Облыстық мешітте «Наурыз» тойы өтті! (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Облыстық мешітте «Наурыз» тойы өтті! (ФОТОРЕПОРТАЖ)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысының рухани жүрегі «Һибатулла Тарази» мешітінде жайма шуақ көктеммен күлімдей келген ұлыстың ұлы күні «Әз-Наурыз» мерекесі аталып өтті. Тараз қаласында биылғы дүбірлі тойдың беташары болған мерекелік кеште 8 қанат киіз үй тігіліп, дәстүрлі ақ дастархан жайылды.

Іс-шараға Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсекенұлы, Дін істері басқармасының қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр қажы Жұмабаев бастаған облыстық және қалалық мешіттің қызметкерлері, «Һибатулла Тарази» медресесінің шәкірттері мен ҚМДБ мешіт жастары мейрам салтанатын асыруға бар күшін салды. Наурыз көже пісіріліп, күндердің сұлтаны жұма күнгі намаздан шыққан жұртшылық арнайы дайындалған фуршет дастарханынан дәм ауыз тиді. Сонымен қатар, Тараз қалалық мешіттерінің жанынан құрылған арнайы топ арқан тарту, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, қошқар палуан сынды ұлттық спорттық сайыстарда білек сынасты. Жүзден жүйрік шыққан палуандар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал «қошқар палуаны» атанған азамат жеңісін белге байлады.

Білекті бірді жығар додадан соң мейрам ажарын ашқан ақшаңқан киіз үйде ақсақалдар, ал мешіт ауласындағы кең дастарханға қалың халық жайғасып, ас ішіп, қариялар бата берді. Халық еркесі болған ақын-сазгерлер домбыра шертіп, термелер айтты.

Жастар алтыбақан теуіп, қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Сондай-ақ, мешіт атынан мұқтаж отбасыларға кілем табысталды. Ал Қыздар, әйелдер секторы әйелдер жамағаты үшін салт-дәстүр рәсімдері: бесік салар, тұсау кесер өткізіп, әжелер мектебі жастарға өнегелі өсиетін айтты. Мешіт ұстаздарының ұйымдастыруымен викториналық сұрақтар қойылып, ақ жаулықты әжелер үлгі болар тәжірибелерімен бөлісті.  

Ауыл мен ауыл, көрші мен ағайын көрісіп, бірлік пен ырыс, береке күні болған айтулы ұлыс мейрам Тараз шаһарын нұрға бөледі. Ай бойы жалғасатын бүгінгі іс-шара жылдың шымылдығы болып мешіттен басталғыны үшін тұрғындар шын разы.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: