Тараз шаһары Қадір түнін қарсы алды.

Тараз шаһары Қадір түнін қарсы алды.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бар мұсылман асыға күткен мың айдан қайырлы қасиетті қадір түні келіп, Тараз шаһарының тұрғындары мешіттерге ағылды. Адамның көптігінен мешітке сыймағандары сыртта отырып, сексен үш жылға тең сауапты күнді бос өткізіп алмауға тырысты.

 Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде 150 шақты адамға ауызашар беріліп, құптан намазының алдында уағыз айтылды. Ұлтты ұйыстырған ұлық мереке тарауих намазымен басталды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, осы мешіттің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев халықты айтулы күнмен құттықтап, ел амандығы үшін дұға жасады. Құран түскен мүбарак түні үзіліс сайын құран оқылып, еркін құлшылыққа уақыт берілді. Мешіттің найб имамдары кезекпен уағыз айтты. ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Жастар ісі жөніндегі өкілі Ержан Аманбаев «Жастар тәрбиесі», «суицид», «харам істер», «ата-ананы құрметтеу» сынды тақырыптарды сөз етсе, медресе ұстазы Нұралы Бақытұлы «Салафизмның зардаптары», «қадір түнінің қасиеті», «жаннат пен тозақ» тақырыптарында үгіт-насихат жүргізді.

Мешіт ұстазы Асхат Акмамбетов пен ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйелдер, қыздар секторының өкілі Зейнеп Үсенова бастаған мешіт қызметкерлері ерлер және әйелдер жамағатына сұрақ-жауап ойынын ойнатып, үздік шыққандарға қасиетті Құран Кәрім, мұсылманша жыл санауының күнтізбесі, Рамазан айы туралы анықтама кітапшалар сыйға тартылып, алғыс хаттар берілді. 

Ал балаларға арнайы батут құрылып, балмұздақтар мен сусындар үлестірілді.

Ауыз бекіткен 1500-ден астам жұртшылыққа сәресі асы таратылды. Таң қылаң бере жамағатпен бамдат намазы оқылып, көпшілікпен дұға жасалды.

Шалғай аудандар: Асқаров, мөлтек аудандар мен залиния бағыттарына мешіт автобустары тұрғындарды тегін тасмалдады.

Алла нұрын төккен осынау қадір түні жасаған дұға-тілектер қабыл болғай!

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: