Пәтуә - бұл үлкен жауапкершілік

Пәтуә - бұл үлкен жауапкершілік

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлбетте, мұсылман адам өзінің күнделікті өмірінде қажет болатын діни үкімдерді үйренуі уәжіп. Бірақ, діни сауалдарға әркім дұрыс жауап ала бермейді. «Өзім біліп істей берейін» десе, қателікке соқтығуы мүмкін. Ал, сауалға шешім таппаса, тағы болмайды. Сонда не істеу керек?!

"Біреу білмегенді - біреу білер",- дейді халық. Ал, діни мәселені шешуге ілімі жетпейтін жандарға Алла тағала: «Егер білмесеңдер, онда білетіндерден сұраңдар» («Нәһл» сүресі, 43-аят),- деп әмір етеді. Басқа бір аяттарда: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» («Зумар» сүресі, 9-аят), «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады» («Әнкабут» сүресі, 43-аят),- делінген.

Білу үшін сұрау керек. Бабаларымыз: «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен болмаса кішіден сұра», - деп ақыл айтады. Бірақ, әркім ғалым бола бермейді және оның ғалым болуы да талап етілмейді. Көптің оқымысты немесе ғұлама болатындай мүмкіншілігі де жоқ. Бұл тұралы имам Ғаззали «Мұстасфә» атты кітабында: «Барлық мұсылмандар шариғат үкімдерін орындауға міндеттелген. Алайда, олардан ғылыми ізденіспен айналысуды талап ету дұрыс емес. Егер солай етілсе, онда егін егу, өнеркәсіппен шұғылдану және жас ұрпақты тәрбиелеу ісі тоқтап қалар еді. Діни сауаты жоқ кісілердің білмегенін ғалымдардан сұрауы және олардың артынан еруі уәжіп», - деп айтады.

Бұл туралы Алла тағала мұсылман үмметін: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғам-барға және өз араларыңдағы ұлықтарыңа бойсұныңдар. Егер өзара бір нәрсеге келісе алма-саңдар, оның жайын Алладан, пайғамбардан сұраңдар. Аллаға, қиямет күніне сенетіндерің рас болса, бұл сендер үшін қайырлы, әрі тиімді» («Ниса» сүресі, 59-аят),- деп ескертеді.

Имам Нәуәуи «әл-Мәжмуғ» атты кітабында: «Кімде-кім бір мәселеге кез келіп қалса, оны білу (оның пәтуасын сұрау) және шешу уәжіп болады. Егер өзі тұратын жерде сондай адам табылмаса, онда алыс сапарға шығып болса да, сол мәселенің жауабын іздейді. Бұрын-ғы ата-бабаларымыз бір мәселе үшін де алыс жолға шығатын»,- деп жазады.

Оған бір дәлел, біздің қазіргі қоғамымызға аттары белгілі, түркі халқынан шыққан, ислам жолында жүріп әлемдік өркениетке, ілім-білімге үлкен үлес қосқан бабаларымыздың көптігі. Олар ғылымның көптеген саласына жол ашты.

Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне он екі ғасырдан аса уақыт өтті. Уақыт өте келе мұсылмандар саны көбейе түсті, жаңа мәселелер пайда бола бастады. Шынында да, өмір мен тіршілік үнемі өзгеріп, өркендеп, жаңарып, дамып тұрады. Мұндай жағдайда, ғалымдар өз білімдеріне сүйеніп, шариғат шеңберінде ол мәселелерді шешіп отырады. Қашанда біздің халқымыз ұзақ уақыттан бері иләһи дінге амал етіп, ал білмегенін өздерінің ғалымдарынан сұрап біліп келген.

Өкінішке орай, кеңес одағы заманында көптеген ізгі істеріміз қатарында діни білім, соның ішінде пәтуа саласы да едәуір күйзелді. Халқымыз пәтуа дегенді ұмытты. Пәтуа айтатын ғалымдарды табу қиынға айналды. Парыз кифая орындалмай қалды.

Әлхамду лилләһ, құдайсыздық империясы ыдырап, дінімізге қайта оралу нәтижесінде пәтуа істері де жандана бастады. Қазір бұл істе біраз дамушылық қарқын алуда. Халқымыздың дінге деген ықыласы да зор, діни сауат ашуға ынталы. Көзі ашық жамағат сауатты әрі білімді ұстаздарға барып білім алуда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның қарауындағы бүкіл мешіттер Әбу Ханифа мазһабы бойынша шариғат ұстанатынын, сондай-ақ оның жанындағы «Діни істер және пәтуа», «Діни уағыз, оқу-ағарту» бөлімдерінің тұрақты түрде жемісті жұмыс істеп келе жатқанын баршамыз жақсы білеміз. Дін жөнінде білмеген сұрақтарымыз бойынша сол мекемеден қанағаттанарлық жауап алып жүрміз де. Ең бастысы, бұл іс ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет етуде.

ПӘТУА ЖӘНЕ ОНЫҢ МӘН-МАҢЫЗЫ

Араб тілінде «пәтуа» деп, қиын сұраққа жауап беру, пікір айту деген мағынаны білдіреді. Шариғатта есе сұраған кісіге дәлел негізінде шариғи үкімді түсіндіріп беруді "пәтуа" дейді.

Пәтуа берушілердің алғашқысы - ол пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Ол кісіден кейін ғалым сахабалар, табиғиндер, табаға табиғиндер және мүжтаһид ғалымдар пәтуа айтатын еді. Бұл іс қазіргі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Әр заманының пәтуа беретін өз ғалымдары болуы тиіс. Өмірде жаңадан пайда болған мәселелер бойынша пәтуа беріп отыру парыз кифая саналады.

Пәтуаның жауапкершілігі ауыр. Өйткені, ол - халал-харам, сауап-күнә, жәннат-тозақ ортасындағы Алланың үкімі. Сондықтан, бұл істе пәтуа беретін адамнан сақтық пен мұқияттылық талап етіледі.

ПӘТУА - БҰЛ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имам Дәрими риуаят еткен хадисте: «Пәтуаға жармасқандарыңыз - тозаққа жармасқандарыңыз»,- деген.

Яғни, біліп-білмей, ақыреттен қорықпай пәтуа айта беретін адам, ақырында, өзін тозаққа лақтырумен бітеді. Халқымыз: «Оймақ пішсең де ойлап піш» демес пе еді?!

Алғашқы мұсылмандар әулеті пәтуаның жауапкершілігін жете үғынуынан өзінен ілімді адам бар жерде үндемеуді жөн көрген.

Имам Нәуәуидің «әл-Мәжмуғ» атты кітабында Әбдурахман ибн Әбу Ләйләдан төмендегі риуаят етіледі: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір жүз жиырма әнсари сахабаларының әрқайсысынан мәселе сұралған кезде, «анадан сұра, мұнадан сұра» деп, ақыр аяғында сұрақ біріншісіне қайтып келгенін көрдім».

Абдулла ибн Омардың (р.а.) барлық саладан білімі бар болған. Ол Алла тағаланың Кітабын және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерін өте жақсы білген. Алайда, білмегенін лезде мойын-дап, «бұл мәселені білмейді екенмін» деп айтудан қымсынбайды екен.

Ибн Әбдулбарр «Жәмиғул илм» атты кітабында Ұқба ибн Мүслимнен риуаят етеді: «Ибн Омармен отыз төрт ай серік болдым. Адамдар одан сауал сұрағанда, көбінесе, «білмеймін», деп жауап беретін, кейін маған қарап: «Мынау кісілер не қалап тұрғанын білдің бе?! Олар біздің желкемізді жаһаннамға көпір етпек»,- деп түсіндіретін».

Ибн Саъд Нәфиғдан (р.а.) риуаят етіледі: «Бір адам келіп Ибн Омардан мәселе сұрады. Ол кісі басын иіп үндемей қалды. Әлгі адам сауалымды естімей қалған шығар деп, оған: «Алла сізді рахым еткей! Сауалымды естімеген болдыңыз», - деді. Ибн Омар: «Естідім. Дегенмен әрбір айтқан сөзіміз үшін Алла тағаланың алдында жауап береріміз хақ. Азғана уақыт беріңіз, сұрағыңызды жете ұғып алайын. Қалай жауабын табамын, сізге хабарлаймын, білмесем, білмейтінімді айтамын»,- деді».

Сүфъян мен Сахнундан риуаят етіледі: «Адамдардың пәтуаға тырмысқандары - ең ілімсіздері. Нағыз ғалым пәтуаға жауап айтудан жасқанып тұрады. Бірақ, мәселенің үкімі Құран, сүннет немесе ижмағда ашық баян етілген болса, оны айтуға бар ыждағатын салады. Ал, оның үкімі махфи (жасырын) немесе ол туралы бірнеше пікірлер айтылған жағдайда, аталмыш мәселені мұқият түрде үйренеді, сонан соң оны түйіндейді. Көңілі толмаған жауапты айтуға асықпайды».

Бір күні адамдар Имам Мәліктен қатар елу мәселе жайында сұрағанда, біреуіне де жауап бере алмаған екен. Ол кісі: «Жауап беретін адам алдымен өзін жәннат пен тозаққа салып көрсін, құтылуына көзі жетсе, жауап берсін», - деген екен.

Кім болса да «білмеймін деп айту - ілімнің жартысы» деген қағиданы ұмытпағаны дұрыс.

БІЛІМСІЗ ТҮРДЕ ПӘТУА БЕРУДІҢ САЛДАРЫ

Білімсіз түрде пәтуа берудің салдары нендей жаман екенін түсіну керек. Бұл туралы айтылған бірнеше хадистер бар.

Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, Алла тағала адамдардан ілімді лезде суырып алмайды. Бәлкім, ғалымдардың жанын алуменен сыпырып алады. Бірде-бір ғалым қалмаған кезде, адамдар сауатсыз басшылардың етегінен ұстайды. Сұрақтарын солардан сұрайды. Олар есе, ілімсіз түрде пәтуа айтады. Нәтижесінде, олар өздері де адасып, басқаларды да адастырады», - деді» (Бұхари, Муслим және Тирмизи риуаят еткен).

Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ілімсіз бола тұрып біреуге пәтуа айтса, оның күнәсін көтереді. Ал, кімде-кім өзінің бауырына, тура жол басқа жақта екенін біле тұра, мүлдем басқа бір жолға нұсқаса, шынында, оған қиянат етіпті, - деді» (Әбу Дәуд пен Ибн Мәжа риуаят етеді).

Жәбирден (р.а.) риуаят етіледі: «Сапарға шығып едік. Арамыздан біріміздің басына тас тиіп, басы жарылды. Жарақат алған ол жүніп болды (ғұсыл құйынуы уәжіп болды). Сонда ол серіктерінен: «Маған таяммум алуға бола ма?»- деп сұрады.

Олар: "Жанымызда шомылуға су бола тұрып, біз саған таяммум алуға рұқсат ете алмаймыз",- деді.

Ол ғұсыл құйынды, сонан соң дүниеден қайтты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына кел-генімізде бұл оқиға туралы оған хабар берілді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Оны өлтіріпті. Алла оларды өлтірсін! Егер білмесе, сұрамайды ма?!"

Шынында, білімсіздіктің шипасы сауал.

Оның таяммум алуы, жарасына шүберек байлап, үстінен сипап қоя салуы, сонан соң денесінің басқа жерін жууы жеткілікті еді», - деді» (Әбу Дәуд риуаят еткен).

ПӘТУАНЫ КІМНЕН СҰРАУҒА БОЛАДЫ?

Шынында да, діни үкімдерді кез келген адамнан сұрау дұрыс емес. Мұның да өзіндік тәртіп пен қағидалары бар.

Әуелі, пәтуа ілімді, тақуа және әділетті адамнан сұралады. Бұл туралы Ханафи мазһабының атақты фақиһ ғұламасы Ибн Абидийн өзінің «Раддул Мухтар» атты кітабында: «Пәтуа ілімді кісілердің ішінен ижтиһад (діни мәселе бойынша үкім айта білетін) және әділетпен танылған, сондай-ақ халық арасында беделді де, абыройлы кісіден сұралады. Егер онда ижтиһад пен әділеттің бірі табылмаса, ол кісіден пәтуа сұрау дұрыс емес»,- делінген.

Пәтуа беруге лайықты болып табылған адамға ислам үмметінің мүжтаһид ғалымдары тарапынан қойылған шарттарға қысқаша тоқталып өтсек.

Пәтуа беретін адам төмендегі қасиеттерге ие болуы шарт:

1. адал;

2. ақылды;

3. кәмелетке толған;

4. әділ, яғни шариғат шеңберінде іс жүргізуші. Өйткені, пәтуа - Алла тағаланың үкімі. Пасық адамның пікірі немесе сөзі пәтуа ретінде қабыл етілмейді.

5. мүжтәһид, яғни діни мәселе бойынша үкім айта білетін.

Имам Шафиғи бұл туралы төмендегідей айтқан: «Аталмыш қасиеттерді өзінің бойында көрсете алған адам Алланың дінінде пәтуа бере алады: Ол Алланың кітабын, оның насых пен мансухын, мухкам мен мүтәшәбиһын, тәъуил мен тәнзилін, мәкки мен мәдәнисын жетік білуі, әрі ұғынуы шарт. Сондай-ақ, ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен, араб тілі мен ақындық шеберлігінен, түрлі өлкедегі ғалымдардың діндегі ғылыми тұрғыдағы қарама-қайшылықтарынан толық хабардар болуы, әрі жақсы түсінуі керек. Сонымен қатар, ол тапқыр, саналы, білгір, парасатты және зерек болуы шарт. Міне, сонда оның халал мен харам туралы сөйлеуге және пәтуа айтуына құқық беріледі. Егер осылай болмаса, онда бұл мәселе жайында ләм демеу керек».

ПӘТУА СҰРАУДЫҢ ӘДЕБІ

Сауал сұрайтын адам пәтуа айтатын ғалымды құрметті ұстаз ретінде тануы керек. Өйткені, пәтуа сұрап тұрған адамның ұстаздың ілімін құрмет етуі, мәмілесі сыпайы, әрі жұмсақ болуы әдепке жатады. Ашулы, көңілсіз немесе науқас болып жүрген ғалымға сұрақ қоймаған жөн.

Пәтуамен қоса табандылықпен оның дәлелін талап ету жарамайды. Ол мәселені кезі жеткенде ұстазбен жолығып, жеке сұрап алған дұрыс.

Пәтуа сұрайтын адамға төмендегілер макруһ:

1. көп сауал сұрау;

2. пайдасыз нәрсені сұрау;

3. өмірде кездеспейтін мәселені сұрау;

4. қиын мәселені сұрау;

5. тааббуди (ғибадатқа қатысты) мәселелердің хикмет себептерін (таң намазы не үшін екі ракат, неге екі рет сәжде жасалады сияқты) сұрау;

6. қоятын сұрағында сыпайы-лылық пен діни сенімнің шегінен аттап өту;

7. басқалардың алдында өзінің үстемділігін көрсету үшін қасарысып сұрақ қою;

8. бір ғалымнан сұрап, сонан соң сол сұрақты тағы басқа бір ғалымнан сұрау;

9. пәтуаны жеңіл, әрі жұмсақ айтатын адамды іздеп, одан мәселе сұрау.

Егер діни мәселе бойынша жауап бере алатын ұстаздардың ілімі де, әділдігі де бірдей болса, қалағанынан сұрайды. Дегенмен, кейбір ғалымдар, олардың ең абзалынан сұраған дұрыс, деген.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: