Ауылда біреу қайтыс бола қалған жағдайда сол елдің жігіттері жиналып, қабір қазатынын білуші едім. Ал қалалық жерде арнайы көр қазушылар болады. Олар туралы мен кей кезде әртүрлі ойға бататынмын. Екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүргендер қабір қаза қояды дегенге сену қиын секілді. Расында да көр қазушы деген кімдер? Қандай адамдар қазады? Олар бұл жұмысқа қалай келеді? Санамда соқтығысқан осындай сұрақтардың жауабын табудың бір ғана жолы бар секілді. Ол - зиратқа барып қабір қазушылардың жұмысымен танысу. Іштей біраз жүрексінсем де ақыры осы шешімге тоқтадым. Сөйттім де, «өлілер мекеніне» қарай жол тарттым.
«Қайда барсаң - Қорқыттың көрі»
Бисмилләһир рахманир рахим. Осы сөзді айттым да Астананың іргесіндегі Нұрғиса Тілендиев даңғылын жағалай орналасқан қалың қорымға қадам бастым. Араларын шағын ғана жолдар бөліп тұрғандығы болмаса, христиандар мен мұсылмандар қатар жерленген екен мұнда. Әуелі әруақтарға арнап Құранымды оқып, дұға бағыштаған соң «ауыл» ішін аралап көргім келді. Бір жағынан осы жердің бригадирі Жанғазы деген кісіні іздеп келем. Жаңа ана бір бұрыштағы маңдайында «жерлеу рәсімдері» деген жазуы бар дүкенге кіріп жөн сұрағанымда, «мұсылмандарға байланысты мәселелерді сол Жанғазы біледі», - деген еді.
Көшесінде сабылысқан көлігі жоқ, үйлеріне кіріп-шығып жүрген адамдары жоқ демесеңіз, бұл жер де өзінше бір үлкен қала секілді көрінді маған. Мұнда да бәсекелестік көзге ұрып тұр. «Қайда барсаң - Қорқыттың көрі» деген осы болса керек. Біреулері зәулім мазарда жатса, енді бірі қарапайым ғана қоршаудың ішінде жатыр. Дәл қала ішіндегідей мұнда да сәні келіскен ескерткіштер, мүсіндер жиі кездеседі. Менің назарымды өзіне ерекше аударған мына бір әйел кісіге қойылған ескерткіш болды. Онда екі қыз, бір ұлды кеуде тұсынан жоғары қарай көтерген ана, ал балалардың қолында көкке ұмтылған көгершіндер бейнеленген. Айналасына орындық орнатқан. Мәрмәр төсеніш, ою қақпалы қабірде төрт адам жерленіпті.
Өзім әлденеден үрейленіп, жан-жағыма жалтақтап келе жатқанымда дәл алдымдағы бұрылыстан бір мәшине шыға келіп, рульде отырған орта жастағы кісі «кімді іздеп жүрсің?», - деп сұрады. Қалың қорымның арасында келе жатқанда, тосыннан қойылған бұл сұраққа не деп жауап береріңді де білмей қалады екенсің. Әңгімелесе келіп байқадым, бұл кісі мен іздеген бригадир Жанғазы болып шықты.
Жөнімді айтып көріп едім, мырс етіп күлді де: «Бұл жұмысқа сенен бұрын да небір жігіттер келген. Бірақ талайы түс аумай-ақ табандарын жалтыратады», - деп, әуре болма дегендей ыңғай танытты. Бұдан арғы сұрақтарыма, «бастықтардың арнайы рұқсаты болмаса, мен саған еш көмектесе алмаймын» деп қысқа қайырды.
Татардың қабірін қазу қиын екен...
Ертесіне «Астана - арнайы қызмет көрсету бюросының» басшылығынан рұқсат алып, «жұмысқа» шықтым. Нұрболат есімді осы мекеменің қызметкері көлігіне отырғызып алып, тарихы сонау 1958 жылдан басталатын аумағы 150 гектарға жуықтайтын зиратты алдымен бір аралатып, таныстырып шықты.
Бұл жерде бас-аяғы оншақты қабір қазушы болса, олардың көбісі христиан дініндегі адамдардың қабірін қазады екен. Ал мұсылмандардың қабірін қазатын бар-жоғы екі-ақ жігіт. Оның біреуі - қазақ, екіншісі - татар жігіті. Бұлай болатын себебі сол, зиратта мұсылмандарды жерлейтін жер қалмаған. Қазір тек ертеректе қайтыс болған жақындарының жанынан қосымша жер алып қойғандарға ғана топырақ бұйырады бұл маңнан. Менің бір байқағаным, бір мұсылман жерленген жердің аумағына үш христиан өкілін жерлеуге болады екен. Қазақ «өлсең көрің кең болсын» деуші еді. Ал, қазіргі қазақтар өлсе мазарын кеңейтетін болып алған. Осыдан кейін де мұсылмандарға жер табу қиынға соғады.
Үстімізге арнайы форма киіп, қолымызға құрал-сайманымызды алып зиратқа қарай беттегенімізде, бригадирім маған қарап: «Олжас сен ауылға барып көргенсің ба?», - деп сұрады. Негізі менің ауылдан шыққан бала екенімді өзімнен бұрын түрім айтып қоятын.
- Әрине, ауылдың баласымын ғой, - деп едім, « - Ендеше мына сүйменді сен алып жүр», - деп ауырлығы өз салмағымның жартысына жуықтайтын зілдей темірді ұстата салды.
Бүгінге келіп түскен екі тапсырыстың біреуі - қазақ, екіншісі - татар кісінің қабірін қазу. Алдымен қазақ кісінің қабірін қазуға кірістік. «Мұны қазір тікжарма қылып қазамыз. Бұрын қабір қазғанды көргенсің бе?», - деп сұрады Жанғазы аға.
- Жоқ, көрмегем.
-Ендеше қарап тұр. Астананың жері батпақты, сулы болғандықтан лақат қазуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан қабір негізінен тікжарма түрінде қазылады. Қабірдің ұзындығы 2,5, ені 1,2, ал тереңдігі 1,3 пен 1,5 шамасында болады, - деп барлығын тәптіштеп тұрып түсіндіріп шықты.
Жердің беті бір күрек басындай ғана тоң болып қатқаны болмаса, асты жұмсақ екен. Қазып болған соң қабырғасы ішіне құлап кетпес үшін айналдыра кірпіш қалап шықтық. Бұның да өз тәртібі болады екен. Ер кісілерге сегіз қатар, ал әйелдерге тоғыз қатар қаланады. Бір қабірді үш жігіт жүріп, бір сағаттан астам уақытта әзер дайын еттік.
Енді бізге татар ұлтының қабірін қазу керек. Дініміз бір болғанға қабірлеріміз де бірдей болар деп ойлағам. Сөйтсем, татарлардың қабірін қазу әлдеқайда қиындау болып шықты. Олар қабірдің жанынан лахат секілді жайын қазып, денені сол жерге жатқызады.
Менің бойымдағы үрей әлі басыла қойған жоқ. Бірақ менен өзгесінің барлығы да көңілді жүр. Бір-бірімен қалжыңдасып, қағысып қояды. Бұл жұмысқа әбден еті өліп кеткен. Менің әлі де болса үйренісе қоймағанымды байқаған жігіттер енді мені сынауға көшкендей. Бұл қабірді де қазып болып қалған кезімізде жігіттердің бірі:
«Олжас, мына жерге жатып көрші. Адам отырған кезде маңдайы төбеге тиіп қалмайды ма екен?», - деп, әлгі лахат секілді ішкі жайды нұсқады. Ол жердің биіктігі бір метрге жуықтап қалатындығы, отырған кісінің маңдайы тие қоймайтындығы көрген көзге ап-анық байқалып-ақ тұр. Бірақ мені сынау үшін айтып тұрғанын сезіп, қанша жүрексінсем де намысқа тырысып өлген кісі жататын жерге кіріп жатып көрдім. Шынымды айтсам, еңсем басылып кетті. Түрім де бозарып кеткен болу керек. Сонда да қорықпаған сыңай танытып қоямын өзімше.
Даланың суықтығын градуспен өлшеп айтуға болар еді. Ал көрдің суықтығын сөзбен айтып жеткізу мүлде мүмкін емес екен. «Көрдей суық» деген сөздің мағынасын сонда ғана түсінгендей болдым.
Табысың тапсырыспен өлшенеді
Тиесілі жұмысты аяқтаған соң, зиратқа кіреберістегі кеңсеге қайта оралдық. Бұл жерде қабір қазушылар қыста жылынып, жазда тынығып алу үшін арнайы орын әзірленіпті. Біз ішке енген кезімізде христиандардың қабірін қазатын жігіттер де осында отыр екен. Сәл жылынып алған соң жігіттердің әңгімелерінің ыңғайына қарасам, осы жердегілердің арасында қабір қазудан ең тәжірбиелісі маман Сағындық секілді. Ол христиандардың қабірін қазады. Сосын, «Бұл жұмысқа қалай кірісіп жүрсің?», - деп, Сағындықты әңгімеге тартып көрдім.
- Кәдімгідей. Жұмыс іздеп келдім, орналастым.
- Қай жылдан бастап?
- 2007 жылдан бастап осы жердемін.
- Бұған дейін қай жерде жұмыс жасаған едің?
- Жоқ. Еш жерде жұмыс істеген емеспін.
-Шамамен бір күнде қанша тапсырыс болады?
- Әр кезде әр түрлі ғой. Ең аз дегенде біреу, екеу. Ал, ең көп дегенде бес-алты қабір қазамыз.
- Христиандардың қабірін қазудың қандай айырмашылықтары бар?
- Христиандарда табыттың көлеміне қарай қазылады. Ал мұсылмандардың қабірін қазудың жұмысы көп қой. Осыдан екі-үш жыл бұрын мен де мұсылмандардың қабірін қазғанмын.
- Өзіңнің отбасың бар ма?
- Иә, Құдайға шүкір бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын.
- Табысың отбасыңды асырауға жете ме?
- Жетеді, әрине. Тек Алла берекесін берсін. Біз айлықты тапсырысқа қарай аламыз ғой. Тапсырыс көп болса, табыс та көбейеді.
-Жұмысыңды ауыстыру туралы ойланып көрдің бе?
- Жоқ. Ойлап көрмеппін. Неше жылдан бері осы жұмысқа үйреніп қалдым ғой.
Алғашқыдай емес бұл жердің аурасына мен де үйренісе бастағандаймын. Қабір қазып жүргендегі үрей аздап болса да сейіле бастаған секілді. Бірақ менің қолымнан қабір қазу келеді екен деген сөз емес, әрине.
Күннің батысқа қарай ауа бастаған кезі. Әлгінде Жанғазы бригадир айтқандай, менің де түс ауа бұл маңнан «табандарын жалтыратқым» келді. Сөйттім де.
Олжас Сәндібек
Р.S. Расында, қабір қазу - сауапты істердің бірі. Шариғатта да қабір қазушыны риза ету керектігі жайында айтылады. Екі қызметкер өз ақысын сұрай алады дейді: оның бірі - қасапшылар болса, екіншісі - осы қабір қазушылар.