Бүгінгі таңда ел арасында үлкен мәселе туғызып, халықты алаңдатқан жайттың бірі – түрлі діни ағымдардың ел арасына ішкерлей еніп, жастарымыздың санасын улау екендігі баршаға мәлім. Жастардың арасында діни ұғымды қалыптастыру, оның түп қазығын ұғындыру үшін терең білімді мамандардың қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Әрине, жас жеткіншіктерімізге мектеп партасында-ақ дін сабағын өткізіп, олардың әртүрлі секталар мен діни ағымдардың алдауына түсіп қалмауларының алдын алсақ деген арман-мұрат ұлтжанды азаматтарымыздың міндеті.
Осы мақсатта Т.Рысқұлов ауданына қарасты Қарақат ауылының орта мектебінде «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Шараға Т.Рысқұлов ауданың бас имамы С. Джадраев, учаскелік полиция қызметкері және мектеп ұстаздары мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында мектеп оқушыларына «Адасқандар» тақырыбында видеоролик көрсетіліп, ғаламтор арқылы діни бағыттағы ақпараттарды алу жолында да сауатты болу керектігі айтылды. Ауданның бас имамы С. Джадраев бүгінгі таңдағы Исламның рөлін, ондағы құндылықтарды, өзге діндерден ерекшелігін жан-жақты түсіндірді.
Осы орайда, бүгінгі діни ағымдар жайлы, әрі олардың жүргізіп отырған саясатын да егжей-тегжейлі әңгімеледі. Аталмыш іс-шара мектеп мұғалімдері мен оқушыларына ой тастап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алуға септігін тигізді.
Әбілда МЕЙІРХАНОВ