Қасиетке толы Қадір түні

Қасиетке толы Қадір түні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан берекелі ай. Бұл кезде Алла тағала мұсылман үмметін көптеген құт-береке нығметтерге бөлейді. Ал Жаратқан ие нығметтерінің санына жету мүмкін де емес. Олардың кейбіріне адамзат ақылы жетпейді де! Соның бірі - "лайлатүл Қадір" түні. Ол Алла тарапынан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмметіне сыйланған құт түндердің бірі.

"Лайлатүл Қадір"- сөздік жағынан алғанда, "қадірі ұлық", "әр сәті қымбат", "қасиетті" түн деген мағыналарды береді. Әрі бұл сөз өз болмысымен тағдыр түні мағынасына да келеді. Өйткені әр жылы осы түн ішінде адамзаттың және басқа да тіршілік иелерінің бір жылдық ризық-несібелері, дүниеге байланысты дәрежелері және туылатындары мен қайтыс болатындары анықталады. Бұл жайында: "Құранды Біз анығында, мүбәрак түнде түсірдік". "Сол түнде хикметті істің барлығы ("Лаухүл Махфуздан" "Кәтәбә" періштелеріне) бөлінеді". Ал, "Мұның (бөлінетін істер) барлығы - Біздің құзырымыздан бір бұйрық (тағдыр)..." ("Духан" сүресі, 3-4-5 аяттар), - делінген.

Негізінде барша жаратылыстың қиямет күніне дейінгі тағдыры әуелде, Алла тағаланың ежелгі қалау (ирада) және білу (ілім) сипатымен "Лаухүл Махфузда" жазылып, анықталып қойылған. Өйткені Алланың білімі осы заманда да, келешекте де болатын барлық нәрселерді қамтиды.

Бұл жайында Имран ибн Хусайннан (VІІ ғ.) имам Бухари (ІX ғ.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Әуелде Алладан басқа ешнәрсе жоқ еді. Сосын Алла тағала судың үстіне аршыны (таққа ұқсаған жаратылыстағы ең үлкен дене) жаратты. Ал содан кейін кітапқа барлық нәрсені (тағдырды) жазды. Соңыра аспандар мен жерді жаратты" - деген. Бұл жерде айтылған кітап - "Лаухүл Махфуз".

Ибада ибн Самит (р.ғ) (VІІ ғ.) жеткізген хадисте: "Алла тағала (су мен аршыдан кейін) бірінші қаламды жаратты да, оған: "Жаз"!-деп бұйырды. Сол кезде қиямет күніне (жәннат иелері жәннатқа, тозақ иелері тозаққа кіргізілгенге) дейін болатын нәрселердің бәрі (тағдыр) жазылды", - делінген.

Ал имам Муслим риуаятында: "Расында Алла тағала көк пен жерді жаратудан 50 мың жыл бұрын барша жаратылыстың тағды­рын жазды", - деп нақты айтылған.

Қадір түнінде Алла тағала құрметті періштелеріне жоғарыда айтылған "Лаухүл Махфузда" жазылған, келесі Қадір түніне дейін болатын істерден хабардар етеді. Мысалға айтсақ: пенделердің бұл дүниеге келетіндері мен дүниеден өтетіндері. Алла тағала кімді ауру-сырқау, кедейлік, не бір қасіретпен сынап, кімді байлық, денсаулық нығметтеріне бөлейтіні. Одан да басқа көптеген істерді Өзінің ең жақын періштелеріне білдіреді. Осы бір құпия мағынаны "Духан" сүресінің төртінші аятындағы Алла тағаланың: "Сол түнде хикметті істің барлығы ("Лаухүл Махфуздан" Кәтәбә періштелеріне) бөлінеді" - деген сөзінен түсінеміз.

Қасиетті Құранда бұл түнгі ақиқатты айқындай түсетін "Қадір" деп аталған сүре де бар. Онда: "Анығында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік"(1-аят). "Қадір түні не екенін білесің бе?"(2-аят). "Қадір түні - (игіліктегі) мың айдан артық"(3-аят). "Сол түнде, Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жәбірейіл түседі" (4-аят), "Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) "сәлемі" жалғасады"(5-аят), - делінген.

Енді осы аяттарға жеке-жеке тоқталайық. Бұлардан біз Қадір түнінің қандай қасиеттері бар деген сұраққа жауап аламыз. Сонымен сүренің бірінші аятында: "Анығында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік", - делінеді. Демек, қасиетті Құран Кәрім - қадірлі, әр сәті қымбат, қасиетті түнде түсірілген. Сондай-ақ, жоғарыдағы "Духан" сүресінің 3-аятында бұл түн мүбәрак, яғни құт-берекелі түн деп те атап өтіледі.

Ал бұл мүбәрак түн - мүбәрак Рамазан айы түндерінің бірі екендігінде шәк жоқ. Өйткені қасиетті Құранның "Бақара" сүресі, 185-аятында: "Рамазан - адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай", - делінген.

Кей хадистерде Қадір түні рамазан айының соңғы түндерінің бірінде делінген. Мысалы имам Ахмад риуаят етуі бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Қадір түнін Рамазан айының соңғы онкүндігінен, әсіресе соңғы тақ күндерден іздеңдер", - деген. Сонда Қадір түні соңғы он күндік ішінде, немесе соңғы тақ күндерге қараған түндердің бірі болады.

Пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбарға (ғ.с.) нәсіп болған Сухуфтар, Иса пайғамбарға (ғ.с.) берілген Інжіл және Мұса пайғамбарға (ғ.с.) нәзіл болған Таурат кітаптары да осы мүбәрак Рамазан айында түсірілген-ді. Бұған Уасила бин Асқаъ жеткізген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): "Ибраһимнің Сухуфтары - Рамазан айының бірінші түні, Таурат - Рамазанның алтысына, Інжіл - Рамазанның он үшіне қараған түнінде, ал Фурқан (Құран Кәрімнің аталуы) Рамазанның жиырма төртіне қараған түнінде түсірілді", - деген хадисі дерек болады.

Сөз орайында, адамзатты қиямет күніне дейінгі екі дүниелік бақытқа бастайтын, Алланың мәңгі мұғжизасы Құран Кәрімнің Қадір түнінде түсірілу тарихына тоқтала кетейік. Осы түні Жәбірейіл періште (ғ.с.) Құран Кәрімді Алла тағаланың құзырындағы "Лаухүл Махфуздан" алуға Жаратушы тарапынан бұйрық алады. Сөйтіп оны тұтас күйінде әуелі аспанның бірінші қабатындағы "Байтүл Изза" ізет үйіне түсіреді. (Жеті қабат аспанның әр қабатында жердегі "Қағба" іспеттес періштелерге (ғ.с.) арналған ғибадат үйі бар. Ол үйлер Қағбаның үстінде бір сызықта орналасқан. Жетінші қабаттағы үй "Байтүл Мағмұр", ал бірінші қабаттағы үй "Байтүл Изза" деп аталады). Бұл оқиға жоғарыдағы хадисте айтылғандай, Рамазанның жиырма үшінен жиырма төртіне қараған Қадір түні болатын. Содан кейін "Байтүл Иззадан" қасиетті Құранның аяттары бөлшек-бөлшек болып жиырма үш жыл бойы Алланың әмірімен Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи етіліп отырды. Құран толық түсіріліп болғаннан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына ондағы сүрелердің дәл қазіргідегідей басы "Фатиха", одан кейін "Бақара", ең соңы "Нас" сүресімен аяқталатын тәртібі мен оқу реттілігін үйретті. Бірақ, "Байтүл Иззадан" түсірілген бастапқы тәртібі бұлай емес еді. Ең әуелі түсірілген - "Алақ" сүресінің алғашқы бес аяты, ал ең соңғы болып түсірілген "Нас" сүресі емес, "Бақара" сүресінің 281-аяты-тын.

Қасиетті Құранның алғашқы аяттары Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жеткен түн де лайлатүл Қадір түні болатын.

Бұл түн сөйтіп хазіреті Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) пайғамбарлық жүктеліп, ақиқатты жалғаннан, жақсыны жаманнан, сауапты күнәдан ажыратушы қасиетті Құранның алғашқы аяттары түсіріле бастаған түн-ді. Сол сәт Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Нұр тауының Хира үңгірінде Аллаға ғибадат жасап отырған еді.

Міне, осындай, яғни аспаннан қасиетті Құранның алғашқы аяттары түсіріле бастаған үлкен оқиғалы түн - қадірлі түн болмай, қай түн қадірлі болсын?! Бұл түн - адамзат баласына Алланың рахметі жауған түн. Бұл түн - Алла тағаланың адамзатқа бақыт шамын жаққан түн. Бұл түн - адамзатқа надандықтың қараңғылығынан иман нұрына шығуға мүмкіндік берілген түн. Бұл түн - адамзатты қателікке бастайтын теріс жолдардан тыйып, Алланың тура және нұрлы жолына жүру мүмкіндігін берген түн. Бұл түн пенделердің күнә-кемшіліктері ғафу етілетін, дұға-тілектері қабыл болатын түн. Бұл түн - ұлық, сондықтан оның толық қасиеттері адамзат ақылына сыймайтын кең де ауқымды.

Демек, қасиетті Құран үмметке мүбәрак айдың мүбәрак түнінде, яғни "лайлатүл Қадір" түнінде түсірілді. Расында да бұл түн дүние тарихындағы ең қасиетті де ең қымбат түн.

Мұны Алла тағала жоғарыдағы сүренің екінші аятында: "Қадір түні не екенін білесің бе?", - деп бұл түнді ақылмен түсіну қиын екенін ұқтырады. Сондықтан Алла тағала сүренің жалғасында: "Қадір түні - (қасиеті және сауабы жағынан) мың айдан артық" (3-аят), - дейді. Сонда "лайлатүл Қадір" уақыт жағынан бір түн болғанмен, маңыздылығы жағынан мың айдан жақсы, әрі абзал. Ал, мың айда 83 жыл 4 ай бар. Демек бұл Қадір түніндегі ғибадат-құлшылығымыз 83 жыл ғибадаты сауабына ие.

Бұл қалай, оған не себеп болған?

Алла тағала тарапынан хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.), Бәни Исрайыл қауымынан Алла тағаланың разылығы үшін мың ай бойы құлшылық жасаған бір адам туралы хабар жетеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Иә, Алла! Басқа пайғамбарлардың үмметінің өмір жасын ұзақ, амалдарын көп еттің. Ал менің үмметімнің өмір жасы қысқа, амалдары кем", деп қайғырды. Осы оқиғадан соң Алла тағала Расулуллаһтың көңіліне жұбаныш ретінде "Қадір" сүресін нәзіл етіп, ол түнде жасалған құлшылықтың мың айғы құлшылықтан да қайырлы екенін білдірді.

Қасиетті Құранның мүбәрак аятында осы түннің келесі бір қадір-қасиеті туралы: "Сол түнде, Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жәбірейіл түседі" (4-аят), - делінді. Демек, бұл түн тек пенделер үшін ғана емес, періштелер үшін де маңызды түн.

Хадисте: "Қадір түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады"(Абу Дауд), - делінген. Тағы бір хадисте: "Ол түнгі көп түскен періштелерге жердің беті тарлық етеді", - делінеді. Әрбір мұсылман үшін Аллаға, оның пайғамбарларына, оларға жіберілген кітаптарға, қиямет күніне, өлгеннен кейін қайта тірілуге қалай иман келтіру парыз болса, періштелерге де солай сену парыз.

Кааб әл-Әхбар (р.а.): "Қадір түні аспаннан түскен періштелердің санын ешкім де білмейді. Ол тек Аллаға ғана аян. Жәбірейіл (ғ.с.) сол қаптаған періштелердің ортасында болады. Жәбірейілдің (ғ.с.) назарына ілікпеген мұсылман қалмайды. Денеңіз бір нәрсені сезіп, жүрегіңіз езіліп, көзіңізден жас ақса, маңайыңызда Жәбірейіл (ғ.с.) тұр деп сезініп, дұға-тілегіңізді көп айтыңыз", - деген.

Жәбірейіл (ғ.с.) періштелерді үмметті аралауға жібергенде олар жұрттың тұрғанын, отырғанын бақылап, зікір-пікірлерін тыңдап, намаз оқығандардың сәлеміне жауап береді, олармен сәлемдеседі, таң намазына дейін дұға жасағандардың қасында "әмин" деп тұрады. Ол осы түннің қадірін біліп, бұл түнді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген миллиондаған мұсылмандардың шын ықыластарын, ниеттерін байқап, тілек-дұғаларының қабыл болуына септіктерін тигізіп, қиямет қайымда Қадір түніндегі жасаған ғибадаттарымызға, құлшылықтарымызға куә болады.

Хабарда: "Таң атқан кезде періштелерге Жәбірейіл (ғ.с.): "Кетіңдер-кетіңдер!" дейді. Сонда періштелер: "Ей, Жәбірейіл (ғ.с.) Алла тағала Мұхаммед (с.ғ.с.)пайғамбар үмметінің дұға-тілектерін не істеді?", - деп сұрайды. Хазіреті Жәбірейіл (ғ.с.): "Бүгінгі Қадір түнінде кірпік ілмей құлшылық еткен пенделерге Хақ тағала рахмет назарымен қарап, күнәларын кешірді. Тек төрт кісінің тілегі қабылданбай қалды", - деді. "Ей, Жәбірейіл! (ғ.с.), Олар кімдер?", - деп періштелер таңдана сұрасты. Жәбірейіл (ғ.с.): "Арақ ішкіш, ата-анасының қарғысын алған, туыстарынан қол үзген, мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдар", - деп жауап берді", - делінген.

Ислам діні арақ ішуді қатты айыптайды. Өйткені маскүнемдік адамдарды аздырып, ауруға шалдықтырып, отбасын, бала-шағаны тоздырады. Мас адам ісіне есеп бере алмайды, түрлі қылмысқа барып, көптеген ауыр күнәлар жасайды. Соңғы кездері қоғамымыздан аз да болса байқалып жүрген рухани жұтаңдық пен имансыздық ұл-қыздарымызды өз торына түсіріп, сенім мен үміттен айырып, сергелдеңге салуда. Арақ әрдайым адамды ұят, ар-намысты ұмытуға және имансыздыққа жетелейді. Пайғамбарымыз хадисінде: "Арақтан аулақ болыңыздар, өйткені ол - барлық жамандықтардың кілті", - делінген.

Ислам тұжырымы бойынша ата-ана разы болмай, Алла разы болмайды. Сондай-ақ хадисте туыстары мен мұсылман бауырынан қол үзген адамның да дұғасы Қадір түні қабыл болмайтындығы ескертілген. Бұлар туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Дүниеде ризық несібесінің мол болуын, өмірінің ұзақ болуын қалаған адам туысымен тату болсын" және "Туысынан қол үзген адам жәннатқа лайық емес", - десе, үш күннен артық араздасып жүргендер туралы хадисте: "Бір мұсылман екінші мұсылманмен үш күннен артық сөйлеспей жүруі дұрыс емес. Осындай жағдайда екеуі де хақ жолдан тайған боп саналады. Олардан қайсысы бірінші болып жақсылық, мейір-шапағат жағына өтсе, күнәсіне каффарат болады. Олар сол бойы сөйлеспей дүниеден өтсе, екеуі де жәннатқа кірмейді. Егер олардың біреуі бірінші болып сәлем берсе, екіншісі жауап қайтармаса, сәлем бергенге періштелер жауабын қайтарады. Ал жауап қайтармағанға шайтан жауап қайтарады", - делінген.

Сондықтан да осыны ескеру қажет. Арамызда бір түсінбестік жағдай болса, бір-бірімізбен хабарласып тезірек татуласқанымыз абзал.

Сөйтіп: "Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) "сәлемі" жалғасады", - делінеді "Қадір" сүресінің 5-аятында. Аяттағы "сәлемі" деген сөзден тыныштық-амандық түсініледі. Сонда, лайлатүл Қадір тыныштық пен амандық түні саналып, ол осындай қағидатты уағыздайтын түн деген мағына келіп шығады.

Аяттағы "сәлам" мен "ислам" түбірлес сөздер. Олар амандық, тыныштық, бейбітшілік, татулық, мойынсұну мағыналарын білдіреді. Демек, исламда фундаментализм, экстремизм, лаңкестік деген сұмдықтар атымен жоқ. Сондай-ақ, тарих беттерін парақтайтын болсақ, мұсылмандардың әрқашан да бейбітшілік жағында, тыныштық пен амандықты ту етіп, тату өмір сүруді қолдайтындығын көреміз. Демек, исламның басты мұраты адамдар арасындағы бейбітшілік пен татулық. Сондықтан лаңкес деп аталған топтардың дінге ешқандай да қатысы жоқ.

Ислам тұжырымы бойынша, тыныштық - адамның жүрегінен басталады. Адамзат жүрегіне тыныштықты ұялататын әлемде исламдай асыл дін жоқ. Тыныштық жүректен отбасына өтеді. Ислам діні отбасының тыныштығы үшін керек барлық іс-шараларды іске асырған. Кейін отбасынан тыныштық ағайын-туыстыққа, көршілікке көшеді. Ислам діні бұлардың арасындағы қарым-қатынастың, тыныш өмір сүрудің жол-жорықтарын кеңінен баяндаған. Одан соң тыныштық қоғамға өтеді. Әрбір қоғамның өзара тыныш болуы үшін не қажет екендігін де ислам белгілеп қойған. Исламда мемлекет пен қоғам арасындағы, мемлекетаралық, халықаралық тыныштық пен татулық негіздерінің жол-жорықтары да жолға қойылған. Ислам дінінің көздеген мақсаты дүние жүзінде тыныштықтың біржола орнауы.

Демек, Қадір түні - сәлем түні, тыныштық түні, амандық түні. Бұл түнде түскен қасиетті Құранды адамдар оқып, зерделесе, әрбір адамның жүрегі, әрбір отбасы, әрбір қоғам, әрбір мемлекет, жалпы адамзат тыныштыққа қол жеткізетіні рас. Сондықтан лайлатүл Қадір қанша мерекеленсе де, қастерленсе де көптік етпейді.

Біздің бұл түнді атап өтуіміз шариғат шеңберінде, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз айтқан, өсиет еткеніндей болады. Хадис шәріпте: "Кім Қадір түнін шын иман және ықыласпен ұйқысыз өткізсе, оның бұрын-соңды істеген күнәлары кешіріледі", - делінген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Айлардың сұлтаны - Рамазан, күндердің сұлтаны - жұма, түндердің сұлтаны - Қадір түні", - дейді. Бұл сөздер тектен-тек айтыла салмаған. Сондықтан мүбәрак Рамазанның қасиетті түнінің қадір-қасиетін сезініп, тағат-ғибадат, дұға-тілекте болу өте пайдалы екенін лайымы есте болғаны жөн. Әйтпесе: "Мүбәрак рамазан айында Алла тағала сендерге ораза ұстауды парыз етіп, жәннат есіктерін айқара ашып, тозақ есіктерін тарс жауып, жын-шайтандарды кісендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ" (Имам Насаи), - деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай көп жақсылықтардан құр қалып қоямыз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде: "Қадір түні жиырма жетінші рамазан" (Имам Ахмад), - екендігі туралы да айтылады. Демек, Қадір түні қай түн екендігі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) аян болған. Ол жиырма алтысынан жиырма жетісіне өтер түн.

Бұл туралы сахабалардан Ибн Аузаъи (VІІ- ғ.) және Суфян ибн Ұайнаның (VІІ- ғ.) риуаятында (р.а.): "Ант етемін, мен Қадір түні Рамазан айының жиырма жетісі екенін білемін, өйткені Расулуллаһ (с.ғ.с.) біздерге сол түні ұйықтамауға бұйырған" (Мүслим), - делінген.

Ұбай ибн Кааб (р.ғ.) (VІІ- ғ.): "Ант ішіп айтамын, Қадір түні Рамазанның 26/27 өтер түн", - деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметін Рамазанның соңғы он түндігін, кей хадистер бойынша, Рамазан айының барлық түндерін Қадір түніндей мүбәрак етіп өткізуді өсиет еткен. Өзі де Рамазан айының барлық түндерін қадірлеп, әсіресе соңғы түндерді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген. Кей риуаяттарда тек бір түнді ғана белгілеп, нақты кесіп айтылмауы мұсылмандарды ғибадатқа артықтау құлшындыру үшін деп түсінеміз. Айша анамыздан жеткен хадисте: "Расулаллаһ (с.ғ.с.) айлардың ішінде Рамазан айында, әрі Рамазан айының сонғы он күндігінде құлшылыққа ерекше ыждағаттылық білдіретін" (Бухари), - делінген.

Мұса (ғ.с.) пайғамбар өзінің мінажатында: "Жаратқан Ием! Саған жақын болуды қалаймын", - депті, Алла тағала оған: "Менің жақындығым Қадір түнін ұйқысыз өткізген адам үшін", - дейді. Сонда Мұса (ғ.с.) тағы: "Жаратқан! Рахметіңе бөленуді қалаймын", - дегеніне Алла тағала: "Менің рахметім Қадір түні міскіндерге рақым еткендер үшін", - десе, Мұса (ғ.с.): "Ей, Алла тағала! Қылкөпірден найзағайдай жылдам өтуді қалаймын", - дейді. Оған: "Ол Қадір түні садақа жасаған адам үшін", - деген. Сонда Мұса (ғ.с.): "Раббым! Жәннат ағашының саясында отырып, жемісін жеуді қалаймын", деп тіледі, Алла тағала: "Бұл Қадір түні таспих айтқан адам үшін", - деп үн қатты. "Жаратқан ризалығыңды қалаймын", - деп еді, "Менің ризалығым Қадір түні екі ракат намаз оқыған адам үшін", - деп жауап берді", - делінген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде кім Қадір түні бір сағат немесе қойшы қойдың қарнын тойдырғанындай шамада намаз оқыса Алла тағалаға жыл бойы ораза ұстағанынан артық болады. Мені пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант, Қадір түні Құраннан бір аят оқу басқа кезде Құранды толық хатым етіп оқығаннан жақсы", - деді.

Діни риуаяттарда кейбір ізгі кісілерге Қадір түнінің белгілері өңінде де көрінетіні жайлы айтылады. Ол түні күн, ай немесе электр лампасының сәулесіне мүлдем ұқсамайтын ерекше бір нұр көзіне көрінеді. Немесе сол қасиетті түн таңындағы күннің шығуы жай күндердегі шығуынан мүлдем өзгеше болып көрінуі, ал кейбіреулер оны тіпті түсінде де көруі мүмкін. Бірақ өңінде көру әлдеқайда абзалырақ.

Жаратушы Иеміз кімге осы қасиетті түннің белгілерін көруді нәсіп етсе, онда үлкен жақсылық бар. Ол адам Алла тағаладан мұсылмандарға бірлік-ынтымақ беруін, мұсылмандарды қайғы-қасірет, пәле-жаладан сақтауды және мұсылмандар басына түскен қайғы-мұңды тезірек сейілтуды тілеп дұға жасағаны абзал.

Алла тағала қасиетті Құранда: "Ей, мүміндер! Алладан қорқыңдар! Әркім ертең үшін не дайындағанын қарасын. Және Алладан қорқыңдар! Күмәнсіз Алла не істегендеріңді толық біледі", - деген. ("Хашыр" сүресі, 18-аят).

Иә, осы айда игі істерді көбірек атқарған жөн. Әсіресе жоқ-жітіктер мен міскіндерге, мұқтаждар мен кембағалдарға көбірек көмектесуді, садақа беруді ұмытпау ләзім. Алла тағаланың берген дәулетінен зекет беру де үнемі есте болуы тиіс.

Алла тағала "Қалам" сүресінде бір бақша иелерімен болған ғибратты қисса жайлы хабар береді. Ол Алланың бергенін өзгеден қызғанып, ашкөздікке салынғандары үшін жазаланып, бақшаларынан айырылғандар туралы. Бұл жөнінде Алла тағала: "Бақша иелеріне пәле жібергендей оларды да пәлемен сынадық. Сол уақытта олар, таңсәріден оның жемісін жинап алуға ант ішті," - дейді ("Қалам" сүресі, 17-аят).

Тәпсіршілердің айтуынша, Йемен елінде Иса пайғамбар (ғ.с) дәуірінен кейін бір мүмін кісі өмір сүрген. Ол жыл сайын бақшасынан жеміс жинаған кезде мұқтаждар мен кедейлерді ұмытпай, олардың несібелерін беріп тұратын. Әлгі кісі: "Бұл Алланың маған берген дәулеті. Осыдан Құдай мұқтаждар мен кедейлердің хақын зекет ретінде беріп тұруды бұйырды" - дейтін. Алла тағала бұл салих кісінің рызығын көбейтті, ал ол оған шүкірлік ете білді. Бірақ бұл мүмкін дүниеден өткен соң балаларының пейілі тарылып мұқтаждар мен кедейлерге түк бермеуге ұйғарысты. Таңертең ерте тұрып, бақшаларындағы жемістерді түгел жинап алған соң, өнімді өзара ғана бөлісіп, кембағалдарға ешнәрсе бермеуге жасырын уағдаласты.

Сөйтіп жақсыдан туған сараңдар Алла тағала берген байлықтан Алла разылығы үшін зекет бергілері келмеді, бірақ, олар айлаларын Алла тағаладан жасыра алмады. Сол түні оларға Жебірейл (ғ.с) періште арқылы үлкен бәле жіберілді. Алла тағала: "Олар ұйықтап жатқанда бақшаға Раббың тарапынан бір апат келді," - дейді. ("Қалам" сүресі, 19,20-аяттар).

Бақшалары өртеніп, күл болып тек орны ғана қалды. Олар таңертең мұнда келгенде бақтарын танымай қалды, бір-біріне: "Бұл біздің бақша ма? Кеше ғана жапырақтары жайнап, жемістері пісіп тұр еді ғой. Бәлки біз адастық па екен", - десті. Сонда ортаншысы тұрып (ол өзі әкесіне тартқан ізгі болатын): "Жоқ, бұл біздің бақшамыздың дәл өзі. Мұқтаждар мен кедейлерге берілер несібені қызғанып, дәулетімізден мақрұм қалдық. Бұл сараңдықтарымыздың жазасы", - деді. Сөйтіп олар бірін-бірі кінәлап балағаттай бастады. Біріншісі: "Кедейлерге түк те бермеуді сен бірінші болып ұсындың!" - десе, екіншісі: "Сол ойды дамытып, жоспарын құрған өзің емес пе едің?!" - деді. Біреуі: "Бізді кедейлікпен қорқытқан сенсің!" - десе, тағы бірі:"Дүниеге бізді қызықтырып, құмар қылған сенсің!" - деді. Соңыра олар: "Нендей өкінішті іс істедік, шынында шектен шығушылықтан болды" - десті ("Қалам" сүресі, 31-аят).

Содан кейін олар Аллаға жүздерін бұрып, тәубе етіп кешірім сұрады. Жаратушы иемізден бұрынғыдан да жақсы бақшаны нәсіп етуінен үміттеніп: "Мүмкін Раббымыз оның орнына жақсырағын берер. Расында Раббымызға ынтықпыз", - деді ("Қалам" сүресі, 32-аят).

Олар осылай шынайы тәубеге келген соң Алла тағала оларға рақым етіп, Жебірейл (ғ.с) періштеге өртенген бақшаларының орнына, Шам жерінен жапырағы жайқалған, жеміске толы бақшаны алып келуге бұйырды. Сөйтіп олардың ісіне береке кіріп, бұрынғыдай мұқтаждар мен кедейлерді ұмытпағаны үшін өздерін әрі мал-мүлкін сақтап, Алла тағаланың разылығына бөлейтін амалдарын жалғастырған.

Қиссаның ғибраты көп. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ, тек пайғамбарларды (ғ.с) ғана Алла тағала күнәлі істерден сақтаған. Сондықтан адам біліп-білмей істеген күнәларын мойындап, сол үшін шынайы тәубе етуі парасаттылықтың белгісі. Егер пенденің істеген күнәсі көп болғанымен, бірақ ол тәубеге келіп, "истиғфар" айтып кешірім тілесе, Жаратқан иеміз бәрін де ғапу етеді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Анас (р.ғ) жеткізген мына хадисте: "Адам баласының әрбірі қателеседі, олардың ішіндегі ең жақсысы тәубе еткендері" - деген. (Имам Термизи).

Алла тағала осы қиссаның соңында: "Ақырет (қиямет) азабы өте ауыр..." - деп ескерте келіп: "Күдіксіз тақуалар үшін Раббылары дайындаған "Нағим" жәннаты бар" - деп ("Қалам" сүресі, 33,34- аяттар), жүктеген парыздарын бұлжытпай орындап, харам істерден аулақ болып, тақуалық жолын ұстанғандар үшін дайындаған нығыметі барын білдіреді.

Иә, Алла тағала кімге дәулет беріп, рызығын молайтқан болса, олар мұқтаждар мен кедейлерді ұмытпай, несібелерін зекет, садақа ретінде беріп тұрғаны жөн. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ибн Масғұд (р.ғ) (VІІ- ғ.) жеткізген хадисте: "Дүниелеріңді зекетпен қорғаңдар, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, бәле-жала толқынын дұға-тілекпен тойтарыңдар" - деген. Жүрегіміз тез тайып дүние-дәулетке байланбағаны, алданбағаны дұрыс.

Бірде теңгеге теңге, долларға доллар, евроға евро қосып, байыған үстіне баи түссем деп жанталасып жүрген кәсіпкер танысыммен Алматы орталық мешіті маңайындағы көшелердің бірінде кездесіп қалдым. Менен жасы кіші еді.

- Қасиетті Рамазанда қандай сауапты істер атқардың?- деп сұрадым одан.

- ??

- Мешіт қақпасы маңындағы міскіндерді көрдің бе?- деп тағы да сауал қойдым.

- Иә, көріп тұрмын, - деді ол күмілжіп.

- Алла тағала олар емес, сынау үшін саған байлықты үйіп-төгіп берді. Ал сен сауап үшін және Жаратушы иеміздің ризалығы үшін не істедің?

- Ештеңе де, - деді ол.

- Қайыр тілеп тұрған кісіге неге садақа, байлығыңнан мұқтаждар хақы үшін неге зекет бермейсің. Алла тағала күндердің күні өзі берген байлығын өзі алып қойып, сол қайыршының күйіне түсірсе қайтесің, - дедім.

Ол құп-қу боп кетіп:

- Солай болуы мүмкін бе? - деді.

- Ол бір Алланың қолындағы іс. Бірақ солай болуы да бек мүмкін, - дедім.

Ол міскіндерге қайта-қайта жалтақ-жалтақ қарап, үлкен оймен аса қымбат көлігіне қарай ауыр адымдап бара жатты.

Зекет, садақа дегеннен шығады, оңтүстік астанамыздағы ғибадатханамыздың үлкен күмбезі көгілдір плиталарының тозып ағара бастағанына бірнеше жыл болды. Осы іспен айналысатын елдер шеберлерімен хабарласып едік 1 млн. АҚШ долларын сұрады. Бізде ондай қаражат қайда? Соны естіген, үнемі мешіттерге қол ұшын беріп жүретін кәсіпкер бір азамат келіп, әлгі шығынды көтеретінін айтты.

- Ризашылығымызды білдіріп, газетке жазайық, - дедік.

- Жоқ, қажет емес. Алла тағала білсе, разы болса болды. Адамның рахыметінен не пайда, - деді ол.

Әйтсе де ғибадатымызда Жаратушы иемізден тілеген тілегіміз, мінажатымыз, дұғамызда оның да аты бар. Ол ініміздің қазақшасы да шамалы еді. Бірақ гәп тек тілде емес, тәрбиеде, діл мен иманда ғой деймін.

Абдулла ибн Саламнан (VІІ- ғ.) Имам Термизи (ІX- ғ.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Ей адамдар! Сәлемдессеңдер, ас берсеңдер, туысқандарыңмен жақсы қарым-қатынаста болсаңдар және адамдар шырт ұйқыда жатқанда тұрып намаз оқысаңдар жәннатқа есен-аман кіресіңдер", - деген. Сондықтан мың айдан артық сауаптар мен жақсылықтарға толы қасиетті ай мен түнді Алла ризалығы үшін сауапты істер атқарып қана қоймай, тәубе етумен, намаз оқумен, дұға жасаумен, истиғфар айтумен және Құран оқумен, Жаратушы иемізден тілек тілеумен өткізген абзал.

Алла тағала тілеген тілегімізді қабыл, отанымызды аман етіп, елімізге береке, бірлік, ынтымақ бергей. Ел қамында жүрген Елбасымыз бен асыл азаматтарымызға тірліктерін баянды етіп, әмәнда әрбір ісімізге жар болғай деп тілеймін. Әумин!

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: