Хамәлат-ул Арш періштелері

Хамәлат-ул Арш періштелері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұлар аршты1 көтеретін (қалай көтеретіні бізге беймәлім) періштелер. Хамәлат-ул Арш періштелерін үлкен төрт періштеден кейінгі Аллаға жақын періштелер деуге болады. Бұған қатысты Құранда төмендегідей аяттар бар:

«(Мұхаммед с.ғ.с.) періштелерді аршының айналасында Раббыларын дәріптеген түрде көресің. Олардың арасында ақиқат бойынша үкім етіледі. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббына лайық делінеді»2;

«Сондай аршыны көтерген және оның маңындағы періштелер, Раббыларын мақтаумен дәріптейді. Оған сенеді. Сондай-ақ, мүміндер үшін: «Раббымыз! Мәрхаметің, әр нәрсені толық қамтыған. Тәубе етіп, жолыңа түскендерді жарылқа! Оларды тозақтан сақтай гөр!», Раббымыз! Оларды әрі аталарынан, жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса, оларды өзің уәде еткен Адын жәннаттарына кіргізе гөр. Күдіксіз Сен тым үстем, аса данасың»3.

Аршыны көтеруде деген сөз періштелерге аршыны қорғау және ұйымдастыру міндеті жүктелгенін білдірсе керек. Немесе мұның олардың арш иесі Алла тағалаға деген жақындығының белгісі болуы да ықтимал4.

Олар сап-сап болып, Алланың бірлігі мен ұлылығын жария етеді, дәріптейді, сонымен қоса құлшылық жасай отырып мұсылмандар үшін де дұға етеді.

Хамәлат-ул Арш періштелерінің саны туралы Құран кәрімде:

«Періште көктің айналасында болады (Қиямет күні аспан қақ айырылып жан-жақтан періштелер әсем түрде түсіріліп, адамдардың маңайын қоршайды). Сондай-ақ, ол күні Раббыңның аршысын сегіз (жауапты періштелер) көтеріп тұрады»5, - дейді.

Аяттағы сегіз періште міндетті түрде сегіз емес, бәлкім сегіз топты меңзеп тұрған болар. Бірақ олардың бейнелерін біз біле алмаймыз. Әбу Дәуіттің риуаят еткен бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Маған, Хамәлат-ул Арш періштелерін түсіндіруге рұқсат берілді. Оның құлақ ұшы мен мойынының арасында жеті жүз жылдық қашықтық бар»6, - дейді. Яғни бұл хадистің мағынасынан мынадай қорытынды жасауға болады: бұл періштенің бейнесін елестете және ақылымызбен топшылай алмайтындығымызды білдіреді. Бәлкім, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білген және көргендерінің барлығын бізге айтпаған да болар. Сонымен қатар, олар біздің діни және әлеуметтік өмірімізге ешқатысы да жоқ. Расуллуллаһ (с.ғ.с.) Алланың рұқсатынсыз ешнәрсе айтпағанын ескерсек, бұл хадисінен де бізге беймәлім нәрселердің бары күмәнсіз.

Хамәлат-ул Арш және Самауат7 періштелердің бірі «Нәсир», екіншісі «Сәур»8. Ұлы Жаратушы Арш пен аспанның жеті қабатын қадағалауға міндеттеген періштелері тәрізді жер шарын да қадағалайтын екі періште тағайындаған. Олардың бірінің есімі «Һуд» екіншісі «Сәур».

Сонымен қатар «Муқаррабун» яғни, Алла тағалаға өте жақын, мейірімді періштелер бар. Бұлар тек құлшылықпен ғана айналысады. Құранда олар жайлы: «...Аллаға жақын періштелер де Аллаға құл болудан әсте арланбайды. Кім Оған құлшылықтан арланып даңдайсыса, сонда оларды тұтас өз тарапына жинайды»9, - дейді.

Жазушы періштелер

Кирамун Катибун - адамның оң және сол жағындағы амал дәптерін дайындайтын екі періштенің есімі. Құранда айтылғандай:

«Оның оңына да солына да екі (сөздері мен амалдарын) байқаушы отырады»10. Яғни, оң жақтағы періштеге ізгі қайырлы амалдарды, ал сол жақтағы періштеге дініміздің әмірлеріне сәйкес келмейтін түрлі іс-әрекеттерді жазу міндеттелген. Сонымен қоса олар қиямет-қайымдағы есеп күні бүкіл жасалған амалдарға да куәлік етеді.

Құранда: «Сендерді (жандарыңнан ажырамайтын) бақылаушылар бар. (Олар) ардақты (бейтарап) жазушылар. Сендердің не істегендеріңді біледі»11; «Немесе олар сырларын, сыбырларын Біз естімейді деп ойлай ма? Әрине, періштелеріміз алдарында жазуда»12- деп Кирамун Катибун періштелері туралы баян етілуде.

Алла тағала осы Кирамун Катибун періштелеріне: «Егер де құлым жамандық істегісі келсе, оны жасағанша күнә жазбаңдар. Ал, жасаса, бір күнә жазыңдар. Ол істі Мен үшін тәрк етсе, бір сауап жазыңдар. Ал, жақсылық істегісі келіп, істемесе де бір сауап. Жақсылық істесе, он сауаптан жетпіс мыңға дейін сауап жазыңдар»13, - деп бұйырған. Яғни жасамаса да адамның жақсылыққа ниет етуі - сауап, ал жамандық жасалғанда ғана күнә болып жазылуын Алланың құлдарына деген мәрхабаты, рахымы деп түсінуге болады.

Танымал түрік ғалымы Елмалылы Хамди Языр өз тәпсірінде бұл жайында былай дейді: «Аузынан шыққан әрбір сөзін қағазға түсіретін періштелердің бар екенін және Алланың өзіне күре тамырынан да жақын екенін адам баласы ұмытпауы тиіс. Алла тағала адамның ішкі ойларынан да хабардар. Имам Мәлік: «барлық сөз жазылады, тіпті ауырған адамның ыңырсуы да»14 - деп барлық сөз атаулының міндетті түрде жазылатындығын ұқтырған. Тәпсірші Алуси: «Адамдардың жасаған әрбір (жақсылы-жаманды, біліп-білмей жасаған) амалы мен сөздерін періштелердің жазатындығына сену - уәжіп», - дейді. Іштей айтылған сөздердің жазылмайтынын айтқандар да бар. Бәйһаки, Шуаб Хузайфа ибн Ямамнан: «Сөздің жеті құлпы бар. Егер олардан сөз шықса міндетті түрде жазылады. Шықпаса жазылмайды. Бұлар жүрек, кішкентай тіл, тіл, екі жақ және екі ерін»15, - деп риуаят етеді

Бірде хазреті Суфиян ибн Уйайнадан бір адам келіп: «Егер адам жақсы амалға ниеттеніп, оны жасай алмаса, Кирамун Катибун періштелері не жазбақ?», - деп сұрағанда, Суфиян ибн Уйайна: «Адамның жақсылығы мен жамандығын жазатын періштелер ғайыпты білмейді. Бірақ, адам ізгі амалға ниеттенсе ол адамнан жұпар иіс шығатын көрінеді. Сол жұпар иісті сезетін періштелер ол адамның ізгі амалға ниеттенгенін біледі. Ал, теріс амалға ниет етсе, жағымсыз иіс шығады екен. Ізгі ниетті іске асырмаған күннің өзінде де періштелер сауап жазады. Ал, теріс, зиянкес іске ойы кетсе де оны жасамайынша күнә жазбайды. Бұл Алланың бізге деген мейірімділігі», - деп жауап берген.

Алла тағала біздің қандай амал жасайтынымызды жақсы біле тұра, періштелерге осындай істерді міндеттеген. Осылайша, ертеңгі күні адам баласының жасаған әрбір әрекеті мен сөздерінің тіркелуі өзіне дәлел болмақ.

Қ.Сейтұлы

1 Арш-Ұлы Жаратушының ғалам үстіндегі шексіз иелігінің белгісі

2 «Зүмәр» сүресі, 75-аят

3 «Ғафыр» сүресі , 7-8-аяттар

4 Суат Иылдырым, «Қуран-ы Хаким Мәалі», 466

5 «әл-Хаққа» сүресі , 17-аят

6 Әбу Дәуіт, «Сүннет», 18

7 Самауат-Аспанның жеті қабаты

8 Бәйхаки, «Шуабул-иман», 433; Зәһаби, «Мизанул-итидал», 4/352; Суюти, «әд-Дуррул-Мансур», 1/329

9 «Ниса», сүресі , 172-аят

10 «Қаф» сүресі, 17-аят

11 «Ғафыр» сүресі, 7-8-аяттар

12 «Зұһруф» сүресі, 80-аят

13 Бухари, «Риқақ», 31; «Тауһид» 35; Муслим, «Иман» 203-204

14 әл-Алуси, «Рухул Мәани», Бейрут, ХІІІ, 2/179

15 Бәйхаки, «Шуабул-Иман», №5008

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: