Ысырапшылдық - Алла тағала сүймейтін іс. Өйткені, ысырапшылдық жеке тұлғаға, отбасына, қоғамға қауіп төндіретін, тірнектеп тапқан дүниенің түбіне жететін, бұ дүниенің өзінде де кесірін тарттыратын қатерлі дерт. Алла тағала құлдарын кең мейірім, рахымымен сан-алуан нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік тәріздес нығметтердің барлығы Алла тағаланың құлына сыйлаған ерекше сыйы. Ал, адамзатқа жүктелген міндет - сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып, астамшылық көрсетпей, ысырапшылдыққа жол бермеу. Себебі, берілген дүние-мүлік пәни дүниедегі тіршіліктің сәні ғана.
Бұл туралы қасиетті Құранда былай делінген:
«Байлық пен балалар - дүние тіршілігінің сәні. Ал, мәңгі қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның қасында, табыс бойынша да жақсы әрі үміт тұрғысынан да жақсы»[1].
Иә, бала-шаға, мал-мүлкіміздің барлығы осы жалған дүниенің сәні. Бірақ осы дүниеде істелген игі амалдарымыздың жемісін мәңгілік ақиретте көретініміз сөзсіз. Ибн Аббастың айтуынша, жақсы амалдарға күнделікті бес уақыт намаз және әрбір Алла разылығы үшін жасаған іс-әрекеттеріміз, сөйлеген сөздеріміз жатады.
Сондай-ақ дүние-мүлік те - адам баласының игілігіне берілген нығметтің бірі. Ал, пенде әр нәрсенің адал, арамын ажыратып білуі тиіс.
Алла тағала былай бұйырады:
«Ей, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер!»[2].
Яғни, адамзаттың ағзасына, ақылына зиян келмейтін әрі кері әсер етпейтін Алланың берген сансыз халал рызығынан жеңдер деуде. Өйткені, ішіп-жейтін барлық қоректеріміздің қайсысы халал, қайсысы харам екені ашық та айқын көрсетілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:
«Расында, халал мен харам анық. Ал, халал мен харамның арасында адамдардың көбi хабарсыз болған күмәндi нәрселер бар. Күмәндiден сақтанғандар - өзiнiң дiнi мен ары үшiн тазарған болады»[3].
Олай болса, Жаратушы иеміздің сансыз нығметтерін, оңды-солды шашпай, харам мен халалды ажыратып пайдалану пенденің басты міндеттерінің бірі.
Құранда:
«...Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап етпеңдер, шындығында Алла тағала ысырап етушілерді сүймейді»4 - деп, берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды, бірақ ысырап жасамауымызды ескертсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен даңдайсуға жол бермеңдер» 5 - дейді.
Яғни, Алланың берген нығметінен ішіңдер, жеңдер сонымен бірге дәулет артылып жатса жағдайы жоқтарға, кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге, медресе, мешіт, балабақша, аурухана сияқты орындарға жұмсаудың зор сауапты іс екендігін ұқтыруда. Сондай-ақ тәкаппарлыққа ұрындыратындай сырт көзге көрсету, мақтану ниетімен қымбат киіну де ысыраптың бір түрі.
Сондықтан, қаражатымызды жалпыға пайдасы тиетін жерге жұмсап, зияны тиетін істен аулақ болуымызды нұсқайды. Себебі, Алла тағала дүние-мүлікті пенделерге жақсылық жасауы үшін үлкен мүмкіндік ретінде берді.
«Ысырап» сөзінің тілдік мағынасы, дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс пайдаланбау, Алла тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен қолданбау дегенді білдіреді.
Ысырапқор пенде берілген нығметке қанағатсыздық танытып, тек іше берсем, жей берсем, үсті үстіне бола берсе деген тоғышарлық мінез танытады.
Олай болса, ысырапқа бармау үшін үнемшіл болу қажет. Үнемшілдік - шектен тыс кетпеу, керегінен аз немесе көп жұмсамау, яғни орта жолды ұстай білу керек деген ұғымды білдіреді.
Үнемшілдік - шүкіршілікті ұқтырады. Өйткені, үнемшіл адам Алланың берген нығметтерінің қадірін біледі. Сондай-ақ құрметпен қарап, ондағы Жаратушының мейірімі барын сезініп, өзіне берілген сый-сыяпаттың қадірін түсініп, оны артық жұмсаудан тартынады. Белгілі бір өлшемде ғана қажетіне жұмсайды. Осылайша Жаратушының бергенін қанағат етеді. Оларды тиімді жұмсаудың арқасында басқа біреудің қолына қараудан құтылады.
Сондай-ақ, ол үнемшілдігімен Алла тағаланың разылығына бөленеді. Ал, ысырап етуші шайтанның туысы болып табылады.
Алла тағала:
«Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал, шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші»6, - деп, оның қаншалықты күнә екенін білдіреді.
Аятта дүниені оңды-солды шашуға болмайтындығы ескертілуде. Оңды-солды шашудағы мақсат, дүниені аз немесе көп жұмсауында емес, оны не мақсатқа пайдаланғаны маңызды. Ислам ғалымдарының көзқарасы бойынша Алла үшін жұмсалған дәулет ысырапқа жатпайды. Ал, жеке мүдде үшін қаражатты орынсыз шашу ысырап. Ол отбасының берекесін қашыратын жағымсыз әрекет. Құранда:
«Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» 7, - деп ысырапқа үзілді-кесілді жол бермеу керектігі айтылған. Мәселен, үлкен күнәлар қатарына жататын арақ ішу, құмар ойнау, зинақорлыққа жұмсалған қаражаттың түбі неге апаратыны айдан анық. Өйткені, ішімдікке қаражат жұмсап, сонысына тояттаған адам өз отбасының шырқын бұзады. Оның соңы отбасының ажырасуына, шиеттей сәбилердің жетім қалуына әкеп соғады. Сол сияқты құмар ойынға ақша жұмсағандар, сол жолда әуестеніп, санасын улағандар соңынан жаман жағдайларға душар болып, сан соғып жатады. Сондай-ақ пара беріп өз ойын іске асырғандардың да, болмашы дүниеге алданып арын сатқан барлық зинақордың да күні осылай болмақ. Міне, осының бәрі мақтан үшін дүние шашушылық - ысырапшылдықтың кесірі. Бірақ олар мұның ысырап екенін білмей, өз істеріне сүйсінеді, тіпті, мақтанудан да ұялмайды.
Құран кәрімде былай делінген:
«Солайша шектен шығушыларға (ысырап етушілерге) істеген істері көркем көрсетіледі»8 .
Бұл аятта адам баласына қандай да бір қиыншылық жетсе, ауырса, кедейленсе, Жаратушы иемізден әр кейіпте: тұрып та, отырып та, жатып та жәрдем сұрайтынын айта келе, әлгі дерттен айықтырған сәтте барлығын ұмытып, баяғы әніне қайта басатындығы айтылған. Бұған қоса өз білгенін дұрыс көріп, ысырапшылдығын тыймайды.
Негізінен жұртқа көрсетіп, байлығымен масаттану үшін жасалған мұндай істердің сыбайласы шайтан. Өйткені, олар жетім-жесірлер мен кембағал-қарттарға көмектеспейді. Ал, Құранда:
«Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Және мүлде ысырап етпеңдер» 9 - деп ескертіледі.
Яғни туған-туысымызға, міскін-кедейлерге, сапарға шығып жолда қалғандарға көмек қолын созу ысырапқа жатпайды. Керісінше, оларға қарайласуға міндеттіміз. Және де мүмін орта жолды ұстанғаны дұрыс. Алла тағала:
«Олар мал сарп еткенде, ысырап жасамай, сараңдық етпей, ортасында болады», 10 - дейді.
Яғни, мал-мүлкін жұмсауда ысырапқа жол бермей әділдікті ұстанатындар. Шынайы құлдар Жаратушымыздың шариғатынан асып та кетпейді, кем де соқпайды.
[1]. «Кәһф» сүресі, 46-аят.
20. «Бақара» сүресі, 168-аят.
3. Сахихул-муслим, 107 (1599).