Аудан мешіттері Ораза айт мерекесін атап өтті.

Аудан мешіттері Ораза айт мерекесін атап өтті.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

    Адамдар үшін жолбасшы болған Құран түскен ай қасиетті Рамазан айы да аяқталып, Рамазан айын қимастықпен шығарып салған жұртшылық аудандық «Төле би» мешітіне айт намаз оқуға жиналды.

Осы мешіттің бас имамы Аят Дыбысұлы мешітке келген жамағатты Ораза айтымен құттықтап, тұтқан оразаларыңыз, оқыған намаздарыңыз, берген садақаларыңыз қабыл болсын деп тілегін айтып, Ораза айт жайында кеңінен уағыз-насихат айтты.

    Қадірлі мерекеге арнайы келген аудан әкімі Қайрат Досаев барша жиналған жамағатты  қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтап, елімізге, жерімізге береке тіледі.

Аят Дыбысұлының ұйымдастыруымен, еліне жанашыр жомарт мұсылман бауырларымыздың демеушілігімен, ауданда Рамазан айының және Ораза айтының құрметіне, көмекке мұқтаж, жағдайы төмен, жалғыз басты, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға азық-түліктей, ет және ақшалай, қайырымдылық науқаны жасалып өтті.

    Мұндай қайырымды іс-шараға тап болған жұртшылық шаттықпен ұйымдастырушыларға  алғыстарын білдірді.

Шу аудандық «Төле би» мешітінің баспасөз қызметі

 

Қордай ауданы

Биыл да жылда қалыптасқан дәстүр бойынша аудандық «Қордай» мешітіндегі Ораза айт намазына халық көп жиналды. Олардың арасында ақсақалдар, әже-апалар, орта буын ағалары, әр түрлі сала қызметкерлері жастардың қатары да мол болды.

Айт күндері мейірім-шапағат, рақымшылық, достық сезімдерін тудыратын уақыт. Айт күндері адамдардың рухы шаттанады, күнделікті күйбең тіршіліктен жабырқау тартқан көңілдері жадырап, бір сергіп қалады. Мұнда бас қосқан мұсылман қауымның алдында аудан бас имамы Д.Қасымалиев  сөз сөйлеп, Ораза айтының өзіндік ерекшелігіне кеңінен тоқталды.

Уағыз айтып, жұртшылықтың көкейінде жүрген мәселелер жөнінде де ойын ортаға салды. Қадірлі мерекеге арнайы келген аудан әкімі орынбасары Бейқұт Тлебалдыұлы Жамангөзөв барша жиналған жерлестерімізді қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтады. Әрбір отбасына шадыман-шаттық, ырыс-береке тіледі.

 Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастырыуымен Қордай-Тараз қоғамдық көлігінде де  ұлық мерекеге орай  жол жүру тегін болды. Найб имам Д.Жандосұлы жолаушыларды айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін айтып, дұға жасады.

         Айт құрметіне орай мешіт жамағатымен өзге командалар арасында футбол бойынша «айт кубогіне» жарыс өқткізілді. Жеңімпаз команданы бас имам Д.Қасымалиев марапаттады.

Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі

Байзақ ауданы

Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінде ораза айт намазы оқылды.  Айт намазына  700  астам адамдар қатысты. Айт намазынан алдын ауданның бас имамы Рамиз қажы Азизов және найб имамы Айбек Каримбаев тартымды уағыз-насихаттар айтып,  айт намазының оқу тәртібін жиналған жамағатқа баяндап берді.

Аудан әкімі Рахматілдә Сегізбайұлы жиналған жамағатты ораза айтымен құттықтады. Айт намазынан кейін арнайы қонақтарға дастархан жайылып,  дәм татып болғаннан кейін, үйлеріне тарқап айттауға кірісті. 

«Байзақ баба» мешіті

 

Меркі ауданы

Аудан бойынша Рамазан айы еш қиындықсыз мешіттерде барлық амалдар жасалып жақсы өтті деуге негіз бар. Ал Ораза айтқа арапа күні дайындық жүргізілген болатын.

Ораза айт күні таң атысымен аудан халқы мешіттерге бет алып, айт намазына асықты.

Орталық «Меркі ата» мешітінде шамамен екі мыңға жуық адам қарақұрым халық жиналды. Мешіт қызметкерлері жиналған халыққа қызмет көрсетіп, таң намазынан кейін найб имамдар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, айт намазына жақын уақыт қалғанда, ауданның бас имамы уағызды жалғастырды.

Аудан жұртшылығын айт мерекесімен құттықтауға аудан әкімі Азатұлы Мейірхан Өмірбеков келіп, өз орынбасарларымен айт намазына қатысты.

Ауданға қарасты барлық мешіттерде айт намазы оқылды. Орталық «Меркі ата» мешітінде мешіт қызметкерлерінің ұйымдастырумен ұлттық ойындар өтті. Ораза айт акциясы жалғасын тауып, Меркі-Тараз бағытына жолаушыларды тегін тасымалдау шарасы ұйымдастырылды.

Аудандық «Меркі ата» мешіті

 Жамбыл ауданы

Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Барша мұсылмандар оразамен қимай қоштасып, Алла тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта, саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі рамазан айына да есендікпен жетулерін тілеп, мінәжат етеді.

Жексенбіде айлардың сұлтаны саналатын Рамазан айы барша мұсылмандардың мерекелік намазы – ораза айт намазымен аяқталды. Жергілікті халық Айт мерекесін Алланың үйі – мешіттен бастады. Ол күні аудандық «Бәйдібек»  мешітіне ниет етіп келген жұртшылықта есеп болмады. Айт намазы алдында мешітке жиылған жамағатқа ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы уағыз айтып, қасиетті мерекенің мән-маңызына кеңінен тоқталды. Айт намазына арнайы келген аудан әкімі Мәден Мұсаев мешіттегі жамағатты айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Ораза айттарыңыз мүбәрәк болсын! Халқымыздың береке-бірлігі мен ырысы әрдайым арта берсін. Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадымен қуанышқа бөленетін бұл мейрам аудан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болсын! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман, тәуелсіз еліміздің мәртебесі асқақтап, ынтымағымыз жарасып Алла Тағаланың құт-берекесі дари берсін! – деді Мәден Тоқтарбайұлы.

Ізгі тілектен кейін мешіттегі жамағат айт намазын оқып, имаммен ғибадат етіп, оқылған құранға, дұға-тілектерге қол жайды. Айт – қуаныш пен шаттыққа толы мейрам. Бұл күндер – Алла Тағалаға сыйынып, ел тыныштығы мен халық бірлігін, отбасының амандығын тілейтін, фәниден озған ата-бабаларымыздың, ағайын-туғандарымыздың әруақтарына құран бағыштап, жетім-жесірлерге, жоқ-жітікке мейірбандылық көрсететін, бір-бірімізге ізгі тілектер жолдап, имандылыққа шақыратын күндер. Айтта мұсылмандар бір-бірімен татулықтарын арттырып, сауапты істер, игі амалдар жасайды. Жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, өмірден озған мұсылмандар рухына құран бағыштайды. Жаратқанға жақындау, туған-туыс, дос-жаранға, таныс-біліс кісілерге ілтипат көрсету – мерекенің абзал амалдары.

Ильяс Қалыбеков.

«Шұғыла»

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: