Мұхаррам - һижра жыл санауы бойынша жаңа жылдың бірінші айы. Бұл ұрыс-жанжал, қан төгу харам етілген қасиетті төрт айдың бірі. Мұхаррам айының қадір-қасиеті жөнінде қасиетті Құранның аяттарында және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис-шәріптерінде кеңінен баяндалған. Қасиетті Құранда Аллаһ Тағала: «Тегінде, аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Аллаһ айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам, Режеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар. Бірақ, кәпірлер бірігіп алып, сендерге шабуыл жасаса сендер де бірігіп оларға қарсы шабуыл жасаңдар. Естеріңде болсын, Құдай қашанда діндарлар жағында» («Тәубә» сүресі, 36-аят), - деген.
Расулулла (с.а.у.) хадисінде: «Бұл қасиетті айларда жақсылық көбейеді. Аллаһ Тағала пендесінің иманына қуат береді. Бұл күндерде Алланың рахметі көбейеді. Осындай күндерде құлшылық ету және ораза тұту арқылы сіз де Алланың рахметіне бөленіңіз», - десе, ендігі бір өсиетінде: «Бір кісі осы қасиетті айлардың бейсенбі, жұма, сенбі күндерінде ораза ұстаса, Аллаһ Тағала ол кісінің үш күндік тұтқан оразасына екі жылдық оразаның сауабын береді. Егер сәрсенбіден тұтып жұма күні садақа берсе Аллаһ Тағала ол кісінің барша күнәларын кешіреді», - деп мұхаррам айында ораза ұстаудың артықшылығын баян еткен.
Мұхаррам айының оныншы күні - Ашура күні. Ол биылғы желтоқсан айының 26 жұлдызына сәйкес келіп отыр. Ашура - арабша сөз. Тілдік мағынасы «оныншы» яғни, мұхаррам айының оныншы күні дегенді білдіреді. Бұл күнде өте көп оқиғалар болған. Сол себепті де біз бұл күнге көбірек мән беруіміз керек.
Фақиһ (шариғаттанушы ғалым) Әбу Ләйс әс-Самарқанди ашура күні болған оқиғаларды былайша тізбектейді:
1) Жер мен көктің жаратылуы;
2) Адам (а.с.) тәубелерінің қабыл етілуі;
3) Мұсаның (а.с.) Перғауынның зұлымдығынан құтылуы және Перғауынның өлімі;
4) Ибраһим пайғамбардың (а.с.) туылуы;
5) Аюб пайғамбардың (а.с.) кеселінен (ауруынан) жазылғаны;
6) Жүністің (а.с.) балықтың қарнынан аман шығуы;
7) Сүлейменге (а.с.) салтанат берілуі;
8) Нұһтың (а.с.) кемеден түсуі;
9) Хазреті Хусейннің (р.а.) өлтіріліп, шейіт болуы;
АШУРА КҮНІ ОТБАСЫНА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ ТУРАЛЫ
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім мұхаррам айының оныншы күні, яғни Ашура күні отбасына және жағдайы жоқ кедей-кепшіктерге жеңілдік пен кеңшілік жасаса, Аллаһ Тағала ол кісіге жыл бойы жеңілдік және кеңшілік жасайды», - деген Ислам ізгілік пен әділет және мейірім-шапағат діні.
Сондықтан да дініміз Аллаһқа және ақырет күніне иман келтірген жандарды мұқтаждарға, жетім-жесірлерге қамқорлық және қайырымдылық жасауға бұйырады. Мұндай игі де, сауабы мол ғибадатқа аса көңіл аударып, мұсылмандарды оған шақырады. Мұны Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадис-шәріпімен сабақтасақ: «Кім жетімнің басын сипаса, Аллаһ Тағала әрбір шашының талы үшін жақсылықтар жазады. Кім Ашура күні ораза ұстаған бір момынның аузын аштырса, барлық Мұхаммед (с.а.у.) үмметтерінің аузын аштырғанның сауабын алады», - деп үмметін құлшылыққа құлшындырады.
АШУРА КҮНІ ОРАЗА ҰСТАУ
Ашура күні ораза ұстау турасында Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ашура сіздерден бұрынғы бір пайғамбардың мейрамы. Ол күнді оразамен өткіз» (Баззар, Әбу Һурайра),- деп баяндаған.
Ибн Аббас (р.а.) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдинаға һижрет еткеннен кейін ондағы яһудилер мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстайтынын байқады. Яһудилерден бұл жайлы сұрағанда: «Бұл Аллаһ Тағала Мұса (а.с.) мен Исраил ұрпақтарын Перғауынның зорлық-зомбылығынан құтқарған күн. Біз сол күннің құрметі үшін ораза ұстаймыз», - деген жауабын естіген Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Мұсаға (а.с.) олардан біз жақынырақпыз», - деп мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстауға өсиет етті.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ашура күні ораза ұстап, сахабаларына да соны ескерткен болатын. Бірақ, ол кезде әлі Рамазан оразасы парыз етілмеген еді. Кейіннен һижраның екінші жылы рамазан оразасын ұстау парыз етілгеннен кейін Ашура күні ораза ұстауды сахабалардың өз еркіне салды. Бұл туралы Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Жәһилият дәуірінде Құрайыш қабиласы мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстайтын. Расулуллаһ (с.а.у.) Мәдинаға һижрет еткеннен (қоныс аударғаннан) кейін бұл оразаны Аллаһ Елшісі (с.а.у.) ұстап, оны басқаларға да бұйырды. Рамазан айында ораза ұстау парыз етілгеннен кейін: «Қалаған адам мұхаррам айының оныншы күні ораза ұстасын, қаламаса ұстамасын» (Имам Муслим риуаяты), - деп мұсылман баласының өз еркіне салды.
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) Әли (р.а.) бастаған бір топ сахабалар келіп: «Ей, Аллаһ Елшісі! Рамазаннан басқа уақытта ораза ұстау әмір етілсе қайсы айды және қайсы уақытта ораза ұстауды бұйырар едіңіз?, - деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рамазаннан басқа бір айда ораза ұстауды қаласаң мұхаррам айында ораза ұста. Өйткені мұхаррам айы соғысу харам етілген Алланың айы. Сол себепті осы айда ауыз бекіт. Бұл айда бір күн бар, ол күні Аллаһ Тағала бұрынғы өткен қауымдардың кейбірінің күнәсін кешірген. Аллаһ Тағала бұрынғы өткен қауымның күнәсін кешіргеніндей басқа қауымдардың да күнәсін кешіруді нәсіп етті», (Имам Тирмизи риуаяты) - деді.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзге хадистерінде рамазан айының оразасынан кейінгі ең абзал ораза Аллаһ Тағаланың қасиетті айларының бірі мұхаррам айының оразасы, ал парыз намазынан кейінгі ең абзал намаз түнгі намаз екендігі айтылған. Әбу Ләйс әс-Самарқанди кітабында Адам атаның (а.с.) тәубесін Аллаһ Тағала мұхаррам айында қабыл етіп, Дәуіттің (а.с.) күнәсін де осы ай ішіндегі Ашура күні кешіргені жазылған.
ОҚЫЛАТЫН НӘПІЛ НАМАЗДАР
Мұхаррам айының бірінші түні (Зулхижжа айының ақырғы күні мен мұхаррам айының бірінші күнін байланыстырған түн) екі рәкат намаз оқылады. Намаздың ниеті: «Иа, Аллаһ, біз үшін бұл жылды берекелі ет. Екі дүние жақсылығын беріп, рахметіңе бөлей гөр. Аллаһу әкбәр».
Намаздың екі рәкатында да 7 рет «Фатиха», 7 рет «Аятүл Күрси» және 7 рет «Ықылас» сүресі оқылып, намаздан кейін 11 мәрте истиғфар және салауат, зікірлер айтылады.
Мұхаррам айының бірінші және оныншы күндері арасында екі рәкәттан алты рәкат намаз оқылады. Намаз ақшам мен құптан намаздары арасында оқылады. Намаз үшін ниет: «Иа, Аллаһ сенің ризалығың үшін намаз оқуға ниет еттім. Менде біреудің хақысы болса одан құтылуды нәсіп ет. Аллаһу әкбәр».
Бірінші рәкатта «Фатиха» сүресінен кейін бір мәрте «Аятүл күрси» және 11 мәрте «Ықылас» сүресі;
Екінші рәкатта бір мәрте «Фатиха» сүресі және 10 мәрте «Ықылас» сүресі;
Үшінші рәкатта «Фатиха» сүресінен кейін бір мәрте «Тәкәсүр» және 11 мәрте «Ықылас» сүресі;
Төрртінші рәкатта бір мәрте «Фатиха» және 10 мәрте «Ықылас» сүресі;
Бесінші рәкатта бір мәрте «Фатиха» сүресі, 11 мәрте «Ықылас» және «Кафирун» сүресі;
Алтыншы рәкатта бір мәрте «Фатиха» және 10 мәрте «Ықылас» сүресі оқылады.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егерде бір кісі Ашура күні шын ниетімен төрт рәкәт нәпіл намазын оқыса, ол намаздың әр рәкатында «Фатиха» сүресіне «Ықылас» сүресін 10 реттен қосып оқыса, бұл оқыған намазы Аллаһ Тағаланың құзырында шыншылдар намазынан есептеледі. Қашан мұхаррам айы туып, Ашура күні келсе, тау-таста жүрген хайуандар ораза тұтқандай болып шөп жемей, су ішпей таң атқаннан күн батқанға дейін бастарын көкке созып Аллаһ Тағаланың рахметінен үмітті болады», - деген.
Мұсылманша һижра жыл басы мүбәрак болсын! Аллаһ Тағала қасиетті айда жасаған баршаңыздың тағат-ғибадаттарыңызды қабыл еткей! Әмин!