Ай туралы не білеміз?

Ай туралы не білеміз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Нұр шашыратып күнді, жарық етіп айды жаратты Алла тағала. Сонан соң сендердің, жыл және ай мерзімдерін айыруларың үшін олардың орындарын белгіледі. Алла оны жайдан-жай жасаған жоқ. Біле –білгенге Алла аяттарын осылайша түсіндіреді» («Жүніс» сүресі, 5-аят).

Жоғарыдағы алғашқы аятта Алла жыл санау есебінде айдың адамдарға бір өлшем бола алатындығын ашық білдірген. Алайда, бұл есептің айдың жер орбитасында айналу барысында алатын орнына қарай жасалатынына назар аудартқан. Жер-ай мен жер-күн бағыттары арасындағы бұрыш үнемі өзгеретіндіктен, біз айды түрлі уақыттарда түрлі пішінде көреміз. Және де айды көре алуымыз айдың күннен алған жарығының шағылысуынан болғандықтан, айдың күн жағынан жарқыраған беті жердегі бақылаушыларға үнемі өзгереді. Міне, осы өзгерістер ескеріле отырып, бірнеше есептер жасалатындықтан бұл да адамдар үшін жыл есебін анықтауға мүмкіндік туғызады.

Бұрын 1 айды адамдар екі толған ай арасындағы мерзім немесе айдың жерді айналғандағы уақыты деп есептейтін. Бұл бойынша 1 ай уақыты 29 күн 12 сағат және 44 минутқа тең еді. Мұны «Қамар (ай) айы» дейтін. Алайда, жердің күнді айналуын тәмамдауын 1 жыл ретінде қабылдаған милади күнтізбесімен Рим күнтізбесі арасында жыл сайын 11 күндік айырмашылық пайда болады. Құранда бұл жайында «КаҺф» сүресінің 25-аятында айтылады:

«Олар үңгірлерінде үш жүз жыл жатты, бұған тоғыз (жыл) және қосты».

Аятта айтылған уақытты былайша түсіндіруге болады: 300 жыл х 11 күн (жыл сайынғы айырмашылық) = 3.300 күн. 1 жылдың 365 күн, 5 сағат, 48 минут, 45,5 секундтан тұратынын ескерсек, 3.300 күн /365.24 күн = 9 жыл болып шығады. Басқаша айтқанда, милади күнтізбесі бойынша 300 жыл, Рим күнтізбесі бойынша 300 + 9 жыл болады. Өздеріңіз де байқағандай, аят осы бір шындыққа назар аудартқан. (ең дұрысын Алла біледі). Қалай дегенмен де, Құранда осы шындықтардың айтылуы оның ғылыми жұмбаққа толы мұғжизалығына дәлел.

САУСАҚ БЕДЕРІ

Әлемге әйгілі сағат фирмасы басқа сағаттарға ұқсамайтын бір сағат жасап: «Бұл сағатты қолыңызға таққанда, әлемде оның сізде ғана бар екенін ойласаңыз, сол сіздің қуанышыңыз болмақ» деп жарнама берген болатын. Жарнаманың астындағы жүз млн. баға да оның өте маңыздылығы мен өзгешелігін айқындай түскендей.

Сіз де қазір өзіңізге ғана тән нәрсені көргіңіз келе ме? «Иә» десеңіз, қолыңыздағы бармақ ізіне қарасаңыз болғаны. Өйткені бармақтағы шеберлікті басқа ешқандай жандыдан кездестіре алмайсыз.

Әр адамның бет-әлпетінің әрқалай болып келуімен қатар бармақтағы іздерінің де бір-біріне еш ұқсамауы – Адам (ғ.с.) пайғамбардан бері жаратылған қаншама миллиардтаған адамның түрі мен бармақ іздерін өз ғылымымен өрнектеген бір Жаратушының бар екеніне дәлел. Өйткені, өмірге келген әрі келетіндердің бір-бірінен өзгеше болуы – шексіз бір құдіретті білдіреді.

Қазіргі таңда АҚШ-тың полиция мұрағаттарында 300 млн-нан аса адамдардың бармақ іздері сақталған. Олардың әрқайсысы өзгеге тән іздерге мүлдем ұқсамайды. Әрі сол үшін де қорғаныс ұйымының таптырмас қажетіне жарауда.

Бармақ іздері XIX ғасырда ғана белгілі болды. Ал, бұл ақиқат осыдан XIV ғасыр бұран Құранда «Қиямет» сүресінің 3-4 аяттарында айтылып кеткен болатын:

«Адам, (шіріп кеткен барлық) сүйектерді біз қайта бір жерге жия алмайды деп ойлай ма? Біз болсақ оны бармақ іздеріне дейін барлығын тұтастай қайтадан жаратуға күшіміз (құдіретіміз) жетеді».

Міне, бұл – Құранның Алла сөзі екеніне тағы бір бұлтартпас дәлел. Ендеше, адамның бармақ іздеріндегі шеберлікті түсінген адам ақиқатқа мойын бұрары сөзсіз.

Қайрат Жолдыбайұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: