Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі және халықаралық «Қазақстан – ZAMAN» газеті редакциясының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Мәңгілік ел. Ұлттық құндылықтар – ұрпақтар сабақтастығының өзегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталған жиынға зиялы қауым мен дін өкілдері, халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газеті директорының бірінші орынбасары, басылымның бас редакторы, республикалық газеттердің меншікті тілшілері, облыстық БАҚ өкілдері, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат, жастар істері басқармасы мен облыстық прокуратура, облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, жастар ұйымдары қатысты.
Осы мәжіліске арнайы барып қайтқан ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев «Дәстүрлі дін және жастардың ұлттық тәрбиесі» тақырыбында баяндама жасады. Бас имам ата салтынан келе жатқан ислам діні, оның дәстүрімізбен байланысы, жастар тәрбиесі, оның бүгінгі таңдағы келбеті сынды мәселелерге тоқталып өтті.
Бас қосуда «Ұлттық құндылықтар – ұлттық тәрбиенің өзегі», «Білімді, тәрбиелі, көргенді ұрпақ – ел ертеңі», «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыптары да көтерілді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар еркін пікір алмасып, көкейкесті сауалдарын қойды. Ал жолданған сұрақтарға сала мамандары толыққанды жауаптарын берді.
Жиын соңында үндеу жарияланып, ұсыныстар мен пікірлер қорытындалды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.