Жаназа туралы кітап таныстырылды

Жаназа туралы кітап таныстырылды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өзекті жанға – өлім хақ. Тумақ бар жерде, өлмек бар. Қайтыс болған адамын арулап жерлеп, ақтық сапарға шығарып салу – мұсылманның қастерлі міндеті. Жаназа тақырыбына қатысты ел-жұртты толғандырар мәселелер көп. Қазіргі қоғамда осы мәселенің өзектілігін ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесімен кеңесе келе, Алматыдағы «Дәуір» баспасынан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын бастырып шығарды.

Міне, жақында Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында ауыл-аймақтардың имамдары мен молдалары, ауылдың қадірменді қариялары мен тұрғындар қатысқан келелі жиында осы кітаптың таныстырылымы болды. Ауданның бас имамы Еркебұлан Нарымбетов өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған, баба салты жаңаша түрленіп жатқан қазіргідей заманда жамағаттың арасында марқұмды ақтық сапарға шығарып салу тұрғысында түрлі түсінбеушіктер туындап жататынын, тіптен мұндай рәсімдердің әр жерде әрқалай атқарылатынын айта келе, барлық рәсімдері мен салт-жоралғыларына қатысты түйткілді мәселелерге жауапты осы кітаптан іздеу керектігін еске салды. Мақсат – діни рәсімдердің атқарылуында кездесетін қайшылықтарды жойып, оларды бір ізге түсіру, жамиғатқа бірдей бірыңғай үкімдерін жеткізу.

Жиында ауыл имамдары Сейітқазы қажы Медетбек, Алғабек Сүгірбеков, Пернебек Бердімбетов, Жәнібек Аптауов, ақсақалдар Сейітқұл Смайылов, Шәкір Рахманқұлов, Бек Ерғанатов, Орынбай Асанов және т.б. кітаптың дер кезінде шығарылғанын айтып, Бас мүфтидің бастамасына қолдау білдірді.

Абылайхан СӘРСЕН,

«Жаңа өмір»

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: