, 77-аят).
3. «Жаратынды әртүрлі нәрселердің кесірінен, қараңғы түскенде түннің кесірінен, түйіншекке дем салушының кесірінен, күншілдердің қызғанышты кесірінен сақта деп арайлы таңның Тәңіріне сыйынамын, пана тілеймін» («Фалақ» сүресі).
Тәпсірші ғұлама Кутруби: «Түйіншекке дем салушының кесірінен» деген аяттың мағынасы «дуа жасаушы сиқыршылардың жіп түйіндеріне дем салуы дегенді білдіреді», - деген.
Ал, ибн Кәсир: «Түйіншекке дем салушыны» Мужаһид, Икрима, Хасан, Қатада сынды ғұламалар сиқыршылар» деген, - дейді.
Сонымен, Құранда сиқыр мен сиқыршылар туралы көптеген аяттар бар. Біз жоғарыдағы дәлелдермен тоқталуды жөн санадық.
Хадистерден дәлелдер:
1. Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: «Пайғамбарды (с.ғ.с.) Бәни Зурайық елінен Ләбид ибн әл-Асам деген адам сиқырлады. Сонда Алла Елшісіне (с.ғ.с.) істемеген ісі істеген сияқты болып көрінетін болды. Бір күні менің бөлмемде Расулуллаһ (с.ғ.с.) ұзақ дұға жасады. Сосын: «Айша! Алланың менің сұрағаныма жауап бергенін сезбедің бе? Маған екі кісі келіп біреуі бас жағымда, екіншісі аяқ жағымда отырды. Бірі екіншісіне: «Бұл кісіге не болған?», - деп сұрады. Екіншісі: «Сиқырланған», - деді. Сонда біріншісі: «Сиқырлаушы кім?», - деп сұрады. Екіншісі: «Ләбид ибн әл-Асам», - деді. Біріншісі: «Немен сиқырлады?», - деп сұрады. «Тарақ, тарақтағы шаш және еркек құрма ағашының басындағы шашақтарымен», - деп жауап берді екінші кісі. Біріншісі: «Олар қайда?», - деп сұрады. Екінішісі: «Зәруан құдығында», - - деді.
Осыдан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол құдыққа сахабаларымен бірге барып қайтты. Келген соң: «Ей, Айша! Оның суы қына қосылған судың түсіндей (қызыл) екен. Ал ондағы құрма ағашының бастары шайтанның бастарындай екен», - деді. Мен: « Уа, Расулуллаһ! Әлгі затты шығарып алмадыңыз ба?», - деп сұрадым. Сонда Ол (с.ғ.с.): «Алла мені одан сақтады. Адамдарға одан (шығарғаннан) бір жамандық келер деп қауіптендім», - деді. Кейіннен Пайғамбар (с.ғ.с.) сиқырланған затты шығаруға бұйырып, көміліп тасталды» (Бухари мен Мүслім риуаяты).
Хадистің мағынасы:
Иаһудилер өз іштеріндегі ең мықты сиқыршы Ләбид ибн әл-Асамды Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарсы сиқыр жасауға көндіріп, оған үш динар береді. Ол Алла Елшісінің (с.ғ.с.) шашына дуа жасайды да, «Зәруан» атты құдыққа тастайды. Шашты Пайғамбардың (с.ғ.с.) үйіне барып жүретін бір күң арқылы қолға түсіреді. Бұл хадистің басқа риуаяттарында сиқырдың ер кісінің зайыбымен қатынасын болдырмай тастайтындығы баяндалады. Бірақ, сиқыр оның ақылына, мінез-құлқына, іс-әрекетіне әсер етпейді. Өйткені, ол айтылған мақсатта ғана жасалынған болатын. Риуаяттарда бұл сиқырдың күші қаншаға созылғандығы жайында пікірталас бар. Біреулері «қырық күн десе», басқалары «одан аз болды» деседі. Бәрін білуші - бір Алла ғана. Одан кейінгі оқиға желісі хадисте айтылғандай.
Осы хадистің барлық риуаяттарында иаһудилер Пайғамбарға (с.ғ.с.) қарсы сиқырдың ең күшті түрлерін жасап бағады. Олардың басты мақсаты Расулуллаһтың (с.ғ.с.) көзін жою болатын.
Бұл хадис туралы күмән мен оған жауап
Әл-Маризи деген ғұлама былай деді: «Бидағатшылар бұл хадисті Пайғамбарлықтың мәртебесін түсіретін, күмән тудыратын, шариғат жөнінде шәк келтіретін хабар деп теріске шығарды. Олар: «Бәлкім, мұндағы Пайғамбарға (с.ғ.с.) елестеген нәрсе Жәбірәйіл (ғ.с.) періште болар, онан соң оған қалаған нәрсені уаһи еткен болар», - деп тон пішеді. Олардың бұл айтқандары мүлде қисынға келмейді. Өйткені пайғамбарлықтың белгісі ол - оның шыншылдығын дәлелдейтін Алла тағаладан берілген мұғжиза. Осындай дәлелге қарсы нәрсе болады деу - жалғандық».
Әбул-Жукни Әл-Юсуфи деген ғұлама: «Ал, Пайғамбардың (с.ғ.с.) шалдыққан дерті оның пайғамбарлығына еш зарар келтірмейді. Өйткені Оған (с.ғ.с.) бұл дүниеде кемшілікке себеп болмайтын ауру түрлері тап болатын болған. Керісінше, бұл нәрсе олардың ақиреттегі дәрежелерін арттырады. Егер оған сиқыр дерті себебінен кейбір дүниелік істерін істеген болып елестетіліп, оны істемегені анықталып, сосын ол Алланың әмірімен жойылған болса бұл нәрсенің еш зияны жоқ. Себебі бұл адамның ақылына әсер етпейтін ауру түрі. Ол адам денесінің бір мүшесіне ғана зиянын тигізеді».
Әбул-Жукнидің пікірі: «Сиқырлыққа ұшырау пайғамбарлықтың дәрежесіне дақ түсіреді деушілердің Құрандағы Мұса (ғ.с.) пайғамбардың Перғауынның сиқырына байланысты қиссасына мән бермеулері таңдандырады. Онда олардың сиқырлары себептерінен тастаған таяқтары Мұсаның көзіне жыландарға айналып ирелеңдеп елестетілуі нақты мысал емес пе?! Сонда оны Алла тағала мына аяттармен жүрегін орнықтырады:
«Қорықпа! Сен үстем боласың», - дедік. «Оң қолыңдағыны таста! Олардың жасағандарын жалмасын. Шынында олардың жасағандары сиқыршының айласы ғана. Сиқыршы қайда барса да құтылмайды. Сонда бүкіл сиқыршылар сәждеге жығылып: «Мұса мен Һарунның Раббысына иман келтірдік», - десті» («Таһа» сүресі, 68-69-аят). Білім иелері мен ғұламалардың ешбірі «осы арқылы Мұсаның (ғ.с.) пайғамбарлығына бір зарар келтірілді» деген емес. Керісінше, пайғамбарлардың басында мұндай оқиғалардың болуы оларға деген сенімді күшейтеді. Алла тағала сол арқылы оларды дұшпандарына қарсы жеңіске жеткізеді. Тамаша мұғжизалар арқылы олардың ауыздарына құм құйды. Аяттарда айтылғандай сиқыршылар мен кәпірлерді сорлатып, нағыз тақуаларға соңғы несібені бұйыртады».
2. Әбу Һурайрадан (р.а.) Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жеті жоюшыдан сақтаныңдар», - деді. Сонда: «Уа, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Ол не нәрселер?», - деп сұрады сахабалар. Ол (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, сиқырмен айналысу, адамды нақақтан өлтіру, өсімқорлық, жетімнің малын жеу, соғыстан қашу, иман келтірген мүмін әйелдерге жала жабу», - деді (Бухари мен Мүслім риуаят еткен).
3. Ибн Аббастан (р.а.). Расулуллаһ (с.ғ.с.) былай деді: «Кімде-кім жұлдыздар ғылымынан үйренсе, сиқыршылықтан бір нәрсе алса, ол білімі (күнәсі) артқан үстіне арта береді» (Әбу Дәуіт, ибн Мәже риуаят еткен).
4. Әбу Мұса әл-Ашғаридан (р.а.) жеткен хадис: «Жұмаққа арақ ішуші, сиқырға сенуші, туыстық байланысты үзуші кірмейді» (Ибн Хиббан риуаяты).
5.: «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бірдеңе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке (с.ғ.с.) түскен нәрсеге күпірлік еткен болады» (Ибн Масғұд (р.а.) риуаят етті. )
Уахид Абдуссалам Бали