Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айында шамасы келетін адамдарға һижраның екінші жылында рамазан оразасы парыз етілген кезден пітір садақасын беру уәжіп саналды. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пітір садақа-сәһу сәждесі сияқты, яғни сәһу сәжде намаздың жаңылысқан жеріне өтеу (каффарат) болса, пітір садақа тұтқан оразаның кемшіліктерінің өтеуі»,- деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаған адамның оразасының сауабы пітір садақа бергенге дейін толық болмас»,- деді.
Хазрет Осман (р.а.) бірде Рамазанда ұмытып пітір садақасын бермеген. Кейінірек мұнысы есіне түсіп, пітір садақасының өтеуі (каффараты) үшін бір құлды азат етеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Ей, Осман, сен жүз құлды азат етсең де пітір садақасының сауабын таба алмайсың», -депті.
Пітір садақасы өз уақытында, яғни, Рамазан айында немесе соңғы күні айт намазына дейін беріледі. Айт намазынан соң берілген пітір жәй садақа сана-лады. Дінімізде пітір, зекет сияқты садақалар Алла ризалығы үшін жасалатын ғибадаттың бір түріне жатады. Пітір садақаның сауабы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кім пітір садақасын берсе, ол пендеге Алла тағала он жақсылық береді».
Бұған тоқталар болсақ, олар:
1. Тозақ отынан құтылар;
2. Барлық күнәларынан тазарар;
3. Ұстаған оразасы қабыл болар;
4. Ол кісіге жәннатқа кіруге уәжіп болар;
5. Алла тағала ол кісінің сол жылғы істеген істерін қабыл етер;
6. Қиямет күні Пайғамбар (с.ғ.с.) шапағат етер;
7. Сират көпірінен найзағайдай жарқ етіп өтер;
8. Ұстаған оразасы қор болмас;
9. Мизан таразысында сауап жағы басым болар;
10. Ол кісінің аты сауап кітабына жазылар.
Шын ниетімен пітір садақасын берушіге Алла тағала осындай сауабы мол жақсылықтарды нә-сіп етер. Жалпы, әр мұсылман Алла тағала сыйлаған дәулетінен ақирет сауабы үшін пітір, зекет садақаларын уақытында беріп, тілек тілеуі тиіс.
Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Әлдекім тазарса, ол кұтылды. Ол Раббыңның атын еске алып, намаз оқыды» (Бұл айт намазы). («Ағла» сүресі, 14-15 аяттар). Кейбір тәпсірші ғалымдардың айтуынша, «тазарса» деген сөз пітір садақа берген адамды, ал «Ол Раббыңның атын еске алып» деген айт намазында тәкбір айтуды білдіреді. Ибн Хузимат Касир Абдулладан риуаят етеді, ол өз әкесінен естігенін айтады, ал ол өзінің атасы айтқан хадисті келтіреді: «Расулулладан (с.ғ.с.) әлдекім тазарса, ол құтылды. Ол Раббыңның атын еске алып, намаз оқыды»,- деген аяттың мағынасын сұрады. Бұған Расулулла (с.ғ.с.) бұл екі аятты Алла тағала пітір садақасы туралы түсіргенін айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт мерекесінен бір күн бұрын елге хұтпа оқып, пітір садақа беруге бұйырған.
Абдураззақ Абд бин Сағлабаттан мына хадисті риуаят етеді: ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқа дейін бір немесе екі күн бұрын елге хұтпа оқитындығын айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бидайдан 1 сағ (өлшем) беріңдер, құрмадан немесе арпадан сағ беріңдер. Әр адам үшін, қожайын немесе құл болып, кішкентай бала немесе үлкен адам болса да беріңдер».
Сондай-ақ, Бұхари мен Мүслім ибн Омардан риуаят етеді:
«Расулуллааһ (с.ғ.с.) бір сағ құрма немесе арпадан пітір садақа беруді бәріне міндеттеген. Ол барлығына: қожайын мен құлға, кіші мен үлкенге, ер мен әйелге пітір беруді міндеттеді».
Ораза тұңғыш рет мұсылман-дарға парыз болған жылы Расулуллаһ (с.ғ.с.) пітір садақаны үмметіне уәжіп етіп, оны беруді бұйырды. Жоғарыда айтылған сөздерге назар аударсақ, пітір садақаның мұсылмандар үшін уәжіп екендігін аңғарамыз. Сондықтан, Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында пітір садақаны беру уәжіп саналады. Кімде-кім бұған қарсы келсе, ол күнәһар болады. Алла тағала пітір садақаны бізге, жоғарғы мақсаттарға жетуіміз үшін міндеттеген. Пітір садақа кедей мен міскінге қажетін өтеу үшін беріледі. Сонымен қатар пітір садақа адамның ораза кезіндегі жіберген қателіктері мен кемшіліктерін толтыру үшін беріледі. Әбу Дәуід ибн Мәжаһ және Хаким ибн Аббастан (р.а.) риуаят етеді: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) пітір садақаны: адамның оразасы сөзіндегі қателіктерінен тазаруы және міскіндерге тағам ретінде кө-мек болуы үшін міндеттеген». Кімде-кім пітір садақаны айт намазынан кейін берсе, онда ол жәй садақа болып қалады.
Пітір садақаны тағамның төрт түрінен ғана беру - уәжіп. Олар - бидай, құрма, арпа және мейіз. Егер пітір бидаймен берілсе, онда жарты сағ беріледі. Егер құрма, арпа немесе бидай ұны берілсе, онда толық бір сағ беріледі, мейізбен берілсе, онда сағтың жартысы беріледі. Әбу Ханифа мәзһабы бойынша сағ З кг 592 грамға тең, ал сағтың жартысы 1 кг 796 грамға тең. Пітір садақаға жай бидайдан гөрі оның ұнын беру абзалырақ. Егер де ақшамен берілсе, ол одан да абзал болады. Өйткені, кедейдің қажеті ақшамен тез өтеледі.
Пітір садақаның уәжіп (міндетті) болуының үш шарты:
Мұсылман болуы керек;
Азат (бостандықта) болуы керек;
Өзінің қажетінен артық мүлкі болуы керек.
Пітір садақа әрбір мұсылман ер және әйел үшін уәжіп. Бұл жерде оның ақыл есі болуы немесе кәмелетке толуы шарт емес. Баласы немесе мәжнүн (акыл-есі кем) үшін қамқоршысы немесе әкесі беруі тиіс. Егер уәли бермесе, онда ол күнәһар болады. Өзінің кішкентай баласы, құлы немесе кәмелетке толған (ересек) баласы үшін, егер ол ақылы ауысқан болса, егер ересек баласының ақыл есі дұрыс болып, ол кедей болса әкесіне ол үшін беру уәжіп емес. Бірақ, ол садақа ретінде берсе, онда болады. Әйелі үшін ері беруі уәжіп емес. Егер сауап үшін бергісі келсе, әйелі рұқсат бермесе де беруге болады. Әбу Дәуід және Тирмизи Әли ибн Әбу Тәліптен (р.а.) риуаят етеді:
«Аббас (р.а.) Пайғамбардан (с.ғ.с.) пітір садақаны тез, яғни айдың басында беруге рұқсат сұраған, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған рұқсат еткен». Егер де бір кісі пітір садақасын Рамазан айы өткеннен кейін берсе, ол оның мойнынан өмірінің соңына дейін түспей қарыз болып қалады. Себепсіз айт намазына дейін пітірді бермеу - күнә. Өйткені, егер ол уақытта беріп үлгермесе, мұқтаж жандардың кажетін өтемеген болады.
Пітір садақа Рамазан айының бірінші күнінен бастап беріледі. Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты - айттың бірінші күні. Пітірді айт күні айт намазына дейін беру - мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпінде: «Оларды (яғни кедейлерді) айт күні қайыр сұрамас үшін байытыңдар»,- деген.
Пітір садақаны бір міскінге беру уәжіп, екі немесе одан артық адамға бөліп беруге болмайды. Жамағатқа өз пітір садақасын бір кісіге беруге рұксат. Пітір садақаны өз қалаңнан басқа қалаға апарып беруге болмайды, егер өз қалаңда міскіндер тойынған болса, онда басқа қалаға барып пітір беруге рұқсат етіледі. Басқа жерде кедей туысқаның болса, беруге болады. Алла тағала Құранда: «Шын мәнінде, садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз. Қолы қысқа пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинаушыларға көңілдері алынатын (жаңа мұсылман-дарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолаушы мүсәпірге беріледі. Алла әр нәрсені білуші, хикмет иесі» («Тәубе» сүресі, 60-аят),- деген.
Пітір садақаны жоғарыдағы аятта айтылған адамдарға беру керек. Өзіңді асырап отырған әке-шешеңе пітір беруге болмайды.
Ескерту: Пітір садақаны бидаймен беретін болсаңыз, әр адам үшін жарты сағ беру керек. Жарты сағ - 1 кг. 796 грамға тең. Ақшамен есептегенде (шамамен әр облыс пен өңірдегі сапалы бидайдың сатылу бағасына карай) 1 кг. 796 грамның құнын беру керек. Алматы қаласы мен облысы бойынша пітір садақа адам басына 100 теңге.
Садақаны кімге беру керек дегенге тағы қосарымыз қазіргі кезде мемлекеттің мешітке қаржы бөлмейтіндігін, мешіттердің тек қана халыктың көмегімен күн көріп жатқандығын ескеріп, оған садақа беру үлкен сауап дегіміз келеді. Алла тағала Құран кәрімде: «Алланың бірлігіне және қиямет күніне сеніп, Алланың мешітін гүлдендіруге үлес қосқандарға шексіз сауап болады»,- деген.
Науаш СӘДУАҚАСҰЛЫ,
КазЦИК ауылдық мешітінің
Бас имамы,
Іле ауданы,
Алматы облысы.