Аптаның сұлтаны, күндердің төресі «Жұма» қасиетті күн. Аллаһ Тағаланың қасында ең ұлығы. Жұма күні-Аллаһ Тағала үшін Ораза айты мен Құрбан айтынан да ұлығырақ. Жұманың бес қасиеті бар: Жұма күні Аллаһ Тағала адамды ғ.с жаратты; осы күні адам ғ.с. жерге түсті; осы күні адам ғ.с. қайтыс болды; жұма күні бір сағат бар, ол сағатта пенде Аллаһ Тағаладан харамнан басқа не тілесе, соны береді; Қиямет жұма күні болады. Сондықтан, періштелер, аспан, жер, жел, тау, өзен - көл, теңіздер барлығыда жұма күнінен қорқады: шыққан күндердің ең жақсысы - жұма күні. Жұма күні Адам ғ.с. жаратылды.
Жұма күні жәннатқа кіргізіліп, жұма күні жәннаттан шығарылды, жұма күні оның тәубесі қабыл болды. Кімде кім жұма күні толық ғұсылданып жұма намазына бірінші болып келсе бір түйені құрбандыққа шалғанның сауабын алады. Одан біраз кешігіп екінші болып келсе сиырды құрбандық шалғанның сауыбын алады. Үшінші сағатта барған мүйізді қошқарды құрбандыққа шалғанның сауабын алады. Төртінші - басқалардың соңында барған бір тауықты сойып, оны садақа еткеннің, ең сонында намаз басталайын деп жатқанда барған адам бір жұмыртқаны садақа еткеннің сауабына ие болады. Имам хұтбаға шыққанда оның сөзін тындауға періштелер келеді. Жұма күні болғанда періштелер мешіттердің есігінің алдында қолдарындағы күміс парақтарына алтын қаламдарымен келгенін келгендей жазып отырады екен. Егерде бір кісі жұма күні жұма намазының уақытынаң кешіксе періштелер тексеріп, бір-бірінен Пәленше неге өз уақытынан кешікті?-деп сұрайды екен.
Кейін періштелер осы намазға кешіккен кісінің атынан Аллаһқа истихса етіп «Ей, Жаратқан Иеміз, егер ол пеңдене жұмаға келуіне кембағалдық кедергі еткен болса, оны байытқын. Егер де ауырып қалған болса шипасын бергін, басына бір іс түскен болса оны ғибадатың үшін құтқарған. Ал енді оны пайдасыз болған ойы ойландырып қалған болса, оның жүрегін өзіңнің тағатыңа бұрғын деп дұға етеді екен. Адамдардың жұма күні мешітке ерте баруына бір дәлел. Ибн Масғуд деген кісі жұма күні мешітке ерте барса, бұл кісіден алдын ала үш кісі келіп қойған екен. Сол уақытта Ибн Масғуд өзіне -өзі ұрсып: «төрт адамның төртіншісі болдың ба»-деген екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде айтады: «Кімде-кім жұма күні немесе жұма күннің түнінде дүниеден өтетін болса, Аллаһ Тағала оған мешіттің сауабын жазады және қабір сынағынан сақтайды. Аллаһ Тағала қабірде де сынайды.
Ол сынақ бұл дүниенің сынағынан да қиын. Яғни, Аллаһ Тағала екі періштені адам кейпінде (Нәкір, Мәнкүр) жібереді». Кағб деген кісі жұма жайында былай дейді: Аллаһ Тағала қалалардан Мекке қаласын, айлардан рамазан айын, күндерден жұма күнің, түндердең Қадір түнің ұлық етіп жаратты. Керек десен жұма күнінде аспандағы шыбын-шіркейлерде, құстарда барлығы бір -біріне жолыққан уақытта: «жақсы күннің жақсылығы болсын»-деп айтады екен. Бұның барлығы пенделер үшін жұма күнінің құрметіне беріп қойған мархабаты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Біздің қалыптарымыз Аллаһтың қолында, самал жолда жатқан жапырақты домалатқанындай Аллаһ Тағала қалыбымызды қалаған жағына бұрып қояды,»-деген.
Сондықтан жұма күнінің мархабатын,сауабын үміттеніп ізденбеген кісіге жақсылық жоқ. Қайта оның ділін көр түйенің адасып жүргеніндей етіп қояды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Сондай-ақ кім жұма намазды үш мәрте үзіліссіз қалдырса, Аллаһ оның жүрегін мөрлеп қояды»-деген. Енді осы жоғарыда айтып өткен жақсы қасиеттеріне жетуіміз үшін Имам Ғазалидың «Ихиау улумиддин» кітабында айтылған он әдепті есте сақтауымыз қажет. 1-Жұма күнінде қабыл болатын дұғаның қай уақытта екендігі белгілі болғандықтан, жұма күнінің жақсылығын бейсенбі күнінен бастап үміт ету керек. Бейсенбі күнінің намаздыгерінен кейін Аллаһқа тәспі, истиғфар айту және дұғалар жасау ләзім.
Аллаһ Тағаланың пенделеріне беретін ризықтарынаң бөлек жақсылығы да бар. Бұл жақсылығын бейсенбі күнінің кешінде жұма күнінің күндізінде сұраған пендесіне береді. Жұма күнінің қасиетін бейсенбі күнінен бастап күткен адамның несібесі көбірек болады. Жұма күнінің таңы атқаннаң кейін «бүгін жұма күні ме?»-деген адамның несібесі азырақ болады. 2-Жұма күнінің таңы айтқаннаң кейін құсыл етеді, яғни жуынады. Жұма күні жуыну-мустахаб делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Балиғат жолына жеткен әр бір кісіге жұма күні жуыну-уәжіб»-деген және «Сондай-ақ кім жұма күні дәрет алса, дәрет алғанның саубын алады. Ал кімде - кім жұма күні жуынса, жуыну -жақсырақ, яғни сауптырақ»-деген.
Осы сөздерге орай ғұламаларымыз: «Жұма күні жуыну-уәжіб»-деп айтқан. 3-Жүма күні жақсы киімдер кию. Киімдердің ең жақсысы-ақ киімдер. Өйткені «Аллаһқа киімдердің сүйіктісі - ақ киімдер»-делінген. Ал қара киім кию сүннеттен емес, қайта ғұламаларымыз мәкрүк деген. Жұма күні сәлде кию-мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әлбетте Аллаһ және оның періштелері жұма күніндегі сәлде иелерін рахметімен бөлейді» - деген. Мисуақпен тістерін тазалау,шаштарын, тырнақтарын, мұрттарын қысқартады. Ибн Масғудтаң: «кімде- кім жұма күні тырнақтарын алса, Аллаһ Тағала одан кеселін алып, шипасын береді» -деген.
4-Жұма күні жұма намазына ертерек бару. Ерте барудың уақыты таң атқаннан басталады. Жұмаға ерте бара жатқанда Аллаһтың разылығын, сауабын алу және күнәсін кешіруін үміт ету қажет. 5-Мешітке кіргеннең кейін адамдардың үстінен аттап өтпеу. 6-Намаз оқып тұрған адамның алдынаң өтіп кетпеу. 7-Барынша алдыңғы сапта тұру. 8-Имам хұтбаға шыққанда намазды және сөздерді доғару. Азан айтылғанда ішінен қайтарып отыру және хұтбаға құлақ салу. «Имам хұтба оқып тұрғанда орынсыз сөйлеген адамның жұмасы жұма болмайды»-деген. 9-Жұмаға келгенде басқа орындарда айтылып өтілген нәрселерге амал келтіру.
10-Дігер (Аср) намазын оқығанша мешітті тастап кетпеу. Міне Аллаһ жақсы көрген және оның Пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) жақсы көрген жұма күнінің қасиеттері көп. Әр жұмада осы айтып өткен қасиеттерің орындап Аллаһ Тағаладан үміт етейік. Аллаһ Тағала пенделерім алсын деп нығметтерін шашып тұрғанда жұма намазына барып құлшылық, шүкіршілік етейік.
Жамбыл облысы
Жамбыл ауданының бас имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлы