وما خلقت الجن والإنس الا ليعبدون
«Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым » (Зарият, 56). Осы аят – Алла Тағаланың адам мен жындарды жаратудағы негізгі мақсатына айқын дәлел болады. Сонымен адамзат пен жындардың жаратылуындағы негізгі мақсат - ұлы Аллаға ғибадат етуі.
Ғибадат - бұл таухид, яғни ғибадатта Алланы бір деп білу, оған серік қоспау. Өткен пайғамбарлар мен олардың үмбеттерінің арасындағы келіспеушілік те осы таухид себебінен туындаған. Сондай-ақ таухид – ғибадаттың шыңы және де ғибадаттың өзегі болып табылады.
Таухидтің ғибадаттағы орнын, дәреттің намаздағы орнымен салыстыруға болады. Намаз көркем әрі дұрыс оқылғанымен, егерде дәретсіз оқылған болса, ондай намаз қабыл болмайды. Сол сияқты барша ғибадаттар көркем орындалған болса да, таухид болмаған жағдайда ешқандай пайдасы болмайды.
Таухидке қайшы келетін шіркті өте лас іске теңеуге болады. Сондықтан шірк араласқан кез-келген ғибадат лас болып саналады. Осылайша бар құндылығынан арылады.
وَلَوْ أَشْرَكُواْ لَحَبِطَ عَنْهُم مَّا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Егер олар ортақ қосса еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді» (Әнғам, 88).
Осы тұста ғибадаттар қаншалықты көп, жақсы орындалса да, тырнақтай шірк араласқан жағдайда ғибадаттың бүкіл құндылығы жойылады.
Мәселен, ыдыстағы таза суға тозаңдай лас нәрсенің араласуы судың ластануына әкеп соқтыратындығын айта аламыз.
Ендігі кезекте ұлттық салт-дәстүрімізден орын алып отырған кейбір шірк амалдары туралы әңгіме қозғап көрелік:
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадисінде былай дейді:
- Мен сіздер үшін ең қорқатын нәрсем – кіші шірк.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабалардың үлкен шірк істемейтіндігін жақсы білетін. Кіші шірк деп нақтылап айтқанынан сахабалардың үлкен шіркке жуымағанын білуге болады. Дегенмен, ойымызға не үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне ең жақын сахабалардың кіші шірк жасап қоюынан қорқты? деген сұрақтың келуі мүмкін.
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) адамдар кіші шірк не деп сұрағандарында, ол: «кіші шірк бұл – риякарлық (көзбояшылық)», яғни екіжүзділік,-деп жауап берген.
إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدِ افْتَرَى إِثْماً عَظِيماً
«Алла (Т.) өзіне ортақ қосылуды жарылқамайды да, бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаға ортақ қосса, расында жала қойып, зор күнәлі болды» (Ниса, 48).
Алла Тағала өзіне серік қосқанды ешқашан кешірмейді, басқа күнә жасаған пендесін кешіруі мүмкін.
Кім Аллаға серік қосса , ол Раббысына жала жауып, қарсы шыққаны.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен адамдардың арасындағы келіспеушіліктер Алланы мойындамаудың кесірінен туындамаған. Пайғамбарымыз (с.а.у.): « Әй адамдар, Алладан басқа Тәңір жоқ!»,-деп айтыңыздар дегенде, адамдар оның сөзін растап мойындады. Әлемнің басқарушысы, ризық берушісі Алла Тағала екендігіне күмән келтірмеді. Жан берген, жоқтан жаратқан бір Алла, жанды қайта алушы да Алла Тағала екендігін сөзсіз мойындады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алладан басқа тәңір жоқ»,- деп айтыңыздар деп көп уағыздаған. «Иләһ, Аллаһ» деген сөзді қазіргі кездегі ілімді адамдар түсінбесе де, сол кездегі адамдар ол сыйынуға лайық жалғыз тәңір екендігін түсінген. «Лә иләһә иллә Аллаһ, Лә иләһә иллә мабуда Аллаһ»,- деп түсінетін.
Абу Сайд ибн Қудрий Пайғамбарымыздан (с.а.у.) келтірген хадисінде:
Мұса (а.с.) Алладан былай деп сұрады:
- Уа Раббым! Маған бір нәрсе үйрет, сонымен сені еске алайын, сонымен саған дұға етейін,-деді.
Алла Тағала:
- Лә иләһә иллә Аллаһ,- деді.
Мұса (а.с.):
- Уа Раббым! Бұл сөзді барлық құлдарың айтып жүр,- деді.
Алла Тағала қайтадан:
- Лә иләһә иллә Аллаһ,- деп бұйырды.
Мұса (а.с.):
- Уа Раббым! Мен өзіме ғана арналған нәрсені білдіруіңді сұраймын,-деді.
Сонда Алла Тағала: «Әй Мұса! Жеті қабат көк пен жеті қабат жер таразының бір жағына қойылып, ал «Лә иләһә иллә Аллаһ» сөзі екінші жағына қойылса, «Лә иләһә иллә Аллаһ» калимасы ауыр болады»,- деді.
Бұл мысал, егер әрбір адам «Лә иләһә иллә Аллаһ» сөзін өз өміріне негіз етіп алса, жоғары дәреже мен қадір-қасиетке ие болатындығын көрсетеді.
Мұса (а.с.) дәуірінде 950 жыл ішінде иман келтірген адамдардың саны аз болған деседі. Кейбір деректерде олардың саны 12 болған, деп келеді. Осы 12 адам «Лә иләһә иллә Аллаһ» калимасын толық мойындап, оған барынша амал жасағандары үшін Алла оларды аман сақтап қалғандығы баян етіледі. «Лә иләһә иллә Аллаһ» калимасын айтып оны өміріне енгізген адам Алла алдында қадірлі болып, әрі Алла оларды дұшпанға жаныштатпайды.
Өкінішке орай сауатты жандарымыз бүкіл әлемнің жаратушысы, жер мен көктің иесі Алла екенін мойындап тұрса да, «Лә иләһә иллә Аллаһ» калимасы олардың жасанды беделін түсіреді,- деп ойлап, Пайғамбарымызға (с.а.у.) қарсы шығады.
Анас (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) төмендегі хадисті келтіреді:
«Әй адам баласы, егер менің алдыма жердің көлеміндей үлкен күнәмен келсең де, маған серік қоспаған болсаң, сені жердің көлеміндей кешіріммен кешіремін».
Демек, Алла Тағала адам баласының қанша күнәсі болса да кешіремін деп уәде берген. Тек серік қосқанды ғана Алла Тағала кешірмейді. Сондай-ақ Алла Тағалаға серік қосқан жағдайда, жылап оқылған намаздың да, күн бойы ұсталған нәпіл оразаның да сауабы бүтіндей жойылады.
Енді күнделікті өмірде кездесіп тұратын, Аллаға серік қосу деген үлкен күнә болса да елеусіз қалып отырған кейбір амалдарға тоқталып кетсек.
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) риуаят келеді:
- Кейбір пайғамбарларды жолықтырдым (Түсінде және миғражға көтерілгенде). Оларға ерген үмбеттері үш-төртеу ғана болды, енді біреулерінде бір-екеу ғана болды, тағы біреулерінің қасында ешкім болмайды.
Қасында үмбетінің аз болуы немесе мүлдем болмауы пайғамбарлардың дұрыс дағуат жасай алмағандығын білдірмейді. Бұл жағдай – пайғамбарлар өздеріне жүктелген ақиқатты адамдардың қалауынша өзгертпегендігін, олардың ақиқатты барынша уағыздағанын көрсетеді. Ал ақиқатты түсінгендер көп болған жоқ. Өткен үмбеттердің көпшілігінде шірк амалын араластыру табиғи жағдай болды.
- Сол кезде бір топ адам жолықты. Бұл менің үмбетім, деп ойладым. Бұл Мұсаның (а.с.) үмбеті деп айтылды.Тағы бір топ адам жолықты, бұл сіздің үмбетіңіз, деп айтылды. Пайғамбарымызға (с.а.у.) ерген, шариғат амалдарын бұлжытпай орындаған үмбеті аз болса да қияметке дейін көбейеді. Олардың жетпіс мыңы жұмаққа сұрақ жауапсыз кіреді, оларға ешқандай азап болмайды,- деген дауыс естілді.
Адамдар:
- Ол жетпіс мың адам кім екен,- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) орнынан тұрып үйіне кіріп кетті. Сонда кейбіреулері: Ол жетпіс мың адам Пайғамбарымызға (с.а.у.) ерген, үнемі жанында жүріп, барлық амалдарда бірге болған адамдар шығар, деп айтты. Ал тағы біреулері Олар Ислам уақытында дүниеге келіп, өмірінің соңына дейін Аллаға серік қоспағандар шығар, деп болжам айтты. Әркім өз ойын айтып тұрғанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйінен шықты. Жиналғандар Ол кісіге өз ойларын жеткізді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):
- Олар руқия – дем салуды талап етпей өмір сүрген, денесін күйдіріп емдемеген, наным-сенімнен уайым-қайғыға түспеген, Жаратушыға тәуекел еткендер,- деді.
Сонда Укаша есімді сахаба орнынан тұрып: «Я Расулаллаһ менің де сол жетпіс мың адамның біреуі болуымды сұрап дұға етіңізші»,-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Сен солардың бірісің», - деп айтады.
Тағы бір сахаба орнынан тұрып: «Маған да дұға етіңізші?»,-деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Укаша сенен бұрын сұрап қойды»,-деген. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.а.у.) дұға етуіне болатын еді, бірақ екінші кісіден кейін басқалар да тұрып кетпеуі үшін сұрағандардың алдына тосқауыл болды.
Сахабалар алдын ала жетпіс мың кісіні серік қоспағандар деп пайымдап, ең ауыр күнә шірк – Аллаға серік қосу деп білді.
Бурайд ибн Хусайд Пайғамбарымыздан (с.а.у.) келтірген хадисінде:
«Дене қызуының көтерілуі немесе көз тигеннен басқа нәрсеге дем салу жоқ».
Ғұламалардың кейбіреулері Құранмен дем салуға болады десе, басқа біреулері сол екі нәрседен басқасына Құранмен де дем салуға келіспейді. Абдуллаһ ибн Масуд да келіспеген сахаба, яғни ол Құранмен дем салуға үйреніп, кейіннен тұмар тағу, тағы басқа әдеттер де шығып кетеді, дейді.
Негізінде Құран мен хадисте дененің қызуы көтерілгенде және көз тигенге қарсы Құранмен дем салып емдеуге тыйым салынбаған.
«Алқа немесе жіпті бәле-жаладан аулақ болу, егер пәле жабысқан болса кетіру үшін түйіндеп асып алу – шірк амалына жатады».
قُلْ أَفَرَأَيْتُم مَّا تَدْعُونَ مِن دُونِ اللَّهِ إِنْ أَرَادَنِيَ اللَّهُ بِضُرٍّ هَلْ هُنَّ كَاشِفَاتُ ضُرِّهِ أَوْ أَرَادَنِي بِرَحْمَةٍ هَلْ هُنَّ مُمْسِكَاتُ رَحْمَتِهِ
« «Көрдіңдер ме? Егер Алла маған бір зиян беруді қаласа, Алладан өзге шоқынғандарың Оның апатын айықтыра ала ма? Немесе Алла маған бір игілік қаласа, олар Оның игілігін тоса ала ма?»,-де» (Зүмәр, 38).
Имр ибн Хусайннан риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолына күмістен жасалған алқа тағып алған кісіні көрді.
- Бұл не?-деп сұрады.
- Бұл уаһинадан (кейбір табибтер желкеден өткен тамыр, басқа біреулер білектен, тағы басқалары аяқтан өткен тамырдың ауруы деп түсіндіреді) сақталу үшін,- деп жауап береді.
- Оны алып таста. Ол сенің тек қана денеңді әлсіретеді. Егер бұл алқаны тағып жүріп өмірден өткеніңде, саған ешқандай кешірім болмайтын еді.
Уқбадан (р.а.) Марфу Анбу риуаят етеді: «Егер бір кісі тұмар тағып алған болса Алла оның ісін жарылқамасын, егер бір кісі тынышталу үшін бір нәрсе байлап алған болса, Алла оған тыныштық бермесін».
Кім тұмар тағып алған болса ол – мүшрік болғаны.
Хузайфадан (р.а.) риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір адамның қолына жіп байлап алғанын көрді. Не үшін бұлай істеп жүргенін сұрағанда, ол басқа шара таппағаны үшін, дене қызуының көтерілуін түсірсін, деп байлап алғанын айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
وَمَا يُؤْمِنُ أَكْثَرُهُمْ بِاللّهِ إِلاَّ وَهُم مُّشْرِكُونَ
«Олардың көбі Аллаға иман келтірмейді. Сондай-ақ олар ортақ қосады» (Юсуф, 106),- деп Құраннан аят оқыды да жіпті үзіп тастады.
Аурудан, дерттен сақтасын деген сеніммен қолына жіп байлап алу өте надандық әрі күлкілі жағдай. Дегенмен, қазіргі кезде де көзден, бәледен сақтайды деген ниетпен есігінің төбесіне тікен немесе таға сияқты заттарды іліп қою жиі кездеседі. Өзін-өзі сақтай алмаған шөп-адыраспаннан бізді сақтайды деп көмек күту барып тұрған надандық пен ақымақтық емес пе?
Есіктің төбесіне тікен, таға, сүйек ілгенде келген адамның көзіне кіріп немесе басына түсіп кетсін, деп ілгенде ақылға сыятын еді. Өйткені бәле-жаладан сақтайды деген сенімі Алладан басқаға ғибадат болып тұр. Бұлай істеу мүлдем дұрыс емес.
Жоғарыда «руқия» және «тамима» туралы айттық. Руқия бұл Құраннан немесе басқа да рұқсат етілген не етілмеген дұғаларды жинап алып оқу, ал тамима оларды параққа жазып асып алу. Абу Баширий (р.а.) Пайғамбарымызбен (с.а.у.) сапарда бірге болды. Сол сапарлардың бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) елші жіберіп, сол арқылы түйелердің мойынына байланған жіп болмасын, егер болса үзіп тасталсын, деген бұйрық берді.
Абдуллаһ ибн Масъуддан (р.а.) риуаят келеді: Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естідім: «Әлбетте руқа – дем салу, тамима – тұмар тағу және тиуала - әйелдердің еркектерге немесе еркектердің әйелдерге жақсы көрінуі, ұнауы үшін жасалынған амал, яғни жүрегін жылыту я болмаса араларын суытып ажырату мақсатымен істелінген амалдар – шірк амалы».
Абдуллаһ ибн Укайбтан риуаят етіледі: «Егер кімде-кім бір нәрсе тағып алса, Алла оны соған тәуелді қылып қойсын».
Ғалымдардың кейбіреулері тағып алынған тұмарда Құран аяттары болса оған рұқсат еткен, енді біреулері бұның артынан басқа нәрселерден сұранып, тағып алуға себеп болады немесе Құран аяттары аяқ асты болып, қорланып кетеді деген ниетпен қарсылық көрсетті.
Алла Тағаладан басқа жаратылғандарға атап құрбандық шалу, мал сою – шірк амалы болып табылады.
قُلْ إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ
« «Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббы Алла үшін»,-де» (Әнғам,162).
فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ
«Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» (Кәусәр, 2).
Алидан (р.а.) риуаят етілген: Расулуллаһ (с.а.у.) айтты:
- Алладан басқаға атап мал сойып – құрбандық шалғанға Алланың нәлеті болсын;
- Әке-шешесін нәлеттеген адамға Алланың нәлеті болсын;
- Мүһдас адамға немесе мүһдис адамға орын берген адамға Алланың нәлеті болсын;
- Жердің шекарасын өзгерткен адамға Алланың нәлеті болсын,-деді. Сонда жиналып отырғандардың біреуі тұрып:
- Я Расулаллаһ, адам ешқашан өз әке-шешесіне нәлет айтады ма?-деп сұрады.
- Бір кісі басқа кісінің әке-шешесіне нәлет айтады. Ол кісі де мұның әке-шешесіне нәлет айтады. Кісінің әке-шешесіне нәлет келтіруі - өзінің айтуымен бірдей,-деп жауап берді.
Мүһдас – жаза алуға лайық қылмыс істеген, яғни адам өлтірген немесе ден саулығына зиян келтірген адамның жаза алудан қашып, жасырынуына көмектескен адам.
Мүһдис – іштей біліп тұрса да амалы жоқтығынан я болмаса бұл күнә емес, деп есептегенінен бидғат – шариғатта жоқ іс-әрекет жасап жатқан адамды қоштап, соныкі дұрыс деп отырған адам. Соңында, жердің шекарасын өзгерткен адамға Алланың нәлеті болсын,-деді. Яғни жер адамдарға бөлінгенде, өз жерін үлкейтіп алу мақсатында өлшеніп қойылған қазықтың орнын өзгерткен адам туралы айтылып отыр.
«Кім біреудің бір қарыс жеріне зұлым (қиянат) жасаған болса, қиямет күні жеті қабат жер ойылып, мойнына алқа етіп ілінеді».
Шірк амалы үлкен болса да, кіші болса да күнәсі азаймайды. Егер адам шіркке аз ғана болса да жол берсе, Алла оның күнәсін кешірмейді.
Тәліп ибн Шиһабдан (р.а.) риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты:
- Қара шыбынның кесірінен бір кісі жұмаққа кірді, қара шыбынның кесірінен басқа адам тозаққа кірді. Адамдар:
- Бұны қалай түсіну керек, я Алланың Елшісі,-деп сұрады.
- Екі кісі бір топ мүшіріктердің жанынан өтіп бара жатады. Ол мүшріктердің сенімдері күшті болғандықтан, сол жерден өткен адамдардың барлығынан пұтқа не болса да құрбандық шалуды талап ететін. Олар бұл екі кісіден де қара шыбын болса да құрбандық шалуларын талап етеді. Олардың бірі шыбынды ұстап, пұтқа атап сойды. Ол сау-сәлемет үйіне оралды, бірақ тозақтан орын алды. Ал екіншісі: Мен Алладан басқаға құрбандық атамаймын,-дегенде , оның басын кесіп тастады, бірақ ол жаннатдан орын алды.
Шірктің үлкен кішісі болмайды. Жоғарыда айтылған хадистегі бірінші адам өз өмірін сақтап қалу үшін ғана сондай күнәға бас ұрды. Ал енді қиналып тапқан малын, өз еркімен шірк жолында құрбандыққа шалып, жұмсап жатқан адамның тозаққа кіруіне күмән жоқ!
Өте қатігез адам мас ететін ішімдікті ішуді талап етіп, өміріне қауіп төндіріп отырған болса, өмірін сақтап қалу үшін ішімдікті ішуге болатын да шығар, бірақ өмірінің есесіне де шірк істеуге болмайды.
Шірк араластырып сойылған, яғни Алладан басқаға атап сойылған малдың еті – харам.
Тағы бір сақтықты талап ететін жағдай, Алладан басқаның атымен мал сойылған жерде, Алланың атын атап құрбандық шалу.
Сабит ибн Заһһабдан риуаят келеді: «Бір кісі Буана деген жерде түйе союды ниет етеді. Ол Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп өз ниетін айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
- Ол жерде жаһилият пұттарынан біреуі болса да бар ма?-деп сұрады.
- Жоқ.
- Немесе олар өз мерекелерін өткізіп, құрбандық шалатын жер бар ма?
- Жоқ.
