Ислам дінінің бір ғұламасы «Егер Алладан маған дұғамның қабыл болуына мүмкіндік берілсе, онда мен ел басқарған патшаның амандығын тілеп дұға еткен болар едім», - депті. Біздер де солай тілейтін болсақ ешқашан қателеспейміз. Астана қаласында бой көтерген «Әзірет сұлтан» мешітін салу жайында көпшілікпен ақылдасу барысында, кейбір азаматтар өз пікірін білдіріп елордамызға «Нұр Астана» мешіті де жетпей ме? дегеніне Елбасы «Астанаға шетелдік қонақтар келіп әуежайдан түскенде көздеріне ең алдымен түсетін, бір үлкен мешіт болса, дінге құрмет еткен елді, оларда құрметтемес пе?» деуінің өзі ол кісінің дінге, елге деген шексіз құрметі емей немене?! Тарихи күн болып қалатын осы бір мереке сүттей ұйыған берекеміз бен татулығымыздың арқасы десек, артық айтпаған болармыз.
Жаратушы Алланың пешенемізге жақсы Президент беріп, жүрегіне шексіз мейірім мен адалдық сыйлағанына шүкір айтамыз. Көреген басшының абзал саясаты мен дұрыс бастамасының арқасында, күллі ғаламға өзін танытқан айбынды ел екенімізді сан қырымыздан дәлелдедік. Қасым ханның қасқа жолын қалқан қылып, Есім ханның ескі жолын есте ұстап, Әз Тәукенің жеті жарғысын жетекші еткен, Ата Заңымыздың қасиеті мен құндылығы тым биік. Қасиетті дініміздің хадисін ғұрып, Пайғамбардың сүннетін салт қып ұстанып, небір қилы заманда бағарымыздан адаспай, осы күнге бабалар аманатын арқалап аман жеткен елміз.
«Тәуелсіз Қазақстан: Бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы өзі осылай десе, «Бір таңқаларлығы, әлемдік дәстүрлі діндердің бірі де Ұлы далада, яғни біздің жерімізде жаралған жоқ. Алайда, тек осы жерде бейбітшілік рухы нағыз үйін таба білді», - деді Елбасы.
Теріс ойлы сыңар жақтылардың сыбысына ермей, егемендіктің қадірін біліп, көк байрағымыздың мәңгі желбіреуі үшін жалпымыз ынтымақта, татулықта болсақ, ырысымыз ешқашан ортаймас болар. Елбасын құрметтеу, бүкіл елді құрметтеу болып саналмақ. Елбасына дұға тілесек, Алла оның халыққа мейірімділігін оятып, бақ-берекеге апарар. Тәуелсіздік алған жылдары жалпы елімізде 61 мешіт бар болса, қазір 2300 ден астам мешіт болды.
Елбасымыз жаһан жұртын тыныштыққа, тұтас бірлікке шақыруға, дінаралық татулық жөнінде бастамашылық ой қозғаса, адамзатқа ортақ жершарын қорғау мақсатында атом ядролық қаруынан бас тартуға шақыруы, дін турасында халықаралық Ассамблеяда «Дін адамзатқа қауіп төндірмейді, адамзат дінге қауіп төндіруі мүмкін» сөзі есі барды ойлантып, жүрегі барды толғантары сөзсіз.
Ел басқаруда саясаткер ғана емес, Тәуелсіздікте қаста қауышқан асыл дінімізді дамыту үшін де көптеген қолдаулары, әрқандай істі жоғары деңгейде жүзеге асырудағы мақсат-мұраты үлгі тұтар мақтанышымыз. Бірлігіміз жарасқан даңқы асқан, әрқашан мерейі үстем ел болуды Алла бізге нәсіп етсін!
Данияр Жұмабаев,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі,
«Һибатулла Тарази» орталық мешітінің бас имамы.