Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұнан бірер жыл бұрын сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туралы шығармаға бәйге жариялаған еді. Сонда студенттер арасынан бірінші орын алған осы шығарманы оқырман назарына ұсынамыз.
«Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,
Мүмін болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ».
Абай.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар дегенде, ең алғаш менің ойыма өмірінің соңына дейін кішіпейілдігінен танбаған, өзін Құдайдың қарапайым құлы санап, дүниені көзіне ілмей өткен үлкен үлгі-өнеге иесі, өте бір ізетті жан оралады. Оның кешкен қилы тағдырымен танысып, болмысы мен мінез-құлқын, адам тәрбиелеудегі ісін мұқият зерделегенде, бұл кісінің тегін еместігін, шынайы пайғамбар болғандығын еріксіз мойындайсың. Бүгінгі күнге дейін есімі ел есінен шықпай, ол кісіге деген қадір-құрметтің артып келе жатқандығы да осының айғағы. Берген тәлімін сараласақ, ғибратты әр ісімен тамаша өнеге көрсеткенін байқаймыз.
Ақиық Елші (с.ғ.с.) бетегеден биік, жусаннан аласа өте бір қарапайым жан еді. Онда: «Мен пайғамбармын» деп өктемсу, паңдану, басқаларды шылауында ұстау болмады. Қашанда өз ісін өзі атқаратын. Жұбайы Айша (р.а.) анамыздың айтуынша, жолдастары қуана-қуана қызметіне жүгірсе де, ол өз ісін өзі істегенді ұнататын. Үйде жүргенде киімін өзі жамап, үйді өзі сыпыратын, ешкі сауып, түйелеріне қарайтын. Бұған қоса, киімін жамап, қызметшілеріне қол ұшын беріп, оларға қамыр илесетін. Базарға барып, керекті заттарын өзі көтеріп әкелетін. Жолай біреу-міреу көмектескісі келсе, «Егер көтере алса әр мүмін өз жүгін өзі көтергені дұрыс» деп аса бір биязы мінез танытатын.
Бірде серіктерінің бірі Рабияұлы Әмірмен (р.а.) мешітке бара жатты. Бір мезет аяқкиімінің бауы шешіліп кетпесі бар ма? Ізетінен жаңылмаған Әмір (р.а.) дереу еңкейіп байлап бергісі келді. Алайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған жол бермей, өзі байлады. Сөйтті де Әмірге (р.а.) : «Мен жеке бас жұмысымды басқаға істеткенді ұнатпаймын», – деді.
«Өзін зор санағанды Алла қор санайды. Өзін кішіпейіл ұстаған сайын оның абыройын Алла биіктетеді», «Жүрегінде сәл тәкаппарлығы бар пенде жұмаққа кірмейді» деген тектілік төресі хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаңа мұсылмандықты қабылдап, өзімен алғаш кездескенде аттай тулаған жүрегін баса алмай қатты қорыққан кісіге: «Пәлі, неге қорқасың, мен де сен сияқты қатқан нан жеген құрайыштың бір әйелінің баласы емеспін бе?» – деп еді.
Иә, кішіпейілдіктің үлгісі осындай-ақ болар?! Ол ешқашан өзін өзгеден артық санамаған.
Бірде жолаушылап бара жатып, жол-жөнекей сахабаларымен тамақтанғысы келеді. Қой сойылатын болып, әрқайсысы жұмысты бөлісе бастады. Біреуі: «Қойды мен сояйын», – деді. Тағы бірі: «Тамақты мен пісірейін», – деп жатты. Осы кезде Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) : «Ендеше, отынды мен барып теріп келейін», – деп түрегелген еді. Мұны күтпеген сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Сіз тынығыңызшы, осының бәрін өзіміз-ақ істейміз», – деп жалынғанда, ол: «Иә, мұны өздеріңнің-ақ атқара алатындарыңды білем. Алайда көпшілік жұмыс істеп жатқанда, мен олардан оқшау отырғанды ұнатпаймын. Мұны Алла та жақтырмайды», – деген еді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қарапайымдылығы сондай – бөтен аймақтан іздеп келген кісі оны кейде танымай қалатын. Өйткені, көппен отырғанда еш айырмасы болмайтын, орын таңдап төрге озбайтын. Ондайда хазреті Әбу Бәкір (р.а.) құрма жапырағымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүзіне желпи бастағанда ғана барып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қай кісі екені аңғарылатын. Кейде «Қауымның басшысы оның қызметінде жүрген жан» деп күліп айтқан астарлы сөзін естігенде барып, сырттан келген кісі отырғандарға су таратып жүрген жақсылыққұмар, ақжарқын кісінің Пайғамбар (с.ғ.с.) екенін білетін. Білетін де: «Адамның бұл дүниедегі шынайы байлығы – оның жасаған жақсылықтары», «Ең жақсы адам – басқаларға пайдасы тиген адам» деген оның мағыналы сөздерін жақыннан ұғына түсетін.
Алланың ең сүйікті Елшісі (с.ғ.с.) бола тұра жарлылықты жақын көріп, құлша өмір сүрді. Тоқ кезінен аш кезі көп болатын, жоқшылыққа сабырлық танытты. Тіпті, әркез: «Мен кедейлігімді мақтаныш көрем» деп қоятын. Меккені азат етіп, даңқы асқақтап тұрған кездің өзінде де ол осы ұстанымынан таймайды.
Бірде түскі тамағын достарымен көшеде отырып жеген еді. Оны байқаған шәлкестеу бір әйел: «Апыр-ай, құл секілді жерде отырғаны несі екен?!», – деп қалды. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәл жымиған күйі: «Менен артық құл бар ма? Өйткені мен Құдайдың құлымын», – деп еді.
Тағы бірде Айша (р.а.) анамыз: «Малдас құрып, кішкене емін-еркін отырып тамақтаныңызшы», – деп өтінгенде, бұрынғыдан да еңкейе түсіп: «Құл қалай жесе, мен де дәл солай жеймін, ол қалай отырса, мен де солай отырамын. Өйткені мен құлмын ғой», – деп еді.
Құлша өмір сүргені болар, тоя тамақ жеуді өзіне ар санап өтті. Күнара аш жүретін. Ел басқарып тұрған кезінде қатарынан үш күн нәр татпаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) лажсыз қызы Фатиманың (р.а.) үйіне соғып: «Қызым, талғажу боларлық бір нәрсең бар ма?» – деп сұрауға мәжбүр болған. Алайда, күндігімен өмір сүретін, тектіден текті туған тақуа Фатимадан (р.а.): «Әкешім, жолыңа жаным құрбан, менде ештеңе болмай тұр» деген жауап естіді.
Бір күні арпадан нан пісірген Фатима (р.а.) кішкенесін үзіп, әкесінің үйіне апарды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны: «Шынымды айтсам, үш күннен бері ештеңе жемеп едім» деп қарсы алды. Ел басқарып тұрғандағы оның осы бір аянышты тұрмысы, халық қазынасына көңіл аудармай адал, текті өмір сүргенін аңғартқандай.
Намазды жүрелеп отырып оқығанын көрген сахабасы Әбу Һурайра(р.а.): «Уа, Алланың Елшісі(с.ғ.с.)! Науқастанып қалғансыз ба?» – деп сұрағанда: «Аштық қой, қайтесің, тұруға дәрменім жоқ», – деген. «Адамға белін тіктей алатындай ғана жегені жеткілікті», «Ашықпай жатып асқа отырмаңдар, тоймай тұрып түрегеліңдер» деп өсиет ететін ол тамақсаулықты ұнатпаған. Тіпті: «Үмметім қарын шығарып, еріншектік пен жалқаулыққа салынып кетер ме екен деп қорқам»,– деп отыратын.
Ол сахабаларын: «Береген қол – алаған қолдан жоғары» тұрады деп, алушылыққа емес, берушілікке тәрбиелейтін. Өзі де тек беруді білетін аса жомарт еді. Бар кезде сұрағанға малды қора-қора етіп алдына салып айдатып жіберуі өз алдына, жоқ кезде жоқ деуге дәті бармай, қарызға алса да тауып беретіндігін айтып уәде беретін.
«Жомарт – Аллаға, халыққа, жұмаққа жақын жүреді, бірақ тозақтан алыс. Ал сараң, керісінше, Алаһтан да, халықтан да, жұмақтан да алыс, бірақ тозаққа жақын жүреді» деген ол жомарттық танытуда ешқашан кедейленіп қалам-ау деп қорықпайтын.
Бірде мұсылман әйелдердің бірі оған әдемі шапан сыйлады. Мешітке сол шапанды киіп келгені сол еді, бір досы: «Мына шапаныңызға көзім түсіп тұр, маған сыйламас па екенсіз», – деп қиылды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөзге келместен дереу шапанды шешіп, әлгі досының иығына жапты.
Кейде әзілдескенді де ұнататын. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әзіл айтқанына таңырқаған достарына: «Мен әзіл айтсам да, арасына өтірік қоспаймын», – дейтін. Өйткені, өтірікті мүлдем жақтырмайтын. Бірде сахабалары одан: «Мұсылман адамның қорқақ болуы мүмкін бе?» – деп сұрайды. Ол: «Иә, мүмкін», – дейді. Олар: «Сараң болуы мүмкін бе?» – деп сұрақтарын жалғастырады. Ол тағы да: «Иә» деп жауап береді. Үшінші ретте: «Өтірікші болуы мүмкін бе?» – дегенінде, «Жоқ, өтірік айтуы мүмкін емес!» – деп қатқыл жауап беріп еді.
Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) өте балажан еді. Немерелері Хасан мен Хусейнді көлігіне мінгестіріп қыдыртып, не екі тізесіне отырғызып кезек-кезек сүйіп еркелететін. Бірде қасына келген бір сахабасы: «Білесіз бе, менің он балам бар, бірақ күні бүгінге дейін бір де біреуін дәл сіздей еркелетіп көрмеппін», – дегенде Рахым Нұры (с.ғ.с.) оған: «Сен басқаға мейірім көрсете алмасаң, Алла та саған мейірім танытпайды», – деген еді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жан-жануарларға да аяушылықпен қарайтын. Бірде түйесін әбден титықтатып жұмысқа салған кісіге қарап: «Байғұс малдың айтарға тілі жоқ қой, аясаңшы!» – деп қабақ шытады. Тағы бірде сапарда қасындағы сахабалары маңайындағы бір ұядан құстың балапанын алып кезек-кезек қызықтап тұрды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аспанда аналық құстың шырылдап ұшып жүргенін көргенде: «Оларың не, дереу балапанды ұясына салыңдар», – деп аяушылық танытты. Жасақты бастап келе жатқан бір кезінде жол шетінде күшіктеген бір итті көрді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұйрығымен жасақ өтіп кеткенше бір сахабасы күшіктеген иттің қасында қарап тұрды. Ондағысы, әскердің байқаусызда ит ұясын таптап кетпесін деген сақтығы еді.
Әйел, анаға деген құрметі алабөтен еді. Өзі жастайынан жетім өскендіктен, кейде: «Әке-шешем тірі болып, мен намазда тұрғанда олар мені шақырса, дереу қастарынан табылған болар едім» дейтін. Сүт анасы Халиманы көре қалса, жаны қалмай шапанын төсеп, төріне отырғызып құрмет көрсететін. «Қартайған ата-анасын бағып-қағып, жұмаққа бара алмағанның жүзі күйсін!» деп күйінетін. Қартайып, мазасызданып кеткен шешесін айтып шағымданған бір кісіге анасының көп жақсылықтарын есіне түсіріп, анасына деген сый-құрметін үзбеуін айтатын. «Анаңды Меккеге арқалап қажылық жасатып қайтсаң да, оның бір толғағын да өтей алмайсың» деп ой салып, «Жұмақты анаңның табанының астынан ізде»,– деп кеңес беретін. Қыз-келіншектер отырған түйелерді жай жүргізетін.
«Кімде-кім бір жетімнің шашынан сипаса, қолы тиген шаш санындай сауап алады», «Ең жақсы үй – қарауында жетімі бар үй», «Жетімді жетілдірген адам екеуміз жұмақта қатар тұрамыз» деп, елді жетім-жесірлерге пана болуға шақырған ол жетімдерге жанашырлықпен қарап, өзі де қарауына жетімдер алып тәрбиелеген. Оларды өз баласынан кем көрмей, кигенінен кидіріп, жегенінен жегізіп, мәпелеп өсірген.
Ол шүкіршілік дегеннің не екенін ерекше сезінетін. Құлшылық жасаудың бір мәнісі шүкіршілік жасау екенін терең білгендіктен намаздарын аяғы талғанша оқудан жалықпайтын. Бірде түнде тұрып егіле жылап, көп намаз оқығаны сонша – аяқтары ісіп кетіп еді. Айша (р.а.) анамыз қатты жаны ашып: «Алла сізден күнә атаулыны мүлдем аластатпап па еді, Жұмаққа баратыныңызды да сүйіншілеп жеткізді, өзіңізді неге осыншалықты қинайсыз?» – деп сұрағанында: «Уа, Айша (р.а.)! Мені сонша қадірлеген Алла тағалаға мен де барынша шүкір ететін құл болайын да», – деп жауап берген еді. Мұндай парасаттылыққа Айша (р.а.) анамыздың еріксіз көңілі толқыған. Осы тұрғыдан алғанда шүкіршілікті дәл Пайғамбарымыздай (р.а.) терең сезінген жанды атау өте қиын.
«Ұят – иманнан», «Ұят тек абырой әкеледі» деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалардың айтуынша, оң жақта отырған жас қыздан бетер ұятты кісі еді. Ешқашан бөгде әйел затына тіктеп қарамайтын. Сахабаларын да осыған тәрбиеледі. Жөн сұрап келген бойжеткен қызға кішкене қарап қалған Әлидің (р.а.) назарын дереу басқа жаққа қаратып: «Әй, Әли! Бірінші рет қарағаныңның жөні бөлек, алайда одан кейінгі қарастарыңда күнә бар», – деп ескерткен-ді. «Ұяттан жұрдай болсаң, білгеніңді істе» деп кейіген хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ойнас жасағысы келетінін ашық айтқан, ойы бұзық жас жігітті үлкен парасаттылықпен тәрбиелей білгені ғажап-ақ. «Сен айтқан сол қылықты бөтен біреудің шешеңе істегенін қалар ма едің?» деп сұрап еді әлгі жігіттен. Ол дереу ес жия бастағаны болар: «Жоқ, әрине» деп жауап қатты. Оның бұл жауабын естігенде Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Рас, ешкім де оны өз шешесіне қаламайды» деп бір түйді. «Қызыңа жасағанын қалар ма едің?» деп және сұрағанда, жігіттен тағы да өз қызына ондайды қаламайды. «Қарындасыңа қалар ма едің?» Жауап тағы да: «Жоқ!». Бұл жолы да: «Рас, ешкім де оны қарындасына қаламайды» деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сұрақ қоюмен жігіттің ар-ұятына қозғау салу арқылы, бұл қылықтың шындығында қаншалықты жиіркенішті екенін оған дұрыс ұғындырған болатын. Сөйтті де жігітті өзіне жақындатып, жүрек тұсына алақанын қойған күйі «Уа, Жаратқан! Мына жігітті күнәлардан сақтай гөр!» деп дұға жасап еді. Жас жігіт сол күннен бастап, тәубаға келіп, ендігі жерде арлы өмір сүруге ден қойған болатын.
Міне, бұл айтылғандар хазреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі ғұмыр кешкенінің бірер көрінісі ғана. Ақиық Елшінің (с.ғ.с.) өмірімен жақыннан танысқан сайын біз оның қай ісінің де үлгі-өнеге лайық екенін көреміз. «Мұхаммедті сөзбен мадақтай алмаспын, қайта менің сөздерім Мұхаммедтің арқасында мадаққа ие болды» деген араб шайыры Хасан бин Сабит қандай орынды айтқан! Хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мақтаулы тұлға болғандығын дәріптеуге тіл жетпейді. Ахмет Иүгнекидің: «Ол туралы айтқанда тілімнің дәмі кіреді. Оны еске алған сайын шекер мен бал жегендей болам»,– деп тамсанатыны осыдан. Ақиқаттың жаршысы құрметті елшіні осы себепті қасындағы сахабалары қатты қадірледі. Қатты бауыр басып, ғашық болған сахабалар оны сәл көрмесе аласұрып сағынатын. Өйткені, шынайы әкелікті де, мейірбандық пен жылылықты, жанашырлық пен жақындықты да тек соның бойынан көрді. Сондықтан әр тал сақалы мен шашына дейін жерге түсірмей, бойтұмар ғып бойда сақтады. Ол жүзін шайған суға таласты. Бар қимас асылын, тіпті ғазиз жандарын да соны қорғау жолында құрбан етті. Араларында ол отырғанда әдептілік сақтағандары сонша, бір-бірімен бәсең дауыспен сөйлесті. Ренжітіп алудан қорқып, орынсыз сұрақ қоюға да тартынды. Қас-қабағын бақты. Ол келе қалса, қарсылығына қарамастан орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Өнеге тұтып, үлгі алды. Соған қарап бой түзеді. Өйткені олар бақтың гүлі, рахым нұры хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мақтаулы өмірінің әр сәтіне ерекше тәнті еді...