- Олай болса ниетіңді жүзеге асыра бер,-деп айтады.
Демек Алладан басқаға сыйынылатын – қандай да бір нәрсе, тал, мазар, бұлақ сияқты жерлерде Аллаға атап құрбандық шалудан тыйылуымыз қажет.
Айшадан (р.а.) риуаят етіледі:
- Кім Аллаға мойынсұнуды ниет еткен болса, орындасын, ал егер Алладан басқаға атауға ниеттенген болса, мұндай күнәданбас тартсын.
Мысалы, егер кімде-кім бір мұсылман бауырымен сөйлеспеймін, деп ниеттенген болса, онымен сөйлесе беруіне болады.
Алладан басқадан жәрдем сұрап, көмек күту – шірк.
وَأَنَّهُ كَانَ رِجَالٌ مِّنَ الْإِنسِ يَعُوذُونَ بِرِجَالٍ مِّنَ الْجِنِّ فَزَادُوهُمْ رَهَقاً
«Шынында адамдардан кейбір ерлер жындардың кейбір ерлеріне сиынатын еді де сонда олар, жындардың менменсуін арттыратын еді» (Жын, 6).
Кейбір адамдар жындардан көмек сұрайды.
Адамдар арасында жаңа жерге, шөл немесе қорқынышты бір жерге барып қалса, сол жердің иелері мені сақтасын, деп жындардан көмек сұрау көптеп кездесіп турады.
Хаула бинт Хакім Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естідім дейді:
- Кім қорқынышты жерге барғанда «Алладан өзі жаратқан нәрселердің жамандығынан көмек сұраймын» деген дұғаны оқыса, көздеген жеріне жеткенше оған ештеңе болмайды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйреткен дұға тұрғанда, басқа нәрседен көмек күтіп, жалыну әрине дұрыс емес.
Өкінішке орай мұсылман бауырларымыз арасында ішіне не жазылғанын білмесе де, осы мені сақтайды деген үмітпен көліктеріне әр түрлі тұмар асып алу жағдайлары кездесіп тұрады.
Тағы бір топ адамдар шариғат бұйырмаған болса да ақшаға әр түрлі «қасиетті» заттарды сатып алып үйлерін тіл-көзден сақтайды, деген сеніммен аулаларына, үйлеріне іліп қояды.
Тағы бір мұсылмандар Алладан ғана емес, «қасиетті» жерлерге зияратқа барып, сол жердегілерден дерттеріне шипа, көмек сұрап, соларға сиынып келеді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла әрбір ауруға ем көрсетіп қойған, емделіңіздер»,-деген. Әрбір дертке шипаны өз бағытымен іздеу және рухани көмекті бір Алладан ғана сұраған дұрыс. Ал, Алладан сұралатын нәрсені басқадан сұраған – шірк.
Егер адам Алланың алдына қаншама күнәмен барса да, шірк істемеген болса, Алла оны кешіруі мүмкін. Бірақ шірктен сақталмаған адамға кешірім болмауына төмендегі Құран аяты айқын дәлел болмақ.
وَلَقَدْ أُوحِيَ إِلَيْكَ وَإِلَى الَّذِينَ مِنْ قَبْلِكَ لَئِنْ أَشْرَكْتَ لَيَحْبَطَنَّ عَمَلُكَ وَلَتَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ
«Расында саған да сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаға ортақ қоссаң әлбетте амалың жойылып кетеді де анық зиянға ұшыраушылардан боласың»,-деп уахи етілді» (Зүмәр, 65).
Адамдардың арасында ең ұлы мәртебелі болған Мұхаммедтің (с.а.у.) өзіне Алла Тағала «Егер шіркке жол қойсаң, бүкіл (жақсы) амалдарың жойылады», деп тұрғанда басқа пенде шірк істеп, оны Жаратушы Жаббар ием кешіреді, деп күтуі ақылға қонарсыз.
Сол үшін де сенімде – шірктен, ал амалда – бидғаттан (дінде болмаған амалдардан) сақ болуымыз қажет.