Қасиетті түннің қадір-қасиеті

Қасиетті түннің қадір-қасиеті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ұлы Алла тағала құлдарына деген шексіз рақымдылығы мен кейбір күндер мен түндерді қадірлі етіп берген. Бұл күндер мен түндерде Алланың құлдары өткен күнәлары үшін шынайы кешірім сұраса, Алла тағала оларды кешіреді. Осындай қадірлі түндердің ең қасиеттісі – Қадір түні.

Айлар ішінде Рамазан айы қасиетті болса, түндер ішінде Қадір түні барлық күн мен түндердің ең қасиеттісі. Ғалымдар былай дейді: «Алла бес нәрсені бес нәрседен жасырған: Ризалығын ғибадатта, азабын күнәларда, ортаңғы намазын бес уақыт ішінде, әулиелерін адамдардың ішінде, Қадір түнін Рамазан айы ішінде». Қадір түнінде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Мың ай – сексен үш жыл 4 айды қамтиды. Бізден бұрынғы үмметтердің бізге қарағанда әлдеқайда көбірек өмір сүргендігі анық. Мәселен, Зұл-Қарнайн патшаның дәуірінде адамдар бес жүз жыл шамасында өмір сүрген. Сол дәуірлердегі адамдардың арасында мың айды ғибадатпен өткізбесе, өзін құл-шылық етуші деп санамайтын кісілер болған. Олар уақыттарын барынша ғибадат жасаумен өткізген. Ал енді жүз жыл шамасында ғана өмірі бар бізге мың айға татырлық түннің нәсіп етілуі Жаратушы Иенің Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) үмметіне берген үлкен нығметі деп түсіну керек. Түннің «Қадір» деп аталуы да бекер емес. Бұл түнде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қадірлі үмметіне қадірлі Кітабымыз – Құран Кәрім түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәңгі сапарға аттанарында, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрады. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.) періште Алла елшісін (с.ғ.с.) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Ол (ғ.с.) хабарында: «Жаратушының жәннатына Сен (с.ғ.с.) кірмейінше, ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше, ешбір үммет жұмаққа кірмейді», – деген еді. Құран Кәрім – мұсылмандар өміріне басшылық ететін, пайда мен зиянның, жақсы мен жаманның, тура жол мен адасудың ара жігін ажыратып беретін баға жетпес құнды кітап. Олай болса, мүміндер үшін бұл кітап түскен түннің қадірі аса жоғары екендігі сөзсіз.

Әрине, ғалымдар арасында Құранның жер бетіне немесе жеті қат көктің соңғы қабатына түскендігі туралы әркелкі пікірлер бар. Осы тұрғыда бір топ ғалымдар: «Құран Қадір түнінде аспанның соңғы қабатына бүтіндей түскен, содан соң жиырма үш жыл бойында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жеке-жеке аят, сүре қалпында түсіп отырған», – деген пікірді ұстанады. Бұл топтың арасында Ибн Аббас, Саид ибн Жәбир, т.б. ғалымдар бар. Ал екінші топ ғалымдар: «бұл түнде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құран Кәрімнің «Алақ» сүресі түсе бастаған», – деген тұжырымды дұрыс деп санайды.

Қадір түнінде Жәбірейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Періштелер мен Рух түсіріледі» («Қадір» сүресі, 3-аят), – деген аят келтірілген. Қадір түнінің нақты уақыты анық белгілі емес. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірі екендігіне, сондай-ақ, оны айдың тақ түндерінен іздеу керектігі айтылған. Өйткені, ғасырлар бойы жинақталған ғалымдар көзқарасына көңіл аударсақ, бұл түн – Рамазан айының тақ түндерінің біріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді. Осы айтылғандарды қорыта келе, Қадір түніне байланысты мынадай бірнеше маңызды деректер ескеріледі:

1. Құран Кәрім толық күйінде «Ләухул Махфуздан (тағдыр жазылған тақтадан)» дүние көгіне, Бәйтул Иззәтқа (құрметті үйге) Қадір түні түскен.

2. Бұл түнгі ғибадат – құлшылық мың айда жасалған құлшылықтан артық.

3. Жаратушы Ие келесі жылы болатын адамдар тағдырын бекітіп, оның орындалуын періштелеріне бұйырады. Абдуллах ибн Аббас (р.а.) және Имам Әбул-Хаттаб әл-Басридің айтуынша, бұл түні келесі жылға дейін болатын әртүрлі маңызды оқиғалар туралы Жаратушы Ие белгілеген тағдыр періштелеріне аян болады.

4.Имам Сәһл ибн Абдуллах: «Жаратушы Ие бұл түні мүмін құлдарына рахымын төгіп, кешірім сыйлайды», – дейді.

5. Бұл түні Рух (Жәбірейіл періште) пен көптеген періштелер жер бетіне түседі. Имам Хамд ибн Ахмад: «Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша, жер беті періштелерге сыймай кетеді», – деп көрсеткен.

Қадір түнін қалай өткізген жөн?

Алла тағала адам баласын тек қана Өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын өтеп, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, Жаратушы Иеден сауап үміт етіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари, Қадір,1).

Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын», – деп сұрағанда, Расулулла (с.ғ.с.): اللَّهُمَّ إِنَّكَ عَفُوٌّ كَرِيمٌ تُحِبُّ الْعَفْوَ فَاعْفُ عَنِّا

«Аллаһуммә иннәкә афуун кәримун тухиббул афуа фағфу анни (Алла тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларімді кешіре гөр!)» деп дұға етуге кеңес берді.

Әрине, амалдардың ең абзалы – намаз оқу. Сондай-ақ, бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, сауатымызды арттыруға бағытталатын діни бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады. Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес. Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.

Биылғы Қадір түні Рамазанның 27-не қараған, яғни, 1-шілдеден 2-шілдеге қараған түн деп күтілуде.

Рамазан айы – жалғалмалы ғибадат айы. Өйткені Қадір түнінен кейін мүмін үшін қастерлі болып табылатын Ораза айт мерекесі де келіп қалады.

Рамазан (ораза) айты

Рамазан айты мұсылман қауымының ең ұлық екі мерекесінің бірі. Ораза айттың 1-ші күні, яғни, дүйсенбі 5-шілдеде Тараз қаласында орналасқан барлық мешіттерде сағат 07.00-де Айт намазы оқылады.

Әдетте намазға таза киініп, қош иісті жұпар сеуіп, жаяу жете алатын жерден жаяу келген абзал. Айт күні көпшілікпен жарқын жүзбен сәлемдесіп, бір-біріне дұғалар жасап мешітке келіп, намаздан соң, егер мүмкін болса басқа көшемен қайтады. Мұндағы мақсат, адамдармен көбірек жүздесіп, көбірек сәлемдесіп, жақсы тілектер айтуды көбейту.

Айт күні дәстүрге айналған жақсы салттарымызды жалғастыра түсіп, ағайын – тумаларды мерекемен құттықтап, отбасына кіріп, айт дастарханынан дәм татып, еліміздің тыныштығы, бас амандығына және о дүниеліктер ақысына дұғалар жасаймыз.

Жас балаларға сыйлықтар беріп қуанту да, балауса буын санасына Ислам құндылықтарын сіңірудегі тәрбие сабағы болары анық.

Бұл күндер – сырқат кісілерді зиярат етіп, жүрегіне қуаныш, бойына қуат сыйлап, оларды мұсылманға тән мейірім шапағатына бөлейтін шаттық күндер. Қабірлер басына барып, мәңгілік табалдырығынан аттаған пенделерді зиярат етіп: «Алла қаласа, біз де сендердің қатарларыңа қосылармыз», – деп, ертеңіне ой жіберіп, олардың ақысына беріле тұрып, ықыласпен жарылқау тілеп, Құран оқып, дұғалар жасау да иманның биік дәрежелерінен болмақ.

Мереке күні отандастыққа арналған, еліміздің ауызбірлігін паш еткен, дінімізді дәріптеп, адамгершілікке, мейірбандыққа шақыратын тәрбиелік мәні бар жыр – термелерді шырқаудың еш сөкеттігі жоқ. Түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырып, балаларды мәз ететін түрлі қызықты ойындар ойнау да діни мерекенің шырайын аша түседі.

Әлемді нұрға бөлеген мереке отбасымыздағы шаттықтың, Отанымыздағы тыныштықтың, ынтымақ пен ырыстың көрінісі бола бергей. Жаратушы Ие баршаңызға келесі Рамазан айтын да бірге мерекелеуді нәсіп етсін! Әмин!

Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ,

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі,

«Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: