Мешіттердің білім мен ғылымға үлесі

Мешіттердің білім мен ғылымға үлесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Білім алу – адамды Алла тағалаға жақындата түседі. Қасиетті Құранның адамзат баласына түсуінің басты мақсаттарының бірі де – тура діндегі жандарды білім суынан сусындауға шақыру. Кітаптағы кейбір сөздердің жиі қайталануы имандылыққа ниет еткен адамдардың санасына ислам діні құрмет тұтатын көзқарастар мен ұғымдарды мейлінше терең сіңіруге бағытталған. Мәселен, онда Алла және Раббы сөздері сәйкесінше 2800 және 950 реттен ең көп кездеседі, олардан кейін үшінші Ілім сөзі, ол Құранда 750 рет айтылған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахих хадистерінің бірінде былай дейді: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғы-лым ізденушінің талабына разы болып, оның аяғының ас-тына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер мен жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді. Қарапайым мұсылман-нан ғалымның артықшылығы, айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Әлбетте, ғұламалар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар мұраға динар немесе дирхам қалдырған жоқ, ғылымды мұраға қалдырды. Кімде-кім Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұрасын алса, мол үлесті алғаны болады».

Иә, Пайғамбарымыз Мұхам-медтің (с.ғ.с.) білім жайын-да айтқан басқа да өнеге ғибраттары жетерлік. Сондай өсиеттер мен дәстүрге бой ұсынып өскен мұсылман әмір-шілері әрбір мұсылман ба-ласының өз жасына сай білім алуына және оқу орындары мен жалпы білім берудің дамуына өзіндік үлес қосуға айрықша көңіл бөлген. Ерте кезден ислам діні барлық мұсылман баласының бастапқы білім алуына мүмкіндік жасап отырған. «Олардың (мұсылмандардың) мектептегі білім беруге қатысты көзқарастарының кеңдігі,– деп жазады Уайлдс есімді ғалым,– ислам өркениетінің шапшаң дамып, жарқын табыстарға жетуінің басты факторларының бірі болды. Білім беру ісінің кең таралғаны сол – қай заманда болсын, оқи не жаза алмайтын бірде-бір мұсылманды табу қиын еді». Еуропалық Скотт атты ғалым мұсылмандық Испанияда білім ошағынсыз бірде-бір елді-мекен болмағандығын, оған ең кедей деген шаруаның балалары да бара алғандығын және тек Кордовада ғана әрбір мұсылманның, тіпті христиандар және еврейлердің де келуіне есігін айқара ашқан сегіз жүздей қоғамдық мектептің жұмыс істегенін жазады. Аталған білім ордаларында тәжірибелі оқытушылар дәріс берген. Ис-пандық мұсылмандар Кіші  Азия мен  Египеттің,  Германия  мен Франция және Ұлыбританияның оқымысты қажылары алатын білімді оқыған. Кордованың ұлы мұсылман университетінде, тіпті, христиандар мен еврей-лер де профессорлық атақ-тарға ие болған. Сол уақыт-тарда білім беру ісі беделінің жоғары болғаны соншалық – тек мұғалімдер ғана емес, студенттер де халық арасында үлкен құрметке ие болған екен. Дәулетті жер иеленушілер мен көпестер жинаған үлкен-үлкен кітапханалар білім алу құрметінің қандай дәрежеде болғанын анық көрсетеді. Дәл осындай жағдай содан 600 жыл өткен соң итальяндық Қайта өрлеу дәуірін-де де орын алған болатын. «Ғылыми өмір басқа ешбір мәдениетте дәл исламдағыдай маңызды орын алмаған шығар,– дейді Педерсен. – Мұсылман үшін білім алу ең жоғарғы мүдде болып табылады... Мешіттен басталған оқу өмірі адам іс-әрекет ететін өмірдің бар саласына енді. Әрбір жер – мешіттен ауруханаға, обсерваториядан медресеге дейін оқу орнына айналды. Ғалымдардың үйлері де бір-бір білім ордасы болатын. Әл-Ғазали, Әл-Фараби, Ибн Сина секілді көптеген оқымысты мұсылмандар қоғамдық мектептерде дәріс оқығаннан кейін, өз жеке кітапханаларына барып, зерттеу жұмыстарын жалғастыратын еді».

Біз бұл мақаламызда сол орта ғасырлардағы білім беруді ұйымдастыру, оның мақсаттары мен әдістеріне, әсіресе, мұндағы мешіттің рөлі туралы кеңірек тоқталмақпыз. Исламдағы білім беру ісінде медреселердің де рөлі мен орны үлкен болғаны рас, бірақ ол бөлек тақырып.

Мешіттер ислам әлемінде білім нұрын таратудың аса маңызды жауапкершіліктерін мойнына артқан. Тибави есімді ғалым мешіт пен оқудың арасындағы байланыс ислам діні дүиеге келгелі мешіт атаулының басты сипаты мен қызметі болғандығын айтады. Ал жоғарыда айтылған Скотт мектепті мешіттің маңызды бір бөлшегі деп қарайды. Ең алғашқыда мешіттер мұсылман қауымының ордасы, дұға жасау, ой толғау, діни өсиеттер мен саяси пікірталастар жүргізу және мектепте бала оқыту орны болған. Ислам діні қанатын жайған жерлерде діни уағыз бен білім тарату үшін алдымен мешіт тұрғызып отырған.

653 жылы Медина қаласында мешіт жанынан тұңғыш мектеп ашылған болатын, ал Дамаскіде 744 жылы мешіт жанындағы екінші мектеп есігін ашты. 900 жылдары дүниедегі барлық мешіт жанында ұлдар да, қыздар да оқитын бастауыш мектептер жұмыс істеп тұрды. Ол кездері негізінен балалар бес жастан бастап мектепке барған. Алғашқы сабақтарда оларға Алла тағаланың тоқсан тоғыз көркем есімі мен Құран аяттарын жазуды үйрететін болған. Оқу мен жазудан тұратын бастауыш білім игерілгеннен кейін, оқушылар Құранды жаттауға және арифметиканы үйренуге көшкен. Сол кездің ең мықты оқу орындары саналған ірі әрі танымал мешіттерде білім алғысы келгендерге араб грамматикасы мен поэзиясы, логика, алгебра, биология, тарих, құқық және теология пәндері оқытылған екен.

Мешіттер жанында оқыту негізінен «оқушылар тобы» түрінде жүргізілген. Мұны исламда «Халякат әл-Ілім» немесе жай «халяка» деп атаған. Ибн Баттута Омейядтар мешітіне бес жүздей студент халякатқа барып тұрғандығын жазады.

Уақыт өте келе мешіт жанындағы мектептер кейін дүниеге келген университет және академиялар дәрежесіндегі мәнге ие бола бастады. Олардың кейбірінің халық арасындағы беделінің артып, дамығаны соншалық – бүгінге дейін қызметін жалғастырып отырғандары да бар. Олар әлемнің ең ежелгі оқу орындары қатарына жатады. Мәселен, Тунистегі Әл-Кайруван мен Әл-Зайтуна, Египеттегі Әл-Азхар, Мароккодағы Әл-Каравийин оқу орындарын атауға болады. Бұл жерлерде мұсылман әлемінің ең дана оқымыстылары білім алған. Мысалы, Ибн Рошд, Ибн әл-Сайиги Ибн Бажжа, тағы басқалар мұсылмандық Испания мешіттерінің түлектері болып табылады. Әл-Халил Ибн Ахмад Ирактың Басра деп аталатын қаласындағы мешітте пәлсапа пәні бойынша дәріс оқыған. Оның оқушыларының бірі – Сибавайх кейін әйгілі грамматистердің бірі болғаны белгілі. XIX ғасырдың басынан бүгінгі таңға дейін Каравийиннің ғалымдар кеңесі (улем) аталмыш оқу орнының даңқын аспандатып келеді. Осы кеңесте Ибн Халдун, Ибн әл-Хатиб, Әл-Битруджи, Ибн Харазим, Ибн Маймун және Ибн Уаззан секілді белгілі тұлғалар өз зерттеу жұмыстарын жүргізген. Тіпті, кейін Папа Сильвестор ІІ атанып, Еуропаға араб сандарын қолданысқа енгізген Герберт те осы ғалымдар қатарында еңбек еткен.

Мұсылмандық оқу орын-дарының даңқы жайылған сайын, онда оқуға тілек еткен студенттер қатары да арта берді. Марокко мемлекетінің Әл-Каравийин университетінде осы елден өзге, Солтүстік Африкадан, Андалусиядан, тіпті Сахарадан да талапкерлер келіп білім алған. Азия мен Африка, Еуропа ғалымдары тарапынан үлкен құрметке ие болған Кордова университетінде оқитын студенттер саны бір кездері 11 мыңнан асып жығылыпты. Ең алғашында бірнеше исламдық ғылымдар мен әдебиет бойынша сабақ берген аталмыш мұсылмандық оқу орны кейін астрономия, инженерлік өнер, медицина, грамматика, шешендік өнер, логика, математика, тарих, жағрапия және химия мен физика пәндерінен де білім беретін болған.

«XX ғасырда оқу орындарының жаңа типтері дүниеге келе бастады,– деп жазады Джордж Макдиси. – Мешіттер жанынан   хан орындары (бұл басқа қалалардан келген студенттер тұратын бөлмелер) ашылып, мешіттің қызмет ету функциясы арта түсті. Мұсылмандық мектеп дамуының екінші кезеңін білдіретін мұндай оқу орындарының пайда болуына Буйидтер әулеті уақытында бірқатар провинцияларды басқарған Бадр ибн Хасанавайх мұрындық болған еді».

Аталған студенттердің тұрғын жайын «Масжид-хан» деп атаған. Бадр ибн Хасанавайхтың демеушілігімен сол кезде үш жарым мыңнан астам масжид-хан ашылған. «Мұндай орындардың ашылуының мақ-саты – студенттердің ұзақ мер-зім бойына оқуына оңтайлы жағдай жасау болатын,– деп жазды Макдиси.– Өйткені, оқу мерзімінің тек базалық циклы ғана 4 жылды құрайтын, ал дипломдық жұмыстарды жазу уақыты шектелмеген әрі олар көбіне жиырма жылға дейін созылатын». Осы кезеңде студенттер тек өздері білім алып қана қоймай, тәлімгерлеріне оқыту ісі бойынша қолғабыс еткен.

Білім алып жүрген студент-терге мешіт тарапынан бері-летін жәрдем-көмектер көп болған. Мәселен, Каравийинде студенттер тегін оқып қана қоймай, оларға белгілі бір уа-қыттарда ақшалай жәрдемақы беріліп отырған. Дамаскі қала-сында болған араб жиһанкезі Ибн Джубайр мұндағы шетел студенттеріне жасалып отырған жағдайға таңдай қағып, былай деп жазады: «Батыс елдеріндегі табысқа жеткісі келген жан осы қалаға оқуға келсін, өйткені мұнда білім қуған жасқа көрсетілер көмек ұшан-теңіз. Ең бастысы, студент тамақ және тұрғын үй мәселесіне алаңдамайды».

Мұсылман мемлекеттерінің билеушілері білім беру жолында іс-әрекет етіп жатқан мешіттер-ге қамқорлығын аямайтын. Каравийинде жұмыс жасаған ірі үш кітапхананың ең әйгілісі – Меринида әл-Мутаваккиль Әбу Инан Сұлтан салдырған Әбу Инан Кітапханасы болатын. Кітапқұмар, әрі коллекционер Сұлтан өз кітапханасында әртүр-лі тақырыптағы, мәселен, дін, ғылым, тіл деген бөлімдерге бөле отырып, көптеген еңбектерді жинаған.

1365 жылы Каирде мәмлүктер патшасы Ялбага әл-Умара Ибн Тулун мешітінің әрбір студентіне ай сайын қырық динардан және бір дорба бидайдан беріп отыруға бұйрық шығарды. Сонымен бірге, мәмлүктер білім қуған жастар мен оқырмандарына стипендия, тіпті жалақы тағайындаған. Әсіресе, Каирдің Катайа ауданындағы Ибн Тулун мешітін қайта жабдықтаған Хусам әл-Дин Ладжин Сұлтанның кезінде аталған үрдіс кең өріс алып, ол профессорларға қомақты жалақы, студенттерге де молынан стипендия төлеп, сол кездегі атағы жер жарған Шараф әл-Дин Мұхаммед ибн әл-Хауафир атты дәрігерді медицина пәні бойынша дәріс оқуға шақырып, тағайындаған.

Ислам өзінің білім беру жүйесі арқылы Еуропаға, кейін барша әлемге оқыту, жан-жақтылық әрі диплом беру тұрғысынан көп ықпал етті. Ислам діні Батыстың университеттік ғылымына оқытушылар мен студенттердің академиялық еркіндігі, докторлық диссертацияны жазу мен оны қорғау, ғалымның жұмысын әріптестер алқасының қарауы және ол туралы бірауыздан жалпы пікір айту аспектілері жағынан ұшан-теңіз ықпал жасаған. Еуропада ғылым әлемі қарама-қайшылықтардан, бір ізге түспеу мен келіспеушіліктерден көз ашпай, діннен безгендер шын ғалымдарын отқа өртеп жатқан уақыттарда, шығыстағы мұсылман мешіттерінде саналы ойшыл жастар арасында ашық пікірталастар жүргізіліп, ғылымның биігіне деген қарқынды қадамдар жасалып жататын.

Біртіндеп мұсылман оқымыс-тыларының кітаптары Еуропа тілдеріне аударыла бастап, олар қарт құрлықта XII-XIII ғасыр-ларда бой көтерген алғашқы университеттер (Монпеле, Болонье, Париж, Оксфорд, т.б.) арқылы еуропалық білім берудің негізін қалады.

Тарих беттеріне көз жүгіртер болсақ, ислам діні мен оқу-білімнің әу бастан «қол ұстасып» бір-бірінен ажырамай келе жатқанын аңғару қиын емес. Қасиетті Құранның және пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) халықты оқу мен білімге шақырған талаптарына үн қосқан мұсылман мешіттері дүниедегі ең алғашқы оқу ордалары болған еді. Иә, бүгінгі күні де ислам әлемінде Жәми сөзі мешіт әрі мектеп деген қос ұғымды беретіні рас. Дін мен жоғары білімді бірдей білдіретін мұндай сөз тіркесі басқа ешбір дінде жоқ.

Дайындаған

Кендір НОҒАЙ.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: