Қабірстандар шариғат үкімдеріне сай ма?

Қабірстандар шариғат үкімдеріне сай ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл жөнінде мешіт қызметкерлері мен қабірстанның көр қазушыларымен сұхбаттасу барысында бірнеше мәселелерге көзімізді жеткіздік. Сондай-ақ, еліміздің оңтүстігіндегі қабірстандар мен батыс облыстардағы зәулім молалардың бой көрсетуі осыған түрткі болды. Сол себепті құрметті оқырман қаламымыздың сиясы сіздерге қабірстандарымыздың бүгінгі мән-жайы жайлы сыр шертеді.

Сөз етілгелі отырған мақала соңғы кездері ел арасында сындарлы сөз болып келген қабірстандағы қабірлердің мән-жайы жайлы болмақ. Көрер көз бен айтар сөзге негіз болған қабірстан мәселесі көпшілік қауымның бұл жайлы білместігі болса керек деп ұғынған едік. Өкінішке орай, ол бұлай болмай шықты. Сондықтан, осы бір мәселені кеңірек сөз етуді негізге алдық.

Адамзат баласы өмірге келген соң ақиқат өлімнен еш құтылмасы анық. Өлім - сіз бен біз өмір сүріп жатқан өткінші-жалған өмірмен қоштасып, мәңгілік әлемге көшу. Бұл жайлы қасиетті Құран Кәрімнің «Әнбия» сүресінің 35-аятында былай беріледі: «Әрбір адам өлімді татады. Сендерді сынап, жаман-жақсы күйге саламыз. Сондай-ақ бізге қайтарыласыңдар».

Алайда, адамзат баласы осы ұғымды қабылдауы біршама қиын. Адамзат өлім, ақырет жайлы басына бір қайғылы іс түскен кезде ғана еске алатыны өкінішті. Осыған орай Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 156-аятында: «Олардың басына қашан бір қайғылы іс түссе, біз Аллаға тәнбіз, шындығында, оған ораламыз» деп келеді.

Қазақтың ұлы кемеңгер ақыны, Абай да бұл жөнінде мынадай өлең жолдарын келтіреді:

Адамзат - бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзі қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

Әрине, осы жарық дүниені көрген адамзат келешек мәңгілік өмірдің ақиқаты туралы түрлі жорамалдар жасағысы келетіні де жасырын емес. Өз ойын сан жаққа жүгіртіп, оған бір жауап іздеген болады. Бірақ, бұл жалғанда көрген-білгенімізді айта алсақ, айтқанымызды жеткізе білсек, ал ақыреттегіні-қабірдегіні көре де алмаймыз, көргенімізді айта да алмайтынымыз рас. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадис шарифінде: «Қабір - ақырет ошағының бастамасы. Кісі одан қиналмай құтыла алса, онда кейінгілері өте қолай... Егер одан құтыла алмаса, соңындағылары қабірден де қиын, аса ауыр. Бұл дүниедегі көргендеріңіздің ешқайсысы қабірдің қорқыныш азабы мен үрейіндей бола алмай-ды»,- дейді. Олай болса, біздің де қабір атауына қашанда құрметпен, ізетпен қарауымыз қажет. Мақсатымыз - қабірстанның бүгінгі көрінісі мен бейнесіне назар аударту.

Қазіргі таңдағы қабір-стандарымыз ахуалына назар аударып қарасақ, бірі шағын, бір көрме секілді болып көрінсе, бірі үлкен қаланың орталығынан орын алған ертегілердегі ескі қалалар сипатын елестетеді, енді бірі өз алдына бой көтерген бір шаһар кейпін көз алдыңызға келтіреді. Рас, қабірге құрметпен қарау, оны аяқасты етпей, яғни баспай сый-құрмет көрсету орынды болар. Бірақ, оның жөні осылай екен деп қабірдің үстіне қала көтеру, кесене салу, күмбез тұрғызу деген сөз емес. Шындығында, мәйітті топыраққа салғаннан кейін шағын бір белгі қою немесе малдың тұяғының тапталуынан сақтау мақсатында қоршап қоюға болады. Осы қойған белгіміз - қабірді шатастырмау деп ұқсақ, ал қоршап қою - малдан сақтап, аяқасты етпеуді білу керектігін алға тартады.

Жалпы алғанда, қабірстанды көркейту исламда тыйым салынған нәрсе емес. Қабірді қоршап, оның басына тым әшекейлемей тас та қоюға болады. Онда тек бір қабірді ғана емес, сол қабір жатқан қабірстанды (моланың шекарасын) сырт жағынан қоршау керек. Үй ішінен үй тігіп, қабірдің өзін оңаша қоршауға болмайды. Сондай-ақ қабірді темір, ағаш және т.б. заттармен қоршау шариғат бойынша дұрыс емес. Ал жан-жағын биік дуалдармен өріп қоршаудың тіпті маңызы жоқ. Негізінде, қабірдің үстіндегі топырақтары жабылып, көгеріп шыққан көк шөптің жасылдануына кедергі жасайтын цемент, мәрмәр, т.б. түрлі әшекей тастардың қойылмағаны абзал. Ең маңыздысы - қабір үстіндегі топырақтардың ашық болуы, көгеретіндей халге келтірілуі. Өйткені, ислам шариғаты бойынша жеміс-жидек, гүл, ағаш, жеміс ағаштарын отырғызса, соның сауабы әлдеқайда көп. Түрік елінің сұлтаны ІІ Мұрат ханның өсиетнамасында мынадай асыл сөздер бар: «Менің қабірімнің үстінен сәулетті кесене салмаңдар, үсті ашық болсын, денемді топыраққа қойғаннан кейін Алланың рақметі болған жаңбыр үстіме жаусын»,- дейді. Осы ретте біз өз мұсылман бауырларымызды Алланың нұры мен сәулесінен алатын иләһи нәрден мақрұм етіп жүрген сияқтымыз.

Осы орайда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ә.Дербісәлінің 2003 жылғы үн-деуі еске түседі. Онда «сәуір айының соңғы жұмасы еске алу кү-ні (қатира күні), сенбі күні мазар-ды тазалау»- деп қабылданған-ды. Ондағы мақсат - қабірлерді тазалап мәйітке құрмет көрсету болса, екінші - оны көгалдандыру мақсаты негізге алынған. Демек, қабірстандарға құрмет - өліге құрмет. Ендеше, оларға сый-құрмет көрсеткіміз келсе, онда оларды көгалдандырып, жеміс-жидек отырғызу, түрлі жеміс ағаштарын егу абзалырақ болмақ. Өйткені, әрбір көгерген көкөніс, жеміс мәйіт үшін тасбих айтып тұрады екен.

Ал енді жас жұбайлар арасынан қазіргі таңда кеңірек орын алып келе жатқан қабірстандағы ағаштарға ниетіміз ақ болсын деп ақ мата байлау, мәңгілік бірге болу, өмірлік жолдас болып, махаббатымыз берік болсын деген мақсатта оны түю үрдістері қалыптасуда. Міне, бұл да өте өрескел қате. Шариғат үкімі бойынша қабірстанда өсірілген ағаштарға мата байлау, оны түю үзілді-кесілді харам етілген.

Шариғатта қабірді адастырмау мақсатында тас қою бар. Дегенмен онда адамның атын, туған және өлген жылдарын жазып қоюға болады. Бірақ, тасқа қашап, ойып немесе шыны ішіне суретін салып қоюға болмайды. Тіпті, үлкен кесенелерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп ақтау, бояу дегендерге де шариғат тыйым салған.

Ең маңыздысы, біздің ескеретініміз - қойылған тас кісінің кіндігінен аспауы керек. Ол жайлы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар: «Егер қойған тасыңыздың биіктігі кіндіктен жоғары болса, онда ол қабірді жермен-жексен ету керек» деген. Сол себепті қабірге үлкен масрап жасап, таңба қою керек деп, ең қымбат болған тастардан кесенелер көтеру немесе шеберлерді шақыртып, сағаналар салдырып, оған аяттар мен хадистер жазудың да пайдасы жоқ. Ол бос шығын келтіреді. Бұл секілді амалдардың ешқайсысының марқұм мәйітке түк те пайдасы тимейді. Ислам шариғаты бойынша қабірлерге ақша сарп етуге тыйым салынған.

Біз, бір нәрсені ұмытпауымыз керек, кісі өлгеннен кейін оған қанша құрмет көрсетіп күмбездер мен сағаналар салып, кесенелер орнатсақ та, оның ешбірі де мәйіт үшін көмектесе алмайды. Оның артынан тура баратын нәрсе - мәйітке арналып оқылған құран аяттары мен айтылған дұғалар. Ал енді көзінің тірісінде қадірін білмей, өлгеннен кейін оны үлде мен бүлдеге орау - әбестік іс. Одан да тірісінде құрмет көрсетіп, сый-сияпатқа бөлесек, өлгеннен соң оның шарапатын көреді. Түрік ұлтының мынадай нақыл сөзі бар: «Бұл әлемде жарық дүниенің қараңғылығын табыңыз, ол сіз өлгенде сол жақсылығыңыз үшін сәуле нұрын төксін» деп келеді. Міне, ағайындар, әр нәрсенің орнын біліп, шариғаттың заңдылығына қарсы әрекет жасаудан тыйылайық. Біз, өз молаларымызды мешітке, қабірстандарымызды мұражайға айналдырудан арылайық.

Бүгінгі таңда небір қалталы азаматтар өз ата-анасы мен бауырларына аспанмен теңестіріп, асыл тастар мен мәрмәрлардан безендіріп, түрлі кесенелер салып жатқанын көріп, естіп жүреміз. Кім дейсің, пәленше екен деп, сөз етіп қалады. Рас, ағайындар, өлімнің тасы ауыр, орны толмас қаза екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Ол марқұмның туған-туысқандарын ғана қинап қоймай, жай бір өтіп бара жатқан жолаушының да жүрегіне қаяу салары ақиқат. Бірақ, әр нәрсенің өз шегі болғаны секілді, қабірдің де белгілі үкімі барлығын ұмытпаған жөн.

Қабірге деп пайдасыз амалдарды жасағанша, сол сарп еткен ақшаңызды Алла ризалығы үшін оқып жүрген келешек ұрпақ үшін жұмсасаңыз, оның сауабы әлденеше рет пайдалы. Егер ол жерде Құран Кәрім аяттары оқылса, онда оның сауабы әлдеқайда көп болары сөзсіз. Не болмаса, өз елді мекеніңізде көпір мен жол салсаңыз, сол жасаған амалдарыңыздың сауабы сізді шарапатына бөлері ақиқат.

Кейбір қабірстандарға көз салсаңыз есепсіз сарп болған ақша дерсіз. Ондағы жұмсалған шығындарды топтастырсаңыз, бірнеше мешіт салуға болаты-нына куә боласыз. Жоғарыда айтылғандай көріністер, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік өлкелері - Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына тән қасиет. Ал еліміздің батыс өңірлеріндегі қабірстандардың көрінісі өзгеше. Ондағы қабірстандардың безендірілуі өздері өмір сүріп жатқан үйлерінен де керемет десек, артық айтқандық болмаса керек. Сондықтан, қабірге белгі қою, таңба салуда да шариғат үкімін орындаған орынды.

Тағы бір ескеретін нәрсе - қабірстан адамзаттың адамгершілік қасиетін еске салатын, тәубеге келтіретін орын. Ол мұражай, не болмаса қала маңынан бой көтерген көрме орны емес. Қазақта мынадай нақыл сөз бар: «Аш адам базарға барсын, тоқ адам мазарға барсын» деген. Аш адам базарға барса, сатып ала алмаса да көзімен көріп, мейірімі қансын, өзі тоймаса да көзі тойсынның халін келтіреді. Ал тоқ адамның мазарға баруы аштық пен тоқтың ақыретте айырмашылығы жоқ екенінің дәлелі. Тоқтықтың буына мас болмай мен де келешекте осынан орын алармын. Осында мен келгенде менің жасаған жақсы амалдарым алдымнан қарсы алсын дегенді ескертеді. Сондықтан болса керек пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Қабірлерді зиярат етіңдер, ол сендерге ақырет күнін еске түсіреді»,- деген.

Рас, қабірстан - сөз ретінде айтуға оңай болғанымен, ойға салмақ. Адамзат бұл сөзді естісімен ақырет жайын ойға алатыны да белгілі. Десе де, өмір болған соң сөз бар, сөз болған соң ол қолданысқа енері тағы ақиқат. Осы сөздің кейде мән-мағынасына да бара бермейтініміз де жасырын емес. Қабірстан сөзінің түбірі араб тіліндегі қабір - көр, мола ұғымын береді. Ал -стан есім сөзден зат есім тудыратын мекен, жай ұғымындағы сөз тудыратын қосымша. Мысалы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолстан, Татарстан т.б. Демек, қабірстан - қабірлерді қоятын мекен екені белгілі жайт. Ол сөзді орынды қалай қолдана білсек, онда оның мазмұнына да мән беру керек. Бірақ, тілімізде бұл түрлі сөздермен алмастырылып, айтылып келетінін де ұмытпаған жөн. Атап айтқанда, мола, мазар, қорым, бейіт, зират, көрхана. Бұл сөздердің әрқайсысы жергілікті жерлердегі тілдік ерекшеліктер болғаны болмаса, мағынасы бір ғана ұғымды береді.

Жалпы айтқанда, қабірстандарымызға аса мән беріп, шариғат үкіміне қайшы келетін амалдардан тыйылған абзал. Оларға кесене тұрғызып, үйлер салып, айналасын қоршап марқұмдарымызды Алланың нұры мен рахметінен арылтпайық. Қашан да оларға құрмет көрсетіп, айына болмаса да жылына бір рет келіп бабалар мен өтіп кеткен туған-туысқандарымыздың рухын шаттандырып, орнын тазалап дұғамызды оқып, Алланың бер-ген сыйы ретінде көгалдандырып кетсек, олардың рухтары бір шаттанып қалатынын айтқымыз келеді. Ал қабірлерімізге шариғат үкімі бойынша шағындап белгі қойып, айналасын безендіріп жүргеніміз орынды іс. Сонда ғана біз өзіміздің қабірге деген құрметіміз бен сыйымызды, тіпті олардың алдындағы міндетімізді де орындаған боламыз. Олай етпесе, бақталас пен тақталас біздің қабірістандарымыздан да орын алып бара жатқан сияқты. Мен пәленшеден қай жерім кемнің кейпін келтіріп, бірінен-бірі асқан кесенелердің әлі де дүниеге келері сөзсіз. Өйткені, бұл мәселелер жөнінде жергілікті өкіл имамдар мен гөрқаулар тарапынан қанша ескертулер айтылса да, оған құлақ асар ешкім болмай тұр.

Сөзімізді түйіндей келе, қабірстан мәселесіне байланысты шариғи үкімдері бойынша, имамдар мен көр қазушылардың ескертулерін негізге алу қажет. Ал біздің жазбаларымыз осы мәселені алдағы уақыттарда есте сақтау мен асып-саспауымызды алға тартар деп ойлаймыз.

Нұрлан БЕРДЕНҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: